Accessibility links

2014 жылы саяхаттауға лайық 10 орын


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ұлыбританиялық Rough Guides басылымы Алматыны 2014 жылы туристер баруы тиіс әлемдік 10 қаланың қатарына кіргізді. Азаттық ел ішіндегі саяхаттауға тұрарлық 10 орынның тізімін жасады.

Қаңтар айында белгілі ұлыбританиялық Penguin баспа үйіне қарайтын Rough Guides басылымы 2014 жылы шетелдік туристер баруға лайықты 10 қаланың тізімін жариялады. Рио-де-Жанейромен (Бразилия) басталып, Портлендпен (АҚШ) аяқталатын тартымды 10 қаланың ішінде Алматы 7-орында тұр. Бұлардан басқа тізімде Сараево, Ливерпуль, Умео, Львов, Марсель, Роттердам және Глазго бар.

Азаттық жергілікті туризм саласының мамандарымен бірге қарапайым қазақстандықтар үшін 2014 жылы саяхаттауға лайықты Алматы сияқты 10 тартымды туристік орынды анықтап көрді.

ШАРЫННАН БУРАБАЙҒА ДЕЙІН

Шарын шатқалы.
Шарын шатқалы.
Арман Наурызалин – үш жылдан бері Қазақстанның өз ішінде туристерге қызмет көрсетіп жүрген менеджерлердің бірі. Ол саяхатшыларға тек ішкі туристік орындарға жолдама сатады. Арманның айтуынша, 2014 жылы қазақстандық туристер елден шықпай-ақ демалатын орындар жеткілікті.

«Менің ойымша, қазақстандық туристер үшін Көкшетау ұлттық саябағына барғаны дұрыс. Мұнда көкке шығуға, атпен серуендеуге, киіз үйде тұруға, түрлі санаторийлерде демалуға мүмкіндік бар. Алматы қаласының өзіне келіп демалуға болады. Бұл қала кез келген мезгілде демалыс өткізуге қолайлы. Ерекше табиғи көріністерді көргісі келетіндерге Шарын шатқалы, Түрген сарқырамасы, Айғайқұм (Поющий бархан) сияқты орындарды ұсынар едім. Туристер демалумен қатар денсаулығын жақсартқысы келсе, Қатонқарағай, Сарыағаш, Алма-Арасан, Алакөл аймақтарына баруға болады» дейді менеджер.

Сұхбаттасымыз Астана қаласына бармаған қазақстандықтар үшін 2014 жылы Қазақстанның бас қаласына баруды да ұсынады. Елде туристік жолдамаларға сұраныс артқаны байқалады. Ресми статистикалық мәлімет бойынша 2009 және 2012 жыл аралығында Арман сияқты «турагент» аталып кеткен жеке кәсіпкерлердің саны екі есеге жуық өскен.

АЛАКӨЛДЕН ШІРІК-РАБАТҚА ДЕЙІН

Қазақстан туризм ассоциациясының мәліметі бойынша, Қазақстан азаматтары 2013 жылы Түрген, Шарын шатқалы, Бурабай, Шымбұлақ, Алматы қаласына көп барған. Ал осы ассоциацияның президенті Рашида Шайкенованың ойынша биыл да бұл туристік орындарға сұраныс көп болмақ.

«2014 жылы Қазақстанға саяхат жасағысы келетіндер үшін әуелі Бурабай курорт аймағы, одан кейін Қатонқарағай, Алакөл, Маңғыстау облысындағы тарихи орындар, Жамбыл облысындағы Ақыртас тарихи орыны, Сырдария бойындағы Шірік-Рабат қорымы, Шымбұлақ, Алматы қаласының айналасы, Шарын шатқалы мен Зайсан көлін ұсынар едім» дейді ассоциация басшысы.

Көктөбе, Алматы.
Көктөбе, Алматы.
География ғылымының PhD докторы Жамал Өтеулиева Қазақстандағы эко-туризм бойынша диссертация қорғаған. Ғылыми еңбегін жазу барысында Қазақстанның бірнеше аймағын аралап шыққан маманның ойынша, ел тұрғындары 2014 жылы саяхаттап баратын әсем орындардың «ондығын» жасау қиын. Шын мәнінде туристер үшін тартымды мекен әлдеқайда көп. Әйткенмен Жамал Өтеулиева өзі үздік деп білетіндерді былайша санамалап шықты:

«Табиғатта демалғанды ұнататындарға Түрген сарқырамасы, Бурабай, Шымбұлақ, Шарын шатқалы, Алакөл мен Қатонқарағайды ұсынар едім. Ал тарихи орындарды көргісі келетіндердің Семейдегі Жидебай, Тараздағы Ақыртас, Маңғыстаудағы Бекет Ата зираттарына барғаны дұрыс» дейді зерттеуші.

202 МЫҢ ІШКІ ТУРИСТ

Сарапшылар айтқан ұсыныстардың негізінде 2014 жылы туристер үшін Қазақстанның өз ішінде баруға лайық 10 орын ретінде Бурабай, Шарын шатқалы, Түрген сарқырамасы, Алакөл, Қатонқарағай, Алматы қаласы, Ақыртас, Шірік-Рабат, Жидебай, Бекет Ата жер асты мешіттері сияқты мекендерді ұсынуға болады. Бұл орындар ресми дерек бойынша 2012 жылы ішкі туристер жиі саяхаттаған Қазақстандағы 5 аймақтың да ішіне кіреді. Олар: Астана мен Ақмола облысы, Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қарағанды облыстары.

Бір назар аударарлық жайт – ресми статистикалық мәліметтерде Орталық Азиядағы ең ірі зиярат орны орналасқанына қарамастан Оңтүстік Қазақстан облысының көрсеткіштері тым аз болып көрінеді. Соған қарағанда Түркістандағы Йассауи дүрбесіне арнайы келетін мыңдаған адам туристік компаниялар арқылы рәсімделмейтінге және турист санын анық көрсетіп салық төлейтін қонақ үйлерге түспейтінге ұқсайды.

Прага. Тарихи алаң. 6 тамыз 2013 жыл.
Прага. Тарихи алаң. 6 тамыз 2013 жыл.
Рашида Шайкенованың айтуынша, Қазақстанда туризм орындары жеткілікті. Бірақ оларға жарнама жеткіліксіз. Алайда ішкі туризмді жандандыруға жарнама ғана жәрдем қыла алмауы мүмкін. Қымбатшылық, қызмет сапасы мен инфрақұрылым нашарлығы Қазақстандағы ішкі туризмнің дамуына кедергі факторлар ретінде жиі сыналады.

2012 жылы елдегі ішкі туристік орындарға саяхат шеккен 202 мыңға жуық қазақстандыққа сатылған жолдамалар құны 27-ақ миллион теңгеден асқан. Салыстыру үшін айтар болсақ, ірі туристік орталыққа айналған кейбір Батыс қалалары бірнеше күннің ішінде-ақ осыншама адамды қабылдауға әзір. Мысалы биыл жаңа жылды қарсы алу үшін ғана Чехияның Прага қаласына 200 мыңнан астам турист келген. 2013 жылдың алғашқы үш тоқсанында 10 миллион 500 мың шамасында халқы бар Чехиядағы ішкі туристік орындарға саяхат шеккен жергілікті туристер саны 5 миллион 500 мыңға жуықтаған (осы уақытта Чехияға келген шетелдік туристердің саны 5 миллион 500 мыңнан асады).

Құрметті оқырман, 2014 жылы саяхаттаудың реті түссе, сіз Қазақстандағы қандай 10 орынды көргіңіз келеді?
XS
SM
MD
LG