Accessibility links

Коронавирус Орталық Азияны Қытайға кіріптар ете түсті


Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қырғызстанға ресми сапармен келуі. Бішкек, 19 маусым, 2019 жыл.
Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қырғызстанға ресми сапармен келуі. Бішкек, 19 маусым, 2019 жыл.

Қытайдың алып экономикасы пандемияның ауыр зардабын артқа тастап, қайта бас көтергенде, Орталық Азияның әлжуаз елдері барған сайын күшейіп бара жатқан Пекинге экономикалық және саяси тұрғыдан кіріптар болып қалуы ықтимал.

Коронавирус жұқтырғандар санаулы ғана шығып жатқан Қытай әлемдегі пандемияның жойқын дауылынан еңсесін тіктеген алғашқы ірі экономикалық держава болатын сияқты.​

ПАНДЕМИЯСЫЗ-АҚ ШАТҚАЯҚТАҒАН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ

Есесіне вирус Орталық Азияда күшіне мініп тұр. Аймақтағы бес ел онсыз да шикізат бағасының құлдырауынан, мигрант жұмысшылардан келетін қаражаттың азаюынан және жаһан экономикасының баяулауынан зардап шегіп отырған еді. Дүниежүзілік банктің есебі бойынша, осы жайттардың кесірінен аймақтың жалпы ішкі өнімі жыл соңына дейін 5,4 пайызға кемімек.

Бұл жағдайда аймаққа көмек қолын созатын жалғыз ел Қытай болуы мүмкін.

"Пандемия Қытайдың ұзақмерзімдік жоспарларын кідіртпеген тәрізді. Пекин бұрынғысынша жаһанның мәселелері бойынша ең жоғары биікке шығудан дәмелі және ол вирустан болған қазіргі бейберекетті сол мақсатқа жетудің мүмкіндігі ретінде қарастырады" деді Азияны зерттеу жөніндегі ұлттық бюроның аға ғылыми қызметкері және Франция қорғаныс министрлігінің Қытайдың стратегиялық мәселелері бойынша бұрынғы кеңесшісі Надеж Роллан.

Оңтайлы сәтті пайдаланған Қытай 16 шілдеде Орталық Азиядағы бес мемлекеттің сыртқы істер министрлерімен видеоконференция арқылы алғашқы кездесуін өткізді.

Басқосуда коронавируспен күресте күш біріктіру және аймақтың шатқаяқтаған экономикасын аяғынан тұрғызу мәселелері талқыланды.

БҰРЫН-СОҢДЫ БОЛМАҒАН ДАҒДАРЫС

Қытай біраздан бері Орталық Азиядағы үстем ойыншы болып келеді, дегенмен бұл жолы ол аймақ елдері басшыларымен шағын форматта тікелей кездесу жолын таңдады. Ал олар бұған дейін екіжақты байланысқа не Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) сияқты үлкен блоктарға басымдық беріп келген. Пекин қазіргі пандемия жағдайында ықпалын арттыруға мүмкіндік туғанын байқаса керек.

Осы кезде Covid індеті Орталық Азия елдеріне еркін тарап, оларға бұрын-соңды болмаған қауіп төндірді. Бұл жағдай аймақтағы денсаулық сақтау жүйесінің мүшкіл жағдайын әшкерелеп, олардың экономикасына батпандай салмақ түсірді әрі шетелдермен қарым-қатынастарын сын тезіне салды.

Қытай мен Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерінің видеобайланыс арқылы өткізген жиыны. 16 шілде 2020 жыл.
Қытай мен Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерінің видеобайланыс арқылы өткізген жиыны. 16 шілде 2020 жыл.

Шілдеде Орталық Азиямен қарым-қатынастың жаңа түрін бастағаны өз алдына, Пекин пандемия келгелі жоғары деңгейде гуманитарлық және медициналық миссияларын жіберіп, вирустың таралуына тосқауыл болады деген цифрлық технологиясын жарнамалап біраз ұпай жинады.

Сонымен бірге Қытай ШЫҰ-ның көмегімен "коронавирусты жеңген Пекин туралы" жақсы пікір қалыптастырып, күллі Еуразияны өзінің "Бір белдеу – бір жол" жобасына тартып жатыр. Бұл – Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің инфрақұрылым салып, инвестиция құю арқылы ықпалын арттыруға бағытталған миллиардтаған долларлық аса ірі сыртқы саяси жобасы.

Оның үстіне пандемия Орталық Азияны одан сайын тербелтіп жіберуі мүмкін ауқымды трендтерді де жылдамдатты. Бұл ретте, мәселен, Қытай мен АҚШ арасындағы жағдайдың ушығуын айтуға болады.​

ЖАҢА ҚЫРҒИҚАБАҚ СОҒЫСТЫҢ БАСЫ МА?

Бірнеше айдың көлемінде Гонконг, Оңтүстік Қытай теңізі, Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуы және бұрыннан бықсып жатқан сауда соғысы мәселелері бойынша жағдай шиеленісіп кетті.

Қытайдың телекоммуникация алыбы – Huawei-дің технологиясы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп, Вашингтонның оны пайдалануға тыйым салуы да нәтиже бере бастады. Осы аптада Ұлыбритания да келесі деңгейдегі 5G коммуникация желісінде Huawei-ді қолдануға шек қойды. Ал Франция өз байланыс желісінде Қытай технологиясын пайдалануға қатаң тыйым салатынын жариялады.

Жағдайдың шиеленіскені сондай, Пекин мен Вашингтондағы ресми тұлғалар "текетірестің өршуі – жаңа қырғиқабақ соғыстың басы" дегенді айта бастады.

Орталық Азия елдері ірі державалардың арасындағы қылкөпірмен жүріп, Пекин, Мәскеу, Вашингтон үшеуіне бөлек "ставка" қоюға дағдыланып алған. Алайда Қытайдың қолайына келетін жаңа шынайылық қалыптасып жатқан қазіргі кезде бұрынғыдай державалар арасында тепе-теңдікті ұстап тұру қиын болатын сияқты.

"Қытай әлі де АҚШ-қа қатысты біржақты саясат ұстанады, сондықтан бұл өңір сол ұстаным тұрғысынан қарастырылады. Орталық Азия елдері ешқашан бір тарапты таңдамауы мүмкін, бірақ екіге жарылған әлемде теңдікті ұстап тұру қиын болмақ. Демек олар үнемі Қытайға қарай мойын бұруға мәжбүр болады" дейді Лондондағы Королдік біріккен қызметтер институтының аға ғылыми қызметкері Рафаэлло Пантуччи.

ПАНДЕМИЯНЫҢ ҚЫТАЙҒА БЕРГЕН МҮМКІНДІКТЕРІ

Қытайдың 16 шілдедегі Орталық Азия сыртқы істер министрлерімен жаңа форматтағы кездесуі – сырттағы держава бес елмен тікелей қарым-қатынасқа түскен алғашқы жағдай емес.

Жапониямен, Оңтүстік Кореямен, Еуропа одағымен және АҚШ-пен арада осындай формат бар. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы ақпандағы аймаққа сапарында осы әдісті қолданды.

Қазақстан мен Өзбекстанға сапары кезінде Помпео Қытайдың Орталық Азияға ықпалына назар аударып, жемқорлық, тым көп қарыз, Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуы мәселелерін көтерді. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Қытай үкіметі Шыңжаңда 1 миллионға жуық ұйғыр және басқа да мұсылман халықтарының өкілдері қайта үйрену лагерлерінде ұстап отыр.

Дегенмен, АҚШ мемлекеттік хатшысының бес жылдағы алғашқы сапары барысында Вашингтонның бұл аймақпен араласуының шектеулі тұстары да байқалып қалды.

АҚШ-тың Орталық Азиядағы мүдделері мен ықпалы Совет одағы тарағалы бір көтеріліп, бір төмендеп тұрды. Халықаралық коалиция Ауғанстанға басып кіріп, онда террорға қарсы әскери шара басталғанда бұл араластық біршама артқан. Вашингтон Қытай мен Ресейді жаһандық сахнадағы басты қарсыластары ретінде көре бастаған соңғы жылдары аймаққа көбірек назар ауды. Соған қарамастан, Орталық Азия Вашингтон үшін әлі де негізгі басымдық емес.

Есесіне Си Цзиньпин 2012 жылы билікке келгелі бұл елдерге бірнеше рет келді. Ол соңғы рет былтыр аймақты аралап шықты, ал 2013 жылы "Бір белдеу – бір жол" жобасы басталатынын Қазақстанда жариялады.

Содан бері Қытай Орталық Азияның және әлемнің дамуды қаржыландыратын ірі демеушісіне айналды. Тәуекелі көп нарықтағы мемлекеттік банктер аса ауқымды құрылыс жобаларын қолдап, Пекиннің ықпалын арттыра берді және оның компанияларына жаңа мүмкіндіктер сыйлады.

Қытай осы жобаның арқасында пандемиядан кейін болған хаосты пайдаланып, Орталық Азияда және одан тыс аймақтарда ықпалын арттыруды көздеп отыр.

Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдары да бұл науқанды іліп әкетіп, "Бір белдеу – бір жол" – әлем экономикасын аяғынан тұрғызатын жоба" деген көзқарасты жаппай дәріптеуге көшті.

Бұл бастама бұрын да Қытайдың өз көзқарастарын таңып, дамушы елдерде ықпалын арттырудың құралы ретінде қарастырылып келген, ал пандемия бұған ерекше мүмкіндік берді дейді Роллан.

'Қорғас - Шығыс қақпа" құрлық порты. 2017 жылдың желтоқсан айы.
'Қорғас - Шығыс қақпа" құрлық порты. 2017 жылдың желтоқсан айы.

"Бұл нақты идеологиялары, географиялық блоктары бар қырғиқабақ соғыс емес, өте икемді ықпал ету аймақтарына көбірек ұқсайды. Қытай әлемдік гегемонияға ұмылып жатқан жоқ, өз ұстанымдарын қолдайтын елдердің жүйесін қалыптастырып жатыр" дейді сарапшы.

Аймақтағы және бір сыртқы ойыншы – Ресей пандемияның және энергетика ресурстары бағасының құлдырауы кесірінен болған экономикалық баяулаудан бас көтеріп жатқанда Қытайдың Орталық Азиядағы үлесі бұрынғыдан да арта түсуі мүмкін.

Соңғы жылдары Мәскеу мен Пекин бір-біріне жақындап, Орталық Азиядағы мүдделерін теңдей бөлісіп отырған. Дегенмен пандемиядан соң Қытай үлкен инфрақұрылым жобаларынан өзге салаларға ауыз салып, жаңа биіктерді бағындыратын түрі бар.

"Көп жылдан бері Қытай экономика мәселелерін, ал Ресей қауіпсіздік саласын қамтып келген. Бірақ енді бұл салалар өзара араласып, екеуінің арасындағы шекара жойылуы мүмкін" дейді Карнеги Мәскеу орталығындағы Қытай мен Орталық Азия қарым-қатынас жөніндегі сарапшы Темур Умаров.

"БҰРАЛАҢЫ КӨП" ЖІБЕК ЖОЛЫ

Қытай экономикасы пандемиядан соң бас көтере бастады, бірақ оның қаншалық жылдам сауығатыны әлі белгісіз.

Көлік тораптарына, электр зауыттарына және көлік жолдарына қарыз беру кестесін қайта қарау туралы ұсыныстар көп айтыла бастағалы осындай сұрақтар туындады. Оның үстіне Латын Америкасынан бастап, Африка мен Таяу Шығысқа дейін бүкіл әлемнің экономикасы нашарлап, жаһандану қарқыны баяулап қалды.

Қытай сыртқы істер министрлігі маусым айында жүргізген сауалнамаға көз салсақ, пандемия "Бір белдеу – бір жол" жобасының 20 пайызына "тым қатты әсер етсе", 30-40 пайызына "біршама кесірін тигізген".

Жаһандық рецессия болады деген қауіп Қытайдың әріптес елдерін бұл жобалардың өміршеңдігін қайта қарауға мәжбүр етті, бұл оның шарттарын қайта қарауға, тіпті жобаны тоқтатуға алып келуі мүмкін.

Әзірге "Бір белдеу – бір жолдағы" ірі жобалардың ешқайсысы пандемия кесірінен тоқтаған жоқ, ал бұл бастама Си Цзиньпин үшін де, Қытай үшін де өте маңызды болғандықтан, олар мұны кейінге қалдыруға құлықсыз.

Пандемия кесірінен болған шектеулер кезінде Қытай өз жобаларын қаншалық сәтті жүзеге асырмақ? Қытай халықаралық дипломатиялық мүмкіндіктерінің де сыналатын тұсы осы болмақ.

"Пандемиядан бұрын-ақ қарыздың ұлғаюы және жемқорлық бойынша күмән көп еді, ал қазіргі қаржылық жағдай оны одан әрі нашарлатып жіберді" дейді Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының Reconnecting Asia жобасының директоры Джонатан Хиллман. "Меніңше, болашақта Қытай дипломаттары жаңа жобалар ұсынудың орнына бұрынғыларын қайта қараумен болады".

Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдары аса ауқымды инфрақұрылым жобаларының орнына шығыны аз технология мен денсаулық сақтау салаларындағы жаһандық бастамаларды көп дәріптей бастады.

Оның үстіне Қытай пандемияны пайдаланып, электрондық медицина, электрондық сауда, электрондық төлем және электрондық оқу сияқты цифрлық бастамаларға назар аудартты. Сарапшылардың айтуынша, Қытай компанияларының бұл салада Орталық Азияға дендеп ену мүмкіндігі көп.

Пекин "Бір белдеу – бір жол" жобасына біршама сақтықпен қарап отырғанына қарамастан, Орталық Азия елдері үшін бұл – экономиканы қаржыландыратын басты мүмкіндік саналады, бұл аймақ елдерін Қытайға бұрынғыдан да жақындата түседі.

"Бұл – Қытай үшін үлкен мүмкіндік және ол бұл мүмкіндікті пайдаланып қалары анық. Бірақ бұрынғыдай үлкен құрылыс жобалары болады деп ойламаймын. Бұл – Қытай үшін жаңа бір кезең болмақ" дейді Хиллман.

Ағылшын тілінен аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG