Accessibility links

Covid-пен тіркелгендер саны тағы өсті, Алматыда дерт жұқтырғандар 500-ден асты


Көшені дезинфекциялап жүргендер. Алматы, 28 ақпан, 2021 жыл.
Көшені дезинфекциялап жүргендер. Алматы, 28 ақпан, 2021 жыл.

Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың тәуліктік статистикасы жаңа антирекорд көрсетті. Вирусты таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия мәліметі бойынша, 27 наурызда дерті ПТР тестімен расталған 1 596 адам тіркелді. Бұл – алдыңғы күндердегіден әлдеқайда көп.

Әсіресе Алматы мен астанада жағдай күрделі. Қазақстанның ең ірі қаласы – Алматыда бір тәулікте Covid жұқтырғандар саны психологиялық межеден асып, 510 адам санаққа алынды, ал ел астанасы Нұр-Сұлтанда 382 науқас тіркелді. Мұның алдында Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин ауруханаға күніне 500 адамнан артық түссе, қатаң локдаун енгізіледі деп мәлімдеген. 15 наурыздағы жағдай бойынша, қаладағы коронавирус науқастарына арналған ауруханадағы орындардың 40 пайызы бос емес.

Аймақтар көрсеткішіне қарасақ, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында коронавирус жұқтырғандар көп. Алматы облысында - 110 адам, Батыс Қазақстан облысында 98 адам Covid-19-бен тіркеуге алынды.

Ресми дерек бойынша, өткен тәулікте бұл дерттен 14 кісі көз жұмған.

Денсаулық сақтау министрлігі "симтомдары коронавирусқа ұқсас", бірақ тест нәтижесі теріс шыққан науқастар статисткасын әдеттегідей бір күн кешіктіріп жариялады. 26 наурызда "Covid тектес превмониямен" 94 адам тіркелген, 3 адам қайтыс болған.

Індет келгелі Қазақстанда коронавируспен ауырып, ресми тіркелгендер (КВИ+) саны 240 381 адамға, ал оған ұқсас пневмонияға (КВИ-) шалдыққандар 50 411 адамға жетті. Covid пен оған ұқсас пневмониядан 3 674 адам көз жұмды.

Өткен тәулікте 906 адам бұл дерттен жазылып шықты.

28 наурыздағы мәлімет бойынша, қазір Қазақстанда 23 310 адам коронавирус инфекциясынан (21 007 КВИ+ және 2 303 КВИ-) емделіп жатыр, соның ішінде ішінде 7 811 пациент стационарға жатқызылған. 348 науқастың жағдайы ауыр, 81-інің жағдайы өте ауыр, 52 кісі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG