Ресей 2014 жылы Украинадан аннексиялаған Қырым түбегіндегі ең үлкен қала – Севастопольдің ауруханасында күрделі жөндеуден өткен операция бөлмесі «ашылды». Жергілікті «Примечания» ақпараттық сайты аурухананың балалар бөліміндегі жаңа залды 18 мамырда Севастополь қаласының губернаторы Сергей Меняйло мен денсаулық сақтау департаментінің басшысы Юрий Восканян салтанатты түрде «ашқаны» туралы хабарлады.
Сайт ақпаратына қарағанда, операция бөлмесін күрделі жөндеу барысында жобаға деп бөлінген қаржы таусылып, қажетті құрал-жабдыққа ақша қалмаған.
Аурухана басшысы құралдарды мекеменің басқа бөлімдерінен және қаладағы өзге емханалардан уақытша алдыртқан. Мұны «Примечания» сайтына аурухана қызметкері айтқан.
Салтанатты рәсім біткен соң қызметкерлер алған заттарын иелеріне қайтарған.
«Әкеле алатынның бәрін алып келді... Кейбірін 1-ауруханадан, кейбірін перзентханадан. Ауа тазартқыш мүлде жұмыс істемейтін, оны қайдан алғандарын білмеймін, артынша оны да алып кетті. Оттегі түтіктерін перзентханадан жеткізді. Сосын бәрін қайта алып кетті, қазір операция бөлмесі жабық тұр» дейді аурухана қызметкері.
Азаттық радиосы медициналық мекеменің сайтында көрсетілген электронды поштаға хат жазғанымен оған жауап болмады.
ТҮБЕКТЕГІ ҚИЫНДЫҚТАР
Украинаның бұл аймағын 2014 жылы өзіне қосып алып, халықаралық қауымдастықтың наразылығына тап болған Ресей содан бері түбекті өз экономикасымен интеграциялауға бар күшін салып жатыр. Ресейдің саясатына наразылық білдірушілер былтыр Украинадан келетін кернеуі жоғары электр желісі бағандарына шабуыл жасап, соның кесірінен Қырымда электр жарығы сөніп қалған. Мәскеу электр энергиясын тұрақты түрде жеткізу үшін теңіз түбімен кабель тартып жатыр.
Украина аймаққа құрлық арқылы келетін жолдардың барлығына тосқауыл қойған. Сондықтан тауарлардың барлығы қазір Қырымға Керчь бұғазы арқылы пароммен жеткізіледі.
Олқылықтың орнын толтыру үшін Мәскеу миллиардтаған қаражат жұмсап, түбекті Ресеймен жалғайтын көпір салып жатыр, оның құрылысы аяқталғанша әлі біршама уақыт керек – көпір 2018 жылдың желтоқсан айында іске қосылады деп жоспарланған.
Осы аптада Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевтің Қырымдағы зейнеткерлермен кездесуі экономикалық қиындық күйзелткен халықтың наразылығын айқын аңғартты. Зейнетақының аздығына шағымданған қарттарға Медведевтің: «Қазір ақша жоқ, ал сіздер мойымаңыздар» деген жауабы тұрғындарды ашындырса, интернетте оны жаппай әжуа-мысқылға айналдырды.
«Потемкин ауылы» деген сөздің шығу тарихы да осы Қырым түбегімен байланысты. 1787 жылы Қырымға келген Ресей патшайымы ІІ Екатеринаға жағу үшін оның көмекшілерінің бірі князь Григорий Потемкин жол бойына қалқиған қабырғалардан өтірік ауыл тұрғызған дейді ел аузында қалған аңыз.
Ресей мен Батыстың кей тарихшылары ондай оқиғаның шынымен болғанына күмән келтіреді, дегенмен көзбояушылықты сипаттайтын бұл тіркес жиі айтылады.
Жергілікті «Примечания» сайты Севастополь ауруханасындағы көзбояушылықтың заманауи үлгісін «Восканянның Потемкин ауылы» деп атаған.