Қырымда тұратын Валерий Подъячийдің көкейкесті арманы 2014 жылдың наурызында орындалып, Қырым Ресейге қосылды. 48 жастағы Подъячий бұған дейін түбектің Украинадан бөлініп, Ресейге қосылуы үшін қажымай еңбек еткен еді. Бірақ Ресей заңына бағынған билік оған қолайлы болмады. Қырымды Ресейге қосудағы белсенділігі үшін сый-құрмет көрмек түгілі, ресейшіл белсенді университеттегі қызметінен қуылып, жұмыссыз қалды.
Түбекті Ресей аннексия жасар алдында Подъячий «Халық майданы» деп аталатын ресейшіл топты басқарды. Олар Украинаның Мәскеу алдындағы қарызы есебінен түбекті Ресейге жалға беруі керек деген қағиданы ұстанды.
«МЕНІ АҚТАУЛАРЫН КҮТЕМІН»
Топ мүшелері Украинадан толық бөлінуге шақырған кезде Подъячий «Украинаның аумақтық тұтастығы мен дербес құқығына қастандық жасамақ болды» деген айыппен 2011 жылдың ақпанында сотқа тартылды. Қырым соты оған үш жыл шартты жаза, соның ішінде бір жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Симферопольдегі Қырым федералдық университеті жаратылыстану және қоршаған орта ғылымдары академиясының оқытушылары былтыр қарашада лауазымдарына қайтадан құжат өткізген. Сол кезде қолданбалы математика пәнінен сабақ беріп келген Подъячий сотталғаны үшін бұл қызметке жарамсыз деп танылды.
Ресей заңы бойынша, Қырымды аннексия жасағанға дейін украиналық соттың шығарған үкімі күшінде қалады. Университеттен кетіп, қазір жұмыссыз жүрген Подъячий өзіне хабарласқан Азаттық тілшісіне «айтарымның бәрін айтқанмын» деп, жағдайды талқылаудан бас тартты.
«Қудаланғаныңыз үшін шағымданасыз ба?» деп сұраққа Подьячий «заңға бас иетін азамат» ретінде шешімге қарсы шықпайтынын айтты. «Мені ақтауларын күтемін» деді ол.
Подъячийдің басындағы келеңсіздікке «Халық майданы» тобындағы әріптестері күйініп отыр. Батыс елдерімен қарым-қатынасына сызат түсіріп, АҚШ пен Еуропа Одағы тарапынан санкция жарияланса да, Владимир Путин бастаған ресейлік шенеуніктердің Қырымды Ресейге қосып алғанын мақтан тұтқанын ескерсек, Подъячий екіжүзділікке тап болды дейді олар.
Ресей 2014 жылы Қырымның негізгі нысандарына әскер жіберіп, «референдум» өткізіп Қырымды өзіне қосып алды, бірақ БҰҰ-ға мүше жүзге жуық мемлекет ол «референдумды» заңсыз деп таныған.
«ҚАЗІРГІ БИЛІК ОНЫ ЖАҚТЫРМАЙДЫ»
Совет одағын билеп тұрған кезінде Никита Хрущев 1954 жылы Ресейден Украинаға берген түбекті Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путин «қасиетті орыс жері» деп атады.
«Өмірінің жартысын Қырымның қазіргі күйге жетуіне арнаған адам алғыс естудің орнына қазір қылмыскер саналып жүр» дейді Азаттыққа «Халық майданы» тобының мүшесі, заңгер және бұрынғы депутат Вадим Мордашов.
Оның айтуынша, топ мүшелері түрлі билік мекемелеріне, соның ішінде Қырымның өзін-өзі сайлап алған жаңа парламенті – Мемлекеттік кеңеске өтініш беріп, Подъячийді ақтауды сұраған.
– Біз зығырданды қайнататын жауаптар алдық. Мысалы, Мемлекеттік кеңес біздің өтінішімізге Валерий Подъячий қылмысы арқылы келтірген шығынның орнын толтыруы керек депті, - дейді Мордашов.
Оның пікірінше, Валерий Подъячий аннексияға дейін Қырымдағы басшы шенеуніктерге көзге шыққан сүйелдей болған.
– Қырым басшылығы Подъячийді ақтап алуға ынталы емес. Оларға бұл керек емес, жолдарына бөгет болып тұр. Атап айтқанда, парламент спикері Владимир Константинов Подъячийдің Ресейге бұрыннан адал болғанын жақтырмайды. Константинов 2012 жылы осы лауазымда отырғанда Подъячийдің Ресейге қосылу туралы бастамасын қатты сөккен, – дейді ол.
Украинаға бағынышты кездегі Қырым парламентінің сайтында (қазір жабылған) Владимир Константинов «Халық майданы» мүшелерін «республикада ешкімнің атынан сөйлеуге лайық емес маргиналдар» деп атап, «саяси ергежейлілердің есуас талаптары сот алдында лайықты жазасын алады» деп уәде берген.
(Александра Доброкотованың мақаласы ағылшыннан аударылды.)