Accessibility links

Вороненковты өлтіруге тапсырыс Ресейден берілгені айтылды


Денис Вороненков пен Мария Максакова Ресей мемлекеттік думасы отырысында. Мәскеу, маусым, 2016 жыл.
Денис Вороненков пен Мария Максакова Ресей мемлекеттік думасы отырысында. Мәскеу, маусым, 2016 жыл.

Украина бас прокуроры Юрий Луценко Ресей парламентінің экс-депутаты Денис Вороненковты өлтіруге марқұмның жесірі Мария Максакованың бұрынғы азаматтық күйеуі, қылмыс әлеміне танымал Владимир Тюрин тапсырыс берген деп мәлімдеді. Киев Ресейден Тюринді экстрадициялауды талап етпек.

9 қазанда Киевтегі брифингте Украина бас прокуроры Юрий Луценко, украин тергеушілері наурыз айында Киевте оққа ұшқан Ресей мемлекеттік думасының бұрынғы депутаты Денис Вороненковты өлтіруге қатысы бар "қылмыстық топ мүшелерінің бәрін анықталды" деп мәлімдеді. Олардың бәрі – Украина азаматтары. Прокуратура істі Киевтің Шевченко аудандық сотына жолдамақ.

Луценконың мәлімдеуінше, Денис Вороненковқа қарсы қастандық "Ресейдің Украинаға қарсы әскери іс-әрекеттері мен қылмыстары айыпталатын украиналық, ал келешекте халықаралық соттарда куәлік етуі тиіс болған құнды куәгердің көзін Ресейдің жоғары басшыларының мүддесі үшін жою" және Тюриннің азаматтық некеде болған бұрынғы әйелі Мария Максаковадан "кек алу" мақсатымен жасалған. Бас прокурор бұл қылмысты "саяси астары жоқ, өш алу үшін ғана жасалған қастандық" деп қарастыру мүмкін емес дейді.

Украина бас прокуроры Юрий Луценконың мәлімдемесі:

Украина бас прокуратурасы Денис Вороненковтың қазасына күдіктіні атады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:26 0:00

Қазір Киевте тұрып жатқан Ресей мемлекеттік думасының бұрынғы депутаты әрі Вороненковпен жақын араласқан Илья Пономаревтің (Вороненковты Пономаревпен кездесуге бара жатқан жолда өлтірген) Азаттықтың Орыс қызметіне айтуынша, қастандыққа түрткі болған негізгі себеп – бұрынғы депутаттың Украинаның қашқын экс-президенті Виктор Януковичтің мемлекетке опасыздық жасау ісіне қатысты куәлік еткені де, қызғаныш та емес – Ресей федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) қарасты қауіпсіздік қызметі басқармасының бұрынғы басшысы әрі ертеректе, мысалы, "Три кита" жихаз дүкеніне қатысты істен кейін марқұм жанжалдасып қалған Олег Феоктистовтың кек алуы.

"Ресей, әрине, бұл қастандықты Януковичтің ісіне қатысты куәлік етумен байланыстырмайды. Украинаның құқық органдары солай деп ойлағысы келетін шығар, бірақ, меніңше, қастандыққа негізгі себепті Ресейден іздеу керек. Феоктистов мырзаға ФСБ-дағы жұмысына қайта оралу керек болған шығар, бұл мәселені шешуде ол үлкен қиындықтарға тап болып, тамызда оны біржола запасқа жіберген болатын. Оны бұған дейін – 1 наурызда жұмыстан шығарған, сондықтан ол орнында қалудың амалын жасай бастағанға қатты ұқсайды. Феоктистов – ФСБ ішкі қауіпсіздік басқармасына қарасты "алтыншы бөлімнің" бұрынғы бастығы, яғни ол осы құрылымның ішінде жүріп Ресей президенті атынан ФСБ қызметкерлерінің үстінен қараған адам болған. Ол "Роснефть" компаниясының бастығы Игорь Сечиннің серігі әрі соңғы кезде бұрынғы экономика министрі Алексей Улюкаевті қамау тәрізді резонанс тудырған істердің басы-қасында болған. Феоктистов оппозицонер Алексей Навальныйға қатысты жанжалдарды да тергеуді басқарған, яғни ол Ресейдің ішіндегі тартыстың маңызды құралы, сондықтан оны бүкіл құзырынан айырып, отставкаға жіберуге тырысқан ықпалды жаулары көп болды".

Ресей мемлекеттік думасының бұрынғы депутаты Илья Пономарев.
Ресей мемлекеттік думасының бұрынғы депутаты Илья Пономарев.

Илья Пономаревтің пікірінше, Феоктистов Вороненковты өлтіруді ұйымдастыруды Владимир Тюринге жүктеп, Тюринге "қылмыс әлеміндегі позицияңды нығайтамын" деп уәде еткен сыңайлы.

"Бұл қастандықты Тюрин жасады деуге негіз жеткіліксіз, бірақ оның карьералық мақсаттарына байланысты себеп бар. Оған әлдебір қолдау көрсетеміз деп уәде еткен шығар деп жорамалдаауға болады, өйткені неге дәл осы жерде, неліктен дәл осылай, не себепті дәл ол екені түсінікті бола түседі. Тюринге карьерасын өсіру жағынан Феоктистовтың көмектесетін мүмкіндігі болды. Екеуі таныс адамдар болған әрі олар қастандықтың алдында ғана танысқаны белгілі", - дейді ол.

Илья Пономарев Вороненковты өлтіруді оның Ресейдің Украинаға әскери агрессиясына қатысты куәлік етуімен байланыстырудан тартынады. "Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясына қатысты өзге істер бойынша Денистің түсінік бергенін білемін. Әлгі мәселелерде оның қаншалықты құнды куәгер болғаны немесе болмағаны Украинаның бас прокуратурасына аян. Менің болжамымша, Ресей арнайы қызметі өзге мақсатты көздеуі мүмкін. Біріншіден, Украина жағына шығудың аяғы не болатынын көрсетіп, өзгелерге сабақ болу үшін сатқынды жазалау, ал екіншіден, Ресей ФСБ-сындағы контрабанда жөніндегі ақпаратқа байланысты (әлгі ақпарат Вороненковтың қолына түскен, оны тексеру үшін ол тіпті арнайы тергеу орталығын ұйымдастырған)".

Пономарев Вороненковты өлтіруге қатысы бар деген күдіктілердің Украина азаматтары мен Украинадағы түрлі ұлтшыл ұйымдардың ("қолма-қол ақша айырбастаушылар бандасы") мүшелері болып шыққанында да қайшылық жоқ деп санайды. Әлгі адамдардың Владимир Тюринмен байланысы туралы сұраққа Илья Пономарев былай деп жауап берді:

"Олар – қылмыс элементтері, ондайлар барлық жерде, оның ішінде оңшыл радикал топтарда да бар. Меніңше, қастандық жасайтындарды арнайы іріктеген, яғни олардың ұлтшыл топтардың мүшелері екені кездейсоқтық емес. Бұл Ресейге үгіт-насихат үшін қажет болды. Олар Мәскеуде "қолма-қол ақша" бизнесімен көзге шалынып, Ресей арнайы қызметінің тұзағына түскен сияқты. Әлгі адамдарды орындаушы ретінде сондықтан таңдаған".

Ресей Владимир Тюринді Украинаға беруі мүмкін бе? Илья Пономарев бұл сұраққа кесімді жауап бермейді.

"Шын мәнінде, бұл айқын факт емес, өйткені Тюрин мырза – Қазақстанның да азаматы. Сондықтан оны бергісі келсе, Ресей заңды қисындар табады. Бірақ Ресей оны бергісі келер ме екен? Енді Ресей қиын таңдау жасауы тиіс болады, өйткені егер оны қорғаштаса, қастандықты Ресейдің мемлекеттік қызметтері ұйымдастырғаны іс жүзінде дәлелденді деген сөз. Егер оны Украинаға берсе, ол қастандыққа нақты кімнің тапсырыс бергенін айтып қоюы мүмкін. Сондықтан Тюрин өз өмірі үшін қатты қорқуы тиіс, өйткені, меніңше, мына жағдайдан шығудың ең оңай амалы сол болатын сияқты. Оның қос азаматтығы бар. Совет одағы ыдырағаннан кейін ол Қазақстанда тұрып, сол елдің төлқұжатын алған, Ресей азаматтығын содан кейін ғана қабылдаған. Сондықтан егер қаласа, Ресей оны беруге құқықтық қисындар табады", - дейді Пономарев.

Опера әншісі Мария Максакованың бұрынғы азаматтық некедегі жұбайы Владимир Тюрин - "криминалдық авторитет", "кәнігі ұры" ("вор в законе") деген атаққа ілінген ықпалды ресейлік бизнесмен. Қылмыс әлемінде Тюрин "Тюрик", "Батя" және "Киномеханик" деген лақап есімдермен танылған. Ол Иркутск облысынан шыққандардың басын біріктіретін "Братство" қылмыстық тобын басқарады деп саналады. 19 жыл бұрын Тюрин біраз уақытқа Ресейден кетіп қалып, Испанияда тұрған. Ол жақта оны "орыс мафиясы басшыларының бірі" деп атаған. Биыл қаңтарда баспасөз құралдары бүкілресейік қылмыс әлеміне жаңа "қожайынның" орнына ықтимал кандидат ретінде Иркутск ұйымдасқан қылмыстық тобынан шыққан Владимир Тюрин қарастырылады деп жазған болатын.

Қастандықпен өлтірілген Денис Вороненковтың денесі. Киев, 23 наурыз 2017 жыл.
Қастандықпен өлтірілген Денис Вороненковтың денесі. Киев, 23 наурыз 2017 жыл.

Денис Вороненковты 23 наурызда Киевтегі "Премьер-Палас" қонақүйі маңында атып өлтірген. Оны өлтірген 28 жастағы Павел Паршов "Донбасс" батальонының бұрынғы жауынгері болып шықты. Вороненковтың күзетшісі атқан оқ тиіп жараланған Паршов кейін ауруханада қайтыс болды. Днепропетровскдегі (қазіргі Днепр) қылмыстық топ мүшесі болған Паршов Украинаның арнайы қызметі экономикалық қылмыстар жасады деп айыптағаннан кейін 2012 жылы топтың өзге мүшелерімен бірге Мәскеуге қашқан. Ол Украинаға екі жыл бұрын оралып, "Донбасс" батальонында біраз уақыт қызмет атқарған. "Халық майданы" партиясынан сайланған депутат Антон Геращенко ертеректе Паршовты Ресей арнайы қызметі жалдаған деп мәлімдеген.

Тергеушілер Вороненковты өлтірген жігіттің Украинаның төрт азаматы – Юрий Василенко, Ярослав Левенц (екеуіне де іздеу жарияланған), Александр Лось және Ярослав Тарасенкомен (екеуі де тұтқындалған) сөз байласып, әрекет еткенін анықтады. Олардың бәрі Днепропетровск облысынан, бір қылмыстық топта және радикалдық қозғалыстың мүшелері болған. Тергеу дерегінше, киллерді Киевтегі "Премьер Палас" қонақүйі жанына "Павлоград қорғанысы" (Днепропетровск облысының Павлоград қаласы) қозғалысының қазір қамауда отырған белсендісі Ярослав Тарасенко Daewoo Lanos маркалы көлігімен апарған. Денис Вороненков Ресей билігінің қудалауынан қауіптеніп 2016 жылдың аяғында жұбайы, опералық әнші Мария Максаковамен бірге Киевке көшіп барып, Украина азаматтығын алған. Ол қастандық жасалардан сәл ертеректе Украинаның қашқын экс-президенті Виктор Януковичтің ісі бойынша куәлік еткен. Бас прокурор Луценконың сөзінше, бұрынғы ресейлік шенеунік Ресейдің Украинаға қарсы соғыс қимылдары мен әскери қылмыстарына қатысты өзге істер бойынша да куәлік етіп үлгерген.

Владимир Тюриннің адвокаты Сергей Беляк Украина жариялаған жаңалыққа қатысты "Киевте жасалған қылмысқа клиентімнің қатысы жоқ" деп мәлімдеп, Вороненковты өлтіру - "кейін Украина билігі Ресейге тағатын жаңа айыптау ретінде пайдаланады деп үміттенген ұлтшылдардың ісі" деп атады.

Қастандықтан мерт болған бұрынғы ресейлік депутаттың жесірі Мария Максакова Азаттықтың Орыс қызметіне Украина тергеу органдарының ұйғарымына сенетінін мәлімдеп, бұрынғы күйеуінің реакциясына қатысты комментарий берді:

- Тюрин қастандықты украиналық ұлтшылдарға жаба салып, құтылып кетемін деп ойлайды. Оның адвокат арқылы жариялаған мұндай позициясына таңданбаймын. Егер Ресейде сотталса, ақша беріп құтылып кете алатынын, ал Украинада бұл амалдан ештеңе шықпайтынын ол түсінеді.

Мария Максакова Денис Вороненковпен қоштасу рәсімінде отыр. Киев, 25 наурыз 2017 жыл.
Мария Максакова Денис Вороненковпен қоштасу рәсімінде отыр. Киев, 25 наурыз 2017 жыл.

- Ертеректе сіз Денис Вороненковқа жасалған қастандықты Владимир Тюрин ұйымдастыруы мүмкін деген болжамды жоққа шығарып, тұрмыс құрғаннан кейін "ол маған бақыт пен өзі қамтамасыз ете алмаған лайықты өмір" тіледі деген едіңіз.

- Екіжүзділікпен айтқан ғой. Шын мәнінде, шығармашылығым мен бақытты өмірімді және екеуміздің жарасымды отбасымызды ол жан-тәнімен жек көрді. Бұған оның іші күйіп, дүркін-дүркін оғаш мінез танытатын. Бірақ, өзге елдің территориясында батылдыққа барып, мұндай қылмыс жасау үшін мұның бәрі жеткіліксіз.

- Ресейлік басылымдар Вороненковқа шабуыл ұйымдастыруға Тюрин жеке мақсаттарын көздеп, яғни сіз жаңа жұбайыңыздың ықпалына түсіп, екеуіңізге ортақ балаларды Киевке алып кетуі мүмкін деген оймен де келіскен шығар деп болжайды.

- Балаларды оған өзім бергенмін. Мұны Денисті қудалағандармен бірлесіп әрекет етпесін деген оймен жасағанмын. Бірақ ол "екі жеп биге шыққысы" келген сияқты.

- Сіз бұрынғысынша, яғни Денис Вороненковқа жасалған қастандықты ұйымдастыруға Ресей президенті Владимир Путиннің мүлде қатысы жоқ деп санайсыз ба?

- Бұл қастандыққа Путиннің еш қатысы жоғы шүбәсіз. Бұдан бөлек, менің түсінуімше, Украинада бұл іс тексеріліп жатқанда – биыл тамызда генерал Олег Феоктистовты ФСБ-дан қуып, біржола запасқа жіберді. Путин мен Кремльдің бұл қылмысқа қатысы жоқ ғана емес, олар бұған баға берді. Негізі, ФСБ-да шаруасын тыңғылықты орындап жүрген білікті мамандар көп, бірақ олардың ішінде Олег Феоктистов сияқты бір топ "шектен шыққандар" бар, – дейді Мария Максакова.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Владимир Ивахненконың мақаласы орысшадан аударылды.)

XS
SM
MD
LG