Accessibility links

Елсіз аралда "Ресей империясын жаңғырту" жоспары


«Ресей монархиялық партиясы» жетекшісі Антон Баков «Идолы власти» кітабының шығуына арналған баспасөз мәслихатында отыр. Мәскеу, 16 қаңтар 2013 жыл.
«Ресей монархиялық партиясы» жетекшісі Антон Баков «Идолы власти» кітабының шығуына арналған баспасөз мәслихатында отыр. Мәскеу, 16 қаңтар 2013 жыл.

Батыс баспасөзі орыс бизнесменінің "Ресей монархиясын жаңғырту" үшін Тынық мұхиттан бірнеше арал сатып алу жоспары, Октябрь революциясы жайлы виртуалды жоба және Холокост қырғыны сабақтары туралы жазған.

ТЫНЫҚ МҰХИТТАҒЫ "ЖАҢА РЕСЕЙ"

Америкалық Foreign Policy журналы ресейлік бизнесмен әрі парламенттің бұрынғы депутаты Антон Баковтың "Ресей монархиясын жаңғырту" жоспарына қатысты комментарий жазған. Бұл үшін ол Тынық мұхиттың оңтүстік бөлігінде орналасқан шағын мемлекет - Кирибатиден елсіз үш аралды сатып алғысы келеді. Әлгі жоспардың жай-жапсары әзірше белгісіз, бірақ ол қаңтардың 27-сінде Кирибатиға барған сапарында "балама Ресей" құруды, курорт салып, жергілікті экономиканы қолдау және "Романовтар империясының айбынды дәуірін қалпына келтіру" үшін әлгі аралдарға 350 миллион доллар инвестиция құюды жоспарлайтынын мәлімдеген. Антон Баковтың әйелі Radio New Zealand ақпарат құралына сұхбатында осындай "тілек... Путин режиміне наразы ресейлік патриоттардың көбінде" барын мәлімдеген.

Кирибати аралындағы жағажай. 7 маусым 2008 жыл.
Кирибати аралындағы жағажай. 7 маусым 2008 жыл.

Жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2016 жылы бар-жоғы 211 миллион долларды құраған Кирибати мемлекеті әлгі ұсынысты қарауы мүмкін деген хабар тараған, бірақ жобаға қатысты комментарий беруді сұраған Foreign Policy журналының өтінішіне ел билігі жауап қайтармаған. Мақалада 2008 жылғы Ресей-Грузия соғысынан кейін Тынық мұхитындағы үш мемлекет – Вануату, Тувалу және Науру Ресеймен тиімді экономикалық мәмілелерге қарымта ретінде Оңтүстік Осетия мен Абхазияны тәуелсіз мемлекет деп мойындағаны жайлы айтылады, "Абхазияны мойындағаны үшін Ресей Науруға 50 миллион доллар төлегені туралы хабар тараған".

"Баков патшалық дәуірді жаңғырту үшін 2012 жылы Ресейде "Монархиялық партия" құрған, бірақ оның патшалар дәуіріне қайта оралуға үндеген құлшынысы Ресейде қолдау таппаған. Бәлкім оған - [жобаны қолдауға] аралда оның курорты болмауы себеп болған шығар" деп жазады Foreign Policy.

ОКТЯБРЬ РЕВОЛЮЦИЯСЫНА 100 ЖЫЛ

Ұлыбританияның Economist журналы авторлары Ленин бастаған большевиктер партиясы орыстардың соңғы патшасы екінші Николайды тақтан құлатқаннан кейін Октябрь революциясын ұйымдастырып, Совет одағын құра бастаған 1917 жылғы оқиғаларға саяхат жасауға ұмтылатын әрі сол замандағы хаттар, естеліктер, күнделіктер және өзге құжаттар негізінде құрылған "1917. Тәуелсіз тарих" жобасы жайлы жазған.

Жоба авторлары тарихи кейіпкерлердің мұрағаттардан алынған 100 жыл бұрын дәл осы күні жарияланған "постарын" оқи отырып, сол заманғы халықтың барлық топтарының тыныс-тіршілігін көрсету арқылы оқырмандарды 1917 жылғы оқиғаларға жетелейді. "[Әлгі постарға] қазіргі көзқарас жұрттың өздері өмір сүріп жатқан тарихты қамтуға қауқарсыз екенін көрсетеді… Өзгеріс басталып келе жатқанын жұрттың көбі сезіп отыр әрі оның тезірек келгенін қалайды. Бірақ шын мәнінде не болып жатқанын, оның орасан зор ауқымын ешкім елестете алмайды" деп жазады Economist.

Бұға қоса, британдық журнал Октябрь революциясы 70 жыл бойы советтік мифологияның негізі ретінде қызмет атқарғанын жазады.

СОВЕТ ОДАҒЫНДА ХОЛОКОСТЫ ҰМЫТУ

Америкалық Wilson Center зерттеу орталығы сайтында жарияланған "Холокост [тарихын] ресейліктерден үйренбеңдер" деген мақалада Холокост трагедиясын Ресейдегі түсіндіру ерекшеліктері жайлы жазған: "Нацистер жаулап алған совет территорияларында үш миллионға жуық еврей - Холокост қырғыны құрбандарының жартысы қаза тапты. Бірақ [Совет одағы] нацизм әсіресе еврейлерге ерекше шүйліккенін жүйелі түрде жоққа шығарып келді. Холокосты мәңгі есте қалдыру немесе зерттеу үшін ештеңе істеген жоқ. Жаппай жазалау орындарының көбінде ескерткіштер де жоқ. Әлдебір ескерткіш орнатылған кей жерлерде "бейбіт совет адамдары" деген елеусіз жазу ғана бар".

Нацистер басып алған Бессарабияда еврейлерді концлагерьге әкетіп бара жатыр. 1941 жылдың шілдесі мен 1942 жылғы маусым аралығында түсірілген сурет.
Нацистер басып алған Бессарабияда еврейлерді концлагерьге әкетіп бара жатыр. 1941 жылдың шілдесі мен 1942 жылғы маусым аралығында түсірілген сурет.

Мақалада бұрынғы Совет одағы территориясындағы Холокост қырғыны ерекшеліктерін талдап, оның "айрықша шапшаң әрі қатігездікпен" жүргізілгенін атап жазған. "Еврейлерді опасыздықпен көрсетуге немесе оларды өлтіруге жергілікті халықты қорқытып-үркіту арқылы айдап салған нацистер еврейлердің жан сауғалайтын жері жоқ екенін білген. Олар қудалаған топтардың ішінде еврейлердің ғана өмір сүру құқығы мен мүмкіндігі болған жоқ". 1942 жылдың аяғына қарай нацистер оккупация кезінде қалып қойған үш миллион еврейдің 98 пайызға жуығын жергілікті коллаборационистердің көмегімен өлтірген. "Бұл қырғынның деңгейін нацистердің қудалауына ұшыраған өзге ешбір топпен салыстыруға келмейді. Оны тіпті еуропалық еврейлер арасындағы тірі қалу деңгейімен де салыстыруға келмейді" деп жазады Wilson Center.

Мақалада Совет үкіметінің "Холокост кезінде еврейлер ең көп азап шеккенін жасыру" шешімінің себебін жергілікті халықтың қолдауына ие болғысы келу және "ұзақ уақыт нацистердің үгіт-насихатына ұйыған оларды қайта біріктіріп, қайта иландыру" қажеттілігімен түсіндірген. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы советтік республикалардың көбі "өзінің ұлттық тарихын қайта жазып шықты, ал жүздеген ғасыр бойы еврейлер олармен бірге қоян-қолтық өмір сүргені жайлы фактіні керек қылмады" деп жазылған мақалада.

Wilson Center Совет одағын мысалға келтіре отырып, "әлдебір шұғыл саяси мақсаттарға жету үшін тарихи шындықты бұрмалау әрдайым ақыр соңында тым қымбатқа түседі. Ал оның зияны ауыр, зардабы ұзаққа созылуы мүмкін" деп жазған.

XS
SM
MD
LG