Украинада соғыс жүріп жатқанына бір жыл толғанда жарық көрген зерттеуге сәйкес, Ресей мен Қытай ақпараттық кеңістікте күш біріктіріп, Батыс елдерінің беделіне нұқсан келтіру стратегиясы аясында мемлекеттік ақпарат құралдарында бірдей мазмұндағы материалдар жариялауға көшкен.
Германиядағы Маршалл қоры жанындағы Демократияны қорғау альянсы бір жыл бойы жүргізген зерттеуінің қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргенде, Пекин бұл кикілжіңге байланысты бейтарап позиция ұстанғанымен, Қытайдың өкілетті тұлғалары мен ақпарат құралдары Кремльді барынша "ақтайтын" сөздер қолдана бастаған.
– Ресейлік позицияға басымдық берілген. Соғыс басталғалы Қытай Мәскеудің тезистерін қайталап, Ресей әскерінің соғыс қылмысын жасыруға тырысып, Кремльдің үніне көп құлақ түрген, – деді Демократияны қорғау альянсының сарапшысы, баяндама авторларының бірі Этьен Соула.
24 ақпанда жарияланған есепте қос мемлекет көзқарасындағы осындай ұқсастықтар ескеріліп, "Қытай Батысқа қарсы ғаламдық ықпал ету желісін пайдаланып, "Ғаламдық оңтүстік" елдері арасындағы байланысты дамытуда маңызды рөлге ие болып отыр" деген ой айтылған.
"Батыс демократиясы мен олардың одақтастарын әлсірету үшін, Қытай "Ғаламдық оңтүстік" елдерінің көмегімен қарсыластарын оқшаулауға тырысқан. Қытай "Украинаны қолдаған елдер екіжүзді, олардың қалған әлемде шаруасы жоқ" деген месседж таратқан" деп жазылған баяндамада.
СОҒЫСТЫҢ БІР ЖЫЛДЫҒЫ
Қытайдың мемлекет бақылауындағы ақпарат құралдары Ресей Украинаға басып кірді деп жазбайды. Олар соғысты "соғыс" деп атамай, Кремльдің үлгісімен "арнаулы әскери операция" деп көрсетеді. Қытай медиасы Ресейдің мемлекеттік арналарынан көрсетілген жалған ақпарат пен астыртын сөз байласу теорияларын жариялаған. Мысалы, "Украинада АҚШ-тың биологиялық қару жасайтын зертханасы бар", "Бучадағы қантөгіс Ресей әскерін қаралау үшін қолдан жасалған", "Владимир Зеленский америкалық миллиардер Джордж Соростың айтқанымен жүреді" деген аңыздар таратқан.
Ондаған жыл бойы Батысқа қарсы пропагандамен айналысып, соғыс басталмай тұрып, Мәскеу мен Пекин байланысын "шексіз әріптестік" деп атаған қытайлық мемлекеттік ақпарат құралдары ел ішінде және шетелде Кремльдің позициясын таратуға үлес қосқан.
Бұл қолдау әлеуметтік желіде де жалғасқан.
Зерттеу деректеріне сәйкес, 2022 жылғы 24 ақпан мен 2023 жылғы 23 қаңтар аралығында Қытай дипломаттары мен мемлекеттік ақпарат құралдары өз парақшаларында Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровты украиналық әріптесі Дмитрий Кулебаға қарағанда үш есе, Путинді Зеленскиймен салыстырғанда сегіз есе жиі атаған.
Қытайдың ақпарат құралдары Ресей нарративін қайталау арқылы АҚШ-тың сыртқы саясатына қатысты ескі сынды жаңғыртуға мүмкіндік алған.
Соғыстың бірінші жылында Қытай дипломаттары мен билікке жақын ақпарат құралдары Twitter-де "соғыс" тақырыбында Ресейден гөрі АҚШ туралы екі есе көп жазып, НАТО-ға ерекше көңіл бөлген. Соғысқа дейін қытайлық ақпарат шабуылдарында НАТО жиі атала бермейтін.
Демократияны қорғау альянсы жинаған деректерге сәйкес, 2021 жылы Қытайдың ақпарат құралдары 1200 туитте НАТО туралы жазып, одақтың кеңеюіне 52 жазба арнаған. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін "НАТО" және "одақтың кеңеюі" тіркестерінің қолданылуы 540 және 1700 пайыз артқан.
Соғыс басталғалы Тайвань тақырыбы да жиі көтеріліп жүр.
Қытайлық парақшалар Украина туралы туиттерінде Тайваньды 500 есе көп атаған. Пекин Тайваньды өз иелігіндегі провинция көреді және басқа мемлекеттерден Қытайдың территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігіне құрметпен қарап, Тайпеймен дербес мемлекет ретінде қарым-қатынас жүргізбеуді талап етеді.
"Қытайдың Ресейді қолдауы біржақты емес. Пекин үнемі өз мүддесін бәрінен жоғары қояды. Тайвань туралы сөз бола қалса, Украина мен Тайвань бір емес деп шығады. Осылай Ресейдің позициясын жоққа шығарғандай болады" дейді Соула.
"ҒАЛАМДЫҚ ОҢТҮСТІКТЕГІ" ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙ
АҚШ мемлекеттік департаменті ғаламдық ықпалдастық орталығының (шетелдік пропаганда мен жалған ақпаратты әшкерелеп, қарсы тұру үшін құрылған ұйым) жетекшісі Джеймс Рубин наурыздың басында Еуропаға сапары кезінде Батыс Қытайдың ақпарат саласындағы іс-қимылына баяу реакция білдіріп, Пекин мен Мәскеудің байланысын елемей отыр деп мәлімдеді.
"Біз Батыс елдері ретінде дұрыс реакция білдірмей отырмыз. Сондықтан осындай мәселеге тап болуымыз әбден заңды. Коммуникация саласында Қытай мен Ресейдің одақтастығы аяқталуға жақын" деді ол.
Кейінгі онжылдықта Қытай мен Ресей Африка, Латын Америкасы, Таяу Шығыс пен Азиядан жаңа аудитория тарту үшін көп қаржы жұмсаған. Рубин қос мемлекет ақпарат саласындағы қызметін кеңейту үшін миллиардтаған қаржы жұмсады деп топшылайды.
Қытай басқа елдерге ықпал етіп, Коммунистік партия туралы жарияланатын материалдарды бақылап, Пекиннің саясаты мен әлемдегі рөлі туралы хабар таратуға мемлекеттік ақпарат құралдарын пайдаланады.
Украинадағы соғыс кезінде "Ғаламдық оңтүстік" елдері Қытайдың позициясын көбірек қолдап отырғанға ұқсайды. Ақпанның аяғында Халықаралық қатынастар жөніндегі Еуропа кеңесі жүргізген сауалнама Батыс елдерінің көбі Украинаны қолдайтынын, ал "Ғаламдық оңтүстік" мемлекеттері соғыс жалғасқанын қаламайтынын, Мәскеуге жанашырлық танытып, Батыс көшбасшыларының мотивіне күмәнмен қарайтынын көрсетті.
Соуланың пікірінше, кей мәселелерге қатысты пікір қайшылығы болғанымен, Қытай мен Ресей байланысы одан әрі нығая береді.
– Ақпарат кеңістігі қол жетер жерде тұрған жеміс сияқты. Ресейді қолдағаны үшін ешкім Қытайға қарсы санкция салғалы жатқан жоқ. Бұл Ресейдің қолайына жағады, Қытайдың да мүддесіне сәйкес келеді. Өйткені Батыс елдері Африка сияқты өңірлердегі ықпалынан айырылады. Ал Қытай олардың орнын баса алады, – дейді Рубин.
ПІКІРЛЕР