Accessibility links

Гагаузия Кедендік одақ туралы референдум өткізбек


Сайлауда дауыс беріп жатқан Гагаузия тұрғыны. 12 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Сайлауда дауыс беріп жатқан Гагаузия тұрғыны. 12 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Еуропалық одаққа қосылуға мүдделі Молдованың автономиялық аймағы Гагаузия Ресейдің ықпалы жүретін Кеден одағына ену туралы сауалды референдумға шығарғалы отыр.

«РУМЫНИЯҒА ҚОСАДЫ ДЕП ҚОРҚАДЫ»

Көрші Украинадағы бүліктерге сағы сынбаған Молдова Еуропалық одақтың (ЕО) Шығыс серіктестік бағдарламасының жұлдызына айналды. Кишинев былтыр қарашада қауымдастық туралы келісім мен терең әрі жан-жақты Еркін сауда келісіміне қол қойған еді.

Бірақ Молдова тұрғындарының бәрі бірдей еуропалық интеграцияны қолдайды деуге келмейді. Еуроодаққа бірігу саясаты күш ала бастаған кезде Ресейге бүйрегі бұратын Приднестровье аймағы да бас көтере бастады. Жақында оның ресейлік заңды қабылдауы аймақтың Кеден Одағына өтуге көңілі кеткенін білдіреді дейді сарапшылар.

Ақпанның 2-і күні Молдованың оңтүстігіндегі автономиялық облысы Гагаузия референдум өткізіп, жергілікті тұрғындардан «Еуроодаққа қосылғанды қалайсыңдар ма, әлде Кеден одағына бірігейік пе?» деп сұрамақ.

Гагаузия басшысы Михаил Формузал. Кишинев, 29 қаңтар 2014 жыл.
Гагаузия басшысы Михаил Формузал. Кишинев, 29 қаңтар 2014 жыл.
Азаттықтың Молдова қызметіне сұхбат берген Гагаузия басшысы Михаил Формузал қай жаққа бүйрегі бұратынын жасырмады: «Кеден одағына қосылсақ алдағы он жылдықта көп ұтамыз деп ойлаймын. Экономикамыз жетіліп, тауарларымыз үшін сенімді нарық орнайтын еді. Осы уақыт ішінде қоғамымыз толық демократияланып үлгереді. Өкінішке қарай, қазір біз ғаламдық стандарттар мен демократиялық нормаларға сай емеспіз».

Гагаузия географиялық тұрғыда үзік-созық орналасқан, 155 мың тұрғыны бар аймақ. Онда мекендейтін этникалық түркілер орыс тілінде сөйлеп, православтық христиан дінін ұстанады. Жергілікті халықтың көбі «Кишинев Еуроодаққа кіреміз деп Молдованы көрші Румынияға қоспақ» деп күдіктенеді. Формузал гагауздардың негізгі қорқынышы осы екенін ескертеді.

– Қазіргі кезде Еуропада болып жатқан үдерістерді бақылап отырмыз, сондықтан көңілде күмән бар. Гагаузия тұрғындары Еуроодаққа бірігу процесі Румынияға қосылумен қатар жүреді деп қорқады, - дейді ол.

ЕУРООДАҚПЕН КЕЛІСІМ

Молдова билігі 2-ақпанда өткелі жатқан референдумның алдын алуға барынша тырысып бақты. Олар бұл шараны аймақтың өз алдына бөлек аумақ ретінде бөлінуі деп қабылдады. Гагаузия астанасы Комрат соты «автономиялық аймақ тек жергілікті мәселелерді шешу үшін референдум өткізе алады» деген Кишиневтің уәжін қабылдады.

Бірақ гагауз билігі сот шешіміне қарамастан, референдум өткізіп, «Молдова тәуелсіздігін жоғалтса немесе өзгеге бағынса, Гагаузияның тәуелсіздік алуға шамасы келе ме? Молдова ЕО таңдауы керек пе, әлде Кеден одағын ба?» деген сауалды дауысқа салмақшы.

Молдова премьер-министрі Юрие Лянкэ (сол жақта), ЕО сыртқы саясат жөніндегі комиссары Кэтрин Эштон (ортада) және ЕО сауда жөніндегі өкілі Карел де Гюхт (оң жақта) Молдова мен Еуропалық одақпен ассоциация келісіміне қол қою рәсімінде. Вильнюс, 29 қараша 2013 жыл.
Молдова премьер-министрі Юрие Лянкэ (сол жақта), ЕО сыртқы саясат жөніндегі комиссары Кэтрин Эштон (ортада) және ЕО сауда жөніндегі өкілі Карел де Гюхт (оң жақта) Молдова мен Еуропалық одақпен ассоциация келісіміне қол қою рәсімінде. Вильнюс, 29 қараша 2013 жыл.
Кишиневтегі шенеуніктер соңғы сәтте аймаққа жүгіріп, жіктелудің алдын алмақ болды. 22-қаңтар күні Комратта болған премьер-министр Юрие Лянкэ референдумда дауыс беретін адамдар толық ақпарат алған жоқ деді.

– Әрине, осы аймақта ғана емес, бүкіл елдегі халықтың пікірін білу қажет. Бірақ тұрғындар саналы таңдау жасауы үшін барлығынан хабардар етейік. Солайша келесі парламент сайлауы кезінде әркім өз пікірін айта алады, - деді Юрие Лянкэ.

2009 жылы Шығыс серіктестік құрылғаннан бері алғаш рет 23-қаңтарда Комратқа келген ЕО көршілестікті кеңейту жөніндегі комиссары Штефан Фюле жергілікті студенттермен кездесу өткізіп, ЕО қатысты күдікті сейілтуге тырысты.

Кейін өзінің Twitter парақшасына «Қауымдастық туралы келісім Молдова үшін ұлттық жоба, ол барлық аймақты, соның ішінде Гагаузияны қамтитынын айттым» деп жазды. Гагаузия шенеуніктері Еуроодақтың қоғамдық пікірі әрекеттеріне қарама-қайшы деген сын айтады. Қараша айында Шығыс серіктестік саммитінде қол қойылған құжаттар 14-21 қаңтарға дейін румын және орыс құжаттарында жарияланған жоқ.

«ГАГАУЗДАР МҮДДЕСІМЕН САНАСПАДЫ»

Гагауздық заң шығарушы Иван Бургуджи қол қойылған құжатқа қатысты үкіметтің түсінік беруін талап етеді.

– Олар келіп, бәрін түсіндірсін. Жабық есіктің ар жағында шешім қабылдамасын. Гагаузия ғана емес, тұтас Молдова халқы олардың қандай құжатқа қол қойғандарын білмейді. Ол бізге тиімді ме, тиімсіз құжаттар ма? – дейді ол.

Бургуджи Комраттағы шенеуніктердің бұрын Кишиневке қарайлағанын, бірақ олардан қолдау көрмегенін айтады.

Молдова картасындағы көк түспен көрсетілген – Гагаузия аймағы.
Молдова картасындағы көк түспен көрсетілген – Гагаузия аймағы.
– Олар баяғыда бізге келуі керек еді. Жергілікті парламент президенттен келуді өтінді, бірақ ол келмеді. Егер олар бізбен бұрыннан санасқанда, қазір жағдай басқаша болар еді, - дейді гагауздық депутат.

Кишиневтегі саяси талдау және кеңес беру институтының өкілі Ион Табарта еуропалық коалицияның гагауздармен санаспағанын мойындайды.

– Молдавадағы гагауздармен тіл табыса алмадық. Олардың өз мәселесі болды – Кишиневтегі ұлттық билік, парламент пен үкіметке наразы болды. Кишинев олардың мүддесіне немқұрайлы қарады. Сәл кешігіп қимылдадық, бірақ ісіміз ілгерілейді деп ойлаймын, - дейді сарапшы.

Кишиневтік саяси талдаушы Игорь Боцанның үміттен гөрі күдігі басым.

– Гагаузияның Приднестровье сияқты бөлінуге құқы жоқ, сондықтан бұны саяси шиеленіс деп қабылдау керек. ЕО Молдовамен қауымдастық туралы келісімге қол қоюды ойланып жатқанда, олар әдейі кедергі келтіріп, Ресейді қолдайтындарын білдірді, - дейді ол.

Ресей вице-премьері Дмитрий Рогозин осы айдың басында: «Молдова деп аталатын пойыз Еуропаға қарай жүйткіп барады, бірақ жолда бір-екі вагонын жоғалтып алуы мүмкін» деп тұспалдаған еді. Ол Приднестровье мен Гагаузияны меңзесе керек. Бір қызығы, Украинадағы гагауздар Еуроодаққа қосылуды мақұлдап, үкімет пен оппозицияны бейбіт келісімге келуге шақырып отыр.

Валентина Урсу мен Диана Раилеанудың мақаласын аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG