Accessibility links

Порошенконың көп жылғы серігі әрі саяси одақтасын қамауға алды


Олег Гладковскийдің Украинаның қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі хатшысының бірінші орынбасары болған кездегі суреті. 27 сәуір 2016 жыл.
Олег Гладковскийдің Украинаның қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі хатшысының бірінші орынбасары болған кездегі суреті. 27 сәуір 2016 жыл.

Украинада "билікті теріс пайдаланған" деген күдікке ілінген қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің бұрынғы лауазымды шенеунігі Олег Гладковский екі айға қамалды. Елдің бұрынғы президенті Петр Порошенконың көп жылдан бергі серігі өзіне тағылған айыпты теріске шығарады.

Украинаның жемқорлықпен күрес жөніндегі ұлттық бюросы (НАСС) елдің қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі хатшысының бұрынғы бірінші орынбасары 49 жастағы Олег Гладковскийді тергеу кезеңінде 60 тәулікке тұтқындау туралы шешім шығарды. "Қызмет бабын теріс пайдаланған" және "декларацияда дүние-мүлкі жайлы мәліметті бұрмалап көрсеткен" деген күдікке ілінген Гладковскийдің кепілге ақша қойып бостандыққа шығу құқығы бар деп хабарлады Азаттықтың Украин қызметі.

Украинаның бұрынғы президенті Петр Порошенконың көп жылдан бергі іскерлік әріптесі әрі саяси одақтасы Олег Гладковский өзіне тағылған айыптарды терістеп, сот шешімінің "саяси астары бар" деп мәлімдеген. Оның қорғаушыларының сөзінше, Гладковский үшін 424 мың доллар кепіл ақшаны қазанның 21-і күні енгізбекші. Тергеушілер болжамы бойынша, Гладковскийдің иелігіндегі "Богдан Моторс" компаниясының еншілес кәсіпорнынан елдің қорғаныс қажетіне көлік құралдарын артық бағамен сатып алудан мемлекетке осынша көлемде шығын келген. "Богдан Моторс" компаниясы жеңіл автокөліктер, автобустар, троллейбустар, сонымен бірге көлік тіркемелері, жедел жәрдем көлігі, фургондар мен түрлі автокрандар шығарады.

Сот тергеудегі Гладковскийді кепілге қойылған ақшаға бостандыққа шығаратын болса, ол электронды білезік тағып жүруді және өзінің жүріс-тұрысы мен тұрғылықты жері туралы тергеу орындарын хабардар етіп отыруды міндеттеп, Киев облысынан тысқары шығуына тыйым салады деп хабарлайды Азаттықтың Украин қызметі.

Олег Гладковскийге табысы туралы декларациясында 2016-2018 жылдар аралығында әйелінің лизингтен алған 164 мың доллардан астам кірісін көрсетпеген деген айып та тағылды.

Украинаның жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросының тергеушілері Олег Гладковскийді қазанның 17-і күні Киевтің Борисполь әуежайында ұстаған. Келесі күні оған ресми түрде айып тағылған. Егер сот Гладковскийді айыпты деп таныса, ол бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Гладковскийдің адвокаты Руслан Волынец Киевтің Шевченко аудандық сотына қорғауындағы азаматтың заңсыз ұсталғанын айтып қарсы шағым түсірген. "Интерфакс" агенттігіне берген сұхбатында Волынец Гладковскийдің тергеушілердің сұрақтарына жауап беріп, сұратқан ақпаратты ұсынғанын, оны шақырған кезде тергеу орындарына уақытында барғанын және мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін 10 рет шетелге шығып, Украинаға қайтып оралғанын айтқан.

Украинада қорғаныс қажетіне мемлекеттік сатып алу кезінде ірі көлемде ақша жымқыруға ықтимал күдікті ретінде Олег Гладковскийдің аты-жөні аталған жайлы жарияланған журналистік зерттеулерден кейін, 2019 жылғы наурызда сол кездегі ел президенті Петр Порошенко лауазымды шенеунікті қызметтен босатқан.

Украина президенті сайлауына бір ай қалған кезде өршіген дау-дамай Порошенконың сайлау кампаниясына да кесірін тигізген. Сайлаудың бірінші кезеңінде бұған дейін халыққа "Слуга народа" ("Халық қызметшісі") телесериалы арқылы танылған 41 жастағы шоумен Владимир Зеленский мен 2014 жылдан бері президент қызметін атқарып келген Петр Порошенко өзге бәсекелестерден озған. Сәуірде өткен екінші кезеңнің ресми қорытындысына сай, сайлаушылардың 73 пайыздан астамы қолдаған Зеленский Украина президенті болып сайланды.

Шілде айында өткен парламент сайлауында Зеленскийді қолдайтын "Слуга народа" партиясы, саяси науқанға алғаш рет қатысқандығына қарамастан, Жоғарғы радада көпшілік орынды иеленді. Осылайша бұл партия Украина тарихында алғаш рет үкіметті өзге саяси күштермен коалиция құрмай-ақ бір өзі қалыптастырған саяси ұйымға айналды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG