Accessibility links

Шығыс Украинадан заңсыз қару тарап жатыр


Украина қауіпсіздік қызметі Польшамен шекарада ұстаған француз азаматынан табылған заңсыз қару-жарақ. (Видеодан скриншот.)
Украина қауіпсіздік қызметі Польшамен шекарада ұстаған француз азаматынан табылған заңсыз қару-жарақ. (Видеодан скриншот.)

Украинадан қару-жарақ әкеле жатқан француз экстремисінің ұсталуы соғыс ошағына айналған Донбастағы қару шетелдегі террористердің қолына өтіп кетпей ме деген қауіпті күшейтті.

Соғыс отына оранып, заңсыздық жайлаған Шығыс Украина енді заңсыз қару-жарақтың ірі нарығына айналып барады. Қақтығыс аймағынан келіп жатқан қарулар Украинадағы қара базарларда саудаланып, елде қылмысты өршітіп жіберді дейді басшылар.

– Шығыс Украинадағы қару базарын жұрттың бәрі біледі, мұның еш құпиясы жоқ, - деді Украинаның шығысында соғысып қайтқан ерікті Мирослав Гай Азаттықтың Украин қызметі тілшісімен әңгімеде.

Оның айтуынша, шығыста қару мен оқ-дәрінің сан алуан түрі сатылып жатыр, кейбірін тіпті екі-үш шөлмек араққа айырбастап алуға болады. Осыған дейін бұл қару-жарақ Украинаның өз ішінде ғана таралып келген, бірақ соңғы кездері олардың шекарадан тысқа шығарылып жатқаны белгілі бола бастады.

ҚАРУ ТАРАЛУ ҚАУПІ ҰЛҒАЙДЫ

Бельгия мен Францияда былтыр болған экстремистер шабуылдарынан әлі де үрейленіп отырған Еуропа Украинадағы заңсыз қару-жарақ Батыс Еуропаға да жете ме қауіп етеді. Оған себеп – осы айдың басында Украина қауіпсіздік қызметі өз елінде қантөгіс ұйымдастыру мақсатында көп қару әкетіп бара жатқан франциялық экстремисті қолға түсіргендерін хабарлаған.

Украина қауіпсіздік қызметі заңсыз қару-жарақпен шекарада қолға түсірген француз азаматын ұстап тұр. (Видеодан скриншот.)
Украина қауіпсіздік қызметі заңсыз қару-жарақпен шекарада қолға түсірген француз азаматын ұстап тұр. (Видеодан скриншот.)

21 мамырда Украина мен Польшаның шекарасында тұтқындалған 25 жастағы Грегуар Мутоның көлігінен 125 килограмм жарылғыш зат, бес Kалашников автоматы, танкіге қарсы екі граната, 5 мың орам оқ, 100 детонатор табылған. Украина құқық органдарының хабарлауынша, әсіреұлтшыл радикал француз өз елінде оннан астам жарылыс ұйымдастырмақ болған. Француз ақпарат құралдарының мәліметтеріне қарағанда, бұрын қылмыс жасамаған Муто Украинаға «ерікті» есебінде кіріп, содан соң Шығыс Украинадағы әскери жасақтармен байланыс орнатқан.

Сарапшылардың айтуынша, 1990-жылдардағы Балқан соғысы кезіндегідей Украинадағы қақтығыста пайдаланылған қарулар бүкіл Еуропа аумағына тарап кетуі мүмкін.

– Мұндағы негізгі айырмашылық – жеңіл қарудың, танкіге және жаяу әскерге қарсы қарулардың көптігі. Меніңше, бұл Еуроодаққа мүлде басқа масштабта қауіп төндіреді, - дейді «Қаруды зерттеу қызметі» (ARES) орталығының директоры Ник Джензен-Джонс.

Оның айтуынша, шығыс Украинада тіркелген қарулар бұрыннан сол аймаққа әкелінген я үкіметтің әскери қоймаларына шабуыл жасағанда ұрланған, немесе майдан даласында қолға түскен.

Киев пен Батыс мемлекеттері бұған сепаратистерді қару-жарақ беріп қолдап отырған Ресей кінәлі деп санайды.

ҚАРА БАЗАРДА АРЗАН ҚАРУ КӨБЕЙГЕН

Украина ақпарат құралдарының жазуынша, 2014 жылғы сәуірде қақтығыс басталғалы бері мұнда 500 мыңға жуық атыс қаруы – мылтық, пулемет, тапанша сияқты қару түрлері контрабандалық жолмен келген. Соғыс кесірінен 9300-ге тарта адам қаза болып, ондаған мың адам қоныстарын тастап босып кеткен.

Сол қарудың көбі қара базарда сатылады дейді үкімет өкілдері. Тым арзанға сатылып жатқан қару Украинада қылмыстың артуына да себеп болып отыр. 2015 жылғы шілдеде жарық көрген есеп бойынша, шығыста қақтығыс басталғалы бері елде қару қоланып қылмыс жасайтындар көбейген.

Украинаның Луганск облысында үкімет әскері қолға түсірген қару-жарақ. 11 қазан 2015 жыл. (Украина қауіпсіздік қызметінің суреті.)
Украинаның Луганск облысында үкімет әскері қолға түсірген қару-жарақ. 11 қазан 2015 жыл. (Украина қауіпсіздік қызметінің суреті.)

Онсыз да жемқорлық жайлаған әрі шығыстағы кикілжіңмен басы қатып отырған украин үкіметі бұл мәселені шешуге қауқарсыз дейді Нью-Йорк университетіндегі халықаралық қатынастар профессоры Марк Галеотти.

– Украина үкіметі жемқорлық пен контрабанданы шектейтін жаңа заңдар қабылдап жатқанымен, әзірге елдің порттары, әуежайлары мен шекарасы дұрыс бақыланып отырған жоқ. Бұл ел есірткі мен қарудан бастап адамды және заңсыз заттарды тасымалдайтын орталыққа айналған. Мұны ауыздықтау оңай емес, - дейді Галеотти.

Тіпті соғыс басталмай тұрып-ақ Украина жаһандық қару саудасының ошағына айналған. Вашингтондағы заманауи қорғаныс мәселелері орталығының 2013 жылғы қыркүйекте шыққан есебіне қарасақ, жеке адамдар мен компаниялар Қара теңіздегі Одесса портынан әлемдік қара базарға сол кезде-ақ қару-жарақ жөнелтіп отырған.

Ақпарат құралдарының жазуынша, Шығыс Украинадан тысқа, әсіресе көршілес Беларусь пен Польшаға заңсыз қару шығарғысы келетіндердің қарасы артқан.

Биыл қаңтарда Польша шекара қызметі Украинада беймаза кезең басталған 18 айдың ішінде контрабандашылардан 53 қару тәркілегенін айтты. Ал 2013 жылы сол шекарадан үш қана қару табылған.

Польша шекара қызметі баспасөз хатшысының IBTimes UK-ге берген мәліметі бойынша, поляктар Украинамен шекарадағы күзетті күшейтіп, 11 бақылау мұнарасын тұрғызған.

Украинадан Беларусқа қару алып өткісі келетіндер де көбейген. Беларусь мемлекеттік шекара комитетінің төрағасы Леонид Мальцевтің былтырғы желтоқсанда берген мәліметіне сүйенсек, 2015 жылы украин-беларусь шекарасында 53 қару мен 500 орам оқ тәркіленген.

Биыл жағдай тіпті ушыға түсетін түрі бар. 5 сәуірде Беларусь ішкі істер министрі Игорь Шуневич көрші елден қару тасымалына тосқауыл қоятын «арнайы операция» ұйымдастыратындарын айтты. Оның сөзінше, полиция жыл басынан бері 20 шағын қаруды тапқан.

– Өкінішке қарай, қару көп келіп жатыр. Біз Украинадан қару тасымалдайтын түрлі жолдарды білеміз, - деді Шуневич.

«КЕРІ ҚАЙТҚАН» ҚАРУ

Шығыс Украинаға жасақ пен қару жеткізіп отыр деп айыпталған Ресейдің өзіне сепаратистер бақылауындағы аймақтан қару ағыла бастаған.

2015 жылғы мамырда Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі Украинаның сепаратистер бақылауындағы Луганск және Донецк аймақтарымен шекараның 100 километр жеріне ор қазып, 40 километріне дуал тұрғызғанын хабарлады. Ресей мұны «Ростов облысындағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, заңсыз қару тасымалына тосқауыл қою үшін» жасаған.

Ресейдің Украина шекарасына жақын әскери полигонындағы лагерь. Ростов облысы, Ресей, 23 мамыр 2015 жыл.
Ресейдің Украина шекарасына жақын әскери полигонындағы лагерь. Ростов облысы, Ресей, 23 мамыр 2015 жыл.

Ресей шекара қызметінің «Российская газета» басылымына берген мәліметтері бойынша, биылдың өзінде заңсыз қару кіргізбек болған 60 әрекет әшкереленіп, 130 адам тұтқындалған және 30 мина, 40 атыс қаруы, 100 артиллерия снаряды және 200 граната тәркіленген.

Ресей Шығыс Украинадағы кикілжіңді өршіткен сайын заңсыз келетін қару саны арта түседі дейді Вашингтондағы Атлантикалық кеңестің сарапшысы Джон Хербст. Оның айтуынша, Шығыс Украинадағы ахуал бір кездері заңсыз сауданың ордасына айналған Приднестровье аймағынан да нашар. Молдовадан іс жүзінде бөлек өмір сүріп жатқан бұл аймақ Мәскеудің қолдауына сүйенеді.

– Қазір Приднестровьедегі жағдай Шығыс Украинадағы, Донбастағыдан әлдеқайда жақсы, себебі Приднестровьеде конфликт тоқтап тұр, ал Шығыс Украинада Ресей әлі күнге Украинаға қарсы қарқыны төмен соғыс жүргізіп жатыр, - деді Джон Хербст.

(Тони Веселовскийдің материалы ағылшын тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG