Accessibility links

Ең дәулетті меценат грузин Саакашвилиді жеңем деп жүріп сергелдеңге тап болды


Бидзина Иванишвили, грузин миллиардер, парламент сайлауына қатысуға үміт білдірген қоғамдық қайраткер. Тбилиси, 1 қараша 2011 жыл
Бидзина Иванишвили, грузин миллиардер, парламент сайлауына қатысуға үміт білдірген қоғамдық қайраткер. Тбилиси, 1 қараша 2011 жыл

Грузияның келесі жылғы парламент сайлауының сценариін тосыннан пайда болған миллиардер қайта жазып шығуға ұмтылып отыр. Ресейде байыған Бидзина Иванишвили Михаил Саакашвилидің партиясынан билікті осы сайлауда жеңіп аламын деп мәлімдеді.


Біраз уақыттан бері Грузияның 2012 жылғы парламент сайлауы айтыс-тартыссыз, тыныш өтетіндей болып көрінген. Президент Саакашвилидің жан-жақты нығайып алған Біртұтас ұлттық қозғалыс партяисы бөлшектеніп, әбден әлсіреп біткен оппозицияны күйретіп, жеңіске қарай қарыштай басып келе жатқан. Енді, міне, аяқ-астынан миллиардер Бидзина Иванишвили пайда бола қалды.

БАСТАПҚЫ АРЫН

- Бұл жолғы сайлау мүлде басқаша болады. Саакашвили мен оның мүдделестері бұрынғыдай жеңіп шығамыз деп дәмеленбесін. Меніңше, бүгінгі шындық мынадай, керек десең президенттің туған анасы да Саакашвилиге дауыс бере алмайды. Мен Саакашвилидің қатігездігі грузин халқына ғана емес, керек десең оның өз төңірегіне де кері әсер еткенінен хабардармын. Саакашвилидің дауыс беру нәтижесін бұрмалауға негіз болатындай дауыс жинауға да шамасы келмей қалады, - деп сөйлейді ол.
Бидзина Иванишвили, грузин меценаты һәм саясаткері. Тбилиси, 7 қараша 2011 жыл
Бидзина Иванишвили, грузин меценаты һәм саясаткері. Тбилиси, 7 қараша 2011 жыл

Жұрт көзінен таса өмір сүріп келген 55 жасар қаржыгер өткен айда өзінің саясатқа араласатынын жариялау үшін Чорвила ауылынан аяқ астынан мәлімдеме жасады. Арада бірнеше апта өтпей жатып, ол «Грузин арманы» деген қозғалысты құрып үлгерді. Өзінің айтысынша келе жатқан сайлауда оның жеңіске жететіні анық.

Азаттық радиосының Грузин қызметіне Иванишвили былай деді: «Саяси майданға кіру туралы шешімді қабылдау маған оңай тиген жоқ. Мені мұндай қадамға баруға елдің аянышты жағдайы мәжбүрледі».

СЫР БЕРУ

Бірақ, бірнеше аптадан соң оның өз кампаниясы басталмай жатып сыр берді. Иванишвилидің жеке позициясы да шайқала бастағандай. Қарашаның басындағы баспасөз мәслихатында Иванишвили мен оның көмекшілері жан-жақтан нөсердей жауған журналистер сұрағының астында қалып, бейберекет жағдайды реттей алмай дағдарды.

Президент Саакашвили миллиардер Иванишвилдің атын атап, түсін түстемесе де, жаңадан пайда болған сайлау кампаниясы мен Иванишвилдің жеке басы Саакашвили мен оның жақтастарының тарапынан тегеурінді шабуылдарға ұшырады.
Иванишвили сұрақтың астында қалған әйгілі баспасөз мәслихаты. Тбилиси, 1 қараша 2011 жыл
Иванишвили сұрақтың астында қалған әйгілі баспасөз мәслихаты. Тбилиси, 1 қараша 2011 жыл

Ол өзінің әлі Ресей мен Францияның азаматтығынан бас тартпағанын ашық жариялаған кезде Саакашвилидің үкіметі одан Грузияның азаматтығын алып қойды. Иванишвили Саакашвилидің осы бұйрығын қайтадан қаратып жатыр. Егер бұйрық күшінде қалатын болса, Иванишвилидің кандидатурасын ұсынуға немесе қандай да бір саяси қозғалысты басқаруға, я оны қаржыландыруға құқығы жоқ.

Бұған қоса полиция оған қарасты Карту банкінің бір бөлімшесіне тексеру жүргізіп, сыртқа заңсыз ақша шығартқан деп айып тақты. Иванишвили мемлекеттік БАҚ журналистерін «менің баспасөз мәслихатымдағы сөйлеген сөздерімді бұрмалап, бұзып көрсетуге тырысып жатыр» деп айыптады.

РЕСЕЙ ФАКТОРЫ

Біртұтас ұлттық қозғалыстың заңгері Георгий Габашвили сияқты Саакашвилидің жақтастары Иванишвили Мәскеудің ойнатып отырған қуыршағы деген идеяны елге тарату үшін мемлекеттік телевизияны пайдаланып отыр.

- Ресейде бірнеше миллиард доллар капиталдың басын құрап игеру ол адамның Кремльмен тығыз қарым-қатынас жасамауына қоймайды. Сосын әлбетте, бұл байланыс саясатқа ауысқанда негізгі қозғаушы факторға айналып шыға келеді. Ресейде миллиардтары бар біреудің Грузияның саяси өмірінде кенеттен белсенді боп шыға келуін көріп отырып, ол факторды байқамай қалатындай елдің бәрі ақымақ емес, - деп ескертті Габашвили.
Миллиардер Иванишвилидің Тбилисидегі резиденциясы. 3 наурыз 2007 жыл
Миллиардер Иванишвилидің Тбилисидегі резиденциясы. 3 наурыз 2007 жыл

Иванишвили болса өзінің Ресейдегі капитал қорларын сатуға ниетті екенін мәлімдеді.

Билеуші партияның тарапынан жасалған мұндай жойқын соққылар керісінше белгісіз миллиардердің қоғамда зор қолдауға ие болуына әкеп соқты. Мысалы, бар болғаны бір-ақ аптаның ішінде бес мыңға жуық азамат Карту банктен есепшот ашып, Иванишвилиді қолдайтындарын білдірген.

Грузия билігі сақтанатындай жақсы сылтау да бар - Иванишвили расында да қатардағы жай миллиардер емес. Грузияның ең бай адамын «Форбс» журналы 5.5 миллиард АҚШ долларына тең дәулеті бар деп сипаттаған. Иванишвили бүгінге шейін елдің назарынан қашып, көпшіліктен жырақ жүрген. Ол ен байлығын 1990 жылдары Ресейде табады, бірақ 10 жылдан соң Грузияға қайта оралып, Тбилисиден 150 шақырым жердегі туған ауылы Чорвилаға қоныс тебеді.

МЕЦЕНАТТЫҢ МІНЕЗІ

Ол саясаткерге айналмай тұрып бұған дейін бір-ақ мәрте 2005 жылы Ресейдің «Ведомости» журналына көлемді сұқбат берген. Онда ол өзінің көпшіліктен қашық жүретін мінезін былайша түсіндірген: «Мен шындығында елдің көз алдында жүретін адам емеспін. Менің бар мінезім – сол. Журналистермен кездескенді немесе көпшілік шараларға араласып, тойларға барғанды ұнатпаймын. Ондай шараларға барған соң бетіңе маска киіп алуға тура келеді. Ресмилікті жек көрем. Материалистпін және өлген соң өмір барына сенбеймін. Адам өмірі қысқа болғандықтан өзімнің еркімді шектегім келмейді. Шынымен де елдің ортасында көзге түсіп жүргенді жаратпаймын. Мейрамдарды да ұнатпаймын, тіпті өмірімде туған күнімді тойлаған адам емеспін».

Бірақ, ол бірнеше жылдан бері қол қусырып қарап жатқан жоқ. Иванишвили грузин мәдениетіне көмек көрсетуді мақсат тұтқан үлкен жобаларға миллиондаған доллар жұмсап үлгерген қайырымдылық қорын құрды. Ол елдегі ескі театрлар мен шіреулерді қалпына келтіріп, Грузияның бірқатар академиктері мен мәдени қайраткерлеріне зейнетақы төлеп отыр.
Одан көл-көсір көмек алғандардың ешқайсысы миллиардермен жүзбе-жүз кездеспегенін айтқан. Иванишвили қаржыландырған барлық жобада оның аты мүлде аталмайды.

Былтырғы «Проспект» журналында Иванишвилидің бет-бейнесі туралы сөз болғанда одан көл-көсір көмек алғандардың ешқайсысы миллиардермен жүзбе-жүз кездеспегенін айтқан. Иванишвили қаржыландырған барлық жобада оның аты мүлде аталмайды.

Оның, әсіресе, Чорвилаға деген жомарттығы ерекше байқалады. Қоғамдық ғимараттар мен жеке үйлерді қайта тұрғызып, жергілікті халықты тегін емдейтін аурухана да салып берген. Ол дәрігерлер мен мұғалімдерге ай сайын қосымша жалақы төлеп отыр. 2009 жылға дейін ол 60 мың тұрғынның коммуналдық төлемақысын төлеп берген. «Проспект» журналының жазуынша қалада үйлену тойын жасайтын немесе кісісі қайтқан үйлерге 2 мың доллардан жәрдем ақша берген. Солай бола тұрса да, сыншылар оны адамдарды арамтамақтыққа үйретіп, бастамашыл болудан тартындырып жатыр деп айыптайды.

САЯСИ ОДАҚТАСТАР МЕН ҚАРСЫЛАСТАР

Саяси майданға араласқалы Иванишвили бар мақсаты еркін нарық пен демократияны дамытуға жол ашатын жүйелі реформаны Грузияда қолдану екенін, оған президенттіктің қажеті жоқ екенін, бар болғаны реформа жасауға аса қажетті билік тетігін ек-үш жыл басқаруға ғана ұмтылып отырғанын, сосын бұрынғы қайырымдылық жұмыстарына қайта оралатынын айтып келеді.

Иванишвилидің өзі қуатты саяси одақтасым деп атаған «Біздің Грузия - Еркін Демократия» оппозициялық партиясының жетекшісі Ираклий Аласания Иванишвилдің саяси сахнаға шығуын қуана қолдады.

- Грузия қоғамы біраз уақыттан бері мұндай пікірталас пен мен кандидаттың сөздерін естімеген еді. Меніңше бүгін Иванишвили жалпақ жұртқа мұндай шешімге не үшін келгенін, және неліктен саясатқа бой ұрғанын, және одақтастарымен бірге оның басты мақсаты не екендігін анық, әрі шынайы түрде айтып берді. Біз елдегі саясат пен бизнесте шынайы бәсекелестіктің тууын қалаймыз. Грузия қоғамы, меніңше, бұл жайттарды анық көріп, біліп отыр, - деді Аласания.
Ираклий Аласания, грузин саясаткері. Тбилиси, 30 маусым 2011 жыл
Ираклий Аласания, грузин саясаткері. Тбилиси, 30 маусым 2011 жыл

Басқа бақылаушылар бұлай ойламайды. Билікті қолдайтын Христиан-демократтардың номиналды оппозициялық партиясының парламенттегі депутаты Леван Вепхвадзе Иванишвилидің баспасөздегі сөздерінен керісінше әсер алған.

- Біз тіс қаққан тәжірибелі саясаткермен кездескендей әсер алдық деп айта алмас едім. Алғаш рет бастаған адам үшін саясат бизнестен мүлдем бөлек. Қала берді оның ұйымдастыру жұмыстары да өте баяу. Кеше маған бірталай кісі «Мына бизнесмен расында да миллиондар тапса тапқан шығар, бірақ ол баспасөз мәслихатының өзін ұйымдастыра алмай жатқан жоқ па?» деп телефон соқты. Олай болса ондай адам бүкіл елді қалай басқарайын деп жүр? Қоғамның бір бөлігінде туған көзқарас осындай, - деді Вепхвадзе.

ИВАНИШВИЛИДІҢ САЯСИ БАҒДАРЛАМАСЫ

Иванишвилидің ұстанған позициясы өте баяу, әрі үзік-үзік күйде сұлбаланып келеді. Ол Грузияның Еуропаға жақындауын қоштайды, бірақ Ресеймен де қатынасты жақсарту қажет деп есептейді. Солай дей тұра Грузияға НАТО-ға ақырындап мүшелікке өтуден басқа жол жоқ дейді.
Алайда оның ерекше назар аударта айтқаны жүйелі түрде жүргізілетін реформалар.

- Біз шынымен де тәуелсіз сот билігін құру жұмыстарын бастауға міндеттіміз. БАҚ азат болуы тиіс. Біз инвесторлар қызығып тартылатындай орта құруымыз керек. Жұмыспен қамтамасыз етуді тұрақты түрде бақылауда ұстау - біздің саясаттың негізгі мақсаты болуы керек, - дейді Иванишвили.

Оның кейбір жазбаша берген жауаптары Иванишвили кез-келген проблеманы оңды-солды ақша шашу арқылы шешетіндей әсер қалдырады. Мысалы, өзі Саакашвилидің бақылауында деп санайтын екі телеарнаны сатып алып, шығармашылық топтары редакциялық жағынан тәуелсіздік болады деп мәлімдеді. Егер өзінің сайлау кампаниясына қосылса, мемлекеттік БАҚ-та жұмыс істейтін кез-келген журналистке жұмыс тауып берем деп уәде қылды.
Пикрия Чихрадзе, грузин саясаткері. Тбилиси, 8 сәуір 2009 жыл
Пикрия Чихрадзе, грузин саясаткері. Тбилиси, 8 сәуір 2009 жыл

Азаматтығы әлі шешілмей тұрған Иванишвилидің арызы ескерусіз қалатын болса оның алдағы сайлау кампаниясында қандай рөл ойнайтыны белгісіз. Иванишвили ондай жағдайға қатысты ойластырып қойған жоспары бар екенін айтады. Жаңа оңшылдар оппозициялық партиясының жетекшісі Пикрия Чихрадзе Иванишвилидің тәжірибесіздігіне қатты алаңдайды.

- БАҚ-пен қарым-қатынас бойынша саяси тәжірибенің болуы бөлек жайт. Бірақ, адам мұншалықты үлкен амбициясын паш еткенде нақты проблемалар бойынша оның позициясы әбден пісіп, жетілген болуы керек. Ол мен бәрін біле бермеймін, көптеген нәрселерді әлі де оқып үйренуім керек дегенде маған осынысы қатты ұнайды. Ал әңгіме түбегейлі мәселелерге келіп тірелгенде, ол бұл проблемаларды да кейінгі кезеңдерде көре жатамыз, сосын артынан мамандармен ақылдасып көреміз дей салады. Маған осынысы ұнамайды. Оның анық білетін жалғыз нәрсесі – парламентте өзінің көпшілік дауысқа ие болғысы келетіні сияқты көрінеді. Қалған барлық мәселе артынан шешіле жататын сияқты, - дейді Чихрадзе.

Азаттық радиосының Грузин қызметіне берген жауабында Иванишвили саясат туралы әлі де көп нәрсені оқып-үйрену керектігін мойындады. «Маған расында да шынайы сын-ескертпелер естіп тұру қажет, сонда ғана болашақта қателіктерге ұрынбаймын» деді ол.
XS
SM
MD
LG