Accessibility links

Ресей саясаткерлерінің "қоқан-лоқысы", Тоқаевты сынамаған Батыс және Қытайға туған "мүмкіндік"


Қазақстан астанасындағы Бәйтерек монументі.
Қазақстан астанасындағы Бәйтерек монументі.

Қазақстан Ресеймен қарым-қатынасына қатер төндіргісі келмейді, алайда екі ел арасы не болары Украинадағы соғыстың нәтижесіне байланысты. Орталық Азиядағы геосаясат, қорғаныс және сауда мәселелерін зерттеуші, Вашингтондағы Second Floor Strategies консалтинг компаниясының президенті Уайлдер Алехандро Санчес осылай дейді. Астана расында да Ресейден алшақтап жатыр ма, әлде бұл Батыстың өз қалауын бардай етіп көрсету әрекеті ме? Ресей соғыспен жүргенде Қытай аймақта күшейіп келе ме? Батыс елдері кемі 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасынан кейін "ескертусіз оқ атуға" бұйрық берген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты неліктен қатты сынамады? Азаттық сарапшымен 2022 жылы сыртқы саясатта болған негізгі оқиғаларды талқылады.

РЕСЕЙ ЕЛШІСІНІҢ ДАУЛЫ МӘЛІМДЕМЕСІ, ҚАЗАҚСТАН ҮНСІЗДІГІ ЖӘНЕ ПУТИННІҢ "БАСҚЫНШЫЛ СЫРТҚЫ САЯСАТЫ"

Азаттық: Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин елдегі ұлттық тенденциялар туралы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Қазақстан билігі "ұлтшылдыққа тойтарыс беретін шара қолдана алады, өтініш айтса, Ресей көмектеседі". Бұл мәлімдеме туралы пікіріңіз қандай?

Уайлдер Алехандро Санчес — Вашингтондағы Second Floor Strategies консалтинг фирмасы президенті.
Уайлдер Алехандро Санчес — Вашингтондағы Second Floor Strategies консалтинг фирмасы президенті.

Уайлдер Алехандро Санчес: Өкінішке қарай, Қазақстанға қарата мұндай қорқытып-үркітетін мәлімдемелерді бұған дейін Ресейдің жоғары лауазымды шенеуніктері көп айтқан. Мысалы, Ресей экс-президенті Дмитрий Медведев Қазақстанды "жасанды мемлекет" деп атап, елді "орыстарға қарсы геноцид жасап жатыр" деп айыптады. Ол бұл жазбаны ВКонтакте желісінде тамыз айында жариялады, артынша жазбаны жойып, аккаунтын әлдебіреулер бұзып кіргенін хабарлады. Бірақ жазба оның 2 миллион оқырманы арасында тарап кетті.

Өкінішке қарай, мұндай қоқан-лоқы мәлімдемелер тек Қазақстанға қарата айтылып жүрген жоқ. Наурыз айында Ресей арнасындағы бағдарламалардың бірінде мемлекеттік дума төрағасының экономикалық саясат жөніндегі орынбасары Михаил Делягин Әзербайжанды "Ресейге қауіп төндіретін АҚШ-тың саттеллиті, Түркияның қолшоқпары" деп атады. Ол тіпті Бакудің Қарабақтағы іс-әрекеті үшін Ресей Әзербайжанға қарсы ядролық қару қолдану мүмкіндігін қарастыруы керек деді. Оны былай қойғанда, Telegram-арнасында Ресей Әзербайжанның мұнай өнеркәсібіне ядролық қару қолданып, оны жоюы керек пе деген сауалнама жүргізді. Кремль сол жолы да бұл ресми биліктің ұстанымын білдірмейді деді. Делягин артынша кешірім сұрап, шын мәнінде мұны меңземегенін, өзін жұрт дұрыс түсінбей қалғанын айтты. Бірақ бәрібір мәлімдеме кесірін тигізгені анық.

Меніңше, Бородавкиннің де, Делягиннің де мәлімдемелері Мәскеудің көзқарасы мен пікіріне сай келеді. Кей мәлімдеме тіпті шектен шығатын болуы мүмкін, сондықтан Әзербайжанды ядролық қарумен қорқытқан Делягин сияқтылардың мәлімдемелерін Кремьдің жуып-шаюына тура келеді. Алайда бұл мәлімдемелер Украинадағы соғыстан кейін Ресей үкіметі агрессияшыл сыртқы саясат жүргізіп жатқандықтан айтылып отыр. Бұл – "бізді толық қолдайсың, олай болмаған жағдайда бізге қауіп төндіресің" деген саясат.

Кейінгі 14 жыл ішінде Ресей өзінің екі көршісі – Грузия мен Украинаға шабуыл жасады. Меніңше, Ресей үкіметі аймақтағы ықпалын арттырып, төңіректегі мемлекеттерді кезіндегі Совет одағы немесе Варшава шартына қол қойған елдер тәрізді өз ықпалында ұстағысы келеді. Егер бұл елдер Мәскеудің айтқанына өз еркімен көнбесе, онда Ресей ядролық қару қолдана алады немесе басқыншылық әрекет жасай алады.

Украинаға басып кіргелі Ресейдің танымал блогерлері, жоғары лауазымды тұлғалары, депутаттары, елшілері "біз Беларусь, Қазақстан, Әзербайжан немесе Молдованы аннексиялап алуымыз керек" дегенді көп айтты. Меніңше, бұл − Ресей үкіметінің көзқарасы. Бұл қаншалық кең тарағанын білмеймін. Бір анығы, мұның барлығы Путиннің агрессияшыл сыртқы саясатынан бастау алады.

Азаттық: Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Петр Врублевский елдегі блогерлердің біріне берген сұхбатында Украина күштері "орыстарды қаншалық көп өлтірсе, балаларымыз кейін соншалық азырақ өледі" дегенді айтқан соң оны сыртқы істер министрлігі консультацияға шақырып, қарсылық нотасын тапсырған. Кейін Украина президенті Владимир Зеленский оны қызметінен босатты. Қазақстан билігі Бородавкиннің мәлімдемесіне ешқандай реакция білдірмеді. Неге?

Уайлдер Алехандро Санчес: Қазақстан мен Ресей тығыз қарым-қатынас ұстанады, Астана оған қатер төндіргісі келмейді. Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда 2021 жылы 24-25 миллиард долларға жеткен, бұл Ресей инвестиция құйып жатқан Қытайдан да ірі сауда серіктесі деген сөз. АҚШ пен Қазақстанның сауда айналымын салыстырсақ, 2021 жылы ол небәрі 2,5 миллиард доллар болған.

Оның үстіне соғыс басталғалы Ресей Қазақстанды жазалаған жағдайлар болды. Шілде айында Ресей соты Новороссийск терминалы арқылы қазақ мұнайын Ресейден Еуропаға экспорттайтын Каспий құбыр консорциумының жұмысын тоқтатты. Ресми себеп ретінде экологиялық проблеманы алға тартты. Терминал бірнеше күннен кейін ашылды, бірақ соның өзінде Қазақстан миллиардтаған доллардан айырылды. Ресей Каспий құбыр консорциумының жұмысын соғыс басталғалы төрт мәрте шектеді.

Сондықтан Қазақстан Ресей елшісін еліне қайтарса, Мәскеу мұны қорлау деп қабылдап, Қазақстан мүддесіне қайшы әрекетке баруы мүмкін. Кремль мұны соғыс немесе арнайы операцияға желеу ретінде қолданбаса да, Қазақстанға экономикалық соққы жасауы ықтимал. Ал Қазақстан дәл қазір мұндай соққыны көтере алмайды. Сол себепті Астана Украина елшісіне қарсылық білдіріп, оны еліне қайтара алады, бірақ Ресей елшісіне мұны жасай алмайды.

Азаттық: Батыс сарапшылары Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік әріптесі Владимир Путиннің көзінше Санкт-Петербургте Ресей Украинаның шығысында құрған сепаратистік Луганск және Донецк аймақтарын мойындамайтынын айтып, батылдық танытты десті. Мобилизациядан қашқан ресейліктерді Қазақстан қабылдады. Алайда Қазақстанда көпшілік "ел Ресейден алшақтап жатыр" деген пікірдің жаны жоқ, бұл қалағанды бардай етіп көрсету деп санайды.

Уайлдер Алехандро Санчес: Меніңше, Ресей мен Украинадағы соғысқа келгенде Қазақстан прагматизм тұрғысынан әрекет етіп жатыр.

Тоқаев Украинаға барып соғысуға тыйым салды, әскер жіберілмейтінін айтты. Бірақ Ресей қаржыландырған әскери оқу-жаттығуға қатысты, олардың кейбірі Қазақстан аумағында өтті. Қазақстан үкіметі мен Тоқаев осылай өте нәзік тепе-теңдік ұстанып, Беларусь тәрізді Ресейге жақын ел емес екенін әлемге паш ететіндей деңгейде Мәскеуден алшақтауы керек. Бірақ сөйте тұра ел Ресейге ашық қарсы шығатын әрекетке бара алмайды.

Азаттық: Қазақстанда Ресей саясаткерлері мен пропагандистерінің денацификация туралы мәлімдемелері тамыр басып көру деп есептейтіндер бар. Себебі Ресей Украинаға басып кірмес бұрын да осы нарративті қолданды. Бұл қауіп-қатердің негізі бар ма?

Уайлдер Алехандро Санчес: Егер Украинадағы соғыс [Ресей үшін] сәтті болса, жедел өрбіп, Ресей әскері Мәскеу болжағандай Киевті бір апта ішінде басып алса, онда Ресей күштерінің "Астананы да бір аптада басып ала аламыз" деуге қауқары жетеді дер едім.

Бірақ қыс басталды, соғыс жүріп жатқан он айдың ішінде Ресей әскері ондаған мың жауынгерден, көп техникадан айырылды. Олар жыл басында басып алған Украина аумағының жартысынан көбінен ығыстырылды. Ресей әскерінің әлеуетін білетін кез келген сарапшы Мәскеу бір мезетте екі елде қатар іс-қимыл жүргізе алады дегенді айтпайтыны анық. Сондықтан Украинадағы соғыстың қалай аяқталғанына қарап Ресей әскері жақын болашақта басқа елде әскери операцияны іске асыра ала ма дегенді бағамдауға болады.

Дегенмен ең маңыздысы – Қазақстан саяси, дипломатиялық және экономикалық қана емес, әскери қауіп төндіретіндей қадамға бармады. Қазан айында ел әскери доктринасын жаңартты. Құжаттың 32-бабында Қазақстан ешқандай елдің үкіметін жау деп есептемейтіні жазылған. Доктрина негізінен үкіметке қауіп төндіруі мүмкін террористермен күреске бағытталған. Доктрина қаз-қалпында қалды. Қазақстан Ресеймен шекараға әскер тартты немесе Ресейге қауіп төндіруі ықтимал техника сатып алды дегенді естімедім. Астана қорғаныс техникасына келгенде әлі де Ресейге арқа сүйейді. Сондықтан Ресей елді денацификациялап, орыстарды қорғау үшін Қазақстанға қарсы әскери операция жүргізеді деген миға қонбайды. Дегенмен Ресей Совет одағындай ықпалын арттыруға тырысып жатыр.

"УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС ҚЫТАЙҒА АЙМАҚТАҒЫ ЫҚПАЛЫН АРТТЫРУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ"

Азаттық: Қытай басшысы Си Цзиньпин пандемия басталғалы шетелге алғашқы сапарын Қазақстанға жасады. Ол сапар кезінде Қытай Қазақстанның егемендігі, тәуелсіздігі мен жерінің тұтастығын қорғайтынын мәлімдеді. Аймақта дәстүрлі түрде үстемдігі басым Ресей Украинадағы соғыспен әуре болып жатқанда Қытай аймақтағы ықпалын өсіріп жатыр ма, сондай белгілер байқала ма?

Уайлдер Алехандро Санчес: Біз Ресей аймақтағы қорғаныс пен қауіпсіздік бойынша көшбасшы, ал Қытай экономика, инвестиция бойынша көшбасшы дегенді көп айтамыз.

Алайда ел оның артынан өзге елдер ерген жағдайда ғана көшбасшы бола алады. Қытай "Біз Орталық Азияда қорғаныс, қауіпсіздік мәселелері бойынша көшбасшы болғымыз келеді. Аймақта қорғаныс саласында белсенді болу үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымын пайдаланғымыз келеді" деуі мүмкін. Бірақ басқа елдер қорғаныс саласында Қытайдың артынан ере ме? Немесе ол идеядан бас тарта ма? Ресейдің Тәжікстанда әскери базасы бар. Қытай да база ашқысы келсе, жергілікті билік онымен келісе ме, әлде одан бас тарта ма?

Қытай Орталық Азиядағы саясат және қорғаныс саласында белсенділігін арттырса, бұл "Бір белдеу – бір жол" бастамасының жанама әсері немесе нәтижесі болар еді. Мұның мақсаты осы бастама арқасында ауқымды ғаламдық желі құру арқылы Қытайдың бүкіл әлеммен сауда-саттығын жолға қою. Бұл сондай-ақ Пекинге ол инвестиция құятын әр ел, мысалы Пәкістан, Шри-Ланка, Сальвадор, Қазақстан, Каспий жағалауы және Кавказ елдерінде саяси-дипломатиялық ықпалын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыдан алғанда Пекин [өз ықпалын бекіте түсуге] мүдделі.

Орталық Азияға ықпал жүргізуге келгенде Пекин мен Мәскеу өзара бәсекелес. Қазір Ресей Украинадағы соғыспен әуре болып жатқандықтан, бұл Қытайға Орталық Азиядағы ықпалын күшейтуге мүмкіндік береді. Бәлкім, Қытай қорғаныс құралдарын сата алатын шығар. Бәлкім, Қытай құқық қорғау органдарына арналған құралдар, бақылау технологияларын бірнеше елге экспорттайтын шығар. Бұл алаңдататын нәрсе.

Алайда әскери қарым-қатынасқа келгенде Қытай Ресей қол жеткізген дүниелерді іске асыра алмайды.

Азаттық: Еуропа одағы энергоресурстарға мүдделі, сол себепті Орталық Азияға қайта оралды деген пікір көп. Еуроодақтың осы аймақта белсенділігі артып келе ме?

Уайлдер Алехандро Санчес: Еуропа Қазақстан немесе Орталық Азияны еш уақытта ұмыт қалдырған емес. Еуропа компаниялары [Қазақстан] тәуелсіздік алғалы аймақта белсенді болды. Eni, Total, Chevron, Exxon Mobil сияқты компаниялар жұмыс істейді. Дипломатиялық қарым-қатынас ондай аса маңызды деңгейде болған жоқ. Бірақ өнеркәсіп, энергетикалық ресурстарға инвестиция үнемі құйылып жатты.

Кейінгі айларда Еуропаның жоғары лауазымды тұлғалары Қазақстан мен Орталық Азияға сапарлады. Мысалы, қараша айында Астанаға Еуроодақтың сыртқы істер жөніндегі жоғары өкілі Жозеп Боррель келіп кетті.

Египетте климаттың өзгеруі жөніндегі конференция кезінде премьер-министр Әлихан Смайылов Еуропа комиссиясы президенті Урсула фон дер Ляйенмен кездесті. Олар Қазақстаннан Еуропаға шикізат, оның ішінде жаңартылатын энергия, жаңартылатын сутегі тасымалын жолға қоятын құжаттарға қол қойды.

Сонымен қатар ел басшылары деңгейінде кездесулер өтті. Тоқаев Францияда президент Макронмен кездесті. Бірнеше апта бұрын Германия Қазақстан үкіметімен отын-энергетика саласындағы қарым-қатынасты жолға қою үшін Астанадан сутегі дипломатиясы кеңсесін ашатынын хабарлады. Германия шетелдік жел энергетикасымен жұмыс істейтін жасыл сутегі зауытына инвестиция салмақ.

Еуроодақ Орталық Азиямен, әсіресе Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынасқа басымдық беріп жатыр. Бұл түсінікті, өйткені Қазақстан Тәжікстан, Қырғызстан немесе Түркіменстанмен салыстырғанда белсенді сыртқы саясат жүргізеді. Өзбекстан сыртқа ашыла бастады, бірақ Қазақстан бәрібір алда.

Дей тұрғанмен Еуропа Орталық Азиямен, әсіресе Қазақстанмен қарым-қатынаста негізінен мұнай қоры мен энергоресурстарға басымдық береді. Қазақстан өз экономикасын әртараптандырып, ауыл шаруашылығы, IT тәрізді салаларға инвесторлар тартуға талпынды. Яғни Қазақстан тек қана энергетиканы емес, басқа салаларды да дамытқысы келеді. Бірақ, өкінішке қарай, Еуропаны бұл аса қызықтырмайды.

БАТЫС ЕСКЕРТУСІЗ ОҚ АТУҒА БҰЙРЫҚ БЕРГЕН ТОҚАЕВТЫ НЕГЕ СЫНАМАДЫ?

Азаттық: 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде кемі 17 адам қаза тапқанда Батыс пен Еуроодақ Қазақстанды сынап, Еуропарламент елдегі адам құқықтарының ахуалы жөніндегі қарар қабылдады. Қаңтар оқиғасы кезінде кемі 238 адам қаза тапты, бірақ Батыс елдері мен Еуроодақ Қазақстан адам құқықтарын өрескел бұзғанын айтарлықтай сынамады. Неліктен?

Уайлдер Алехандро Санчес: Меніңше, бұған Украинадағы соғыс себеп. Егер соғыс болмағанда, халыққа қарсы репрессияшыл әрекет үшін Қазақстанға көбірек сын айтылар еді. Бірақ Қаңтар оқиғасынан бір айдан кейін басталған соғыс салдарынан назар басқа жаққа ауды.

Бұдан басқа да себеп болды. Ол – АҚШ пен одақтастардың Ауғанстаннан кетуі. Содан бері АҚШ, Канада мен Еуропа Орталық Азияға аз көңіл бөле бастады.

Бұл ретте Қазақстан ғана емес, Өзбекстан туралы да осыны айтуға болады. Шілдеде Қарақалпақстанда 20 адам қаза тапты, бұл Қаңтардан да азырақ қамтылды. АҚШ-тағы бірде-бір лауазымды шенеунік немесе конгресс мүшесі Өзбекстанды бұл үшін сынағанын естімедім, өйткені олар бар назарын Украинаға бұрып отыр.

Азаттық: Сонда бұл Қазақстан билігі мен Тоқаев бұдан ұтты, бұл жағдай оларға тиімді дегенді білдіре ме?

Уайлдер Алехандро Санчес: Қазақстан Ресейге салынған санкциядан, газ бен мұнайды Еуропаға жеткізу үшін Ресейді айналып өтетін жол іздегеннен ұтып жатқан жоқ. Бұл Қазақстан экономикасына соққы жасайды, ал бұл халықтың ашуын тудырады. Бұдан Тоқаев ұтпайтыны түсінікті.

Сөйте тұра кейбір ұмытылмауға тиіс мәселелерді [Батыс] ұмыт қалдырып жатыр. Тоқаев осыдан ұтып жатыр деуге болады.

"РЕСЕЙМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҢ ҚАЛАЙ ӨРБИТІНІ УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС НӘТИЖЕСІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ БОЛМАҚ"

Азаттық: Ресей президенті Путин Қазақстан және Өзбекстанмен газ одағын құруды ұсынды. Өзбекстан одақтан бас тартты. Сарапшылар Путин осы арқылы аймақ әлі де Мәскеудің ықпалында екенін, Ресей позициясы әлсіремегенін көрсетуге талпынып жатыр деп есептейді. Осыны ескерсек, Қазақстанға тепе-теңдік ұстау қиын бола ма?

Уайлдер Алехандро Санчес: Өзбекстанның газ одағына қосылмау туралы шешімі Ресейге соққы болғаны анық. Бұл − Өзбекстанның биыл Ресейге жасаған екінші соққысы, Ташкенттің Еуразия экономика одағына қосылудан бас тартуы бірінші соққы болатын. Сондықтан бұл Ресейдің өз ықпалы жүретін аймағына Өзбекстанды қайтару әрекеті сияқты. Ал Ташкент мұны қаламайды.

Өзбекстан Путиннің газ одағын құру ұсынысын салқын қабылдады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:34 0:00

Меніңше, Қазақстан Ресей бастамасынан бас тарта алмайды, өйткені ол онсыз да Ресейдің Украинадағы соғысын ашық қолдаған жоқ. Бірақ Қазақстанның көпвекторлы саясатының мәні сонда: әлемдегі державалармен, негізгі халықаралық құрылымдармен достық қарым-қатынас орнату, басқалардың өзін дос және серіктес ретінде қабылдауына қол жеткізу.

Ресейдің қытығына қатты тиетін мұндай тәуелсіз сыртқы саясат ұстану қиын, бірақ мүмкін нәрсе. Қазақстан тәуелсіздік алғалы, отыз жылдан бері Ресеймен қарым-қатынас ұстанып келе жатыр. Соғысқа байланысты бұл қиындады, бірақ бұл шын мәнінде [Қазақстан] мүлде бастан өткермеген, жаңа дүние емес.

Болашақ жайлы айтсақ, Ресей үкіметі Қазақстанды ықпалы жүретін аймаққа қайтару үшін алдағы уақытта түрлі бастама көтере бермек. Қазақстан Ресейдің көңілінен шығу үшін бір бастамаға "иә", енді бір бастамаға "жоқ" деуі мүмкін. Сөйте тұра Қазақстан Ресейді қамтымайтын бастамаларды көтеріп жатыр. Мысалы, Астана "Орта дәлізге" (Middle Corridor – Оңтүстік-шығыс Азия мен Қытайдан басталып, Қазақстанды басып өтіп, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия арқылы Еуропаға шикізат тасымалдайтын бағыт – ред.) мән беріп, Ресейге тәуелділікті азайту үшін газды Еуропаға Кавказ арқылы жеткізуге тырысып жатыр.

Азаттық: Қазақстан ары қарай мұндай тепе-теңдікті ұстап, амалдап тұра ала ма?

Уайлдер Алехандро Санчес: Солай болады деп үміттенемін. Ресейдің көрші елдермен қарым-қатынасы Украинадағы соғыстың немен аяқталатынына байланысты. Егер Ресей жеңіске жетсе, онда "басқа елдерге де дәл осыны жасай аламыз" дегенге салуы мүмкін. Егер Мәскеу жеңілсе, Ресей үкіметі әскери басқыншылықтан бас тартайық деуі мүмкін. Ресейдің болашақ сыртқы саясаты көбіне Украинадағы соғыс нәтижесіне байланысты болмақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG