Accessibility links

Түркіменстан салған жаңа теміржол Ауғанстанға ілінді


Ауғанстанның солтүстігіндегі Акина елді мекеніне жеткен түркімен теміржолы.
Ауғанстанның солтүстігіндегі Акина елді мекеніне жеткен түркімен теміржолы.

Түркіменстаннан шыққан пойыз Тәжікстан арқылы Ауғанстанға баратын теміржол құрылысы қарашаның 28-і күні шекарадан өтті. Ауғанстан жағында осы теміржолдың алғашқы бекеті ашылды. Алайда құрылыстың жалғасуы күмәнді.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов пен Ауғанстан президенті Ашраф Ғани қатысқан салтанат кезінде түркімен шекарасынан үш жарым километр ұзаған пойыз алғашқы бекеті – Акинаға келіп тоқтады.

Ғани бұл күнді «Ауғанстан мен оның халқы үшін тарихи күн» деп сипаттаса, Бердімұхаммедов «Имамназар – Акина» теміржолының «екі ел арасындағы саудада ерекше рөл ойнайтынын» атап өтті.

Дегенмен түркімен-ауған-тәжік (ТАТ) теміржолымен сауданың өркен жаюы үшін әлі біраз уақыт керек сияқты.

Акина бекеті – Тәжікстанға теміржол тарту жөніндегі ауқымды да қиын жобаның шағын бөлігі ғана. Түркіменстан теміржолдың өз аумағындағы 85 километрлік бөлігін 2015 жылдың қараша айында бітіріп тастаған. Ал Ауғанстан шекарасынан өткеннен кейін төрт километрге жетпейтін жолды тартуға бір жылдай уақыт қажет болды (жол құрылысы бір ай бұрын ғана аяқталды).

Ауғанстан арқылы өтетін жолдың нақты сызбасы әлі де талқыланып жатыр, бұған себеп те жоқ емес.

Жоспар бойынша теміржол Ауғанстанның кейінгі жылдары әскери ұрыстар жүріп жатқан аудандары арқылы өтуі керек болған. ТАТ теміржолы Акинадан ары оңтүстікке қарай 30 километр жүріп, шығысқа – Андхой арқылы Шеберған (немесе Шибарган), Мазари-Шариф, Холм және Құндызды басып өтіп, Шир Хан Бандар шекара өткелі тұсында Тәжікстанға жетеді.

Акина мен Андхой Ауғанстанның Фариаб аймағында орналасқан. Аймақ астанасы – Маймана биыл екі рет содырлар қолына өтуге шақ қалды. Шеберғаннан Мазари-Шарифке баратын тас жолдың біраз бөлігі биыл бірнеше мәрте «Талибан» бақылауына өтті. Бұл оқиға ауған үкіметін тас жолдарды содырлардан босату мақсатында қауіпсіздік операцияларын өткізуге мәжбүрледі. Теміржолдың соңғы тармағы Құндыз аймағы, соның ішінде Құндыз қаласы арқылы өтеді, ал бұл қала 2015 жылдың қыркүйегінен бері екі мәрте «Талибан» содырлары қарамағына өткен.

ТАТ теміржолы Азияның ірі траспорт желісінің бір бөлігі саналады. Акинадағы салтанаттың алдында ғана Түркіменстан БҰҰ-ның «Ғаламдық тұрақты транспорт» конференциясын ұйымдастырған болатын.

Алайда, ТАТ әу бастан-ақ Түркіменстанды Тәжікстанмен Өзбекстан аумағын қиып өтпей-ақ жалғайтын көпір ретінде қарастырылған. Бұл жобаны Тәжікстанға Өзбекстан арқылы тауар тасудан қиындық көрген Иран мемлекеті ұсынған. Иран түркімен жері арқылы салынған жаңа теміржолмен Тәжікстанға жүк жөнелтіп тұрмақ болған. Сондықтан бұл жоба аймақтық ынтымақтастықты нығайтуды емес, Тәжікстанға транзиттік жол салғанда Өзбекстанды айналып өтуді көздеген.

Теміржолдың келесі бөлігін толық салып бітіру үшін қаражатты кім беретіні белгісіз. Азия даму банкі мен Ислам даму банкі жалпы құны екі миллиард доллар болатын жобаны қаржыландыруға атсалысуға уәде беріп отыр.

Түркіменстан жолдың өз аумағындағы бөлігін өзі салды. Тәжікстан өз аумағында 50 километрге созылатын теміржолды салуға қаражаты жоқ екенін айтты. Ал Ауғанстан ТАТ-тың өз аумағындағы бөлігін салу үшін халықаралық қаржы ұйымдарынан көмек сұрауы керек болады.

Брюс Панниердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG