Accessibility links

Ахмадинежад бюджеттің мұнай табысына тәуелділігін азайтуды ұсынды


Иран президенті Махмуд Ахмадинежад парламентке 2010 жылға арналған бюджет жобасын ұсынып отыр. Теһран, 24 қаңтар 2010 жыл.
Иран президенті Махмуд Ахмадинежад парламентке 2010 жылға арналған бюджет жобасын ұсынып отыр. Теһран, 24 қаңтар 2010 жыл.

Иран президенті Махмуд Ахмадинежад жексенбі күні жылдық бюджет жобасын парламент қарауына ұсынып, елдің негізгі табысы мұнайға тәуелділікті азайтуға назар аудартты. Сондай-ақ ол елдің даулы ядролық бағдарламасына қатысты алдағы айда көбірек жаңалық болатынын айтты.

Иран жетекшісі Махмуд Ахмадинежад жылдық бюджет жобасын парламенттің қарауына ұсынып, депутаттарға Иранның мұнай кірісіне тәуелділікті азайтуға көбірек назар аудару керек деген.

Иран экономикасы негізінен бюджет табысының 50 пайыздан астамын құрайтын мұнай экспортына байланған.

Ахмадинежад ел бюджетінің толық көлемі туралы ештеңе айтпады. Алайда оның бес жылға арналған бюджет жобасында Иран экономикасы жылына орташа есеппен 8 пайызға өседі делінген.

«Мен депутаттар, үкімет, ұйымдар мен халық арасында бар келісім мен түсіністік бес жылдық даму жоспары барысында 8 пайыздық өсім әкеледі деп үміттенем. Иран экономикасы бұл аймақ пен әлемдегі ең жетекші экономикаға айналады деп сенемін», – деді Ахмадинежад.

Ресми көрсеткіштерге қарағанда, Иранның экономикалық өсімі 2009 жылы тек 2,5 пайызға көтерілді.

Иран президентінің бюджет істері бойынша орынбасары Рахим Мембини ИРНА ақпарат агенттігіне берген сұхбатында, ел бюджеті бір баррелі 60 доллар болатын мұнай бағасына байланған деді.

Әлемдегі шикі мұнай бағасы қазіргі таңда бір баррелі 75 доллар шамасында тұр. Мұнайдың жоғары бағасы соңғы жылдары Иран үкіметіне күтпеген жерден табыстар әкелді. Бірақ үкіметтің сыншылары билікті ақшаны босқа шашып жатыр деп айыптады.

Президент Ахмадинежад осы айдың басында Иранның қамқоршы кеңесі мақұлдаған даулы жоспар алдағы бюджет жылында жалғасын табады деп айтты. Онда елдің негізгі тұтынатын азық-түлігі мен энергетика саласындағы жәрдем ақша – субсидиялар тоқтайтын болады.

Иран үкіметі алдағы төрт жылдың үш жылында 100 млд доллар үнемдеп қалуға үміттеніп отыр. Онда негізінен тұтынылатын заттардың бағасы қолдан төмендетіліп отырған жанар-жағармай өнімдері, электр қуаты, су, астық, сүт, күріш және тыңайтқыш бағасын көтеруді қарастырып отыр. Ирандықтар үшін бір литр жанармай бағасы 10 центті құрап, әлемдегі ең төмен бағалардың бірі болған.

Иран президенті парламент депутаттарына субсидия тоқтаған кезде жылдық инфляция деңгейі бес пайызға дейін төмендейді деді.

Бұл елде жылдық инфляция ресми көрсеткіштер бойынша 13 пайыз деңгейінде тұр. Тәуелсіз экономистер болса, инфляцияның одан да жоғары екенін айтады. Осы экономистер аз уақыттың ішінде баға деңгейін басқаруды көтеру шын мәнінде инфляцияны төмендетуден гөрі оны аспандатып жібереді деп болжап отыр.

Бюджет заңы күшіне енбес бұрын оны парламент пен конституциялық кеңес мақұлдауы тиіс. Иранның жаңа жылы 21-ші наурызда басталады.

Жексенбі күні парламентте журналистер алдында сөйлеген Ахмадинежад алдағы айда елдің даулы ядролық бағдарламасының келешегі туралы мәлімдеме жасауға уәде берді.

«Біз жақында 20 пайыз байытылған отын өндірісіне қатысты жақсы жаңалықты еститін боламыз. Сонымен қатар елдің ғылым мен технология саласындағы соңғы жетістіктері туралы жаңалық болады. Ол Иран халқы мен басқа да тәуелсіз елдерді қуантатын болады», – деді Иран президенті.

БҰҰ-ның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі (МАГАТЭ) Теһранға төмен байытылған уранының 3,5 пайызын шетелде байытып, кейін Иранға ядролық отын ретінде қайтып әкелуді ұсынған-ды. Байытылған уранның таза 20 пайызын ядролық реактор үшін отын ретінде пайдалануға болады.

Бірақ ирандық ресмилер оған қарсы ұсыныс беріп, елдің сыртқы істер министрі Манучир Моттаки МАГАТЭ-ге Иранның жоспарын қабылдау үшін қаңтар айының соңына дейін уақыт берді.

Вашингтон бастаған әлемнің ықпалды елдері Иранның өз уранын елінде байытуына қарсылық танытып, Теһран оны ядролық қаруға пайдалануы мүмкін деп алаңдап келеді.

Теһранға ядролық бағдарламасына қатысты үш рет санкция салынған. Құрама Штаттар мен оның одақтастары Иранға төртінші санкция салатын кез келді дегенімен, Ресей және Қытай ондай жоспарға қарсы болып отыр.

Теһран өзінің ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсатта екенін айтып, оны электр қуатын өндіру үшін пайдалану көзделіп отырғанын алға тартады.
XS
SM
MD
LG