Accessibility links

Иранның сыртқы саясаты әлі жұмбақ


Аятолла Али Хаменеи (сол жақта) революция гвардиясының басшысы Мохамад Али Джафаримен сөйлесіп отыр. Тегеран, 20 қараша 2013 жыл.
Аятолла Али Хаменеи (сол жақта) революция гвардиясының басшысы Мохамад Али Джафаримен сөйлесіп отыр. Тегеран, 20 қараша 2013 жыл.

Иран Женевада әлемдік державалармен ядролық мәселеде мәмілеге келді. Енді «Тегеран сыртқы саясатын өзгертіп, АҚШ-қа қарсы дәстүрлі саясатынан бас тарта ма?» деген сауалдар туады.

Желтоқсанның бірінші аптасындағы әрекеті мен сөзіне қарап, Иранның бағытын анықтау қиын.

Иранның сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зариф Парсы түбегі елдеріне ресми сапар жасады. Ол тек Иранның басты бәсекелесі Сауд Арабиясына ғана барған жоқ.

Иран мен Парсы түбегі елдерінің қарым-қатынасы бірнеше жылдан бері нашарлап кеткен еді, енді аяқ астынан екі жақ байланыс орната бастады. Тіпті Зариф Иранның Сауд Арабиясымен де байланысты жақсартуға дайын екенін айтты.

ПАРСЫ ТҮБЕГІ ЕЛДЕРІМЕН ЖАҚЫНДАСУ

АҚШ-тың одақтастары Зарифтің Парсы түбегі елдерін аралап шыққанына қарап, «Иранның сыртқы саясаты соңғы 34 жыл бойы қоғамда орныққан АҚШ-қа деген қарсылықты жібітуге бағытталған болар» деп жорамалдады.

Бірақ сол аптада Иранның сыртқы істер министрлігі АҚШ-Ауғанстан қауіпсіздік келісім-шартымен түбегейлі түрде келіспейтінін мәлімдеді. Министрліктің пікірінше, келісім-шарт бекітілген жағдайда «аймақтық дамуға теріс ықпал етеді». Ауғанстан президенті Хамид Карзай «менің талаптарым орындалмаса, келісімге қол қоймаймын» деген кезде Иранның бұл әрекеті Вашингтонның жағдайын қиындата түседі.

Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зариф парламентте сөйлеп тұр. Тегеран, 27 қараша 2013 жыл.
Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зариф парламентте сөйлеп тұр. Тегеран, 27 қараша 2013 жыл.
Тегеранның осындай екі түрлі әрекетінен соң «Иранның АҚШ-қа қатысты шын жоспары қандай?» деген сауал туады. Бұл сұрақтың жауабы әзірге белгісіз.

Шах заманынан бастап Иран оңтүстіктегі мұнайға бай мұсылман көршілерімен жақсы байланыс орнатуды мақсат етті. Қазір Иран ядролық саясатын жұмсартты, енді араб елдерімен қатынасты жақсартатын сәт туды. Солайша Иран OPEC аясында экспорт квотасын ұлғайтқысы келеді.

Парижде тұратын ирандық экономист Ферейдун Хавандтың айтуынша, Иранның экспорт квотасы туралы мәселе Сауд Арабиясына жайсыз тиеді. Иранның тілегін орындау үшін олар өз экспортын азайтуы тиіс.

Ал Ауғанстанға келер болсақ, Иран бұл елді әрқашан өз қауіпсіздігінің бір бөлшегі санап келді. Еуропада тұратын, Иран сыртқы саясаты туралы мақалалар жазып жүрген бұрынғы Иран дипломаты Хоссейн Ализаденің айтуынша, «Ресей мен Қытай Ауғанстанда әскер ұстау жоспарларын жарияласа, Иран оған қарсы шығады».

Ализаденің сөзіне қарағанда, «Тегеран ядролық бағдарламаға қатысты келісімге келгені болмаса, әлі АҚШ-пен байланысты реттеуге нақты қадам жасамаған».

Иранды бақылаушылардың айтары бір: сыртқы саясатқа қатысты мәселенің бәрін Иранның рухани жетекшісі Әли Хаменеи шешеді.

ХАМЕНЕИДІҢ ҚАУПІ

Хаменеи АҚШ-пен тығыз байланыс орнатқысы келе ме? Иранның Израильге қарсы саясатын өзгертуді қалай ма?

35 жыл бұрын Иран ислам республикасының негізін қалаған Рухолла Мусави Хомейни мен оның жақтастары Израильге қарсы бағыт ұстанды. Рухани жетекші үнемі АҚШ-қа қарсы шығып, Израильмен қорықпай күресуге шақырып отырды. АҚШ Иранға ескерту жасағанда ол «АҚШ түк істей алмайды» деген еді. Бұл идеологиядан бас тарту енді Әли Хаменеиге қиын тиеді.

Екінші себеп – Иран ислам республикасын сақтап қалу. Режим өзгеріссіз қалса ғана Иран осы қалпын сақтайды.

Егер Хаменеи АҚШ-қа қарсы көзқарастарын өзгерте бастаса, Иранның қарапайым тұрғындары қарсы шығады немесе әлеуметтік еркіндік пен экономиканы жақсартуды талап етеді. Реформашыл белсенділер де талаптарын күшейтіп, батыл қадамдарға көшуі мүмкін.

Мұндай еркіндіктің нәтижесінде адамдар шектеулерден қорықпай, АҚШ пен Израильге қарсы күрес талаптары мен ережелеріне бағынудан бас тартуы мүмкін. Хаменеи мен басқа да консерваторлар мұндайдан қауіптенеді.

Иран президенті Хассан Роухани (оң жақта) мен ФИФА президенті Йозеф Блаттер. Тегеран, 6 қараша 2013 жыл.
Иран президенті Хассан Роухани (оң жақта) мен ФИФА президенті Йозеф Блаттер. Тегеран, 6 қараша 2013 жыл.
Жаңа президент сайлап, ядролық келісімге келгеннен бері Иранда АҚШ-қа қарсы көзқарасын өзгертуге ниетті адамдар көп екені байқалды. Иран тұрғындары ядролық келіссөздердің бір мәмілеге келгеніне қуанды. Демек, олар осы бағытты қолдайды, сыртқы саясат қайшылықты болғанын қаламайды.

Саясаткер-реформаторлар мен ойшылдар, жазушылар да АҚШ-қа қатысты саясатты өзгерту керек дейді. Бұрынғы президент және елдегі ықпалды тұлға Акбар Хашеми Рафсанджани «сыртқы саясатта татулық керек» деп бірнеше рет тұспалдады. Бұған дейін, яғни бір жыл бұрын Рафсанджани тасадан шықпай, тыныш отырған еді. Енді тағы бір бұрынғы президент Мохаммад Хатамимен бірігіп, Хасан Роуханидің сыртқы саясаттағы қадамдарын оң бағалайтын мәлімдемелер тарата бастады.

Иран халқының ұстамды саясаткерлерді қолдайтыны байқалады. Ел ішінде АҚШ және Батыс елдерімен байланысты жақсарту ниеті бар. Санкцияның қысымына шыдамаған Хаменеи ядролық келіссөздерде мәмілеге келді. Бірақ бұл оның АҚШ пен Израильге қатысты көзқарасын түбегейлі өзгерткенін білдірмейді. Ондай жағдайда режимге қауіп төнеді. Ал Хаменеи болашаққа қатысты қадамдарына өте сақ.

Мақала авторы Мардо Согхом - Азаттық радиосының Иран және Ирак аймақтық қызметінің директоры. Мақалада айтылған болжамдар - оның жеке пікірлері. Мақаланы аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG