Accessibility links

«Сырты» жұмсарған Иранның «іші» қатты


Иран президенті Хассан Роухани баспасөз мәслихатында отыр. Тегеран, 28 қыркүйек 2013 жыл.
Иран президенті Хассан Роухани баспасөз мәслихатында отыр. Тегеран, 28 қыркүйек 2013 жыл.

Иранның жаңа үкіметі Батысқа сыртқы саясатын жұмсартқан түр байқатқанымен, елдегі ішкі саясаттың қатаң ережелері әлі өзгерген жоқ.

Иранның қазіргі ахуалын "сыртқа - жұмсақ, ішке - қатты" деп сипаттауға болады.

Тамызда президент президент болып сайланған Хассан Роухани Иранның ядролық бағдарламасына қатысты әлемдік державалармен арадағы келіссөздерде икемге келгендей түр жасап отыр. Иран билігінің бұл әрекетін қолдаушылар көбейді. Тіпті Иранның ядролық дағдарысты келіссөз арқылы шешуге көнетініне күмәнданатын мемлекет басшылары да ризашылық білдірді.

САЙЛАУДАН ЖЕҢІЛСЕ ДЕ, БИЛІКТЕН КЕТПЕГЕН ТОПТАР

АҚШ үкіметінің ресми өкілі Джен Псаки Тегеран мен алты ел арасында қазан айында Женевада өткен келіссөз туралы «жаңа үкіметпен арамызда бұрынғыға қарағағанда мүлде басқа әңгімелер айтылды» деді.

Адам құқығы бойынша халықаралық кампанияның Ирандағы директоры Хади Гаеми.
Адам құқығы бойынша халықаралық кампанияның Ирандағы директоры Хади Гаеми.
Еуропа Одағы мен БҰҰ-ның ядролық агенттігі Иран үкіметін «мәмілеге келуге икемделді» деп сипаттағанымен, ел ішіндегі жағдай өзгерді деп айту қиын.

Нью-Йорктегі адам құқығы бойынша халықаралық кампанияның Ирандағы директоры Хади Гаемидің пікірінше, «президент сайлауынан соң, маусым айында биліктен кеткен консерватор топтардың ел ішіндегі ықпалы әлі де күшті». Гаеми «Роуханидің сыртқы саясаттағы жұмсақтығы ішкі саясатқа жарамайды» деп болжайды.

- Президенттік сайлауда жеңілген саяси күштер мемлекеттегі негізгі салаларды әлі де ұстап отыр. Сот жүйесі, қарулы күштер, революциялық гвардия, барлау және қауіпсіздік саласында олардың ықпалы көп. Осы топ ішкі репрессияны өз мүддесіне пайдаланып қалғысы келеді. Оларға сыртқы саясатта үкіметтің кіммен жақындасатыны маңызды емес, ішкі саясаттағы ықпалдары кемімесе болды, - дейді сарапшы.

РОУХАНИ УӘДЕСІН ОРЫНДАЙ АЛМАЙ ОТЫР

Роухани әкімшілігі билікке келгелі үш айдай болды. Бірақ ол сайлау кезінде берген «радикализмді тыю» туралы уәдесін орындай алмай отыр. Мәселен, Роухани саяси тұтқындарды, оның ішінде «Жасыл қозғалыс» басшысы Мир Хосейн Мусави мен реформатор діни қызметкер Каррубиді босатамын» деп уәде берген еді.

«Жасыл қозғалыс» басшысы Мир Хосейн Мусави. Тегеран, 29 мамыр 2009 жыл.
«Жасыл қозғалыс» басшысы Мир Хосейн Мусави. Тегеран, 29 мамыр 2009 жыл.
Роухани билікке келген соң кейбір тұтқындар расымен босап шықты. Бірақ Мусави әлі үйқамақта отыр, жақында әкесін көруге келген екі қызын күзетшілер ұрып-соққан. Карруби, барлау министрлігінің мәлімдеуінше, «қауіпсіз үйде отыр».

Оның үстіне, Роухани президент болғалы консерваторлар биліктің өз қолдарында екенін сездіріп, «діни қайраткерлерге қатысты теріс ақпарат» таратты деген желеумен реформашыл «Бахар» газетін жапты. Цензорлар басылымның ислам қағидаларына қарсы шыққанын айтады.

Иран және Таяу Шығыс аймағының мәселелеріне арналған EA WorldView сайтының редакторы Скотт Лукастың айтуынша, «Бахар» газетінің жабылуы - Роуханидің жақтастарына жасалған «биліктегі ықпалды топтарды сынағаннан нәтиже аз» деген ескерту».

- Сот жүйесін басқаратын Садек Лариджани - өте ықпалды адам. Ол сол ықпалын пайдаланып, өздеріне қолайсыз кез-келген басылымның жазаланатынын білдірді. Ол бұл жерде «әлі біздің сөзіміз жүреді» деген белгі берді, Роухани бұны елеусіз қалдырмауға тиіс еді, - дейді Лукас.

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Консерваторлық ымырасыз күштер Роуханидің сыртқы саясатты жұмсарту әрекеттеріне қатаң позицияларын қарсы қойып, президенттің ел ішіндегі ықпалы аз дегенді дәлелдегісі келеді.

Әскери фракциялар қарашаның 4-і күні жыл сайын өтетін «Америкаға өлім келсін!» шеруін ұйымдастырмақ. Ол Тегерандағы АҚШ елшілігіне шабуыл
Ирандағы АҚШ елшілігіне шабуыл кезінде. Тегеран, 1979 жыл.
Ирандағы АҚШ елшілігіне шабуыл кезінде. Тегеран, 1979 жыл.
жасалған күнге сай келеді. Биыл Иран тұрғындарының АҚШ елшілігін басып алғанына 34 жыл толды.

Лукастың пікірінше, «сырты жұмсақ, іші қатты» Иранның осы екі ұдай қалпы жақында өзгермейді.

- Роухани қазір сыртқы саясатқа көп көңіл бөліп отыр. Ол болашақ кездесулерді ойлап жүр. Ал басқалар осыны пайдаланып, оның әлеуметтік мәселелерді шешуде құзыры шектеулі екенін көрсетпек. Егер Роухани әлеуметтік мәселелерді қолына ала бастаса, билігін жоғалтып алуы да мүмкін. Онда сыртқы саясаттағы жоспарларынан да айрылады. Ядролық мәселе толық шешілмейінше, Роухани екі майданда бірдей жеңеді деп деп ойламаймын, - дейді Скотт Лукас.

Иран режимінің бұрынғыдай қатігез қалпында қалғанын қазанның 26-сы күні 16 тұтқынды дарға асқанынан байқауға болады. Ол адамдар Иранның Систан-Белуджистан провинциясында «14 шекарашыны өлтірді» деп айыпталғандар еді. Сол провинцияда 2010 жылы жарылыс жасаған 11 адам да дарға асылған.

Иран президенті Хассан Роухани баспасөз мәслихатында отыр. АҚШ, Нью-Йорк, 27 қыркүйек 2013 жыл.
Иран президенті Хассан Роухани баспасөз мәслихатында отыр. АҚШ, Нью-Йорк, 27 қыркүйек 2013 жыл.
Иранның сыртқы имиджінің күрт өзгеруі, ал ішкі саясатының бұрынғы қатаң қалпында қалуы Роухани билігіне екі қырынан қарау қажет екенін көрсетеді.

Иранның ядролық дағдарысын шешу мәселесі тек ядролық саламен шектелмейтін сияқты. Роуханидің басқа елдермен қарым-қатынасты жақсарту жолындағы әрекеті ішкі саясаттағы өзгерістермен астасып жатса ғана нәтижелі болмақ.

Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG