Қадыл Сапаров ережесіз жекпе-жектен Ресей Федерациясының бес мәрте чемпионы болса, оның сыңары Әділ әскерилер арасындағы өткен сайыстардың үш дүркін жеңімпазы атанған.
Дүниеге алдымен Қадыл келгендіктен Әділ оны аға тұтады. Әділ өзін алғашында Азаттық тілшісіне «Қадылдың інісімін» деп таныстырған еді. Бірақ кейін Қадыл егіз екендерін айтты. Әділ сөзге жоқ екен, Қадыл сұрақтарымызға ықыласпен жауап берді.
Қадыл мен Әділ 1976 жылы Ресейдің Волгоград облысы Палласов ауданындағы Ревпуть ауылында өмірге келіпті. Әкелері совхозда агроном болып істеген, анасы ұстаздық еткен. Отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген ата-аналары қазір зейнеткер, ауылда тұрып жатыр.
СПОРТ ШЕБЕРЛЕРІ
Қадылдың айтуынша, егіздер мектеп қабырғасында әуелі бокспен, онан соң самбо күресімен айналысыпты. Кейін әскерде жүргенде қоян-қолтық ұрысқа бет бұрған.
«Армияда жүргенімізде қоян-қолтық ұрыстан әскерилер арасында чемпионат өтетін болды да соған біздің ротадан қатысатын адам шықпай қалды. Сосын Әділ екеуміз «біз төбелесіміз» дедік. Себебі, бұл бірнеше өнердің тоғысқан түрі ғой. Онда тек төбелесіп қана қоймайсың, күресе де білуің керек. Ал Әділ екеуміз мектеп қабырғасында спорттың барлық түрімен айналысып көрдік. Оқушы кезімізде самбодан бірнеше мәрте облыс чемпионы болғанбыз. Сондықтан жеңетінімізге сендік» дейді ол.
Қадыл сыңары Әділдің үш мәрте Ресей әскери қарулы күштері арасында ережесіз жекпе-жектен чемпион болғанын айтып берді.
«Әділ 1995 жылы армия қатарында жүргенде Ресей әскери күштерінің арасында алғаш рет чемпион болды. Кейін 1999 және 2003 жылдары Ресей әуе күштерінің арасында өткен жарыста бас жүлдені ұтқан. 2002 жылы Ресей чемпионатында екінші орын алды» деп сыңарының спорттағы жетістіктерін тізіп шықты.
Армиядан оралған соң Ресей федералдық кеден қызметінде жұмыс істеген Қадылдың өзі де бірнеше жарыста жеңімпаз атаныпты.
«Үш рет Ресей федералдық кеден қызметкерлері арасында, бір рет Қарулы Күштері арасында өткен чемпионатта, бір рет Ресей чемпионатында жеңімпаз болдым. Сонымен қатар, Ресейдің Оңтүстік федералдық округінің 2008, 2009, 2010 және 2011 жылдардағы чемпионымын» дейді Қадыл.
Өз айтуынша, Ресей федералдық кеден қызметкерлері арасындағы жарыста екі мәрте чемпион болған кейін оған арнайы мекемеден ұсыныс түсіп, 2009-2011 жылдар аралығында Қадыл Сапаров Мәскеу қаласындағы жедел қимылдайтын арнайы жасақ тобында (СОБР) қызмет атқарыпты.
«ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙТІН ОРТА ЖОҚ»
Әділ Сапаров қазір Ресейдің Астрахань облысындағы Капустин Яр әскери қалашығында спорттан әскери нұсқаушы болып қызмет атқарады. Егіздің сыңары Қадыл Волгоград облысындағы Волжск қаласында тұрады, сондағы спорт мектебінде жаттықтырушы.
Айтпақшы, Қадылдың жары Әлия мен Әділдің зайыбы Гүлнар – апалы-сіңлілер екен. Қадыл мен Әлияның екі қыз, бір ұлы бар, ал Әділ мен Гүлнар үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Қадыл төртінші сыныпта оқитын кіші ұлы Елдар да жекпе-жек өнерін таңдағанын айтып берді.
Азатық тілшісімен әңгімеде Қадыл Ресейде өздері үшін қазақ тілінде сөйлеу басты проблема екенін жеткізді.
«Мұнда айналамыздағылардың бәрі өзге ұлт өкілдері, негізінен орыстар болғандықтан қазақша сөйлеуге мүмкіндік жоқ. Алайда, отыз күн оразамызды ұстап, бес уақыт намазды қаза қылмауға тырысамыз» дейді ол.