Accessibility links

"Сол баяғы әкімшілік ресурс". "Нұр-Отан" праймеризін сынаушы көп


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақтан үшінші), бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада), үкімет пен парламент жетекшілері және өзге де шенеуніктер "Нұр-Отан" партиясының жиынында тұр. Көрнекі сурет.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақтан үшінші), бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада), үкімет пен парламент жетекшілері және өзге де шенеуніктер "Нұр-Отан" партиясының жиынында тұр. Көрнекі сурет.

Билік партиясы "Нұр-Отанның" 1 қазанда басталған партияішілік сайлауы 4 қазанда аяқталды. Дауыс берудің бірінші күнінен-ақ сайлаудағы заң бұзушылықтар туралы шағым көбейді. Бір топ белсенді "Нұр-Отан" партиясының "прамеризді әділ өткіземіз" дегеніне сенгенін, бірақ іс-жүзінде ескі әдетпен әкімшілік ресурс қолданылғанын айтады.

"ҮЗІЛЕ БАСТАҒАН ҮМІТ"

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын биліктегі "Нұр-Отан" партиясының праймеризі 1 қазанда басталып, 3 қазанда аяқталуы тиіс еді. Алайда дауыс берудің онлайн платформасында ақау болып, электронды дауыс беру бір күнге ұзартылды.

Дауыс берудің алғашқы күні-ақ әлеуметтік желіде партияішілік сайлаудың әділетсіз өтіп жатқаны жайлы түрлі пікір мен видео тарады.

Түркістан облысы Қазығұрт ауданының тұрғыны Сардор Исманов Facebook-парақшасында жариялаған видеода алты адам "Нұр-Отан" праймеризін сынайды. Олардың сөзінше, Қазығұрт ауданында дауыс беру басталмас бұрын "бюджет мекемелері басшылары" WhatsApp мессенджері арқылы 22 адамның тізімін таратып, соларға дауыс беруді нұсқаған.

Дауыс беру процесі ортасынан асқанда дәл осы 22 адамның өзгелерден айрықша көп дауыс жинағаны байқалды.

"Дауыс беру процесі ортасынан асқанда дәл осы 22 адамның өзгелерден айрықша көп дауыс жинағанын көріп отырмыз. Әрқайсына мың жарымнан астам дауыс берілсе, тізімде жоқ адамдар небәрі 200-300 ғана дауыс жинады, бұл кездейсоқтық емес. "Нұр-Отан" праймеризі әділ өтеді дегені қайда?" дейді олар.

Қазығұрт ауданында "Нұр-Отан" партиясының праймеризі әділетсіз өтіп жатыр деушілер арасында осы аудандағы Диқан ауылы орта мектебінің мұғалімі Айбек Молдасапар да бар. Биыл тамыз айының ортасында Азаттық тілшісімен сөйлескен ол "Нұр-Отан" партиясына сын көп. Праймеризге қатысып, партияның сөзі мен ісі қаншалық сай келетінін байқап көрейін" деген еді.

Молдасапар тізімдегі 22 адам едәуір көп дауыс жинаған соң үміті үзіле бастағанын айтады.

– Бәлкім үгіт-насихатым кемшін болған шығар, бәлкім басқа себеп болар. Бірақ халық алдында беделді, осы өтеді-ау деген азаматтардың да менімен қатар дауыс алып, 22 адамның маңына да жете алмай қалғаны күмән тудырады, – дейді ол.

Қазығұрт ауданы белсенділерінің наразылығы жайлы видео жариялаған Сардор Исмановтың "22 адамның ерекше көп дауыс алып, өзі секілді бір топ белсендінің аз дауыс жинағанына" аса таңырқамайтыны аңғарылады.

– Айбек Молдасапар екеуміздің белсенділігімізді аудан біледі. Билікті де сынап жүрміз. Осы праймериз кезінде біз сияқты белсенділер көбейіп, он шақты адам болдық, – дейді ол.

Сардор Исмановтың Facebook-парақшасында аудан басшылығымен осы мәселе бойынша кездесуі жайлы видео да бар.

– Аудан әкімі Төлеген Телғараевқа "22 адамның тізімін әкімдік таратып отырғанын" айттық. Мойындамады, дәлел талап етті, – дейді ол.

"Нұр-Отан" партиясының Қазығұрт ауданындағы филиалы төрағасының кеңесшісі Амантай Момынқұлов Азаттыққа аудан басшылығының праймеризге шағынған белсенділермен кездескенін растап, "Нұр-Отан" партиясының Түркістан облыстық инспекторы тексеруге кіріскенін" айтты.

– Кей адамдарға сөгіс жариялануы мүмкін. Тексеріс аяқталған соң хабарлаймыз, – деді ол.

Амантай Момынқұловтың мәліметіне қарағанда, Қазығұрт ауданында "Нұр-Отан" партиясының 5849 мүшесі бар. Оның 60 пайыздан астамы бюджет қызметкері.

Партияішілік сайлау аяқталған күні Сардор Исманов Facebook-тегі видеосын өшіріп, "праймеризде әділдік орнатылды" деген жазбасын жариялады.

Басында өзім түсінбей асығыстық жасап, жалған ақпараттарға сеніп қалдым. Егер менің тарапымнан қателік болған болса кешірім сұраймын.

"Құрметті біздің қолдаушыларымыз, "Нұр-Отан" партиясының бастамасымен өтіп жатқан праймериз әділ өтіп жатыр және біздің айтып жатқан "22 адамның тізімі" жалған ақпарат болып шықты. Басында мен өзім түсінбей асығыстық жасап, жалған ақпараттарға сеніп қалдым. Егер менің тарапымнан қателік болған болса кешірім сұраймын" деді ол Facebook-парақшасында.

Исманов жазба соңында "Нұр-Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен партияның Түркістан облысындағы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевты белгілеген.

"САРЫАҒАШТАҒЫ ПРАЙМЕРИЗ"

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының бір топ тұрғыны Қазығұрттағы жағдайға ұқсас мәселені айтып жазбаша шағым қалдырды. Шағымда "Сарыағаш ауданы әкімдігі мен білім басқармасы праймеризге байланысты мектеп директорлары мен мұғалімдерге қысым жасап отырғаны, кейбірін кандидатурасын қайтарып алуға мәжбүрлегені, праймеризге қатысатындардың бір тобы ерекше тізімде көрсетілгені" жайлы жазылған.

Бірігіп, топ-топ болып тізім жасап алған үміткерлер бар. Олар оны үгіт-насихаттың бір түрі деп жүр.

"Нұр-Отан" партиясының Сарыағаш ауданындағы филиалының төрағасы Құдырет Қыстаубаев екі мектеп директоры праймеризге қатысудан бас тартқанын растады. Бірақ олар қысымға байланысты емес, "денсаулығына байланысты кандидатураларын қайтарып алған" көрінеді.

Құдырет Қыстаубаевтың сөзінше, Сарыағаш ауданында "Нұр-Отан" партиясы мүшелерінің 70 пайызы білім саласында жұмыс істейді. Бірақ оларға "мына адамға дауыс бер" деп ешкім айта алмайды.

– Бірігіп, топ-топ болып тізім жасап алған үміткерлер бар. Олар оны үгіт-насихаттың бір түрі деп жүр. Аудан әкімдігі таратты деп жүргендері сондай тізім болар. Олармен мүмкіндігінше күресіп те жатырмыз, – деді ол.

"Нұр-Отан" мұғалімдерді "дауыс беруге мәжбүрлеп" жатыр ма? (9 қыркүйек 2020 ж.)

"Нұр Отан" мұғалімдерді "дауыс беруге мәжбүрлеп" жатыр ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:14 0:00

"ӘКІМДІК МЕКТЕП МҰҒАЛІМДЕРІНЕ ҚЫСЫМ ЖАСАЙДЫ"

Азаттық тілшісі сөйлескен наразылар "аудан басшылары праймериз кезінде бюджет қызметкерлеріне қысым жасай алады" десе, жауапты мамандар оны жоққа шығарады. Мәселен, Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Қайрат Дүйсенбаевтың сөзінше, "дауыс мобильді қосымшамен онлайн берілетіндіктен, әкімшілік ресурс қолданыла алмайды".

– Мұғалімдер онлайн жұмыс істеп жатыр, мектепке келмейді. Қалаған жерінде, үйінде, қонақта отырып та дауыс бере алады, жанында ешкім тұрмайды, – дейді ол.

Ал Қазығұрт ауданындағы праймеризге қатысып жүрген Диқан орта мектебінің мұғалімі Айбек Молдасапар "тізімдегі адамдарға дауыс беруді бюджет қызметкерлеріне, соның ішінде мектептерге тапсыруы әбден мүмкін" деп санайды. Оның сөзінше, аудан басшылығынан түскен тапсырманы орындаудың әртүрлі жолдары бар.

– Онлайн-дауысты әркім өзі қалаған жерде бере алатыны рас. Бірақ мектеп басшылығы, әкімдіктер өздері қалағандай өткізуіне болады. Мысалы, түнгі сағат он екі жарым, бірге дейін әкімшілікте он шақты адам отырып, мұғалімдердің ЖСН-ін пайдаланғаны жайлы ақпараттар естідім, – дейді ол.

Әкімдер партияға төраға болатын жерде дауыс беру әділ өтпейді. Дауыс беретін адамдар партиядан сескенбесе де, әкімнен сескенеді.

"Нұр-Отан" партиясының праймеризі жайлы түрлі видеоларды желідегі парақшасына жариялап, мониторинг жасап отырмын деген Қазақстан президенті жанындағы Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек "мектеп директорлары немесе әкімдік мұғалімдерді жеке шақырып, көз алдында дауыс бергізе алады, мұғалімдер ол туралы ашық айтуға сескенеді" деп есептейді.

– Әкімдер партияға төраға болатын жерде дауыс беру әділ өтпейді. Дауыс беретін адамдар партиядан сескенбесе де, әкімнен сескенеді. Әкім қалай айтса, солай болады. Мұғалімдер жұмысынан айырылып қалмас үшін директордың айтқанын орындайды, – дейді ол.

Әлеуметтік желіге шығып, праймериз айналасындағы құқықбұзушылыққа шағынғандардың бірі – Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Ембі қаласында №2 орта мектеп директоры Райымбек Мұсағали. 12 жылдан бері мектеп басқарып келемін деген директор білім мекемесінде әкімшілік ресурстың қолданылатынын растап отыр.

Әкімдікте бюджетке тәуелді, жартылай тәуелді мекеме басшыларымен WhatsApp-чаттар бар. Сол чаттар арқылы тездетіп дауыс беру жөнінде тапсырма береді.

– Қалалық әкімдікте бюджетке тәуелді, жартылай тәуелді мекеме басшыларымен WhatsApp-чаттары бар. Сол чаттар арқылы тездетіп дауыс беру жөнінде тапсырма береді. Директорлар түнгі сағат он екіде де мұғалімдердің қанша адам дауыс беріп жатқанын айтып отыр, – деді ол Азаттыққа.

Бұрын "аудан әкімдігі мектептерден ақша жинады" деп сотқа арызданып, дәлелдей алмадым" деген Райымбек Мұсағали өзіне де әкімдіктен тапсырма берілетінін, бірақ әкімдік қырына ілінгендіктен нақты тізім бойынша дауыс беру жөнінде нұсқау алмағанын айтады. "Бірақ біз шамамен праймеризден кімнің өтетінін топшылап отырмыз" дейді ол.

"Нұр-Отан" партиясының праймеризіне наразы адамдар Нұр-Сұлтан қаласында да байқалған. Қаланың бірнеше тұрғыны 2 қазанда партия филиалына барып шағымданған.

Соның бірі – мүгедек балалар проблемасын жиі көтеріп жүрген белсенді Ботагөз Сұлтанова. Ол 1 қазанда праймериз сайтының кідіріп қалғанына қарамастан кейбір кандидаттардың өте көп дауыс алғанына таңырқайды.

Ботагөз Сұлтановамен бірге барған белсенділермен "Нұр-Отан" партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ерлан Қаналимов кездесіп, жауап беруге уәде берді.

"Нұр-Отан" партиясы парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттарға депутат болуға лайықтыларды таңдайтын ішкі іріктеуі – праймеризді биыл 17 тамызда бастаған. Бұл науқанды "бедел көтеру үшін жасалған көзбояушылық" деп санайтындар да, "партиядағы жақсы өзгерістің нышаны" дейтіндер де бар.

"Нұр-Отан" партиясы өкілдерінің айтуынша, праймеризден көп дауыс алғандар кадрлық резервке өтеді, бірден депутат тізіміне қосылмайды.

Праймеризден кейін "Нұр-Отанның" ішкі жиынында үміткерлердің кәсіби біліктілігі тағы да тексеріледі.

"Нұр-Отан" партиясы 1999 жылы мерзімінен бұрын өткен президент сайлауынан кейін кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау штабының негізінде құрылған. Өзін халықтық, демократиялық партия ретінде дәріптейді. Алғашында "Отан" партиясы деп аталған ол 2006 жылы Назарбаев есімінің алғашқы буынын қосып, атауын "Нұр Отан" деп өзгертті.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарып, 2019 жылы 19 наурызда республика президенттігінен кеткен 80 жастағы Назарбаев елдегі барлық деңгейдегі өкілдік органдарда басым көпшілік орынды иеленген партияның төрағасы қызметін атқарып отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, сенат пен мәжіліс төрағалары, үкімет мүшелерінің басым көпшілігі және жергілікті әкімдерінің барлығы дерлік – "Нұр-Отан" партиясының мүшесі. Халықаралық сарапшылар "Нұр-Отанды" сайлау кезінде әкімшілік ресурстарды пайдаланады деп сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG