"МЕНІ ҚҰТҚАРШЫ, АМАН АЛЫП ҚАЛШЫ!"
Нұрбақыт Серікова, дәрігер-невролог, Ақтөбе медицина орталығындағы инсульт орталығының меңгерушісі:
- Бастапқыда ауруханада 14 күннен қонып жүрдік. Науқастар үсті-үстіне толассыз келіп жатты. Таңның қалай атып, кештің қалай батқанын, қай күн, сағат неше екенін білмейтінбіз. Бір-екі сағаттан ғана ұйықтап жүрдік. Адам қатты стресс кезінде ұйқыны да ұмытады екен.Ұйқың келеді, бірақ көзіңді жұмған сәтте хал үстіндегі науқас саған қарап тұрғандай болады.
Бұл – өте жауыз вирус. Ағзаға түскеннен кейін шығып болмайды. Енді тәуір болып келе жатыр дегенде қайта бас көтереді. Адамның психологиясына кері әсер етеді. Covid қоздыратын пневмонияға шалдыққандарда қорқыныш сезімі басым болады. Жанарынан үрей көресің. Кірпігін қақпастан саған қарап: "Мені құтқаршы, аман алып қалшы!" дейді. Өңменіңнен өтіп кететін ондай жанарды бірінші рет осы жерде көрдім. Бұл дертке шалдыққандар ұйықтамайды. "Ұйықтайын десем, біреу қылғындыратын секілді" деп үрейленеді. Қаны қоюланады.
Бұл жай ғана пневмония емес, бүкіл ағзаның ауруы. Бүйрек, бауыр – бәрі зардап шегеді.
Пневмония – аурудың жалпы атауы. Бірақ бұл жай ғана пневмония емес, бүкіл ағзаның ауруы. Бүйрек, бауыр – бәрі зардап шегеді. Қант диабетімен ауыратын, бұрын инсульт алған адам болса, науқасты алақанға салғандай күтеміз. Көп нәрсе адамның өзіне де байланысты. Кей адамдар бірден үрейге бой алдырады.
Ал енді біреулер көңіліне мүлде күдік кіргізбейді. Бізде бір науқас жатты. Жасы біразға келген әйел адам. Жағдайда өте ауыр еді. Өмірлік көрсеткіштері, демалысы, сатурациясы – бәрі нашар болатын. Сол кісі ояна сала ерін бояйтын далабын іздейтін. Ентігіп дем жетпей жатса да, ернін қып-қызыл етіп бояп алатын. "Үйдегілер келіп, не телефон шалып қалса әдемі болуым керек" дейтін. Сол апай тап сол әдемі қалпымен аурудың ырқына көнбеді. Ақыры жеңіп шықты.
Вирус науқастың бойындағы өзге ауруларын қоздырып, соның салдарынан ажал шеңгелінен құтылмағандар да өте көп болды. Қазақстанның батысына танымал невропатолог Дон Қожағұлов көз алдымда қайтыс болды. Студент кезімнен мені "Сен невропатолог боласың" деп баулыған ұстазым еді. Тап сол кісінің өлімі туралы анықтама толтырамын деп ойлаппын ба? Әкеңдей болған адамның қазасын көру қиын екен. Ол кісі шәкірттеріне бойындағы бар білімін беріп кетті. Өлді деуге де қимайсың. Ақырғы сәтке дейін жанымызда болды. Бұрын мінезім қатты деп ойлаушы едім, ұстазым есіме түссе, көз жасым тыйылмайды. Біраз жоспарымыз бар еді...
Бастапқыда қорғаныш костюміне қарамастан бәріміз ауырдық. Қызуым бар деп айтуға ұялдым. Денең қызып тұрып, үстіңе ПЧК (обадан қорғанатын киім – ред.) кию тіпті қиын. Көмегіңе мұқтаж адамдарды көріп, "шыдайыншы, сәл шыдайыншы" деп өз-өзіңді қайрайсың. "Үш күннен кейін адам көрге де үйренеді" деген рас екен. Үйрендік.
Қасымдағы мейіргерлерге, кіші қызметкерлерге осалдығымды көрсетпейін дейсің. Мен әлсіз болсам, олар морт сынып кетер деп уайымдасың. "Сәл ғана шыдасақ, вирусты жеңеміз" деп бір-бірімізді қайрап келе жатқанымызға міне, төртінші айға кетті.
Сәл ғана шыдасақ, вирусты жеңеміз" деп бір-бірімізді қайрап келе жатқанымызға төртінші айға кетті.
Біреулер "тегін жүрген жоқ, өтемақы алады" дейтін болар. Мәселе ақшада емес. Күн сайын өлім мен өмірдің арпалысын көріп, жақындарыңды жоғалтқанша оны алмай-ақ қойғанымыз жақсы. Бұрынғы жалақыдан жалақыға дейінгі өміріме ештеңе де жетпейді. Отбасыммен алаңсыз отырып, таңғы шайымды ішкім келеді.
Қазір жасым 29-да. Ата-анам үшін әлі де баламын. Бірақ пандемия мені де есейтіп жіберді. Мінезімнің сабырлы екенін білдім. Тез қимылдайтын, эмоцияға берілгіш адам шығармын десем, өте шыдамды екенмін. Мүмкін дәрігердің қызы болғасын шығар, әлде ұстаздарымның мықтылығы ма? Патриот екенмін. Мұндай жанкештілікті өзімнен күткен жоқпын.
"БАҚЫТ ДЕГЕН ТЫМ ҚАРАПАЙЫМ НӘРСЕЛЕРДЕН ТҰРАТЫНЫН ҰҚТЫМ"
Мейрамгүл Аманқұлова, Ақтөбе медицина орталығының мейіргері:
Қазір жұмыс бір жүйеге түсіп қалды. Науқас саны да сәл азайғандай. Әрине, қиын кездер болды. Бір мезгілде бірнеше адамның халі нашарлап жатады. Ауысымнан шыққан кезде қасымыздағы қыздарға көмек керек болады. Тастап кете алмайсың.
Қанша жерден қиналсам да "жұмыстан кетемін" деген ой басыма келмепті. Бізден ем, көмек сұрап келгендерді көзің қиып қалай тастап кетесің? Ешкім мәжбүрлеген жоқ, бұл мамандықты өзіміз таңдадық емес пе?
Әріптестеріме өте ризамын. Бір де біреуі "шаршадым" демеді. Ауырып жүрсе де жұмысын адал атқарды. Кезекшіліктен шығып, "менің сағатым бітті, демалуым керек" деп кетіп қалған ешкім жоқ. Күніне он бес - жиырма науқас түсіп жатты. Жағдайы ауыр науқастар өте көп болды. Езіліп, егіліп отыратын уақытымыз болған жоқ. "Қиындықтың бәрін жеңіп шығамыз" деп тырыстық.
Бұрын пневмониямен реанимацияға түсетіндер сирек болатын. Бірер жыл бұрын өзім де пневмониямен ауырғанмын. Тұмау асқынып кетіп, екі өкпем қабынған еді. Азғантай антибиотик алып, жылдам емделіп шыққанмын. Бұл жолғы пневмонияның жөні бөлек боп тұр.
Пенде болған соң денің сау кезде "мынаны алғым келеді", "осылай істегім келеді" деп ылғи бірнәрсеге талпынып жүресің. Бірақ денсаулығың болмаса, бәрі де жайына қалады екен. Ең басты нәрсе – денсаулығың, отбасыңның бүтіндігі. Өз басым пандемияның "арқасында" бақыт деген тым қарапайым нәрселерден тұратынын ұқтым.
"АРМАНЫМЫЗ – НАУҚАСТЫ АЯҒЫНА ТҰРҒЫЗУ"
Мейрамгүл Отарбаева, Ақтөбе медицина орталығының мейіргері:
Биыл мейірбике болып жұмыс істегеніме 28 жыл болады. Мұндай жағдайға бірінші рет тап болдым. Үйдің бетін көрмей жұмыс істеген күндеріміз көп. Отбасымның амандығын телефонмен ғана біліп отырдым. Үш балам бар. Үлкенім 24-те, ортаншым 16-да, кенжем 13 жаста. Естияр болса да балалар мені, мен оларды сағынып, қиналып қалдық. Балаларыма үйде жоқтығымды білдірмеген жұбайыма ризамын.
Ауруханаға сырттан тамақ тасып еріктілер де көп көмектесті. Бәріне де алғысымыз шексіз. Жұмыс жүйеге түсе бастаған соң желіні ашып қарасам, сауығып шыққандар адамдар алғыс айтып жазып жатыр екен.Төбем көкке жете қуанып қалдым.
Қай дәрігердің де, медбикенің де арманы – науқасты аяғына тұрғызып жіберу.
Бала кезімнен өлімді көріп өстім. Анамнан жеті жасымда айырылған екенмін. Кейін әкем де о дүниелік болды. Өлімнен қорықпаймын. Бүгін болмаса ертең басымызға келетін нәрсе. Бірақ адам отбасы үшін, балалары үшін ұзағырақ өмір сүргісі келеді емес пе?
Алдымызға келетін әр науқастың отбасы, туыс-жақыны бар. Соны ойлап, тезірек сауығып кетсе екен деп тілейсің. Қай дәрігердің де, медбикенің де арманы – науқасты аяғына тұрғызып жіберу.
"ӘРІПТЕСТЕРІМІЗ КӨЗ АЛДЫМЫЗДА КЕТІП ЖАТТЫ"
Светлана Ағзамова, Ақтөбе медицина орталығындағы медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі директор:
Мамыр айының орта шенінде Қазақстанда карантинді босаңсытты. Содан кейін-ақ ауру өрши бастады. Біздің орталықтағы 40 орын аздық ете бастады. Ауруын асқынтып алғандар көп болды. Адамдар ішке кіргізген бойда жан тапсырып жатты.
Сол кезде бөлімшеге таңертеңгі сағат 8-де кіріп, түнгі 12-де шығып жүрдік. Өйткені науқастар толассыз келіп жатты. Жедел жәрдемнен бөлек, өз аяғымен келгендер болды. Қабылдау бөлімінде мүлдем орын болмайтын. 7/24 режимінде жұмыс істедік.
Ішкі жан-дүниең мың жерден мықты болса да көз алдыңда адамдар кетіп жатқанда сенде де үрей болады. Қорыққаннан, жұмыстан қашқың келгеннен емес. "Неге мен оған көмектесе алмадым?" деп налисың. Жүйкең қажалады, ұйқың бұзылады. Кейде екі сағат ұйықтағанның өзінде көз алдыңа қиналған кісілер келіп тұрғандай болады.
Көз алдымызда әріптестеріміз де жан тапсырып кетіп жатты. Ондайда сағың сынып, өзіңді дәрменсіз сезінесің. О дүниелік болған дәрігерлердің бәрі халыққа қызмет етеміз деп жүріп ауруын асқындырып алғандар. Шындыққа келгенде, өзімізге қарамаймыз. Бірінші кезекте науқастарға көмектессек деп жүгіреміз. Дәрігер де адам. Таңертеңнен кешке дейін жүгіре бергесін иммунитеті әлсірейді. Алдымызда не күтіп тұрғанын ешкім де білмейді. Қорқасың, әрине. Бірақ қорыққанда не істеймін? Менің міндетім – науқасқа көмек беру. Солай деп Гиппократ сертін бергем.
Пандемия саябырсыды дей алмаймын. Кішкене басылса, басылған да шығар. Байқауымша, той-садақаның да азаятын түрі жоқ. Дастархан басына бір адам дене қызуымен келсе, вирусты 50-60 адамға жұқтырып кетеді. Жанындағылар қант диабетімен, бүйрек, жүрек-қан тамыры дертімен ауыратын адам болса, олардың иммунитеті әлсіз, сондықтан ауруды тез жұқтырып алады.
Иә, бастапқыдай емес, қазір ауруханалардағы жұмыс жүйеге түсіп қалды. Дәрі бар, оттегі жеткілікті. Бірақ біз көмектесе алмай қалуымыз мүмкін ғой. Ауру айтып келмейді. Үйде симптомсыз басталып, аяқ астынан өршіп кетуі мүмкін. Сондықтан халық аурудан сақтануға салғырт, бей-жай қарамаса екен.
Дәрігер болып істеп жүргеніме 15 жыл болыпты. Биыл бірінші рет мерекеміз атаусыз қалды. Мынадай топалаң кезінде қайдағы тойлау, қайдағы мереке? Амандық болса, әлі де талай тойлармыз.
Дәл қазір дәрігер ауырса да жатып емделе алмайтын кезең.
Бұл вирус адам талғамайды. Жасқа да, кәріге де, әйелге де, ер адамға да жұғады. Мен де жұмыста жүріп, пневмония жұқтырып алдым. Осында жүріп емделдік, жұмыс істедік. Халық күтпейді ғой. Маман болғасын науқастарға қайткенде де көмек беруің керек. Қызу түспей, жөтеліп жүріп те қызмет еткен күндеріміз болды. Дәл қазір дәрігер ауырса да жатып емделе алмайтын кезең. Осындай қиын сәтте бізге қатты қолдау танытқан еріктілерге, қарапайым қала тұрғындарына ұжым атынан алғысым шексіз. Қиын кездегі кішкентай қолдау жүрегіңе жылу, бойыңа күш-қуат береді. Ешкім ауырмасын!
ПІКІРЛЕР