Accessibility links

"Дарақы тойдың заманы өтті". Коронавирус қазақтың әдет-ғұрпына әсер ете ме?


Коронавирус карантині кезінде саябақта отырған адамдар. Алматы, 27 сәуір 2020 жыл.
Коронавирус карантині кезінде саябақта отырған адамдар. Алматы, 27 сәуір 2020 жыл.

Қазақстанда COVID-19 індеті үдеп кеткен соң билік 14 күндік карантин шектеуін енгізді. Бұған дейін екі айға жуық жалғасқан төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін елде коронавирус жұқтырғандар еселене көбейген. Кей азамат той-томалақ, аза тұту сияқты көп адам жиналатын дәстүрлі әдеттен бас тартуға шақырады. Оны қолдайтындар да, қарсы пікір айтып жатқандар да бар. Азаттық қазіргі біршама әдет-ғұрыпты өзгертуді ұсынып жүрген қоғам белсендісі, журналист Марат Тоқашбаевпен осы жайлы сұхбаттасты.

Қазақстанда кейінгі бірнеше аптадан бері күн сайын орташа есеппен 1500 адамнан вирус анықталады. Елде коронавирус белгісі анықталмаған, өкпе қабынуы деген диагноз қойылған науқастар да күрт көбейіп жатыр. Ауру салдарынан қайтыс болғандар да көп.

Індеттің өршуі Қазақстан үкіметін 5 шілдеден бастап екі аптаға қатаң карантин жариялауға мәжбүр етті. Билік жағдай тұрақталмаса шектеу шарасы жалғасуы мүмкін екенін айтады.

Жағдайдың бұлайша өрбуін екі айға жуық жалғасқан төтенше жағдай аяқталып, карантин босаңсағаннан кейін жұрттың жүріс-тұрысы көбейіп, аза тұту, той жасау сияқты салт-дәстүрдің қайта жалғасқанымен байланыстыратындар да бар. Қоғам белсендісі, журналист Марат Тоқашбаевтың бұл мәселеде пікірі мынадай:

Азаттық: Жұқпалы дерт жайлап бара жатқаны жайлы жиі айтылып жатыр, сіз не байқадыңыз?

Марат Тоқашбаев: Індеттің екпіні қатты алаңдатып отыр. Меніңше, карантин енгізіп, төтенше жағдай жариялайтын кез енді келген сияқты. Бірақ әзірге мемлекет ондай қадамға барған жоқ. Ішінара шектеулер нәтиже бермей жатыр. Қазір әр аудан, әрбір ауыл, әркім өз проблемасымен өзі бетпе бет қалды. Енді әр адам өзі мен отбасын сақтауға әрекет жасауы тиіс. Оқшаулану режимін ұстанып, көпшілік ортаға бармай, барса да сақтық шарасын жасап, дәрі-дәрмек, азық-түлікке ғана шығуы керек. Осындай жағдайда тағы да бір қызық құбылысты көріп отырмыз. COVID-19 бен пневмонияның екеуі екі түрлі дегенменен симптомы қатты ұқсайды. Оған түсініксіз тұмау қосылды. Пневмониядан өлгендер көбейді.

Елде тағы карантин. Вице-премьер вирустың өршуіне "тығылып той жасаған" жұртты айыптады

Елде тағы карантин. Вице-премьер вирустың өршуіне "тығылып той жасаған" жұртты айыптады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:55 0:00

Екі-үш аптадан бері нақты диагнозы жоқ аурумен ауырып жатқандар артты. Қазақстанның көп өңірі ауыр жағдайда қалды. Сонда да қаннен қаперсіз жүргендер жеткілікті. Әрине, халық екі ай карантин кезінде бұрынғы әдет-ғұрып, салт-дәстүрден түбегейлі қол үзіп кеткен жоқ, дегенмен қазір халықтың өзі бетпе-бет қалған кезде жұрттың өзі де жауапкершілікпен қарай бастағандай. Өзін өзі қорғау инстинкті қосылады мұндайда.

Азаттық: Көңіл айту, аза тұту рәсімдерінде өзгеріс бар ма?

Марат Тоқашбаев: Қаралы үйге көңіл айту – қазақтың байырғы салтының бірі. Оның бірден өзгере қоюы өте қиын. Алайда "Ой, бауырымдап!" көрісу дәстүрін індет жағдайында тоқтата тұру қажеттігі көрінді.

Гигиена талаптарына байланысты қол алысу, көрісу, қонаққа шақыру, қыз алысу, той жасау, құда күту секілді халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүр ережелеріне белгілі бір дәрежеде шектеулер қойылып жатыр. Қазір көп адам қол беріп амандаспайды. Шынтақ қағысып, жұдырық түйістіріп, бас изеп, қолын кеудесіне қою секілді амандасудың да түр-түрін білгенінше қолдана бастады. Бұл уақытша жағдай болғанымен кейбірі, мәселен көпшілікке қолды кеудеге қойып амандасу дәстүрі айтарлықтай орнығып қалуы мүмкін.

Азаттық: Қазағы қалың Түркістан өңірінде көңіл айту дәстүрі өзгермеді, әлі күнге құшақтап көрісіп жатыр деген пікірлер естіледі. Әсіресе, үлкен кісілер, қариялар қаралы үйге көңіл айтудан қалмауға тырысады.

Марат Тоқашбаев: Әрине топырақты өлімнен қалмайтын халқымызға көңіл айтпай үйде отыру оңай емес. Бұрынғыша жаназасына қатысып, топырақ салғысы келеді. Бірақ қазіргі жағдай оны көтермейді. Сол жерге коронавирус жұқтырған бір адам барса қаншама адамға жұқтырып кетеді. Сондықтан, амал жоқ, көну керек.

Өз басым жақын туыстарыма берілген асқа бара алмадым. Вирусқа қарамастан бара беруге болар еді, бірақ өзіңді өзің шектеу арқылы өзіңді ғана емес айналаңды да қорғайтыныңды ұмытпаған жөн. Бұл әр адамның моральдық жауапкершілігі.

"Өлім көбейді". Мәйітхана алдында кезек көп, дәріханада дәрі жоқ (30 маусым 2020 ж.)

"Өлім көбейді". Мәйітхана алдында кезек көп, дәріханада дәрі жоқ
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:06 0:00


Азаттық: Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында қаралы үйге көңіл айтатындар бұрынғыдай көріспейді екен. Көңіл айтуға келгендер мен қаралы үй адамдарының арасында қашықтық сақтап, лента тартып қояды. Көңіл айтуға келгендер тез шығып, қаралы үйдің маңында көп тұрғызбайтын көрінеді.

Марат Тоқашбаев: Құптайтын шара. Мұны қаралы үйдің адамдары да, көңіл айтушылар да дұрыс түсінуі керек. Қазақстанның басқа да өңірлерінде осыған ұқсас шара қолданылып жатыр. Бұрынғыдай мейрамханада ас бере алмаған соң үйде, есік алдында өткізіп жатыр. Осының өзінде сақтық шарасын жасау керек. Адамдарды барынша аз шақырған жөн. Жақында досымның баласы қайтыс болды. Сонда есік алдына дезинфекция құралдарын қойды. Сол жерде дезинфекцияланып, құшақтап көріспей, алыстан көңіл айтып шығып кетіп жатты. Індет мәңгілік емес, коронавирус кезінде мәжбүрліктен туып отырған жағдай. Коронвирус тоқтаса қалпына келеді.

Азаттық: Той форматын өзгерту керек деп бастама көтеріп жүргеніңізге бірнеше жыл болды. Коронавирус індеті тойды қалай өзгертті?

Марат Тоқашбаев: Карантин кезінде тоқтап қалған той карантин аяталысымен іле-шала қайта жандана бастады. Бірақ бұрынғыдай сырнайлатып, кернейлетіп өткізіп жатқан жоқ. Соңғы апталарда есік алдына жасырын өткізіп жүргендер де, жақын туыстар арасында ғана үйде өткізіп жүргендер де бар.

Бізде қалыптасқан той форматы қазақ халқының өз салт-дәстүрінің форматы емес. Ашаршылық пен совет-герман соғысынан кейінгі жоқшылықты көп көрген халық той жасауды 1965-70 жылдары бастады. Мен сол заманда ең алғашқы асабалардың бірі болған едім.

"Той халықтың қанына сіңіп кеткен, өмірін тоймен бағалайды" (15 маусым 2020 ж.)

"Той халықтың қанына сіңіп кеткен, өмірін тоймен бағалайды"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:31 0:00

Ашаршылық пен жоқшылықтан шыққан халық дастарханды тағаммен толтыруды әдетке айналдырғанын көрдім. Өз басым мұны "ашаршылық синдромы" деп атаймын. "Ашаршылық синдромы" қазақтың тойы тұрмақ, өлім-жітіміндегі асқа да жетті. Дастарқанды майыстырып жасау артық ысырапты көбейтті. Тойға шақырған уақытта келмеу дәстүрге айналды. Қияста жоқ нәрселерді жасап атын шығарғысы келетіндер пайда болды. Беташарды үйде жасап, онан соң үлкен тойда тағы бір жасайтын деңгейге жетіп қалдық. Кейде осындай тойлардан қазақтың өзі жалыққандай көрінеді.

Бұл індет таяуда тоқтай қоятынға ұқсамайды. Ұзаққа созылатын болса, той мәдениетіміз белгілі бір өзгеріске ұшырайтыны анық. Бұрынғыдай 500 адам емес, 100 адам не одан да аз адаммен той жасауға болатынын түсінетін шығармыз. Дарақы тойдың заманы өтті.

Азаттық: Әдет-ғұрып, салт-дәстүрді халықтың өзі өзгертуі керек пе, әлде оған билік араласуы керек пе?

Марат Тоқашбаев: Халықтың өзі саналы түре сондай қадамдарға баруы керек. Бұған дейінгі көп даңғазасыз да өмір сүруге болатыны індет кезінде белгілі болды деп ойлаймын. Егер халық өз бетімен, саналы түрде кейбір әдет-ғұрыптан індет кезінде тартына тұрмаса онда биліктің араласып, шектеу енгізгені дұрыс. Қалай болғанда бұл індеттен кейін әдет-ғұрпымызда айтарлықтай өзгерістер пайда болады деп ойлаймын.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG