Accessibility links

Жемқорлықтан шаршаған кәсіпкерлер биліктен көмек сұрайды


Қарағанды облыстық кәсіпкерлерді қорғау кеңесінің отырысы. Қарағанды, 25 қазан 2018 жыл
Қарағанды облыстық кәсіпкерлерді қорғау кеңесінің отырысы. Қарағанды, 25 қазан 2018 жыл

Қарағанды облысында кәсіпкерлер мемлекеттік мекемелер тарапынан жасалған қысым, толассыз тексеріс пен жемқорлыққа шағымданған соң билік бұл мәселені шешуге уәде берді. Аймақта жемқорлық рейтингі де түзіледі.

ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚ ПЕН ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ШАҒЫМДАНУ

Жезқазғандық кәсіпкер Владимир Егоровтың жүгін ұрлап кеткен соң полицияға шағымданған. Кәсіпкер тергеудің тым созылып кеткенін айтады. Егоровтың тергеушілер жұмысына шағымданғанына да бір айдан асты.

Ол тергеушілерге күдіктілердің де аты-жөнін айтқан. Бірақ істі қараушылар басында номенклатуралық іске сілтеп, кейін сотқа дейінгі тергеуді бір бастап, бір тоқтатқан. Кәсіпкер істің созылып кеткенін жемқорлықтан көреді. Сондықтан тиісті органдар істің анық-қанығын тексергенін қалайды. Бұған дейін прокуратура процессуалды шешім қабылдау үшін кәсіпкердің шағымын Жезқазғанға жіберу керектігін айтқан еді.

- Қарағанды облыстық прокуратурада өткен кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің отырысынан соң ештеңе өзгермеді. Істі Қарағандыдан Жезқазғанға бұрды, кейін тағы тынышталып қалды. Аяқ астынан бір ғажайып іс болып қалар деп үміттеніп жүрмін, - деді Азаттық тілшісімен сөйлескен Владимир Егоров.

Жезқазқандық кәсіпкер Владимир Егоров (оң жағында). Қарағанды, қазан айы 2018 жыл
Жезқазқандық кәсіпкер Владимир Егоров (оң жағында). Қарағанды, қазан айы 2018 жыл

Қарағанды облысында "Автогаз Трейд" компаниясы салған жанармай құю станциясын тексерген мемлекеттік архитектуралық-құрылыс бақылау басқармасының қызметкері "құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде ережелер сақталмаған" деп, нысанды бұзуға бұйрық берген. Біраз уақыттан соң демонтаж жасалғанын не жасалмағанын анықтау үшін жоспардан тыс тексеріс жүргізген.

– "Автогаз Трейд" басшылығы тексеріс болатыны туралы ешқандай құжат алмаған. Оған қоса, тексеру жұмыстары тексерілетін субъектінің қатысуынсыз өткен. Біздің заңгерлер Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне шағымданып, кәсіпкерлік кодекс талаптары дөрекі бұзылғанын көрсетті. Мамандардың іс-әрекеті заңсыз екені анықталды, - деп мәлімдеді Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы.

Құқықтық статистика жөніндегі комитет басқармасының жауабында "архитектуралық-құрылыс бақылау басқармасының бас маманына лауазымдық міндетін дұрыс атқармағаны үшін әкімшілік іс қозғалып, сотқа жіберілді»" делінген.

ПАРА МӨЛШЕРІ ҚАНША?

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы "Сыбайлас жемқорлық туралы кәсіпкер пікірі" атты құпия сауалнама жүргізіп, "параның орташа мөлшері 10 мыңнан 61 мың теңгеге дейін құбылатынын анықтаған". Жауап бергендер арасында "бір миллион теңге бергендер" де бар. Сауалнамаға мың жарым кәсіпкер қатысқан. Олардың жартысынан көбі жемқорлықпен бетпе-бет келген. Сауалнама қорытындысы бойынша, жемқорлық фактісі Шахтинск қаласы және Бұқар жырау ауданында көп кездеседі. Қаражал мен Сәтпаев ауданында "пара беру аз".

Кәсіпкерлер құқығын қорғау және жемқорлыққа қарсы тұру туралы кеңестің кезекті отырысында айтылғандай, шенеуніктер құжат пен жобаларды мемлекеттік мекемелерде тездетіп қарау үшін пара алады.

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Респонденттердің 42 пайызы "бизнесте жемқорлық жиі кездеседі" десе, 21 пайызы "пара беру – салық сияқты қашып құтыла алмайтын құбылыс" деп санайды.

Кәсіпкерлердің пікірінше, Қарағанды облысында полиция мен мемлекеттік кіріс органдары пара көп алады. Екінші орында мемлекеттік сатып алу саласы мен жерге қатысты мекемелер, үшінші орында архитектура мен құрылыс, жер инспекциясы, ауыл шаруашылығы, еңбек жөніндегі инспекция тұр. Кәсіпкерлік бөлімдер мен жер қойнауын пайдалану саласында сыбайлас жемқорлық фактілері аз кездеседі.

- Кәсіпкерлердің 14 пайызы "жемқорлық көмектеседі" деп санайды. Әсіресе жеке кәсіпкерлер солай ойлайды, соған алаңдаймыз. Жауап бергендердің 13,8 пайызы ғана жемқорлық дерегі туралы мәлімдеуге дайын, байланыс дерегін қалдырды. Кәсіпкерлер әлденеден сескенетін сияқты, - дейді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының әкімшілік кедергілерді азайту және кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі бөлім басшысы Азамат Даненбаев.

Қараша айының соңында кәсіпкерлер тағы да қысым туралы айтып, оны "бизнеске шабуыл" деп атады. Кәсіпкерлер құқығын қорғау жиынында мемлекеттік мекемелер тарапынан жиі тексеру мәселесі қозғалды. 2018 жылдың 10 айында бақылау және қадағалау мекемелері бизнесті 7844 рет тексерген. Тексерістің көбі жоспардан тыс болған.

БИЛІК ЖЕМҚОРЛЫҚ ДЕРЕГІ ТУРАЛЫ МӘЛІМДЕУДІ СҰРАЙДЫ

Қарағанды облысындағы сыбайлас жемқорлық рейтингі жарияланған соң жергілікті билік пара беруге мәжбүр болған кәсіпкерлерді ашықтыққа шақырды.

- Кәсіпкерлердің 27 пайызы жемқорлыққа өздері бастамашы болған. Бұл да аз емес. Олардың үстінен де қылмыстық іс қозғауға болатын еді. Бұл мәселеде бизнес, мемлекеттік мекемелер мен күштік құрылымдар бірге жұмыс істеуі керек. "Бір терезеден қызмет көрсетеміз, жемқорлықтан құтылу үшін электронды қызметке өтеміз" дейміз. Сыбайлас жемқорлық немесе қудалауға ұшыраған кез келген кәсіпкер келе алады. Бәрін ашық айту керек, - дейді Қарағанды облысы әкімі Ерлан Қошановтың сөзіне сілтеме жасаған әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қарағанды облыстық кәсіпкерлерді қорғау және жемқорлықпен күрес кеңесінің отырысы. Қарағанды, қазан айы 2018 жыл
Қарағанды облыстық кәсіпкерлерді қорғау және жемқорлықпен күрес кеңесінің отырысы. Қарағанды, қазан айы 2018 жыл

Жиында түйткілді мәселелерді талқылаған соң Қарағанды облысы прокуратурасы бизнесті қудалау мен қысымнан қорғау үшін арнайы шаралары әзірленгенін мәлімдеді.

– Әрине, заңсыз әрекеттерге қарсы шағымданатындар бар. Қателік кеткен тұстары болса, айтыңыздар, бірлесіп шешейік, - деді Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің отырысында Қарағанды облысының прокуроры Марат Сексембаев.

Ресми деректер бойынша, қазір Қарағанды облысында 84 мың бизнес субъектісі бар.

Сыбайлас жемқорлық рейтингі мен кәсіпкерлердің шағымы Қарағандыда біраз шу тудырды. Бұдан соң Қарағандыда билік өкілдері мен кәсіпкерлер арасында бірнеше рет кездесу өтті. Әкімдік "Жемқорлықтан таза аймақ" атты жоба жүзеге асатынын мәлімдеді. Билік "осы жоба арқылы жемқорлық деңгейін азайтып, мемлекеттік мекемелердің қызметін жақсартамыз" деп сенеді.

Қарашаның соңында Қарағандыда болған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев "агенттік жүзеге асырып жатқан шаралар Қарағанды облысындағы жемқорлықты азайтып, мемлекеттік қызмет көрсету жұмыстарын жандандырады" деп мәлімдеді.

Кәсіпкерлер де жемқорлық азайып, жұмыс жақсарады деп үміттенеді. Бұған дейін елдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі парламентке "жұмысшылары жемқорлық ісі бойынша ұсталған мекемелердің басшылары да жауапқа тартылатындай етейік" деген ұсыныс жасаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG