Шымкент қаласының тумасы Әділет Балабеков 2016-2019 жылдар аралығында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетеу мемлекеттік университетіне "Серпін" бағдарламасы арқылы оқуға түсіп, "тағамтану өнеркәсібі" мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Қазір Шымкентте жұмыссыз жүрген ол оқуға 77 балмен (орыс тілінен жинаған балын қоспағанда – ред.) түскенін айтады.
Қолымызға дипломды ұстатты да, "қайда барсаңдар, онда барыңдар" дегендей қылып жібере салды.
- Пайдасы – төмен балл жинап қалған жағдайда өз қалаған мамандығыңызға түсуге мүмкіндік береді. Ал пайдасыздығы – сізге мемлекет тарапынан қаражат бөліп оқытады да, бітіргеннен кейін ескерусіз қаласыз. Мысалы, біз төрт жыл оқыдық. Бітіргеннен кейін бізге ешқандай таңдау болмады. Тым болмағанда "Осында қаласыңдар ма?" деп сұраған да адам болмады. Қолымызға дипломды ұстатты да, "қайда барсаңдар, онда барыңдар" дегендей қылып жібере салды, - дейді Әділет Балабеков.
Әділеттің айтуынша, бағдарлама бойынша оқуға түскендердің біраз бөлігі өз облыстарына кетіп қалады.
"90 ПАЙЫЗДАЙЫ ҚАЙТЫП КЕТТІ"
"Серпін" бағдарламасы арқылы оқыған соң туған жеріне қайтып барып, жұмыс істеп жүргендердің тағы бірі – Дархан Құсайын. Ол да 2019 жылы Көкшетау мемлекеттік университетін "Есептеу технологиясы" бойынша бітіріп шыққан.
- Маған [Көкшетаудан] жұмыс табылды. Бірақ жалақысы өте аз. 35 мың теңге. Басымда үйім жоқ, отбасым бар. Ол ақша не пәтерге, не отбасыны асыруға жетпейді. Сондықтан туған жеріме қайтып кеттім. Қазір Түркістанда жұмыс істеп жүрмін, - дейді ол.
Өзін Айдос деп қана таныстыруды сұраған азамат "Серпін" бағдарламасы бойынша Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан облыстық техникалық университетінде білім алған.
Қазір Алматы қаласында жеке көлігімен кісі тасып жүрген ол "университет бітірерде оқыған облыста қалуға болатынын, бірақ міндетті емес екенін айтты" дейді.
- Бізге "Жұмыспен қамту орталығына барып тіркелсеңдер болады. Сол жерден жұмыс тауып аласыңдар" деді. Бірақ мен бармадым. Мысалы, біздің курста "Серпін" бағдарламасы бойынша бес топ болды. Әрқайсысында 25 баладан [оқыды]. Соның бірен-сараны магистратураға түсті. Кейбірі жұмысқа тұрды. 90 пайыздайы ауылдарына қайтып кетті, - дейді Айдос.
УНИВЕРСИТЕТТЕРДІҢ ЖАУАБЫ
Университеттердің кейбірі мүлдем басқа дерек келтіреді. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан облыстық университеті "Серпін" бағдарламасы бойынша өздерінде оқыған студенттердің 90 пайызы қалып қоюға ықыласты екенін айтады. Университетке 2019-2020 оқу жылында оңтүстік өңірлерден 207 студент осы бағдарлама бойынша оқуға қабылданған. Ал былтыр 208 студент оқуға түсіпті. Ал 2018-2019 оқу жылында "Серпін" бағдарламасы аясында 171 адам оқу бітіріп шыққан. Соның ішінде 126-сы педагогикалық, 25-сі техникалық мамандықтар бойынша бітірген. Университет осы түлектердің 90 пайызы Шығыс Қазақстан облысында қалуы мүмкін екенін хабарлаған Азаттыққа жауабында. Ал кейбір түлектердің облыста қалмау себебін оқу орыны олардың отбасы жағдайы және әскери борышын өтеумен байланыстырған.
Ал Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті бағдарлама бойынша бітірген студенттердің 40 пайызы туған жеріне кетіп, 60 пайызы осы облыста қалатынын мәлімдейді.
Университет Азаттыққа берген жауабында: "Серпін" бағдарламасымен білім алуға өтініш білдіргендердің саны артқанымен, білім алған елде қалып, қызмет етушілердің саны аз. Мемлекет тарапынан бұл бағдарлама бойынша білім алған жастарға барлық жағдай жасалып, оқу бітірген соң толыққанды жұмыспен қамтамасыз етеді. Өкінішке қарай әртүрлі себептерге байланысты түлектеріміз туған жеріне кетіп жатыр" деп жазылған.
Павлодар мемлекеттік университеті былтыр "Серпін" бойынша 145 студент қабылдаса, биыл олардың санын 67-ге түсірген. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Азаттық жіберген ресми сауалға мақала жарияланған уақытқа дейін жауап бермеді.
"НАУҚАНШЫЛДЫҚ"
"Серпін" бағдарламасын Facebook әлеуметтік желіcінде тұрақты сынап жүретін Ермек Құрманғалитегі өз парақшасында: "Шығыс Қазақстан мен солтүстіктің түлектерінің өз облыстарындағы ЖОО-ға грантқа түсу мүмкіндіктері өте аз. Өйткені бұл орындар "серпіндіктерге" беріледі. Шығыс пен солтүстік жастары жоғары балл жинаса да, ақылы оқуға мәжбүр болады" деп жазады.
Егер шынымен "оңтүстік өңірдің жастарын солтүстікке қоныстандырамыз" десе, билік осындай істер жасау керек. Әйтпесе, бұл бағдарлама құр науқаншылдық болып қалады.
Ермек Құрманғалитегінің Азаттыққа айтуынша, Шығыс Қазақстан облысындағы жоғарғы оқу орындарының бірінде бір мамандық бойынша 20 грант ғана бөлінген. Бірақ сол 20 гранттың 17-сін "Серпін" бағдарламасы бойынша келгендер иеленген. Қалған үш грантты жергілікті студенттер алған.
- Оның өзінде 100-ден жоғары балл алған үшеу. Ал менің қарындасым 87 балл алып, ақылы түрде оқып шықты. Әлгі бөлінген гранттың 17-сін иеленген серпіндіктердің арасында 55 балл алғандар да бар, - дейді ол.
Қазақстанның білім жүйесіндегі мәселелерді үнемі көтеріп жүретін белсенді әрі зерттеуші Ерсайын Ерғожа бағдарламаның әу бастағы мақсаты өте дұрыс болғанын, бірақ кейін "науқанға айналып кеткенін" айтады.
Оның сөзінше, бағдарлама бойынша солтүстік пен шығыс өңірлерге барған жастарды ең алдымен баспанамен қамтамасыз ету керек.
- Совет заманында біз де арнайы бағдарламамен өзіміз білмейтін жерге бардық. Барған сәтте бізді бір бөлмелі жатақханамен, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етті. Екі жылға деп барған кейбір жас мамандар бес жылға дейін қалып қойды. Егер шынымен "оңтүстік өңірдің жастарын солтүстікке қоныстандырамыз" десе, билік осындай істер жасау керек. Әйтпесе, бұл бағдарлама құр науқаншылдық болып қалады, - дейді ол.
"Серпінге" Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл мен Алматы облыстарында туып-өскен жастар қатыса алады. Бағдарлама бойынша тек жоғарғы оқу орындарына емес, техникалық және кәсіптік білім беру орындарына да студенттер қабылданады. Үміткерлер ҰБТ немесе кешенді тестілеуге қатысып, кем дегенде 50 ұпай жинау керек. Бұл сала бойынша оқуға түскендерге күніне үш мезгіл ыстық тамақ беріледі, жылына екі рет жол шығындары төленеді және қыстық киім алуға 60 мыңнан астам теңге бөлінеді. Білім және ғылым министрлігінің Азаттыққа берген мәліметіне сәйкес, "Серпін" грантымен оқуға түскен әрбір колледж студентіне бюджеттен жыл сайын 352 мың теңге қаржы жұмсалады.
2018 жылы "Серпін" жобасы бойынша 931 студент жоғарғы оқу орнын тәмамдаса, 2019 жылы бұл сан төрт мыңға жеткен. Білім және ғылым министрлігі бағдарлама бойынша былтырғы түлектердің 50 пайызы жұмысқа орналасқанын, қалғандарының әскери қызметті өтеуге кетуіне, оқуын магистратурада жалғастыруына және кейбірінің отбасын құруға байланысты жұмысқа орналаспағанын айтады.
2019 жылы бітірген 4 мың "серпіндік" студенттің қаншасының өзі оқыған өңірде қалып жұмысқа орналасқаны белгісіз. Білім және ғылым министрлігі Азаттықтың "Бүгінге дейін бағдарлама бойынша қанша студент оқуға қабылданды?" және "Бағдарламадан қаншалықты оң нәтиже шықты?" деген сауалдарын жауапсыз қалдырыпты.
ПІКІРЛЕР