«БАСТЫ МӘСЕЛЕ - БАСПАНА»
Қазақстан үкіметі солтүстік пен шығыстағы «жұмыс күшіне тапшы» аймақтарға оңтүстіктегі «жұмыс күші артық» облыстардан мамандарды шақыру науқанын бірнеше жыл бұрын бастаған. Шымкенттегі еңбек жәрмеңкесі осы науқан аясында өтті. Сәуірдің 5-і қаладағы «Көрме» орталығында Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан өңірі (СҚО), Шығыс және Батыс Қазақстан облыстары ресми өкілдерінің қатысуымен өткен өңіраралық еңбек жәрмеңкесінде 1700-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды.
Шымкентте тұратын Рүстем Момынов - үш баланың әкесі. Екі баласы жоғары оқу орнын (ЖОО) аяқтаған. Үш баласы да үйленген. «Бірі – заңгер. Екіншісі – экономист. Үшіншісі – көлік жүргізуші. Әрқайсысында үш-төрттен бала бар. Ешбірінің тұрақты жұмысы жоқ. Жалданып қара жұмыс істеп жүр» дейді ол.
- Үш отбасы бір үйге сыймай отырмыз. Солтүстік болса да Қазақстанның жері. Басты мәселе баспана ғой, - дейді Рүстем Момынов.
Аты-жөнін айтудан бас тартқан Шымкент қаласының тұрғыны, тарих пәні мұғалимасы Азаттыққа «ЖОО бітіргеніне бес жыл болғанын» айтады. «Бес жылдан бері өз мамандығым бойынша жұмысқа орналаса алмадым. Қазірге уақытша жұмысым бар. Мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді. Мұнда (Шымкент қаласын айтады – ред.) бос жұмыс орны жоқ деуге болады. Сондықтан СҚО-ға көшсек деп, құжат дайындап жүрміз» дейді ол.
- Күйеуім жұмыссыз. Балалар өсіп келеді, жылдан-жылға күнкөріс қиындап барады. Сондықтан мүмкіндігіміз барда қоныс аударып, жұмысқа тапсақ дейміз, - дейді тарих пәнінің мұғалімі.
«БІЗДЕГІ МӘСЕЛЕ – ЖҰМЫС КҮШІ ЖЕТПЕЙДІ»
Өңіраралық еңбек жәрмеңкесінде 900-ден аса бос жұмыс орнын ұсынған СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің басшысы Алма Махметованың айтуынша, «облыста білім, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар тапшы».
Шенеунік сөзіне қарағанда, «жергілікті әкімдік көшуге ниетті азаматтарды жұмыспен және баспанамен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Облыста үйдің орташа бағасы - 200-500 мың теңге. Қазір 600-ге жуық бос үй бар. Оның 500-і сатуға қойылған, қалғаны жалға беріледі. Көшіп келген отбасылардың балалары мектеп, балабақшаға орналастырылады. Өздері жұмыспен қамтамасыз етіледі. Айлық жалақы мөлшері орта есеппен 70 мың теңге көлемінде болмақ».
Бірінші кезекте көпбалалы отбасыларды көшіруге ниеттіміз. Облыстағы мектептердің 80 пайызы шағын жинақты мектептер. Сол мектептерді сақтау үшін де балалар керек.
- Біздегі негізгі мәселе – жұмыс күші жетпейді, демография, экономика әлсіз. Бірінші кезекте көпбалалы отбасыларды көшіруге ниеттіміз. Облыстағы мектептердің 80 пайызы шағын жинақты мектептер. Сол мектептерді сақтау үшін де балалар керек, - дейді Алма Махметова.
Алма Махметованың дерегінше, СҚО-ға 2017 жылға дейін 136 отбасы көшіп барса, олардың 125-і - ОҚО-дан. «ОҚО-дан барған он шақты отбасы қайта көшіп кетті. Себептері әрқилы. Мысалы, біріне ауа-райы жақпады, бірі жұмысқа орналаса алмаған, енді бірі денсаулығына байланысты кері қайтқан» дейді Алма Махметова.
ВИДЕО: Шымкенттегі еңбек жәрмеңкесі
Азаттық ОҚО-дан СҚО-ға көшіп барған кей тұрғындар уәделі көмекті ала алмай, күнкөрістері қиындағанын, тіпті кейбірі ОҚО-ға қайта көшіп барғанын бұған дейін жазған еді. Жергілікті билік бұл жағдайды тұрғындардың өздерінен көрген.
Мәселен «оңтүстікте солтүстік аймақтарға көшу насихаты қызу жүргенін, уәделеріне сеніп, қоныс аударғандарын айтқан», ОҚО-ның Сарыағаш ауданынан СҚО-ның Мамлют ауданына көшкен Зұлқайнар Ергашев «үй берілмегенін, алғашқы көшерпұлды да ала алмай отырғанын» мәлім еткен еді. Алайда, жергілікті билік Ергашевтардың «асығыстық жасап, көшерпұлға шешім шығып, облыстық комиссия жолдама берместен бұрын» келіп алғандарын айтқан болатын.
Оқи отырыңыз: Оңтүстіктен солтүстікке көшкендердің кейбірі қиналып жүр
«БІРІНШІ ҮЙ МЕН ЖҰМЫС ОРНЫН КӨРСЕТЕДІ»
Азаттық тілшісі Шымкентке еңбек жәрмеңкесіне келген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың осы қиындықтар жөніндегі пікірін білуге тырысқан еді. Министрдің сөзіне қарағанда, «тұрғындар басқа облыстарға ерікті түрде көшіріледі». Ендігі жерде «оларға бірінші кезекте жұмыс орнын, беретін үйді көрсетеді, айлық жалақысын айтады».
- Басқа облысқа көшетін азаматқа мемлекет тарапынан 30-35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде және бір жылдық үйдің жалақысы беріледі. Егер бір отбасында бес адам болса, 400 мың теңге шамасында мемлекет бір реттік көмек береді. Бұл жұмыс берушінің көмегінен бөлек, - дейді министр.
Министр Тамара Дүйсенованың пікірінше, тұрғындарға көшуден 10 күн бұрын барып, жағдаймен танысуға мүмкіндік беріледі. «Әрине, бір жерден екінші жерге бейімделуге уақыт керек. Егер ұнамаса кері көшуге болады. Жұмыс істеп қайтамын деушілерге де ерік беріледі» дейді ол.
Қазақстанның солтүстікке қарай орналасқан аймақтары әкімдіктері 2013 жылы қабылданған «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы негізінде азаматтарды көшіру жоспарын жасаған болатын. Шымкентте өткен еңбек жәрмеңкесінде айтылған ресми мәліметке қарағанда, «ОҚО-дан Қазақстанның басқа өңірлеріне бағдарлама аясында 146 отбасы көшкен. Оның 95 пайызға жуығы көшіп барған өңірлерінде тұрып жатыр».