ПЕКИНДЕГІ 15 ЕЛШІНІҢ ХАТЫ
Канада бастаған Ұлыбритания, Франция, Германия және тағы да өзге елдердің Пекиндегі елшілері Шыңжаңдағы жағдайды талқылау үшін Қытай билігімен кездесудің амалдарын қарастырып жатыр.
Елшілік өкілдері Шыңжаң коммунистік партиясының басшысы Чэнь Цюаньгоның атына өтініш жазып та қойған. Хаттың өңделмеген нұсқасын көрген Reuters агенттігі онда "дипломаттар Қытайдың батысындағы жағдайға алаңдап отырғанын жазған" дейді.
“Шыңжаң өлкесіндегі этникалық азшылықтардың, әсіресе ұйғыр азаматтарының қуғынға ұшырауы туралы ақпаратқа қатты алаңдап отырмыз. Жағдайды жақсырақ түсіну үшін және осы мәселелерді талқылау үшін жақын арада өзіңізбен кездесуге мүмкіндік беруіңізді сұраймыз” делінген хатта.
Хат Қытайдың сыртқы істер министрлігі, қоғамдық қауіпсіздік министрлігі, коммунистік партияның халықаралық департаментіне жазылған.
Әзірге хаттың жіберілгені-жіберілмегені белгісіз және хаттың дәл осы нұсқасы пайдаланылды ма, ол жағы да анық емес. Хатта Канада, Ұлыбритания, Франция, Швеция, Еуропа одағы, Германия, Австралия, Бельгия, Норвегия, Финляндия және Дания елшілерінің аты-жөні көрсетілген.
Бұған дейін қарашаның 6-сы күні Женевада өткен адам құқығына қатысты жиында Қытайдағы мұсылмандарға жасалып отырған қысымды негізінен Батыс елдері айыптаған болатын. Сарапшылардың айтуынша, экономикалық жағынан тәуелді болғандықтан Қытайды көп елдер ашық сынаудан қашады және Шыңжаңдағы жағдайды қозғауға батылы жете бермейді.
Reuters агенттігінің жазуынша, Батыс дипломаттары әзірлеген бұл хат Пекиндегі көп елдің елшіліктеріне жіберілген. Алайда олардың кейбірі ғана қол қоюға келіскен.
Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хуа Чуньин Reuters агенттігіне хатты көрмегенін, бірақ бұл елдердің елшілерімен билік жақсы қарым-қатынаста екенін айтқан. Бірақ егер “олар Шыңжаң үкіметіне қарсы қысым жасағысы келсе, онда мұның проблема болатыны анық” деп жауап берген.
“Біріншіден, елші ретінде олардың миссиясы өздері тұрған елде өсек таратып, шамасы жетпейтін нәрсені талап етіп, елдің ішкі ісіне араласу емес, екі ел арасындағы өзара түсіністікті, сенім мен әріптестікті нығайту болуы тиіс қой” деді Хуа Чуньин.
Ол Шыңжаңның ашық аймақ екенін, бірақ өзге елдің ісіне араласуға бағытталған кез келген талпыныстың жолы кесілетінін айтқан.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, хаттың мазмұнын Канада елшілігі құрастырған. Канаданың сыртқы істер министрі хатқа байланысты пікір айтпаса да, Қытай батысындағы мұсылмандардың қысымға ұшырауына қатты алаңдап отырғанын жеткізген.
ҚЫТАЙҒА ҚАРСЫ АҚШ САНКЦИЯСЫ
Қазір АҚШ-тың заң шығарушы органдары Қытай шенеуніктеріне қарсы шараларды қарастыратын заң жобасын әзірлеп жатыр. Заң шығарушы орган өкілдері Дональд Трамп әкімшілігін Магнитский заңы аясында Қытай шенеуніктеріне қарсы санкция енгізуге көндіруге тырысады. Санкция салынуы тиіс азаматтардың арасында Шыңжаң коммунистік партиясының басшысы Чэнь Цюаньго да бар. Шенеуніктерге қарсы санкциядан бөлек, шаралардың бір бөлігі Шыңжаңдағы қысым бойынша жағдайды бақылап отыратын арнайы үйлестіруші бекіту және Қытайға АҚШ технологиясын импорттауға тыйым салу шараларына қатысты болып келеді.
“Қытай үкіметінің лауазымды тұлғалары бұл зұлымдыққа "үлес қосқаны үшін" жауапкершілікке тартылуы тиіс және Шыңжаңда жоғары технологияның көмегімен "полицейлік мемлекет құруға" көмектесіп отырған америкалық компанияларға тыйым салыну керек” деген республикашыл сенатор Крис Смит.
Заң жобасы сәрсенбі күні таныстырылуы тиіс болған. Әзірге бұл туралы ақпарат жоқ.
Ал Пекин АҚШ-тың және заң шығарушылардың "өзге елдің мәселесіне араласуына құқығы жоқ" екенін тағы да қайталап айтты.
Шыңжаңдағы мұсылмандардың қысымға ұшырауы және ондағы саяси лагерьлер туралы ақпарат 2017 жылдың басынан бастап шыға бастады. БҰҰ дерегінше, мұндай лагерьлерде миллионға дейін мұсылман отыруы мүмкін. Қытай мұндай қамау орталықтарының барын мойындағанмен оларды "кәсіпке баулитын мекеме" ретінде көрсеткісі келеді. Олар қамау орталықтарында "батыс құқық қорғаушылары айтқандай, қысым мен азаптаудың жоқ екенін" айтады. Қытай билігінің түсіндіруінше, мұндай амалдар Шыңжаң аймағында терроризм мен экстремизм қаупін сейілтіп, азаматтарды "радикалды діни ағымдар" жетегінде кетуден сақтайды.
ПІКІРЛЕР