Accessibility links

Экс-президент жиенінің өлімі Назарбаев әулетінің алдынан шыға бермек


Айсұлтан Назарбаев.
Айсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Айсұлтан Назарбаевтың мезгілсіз қазасы елдегі басты әулеттің төңірегінде кейінгі кезде жүріп жатқан сарай тартысының бір бөлігі тәрізді.

Айсұлтан Назарбаев 30 жасқа толуына екі апта қалғанда өмірден өтті.

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі көзі тірісінде шалқып өмір сүрді.

Айсұлтан 16 тамызда Лондонда жүрек талмасынан қайтыс болды деген ақпарат Қазақстандағы бірінші әулеттің төңірегінде жүріп жатқан сарай шытырманының соңғы бір тарауы болды.

Айсұлтан – бұрынғы авторитар президенттің бір кезде өте ықпалды болған үлкен қызы Дариға Назарбаева мен оның мамандығы дәрігер күйеуі марқұм Рахат Әлиевтің екінші ұлы. Әлиев бірінші әулетке жақындығының арқасында тасы өрге домалап, мансабы шарықтап, мол дәулет жинаған.

Кейінгі жылдары есірткіге көп әуес болған Айсұлтан жақында Қазақстандағы саясат туралы, соның ішінде өзінің әйгілі отбасы туралы бірталай құпия мәліметті жұртқа жайды. Көбі ойдан шығарылғандай көрінгенімен, кейбірі қисынға келетін бұл мәліметтер елдің ресми тұлғаларын да, отбасы мүшелерін де жайсыз жағдайға тап қылды.

Бес жыл бұрынғы әкесінің өлімі қандай жұмбақ болса, қазір Айсұлтанның қазасы да көп жұрттың көкейінде жауапсыз сұрақ қалдырды.

ЕКІ БІРДЕЙ ӨЛІМ

Екі баласы бар Айсұлтан 2015 жылдың қаңтар-ақпанында атасы мен әкесі бірінен соң бірі қайтыс болғаннан кейін есірткіге әуестене бастағанын айтқан.

Қазақстандағы ең ықпалды отбасы Айсұлтан Назарбаевпен қоштасып жатыр

Қазақстандағы ең ықпалды отбасы Айсұлтан Назарбаевпен қоштасып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:55 0:00

Әсіресе әкесінің қазасы Айсұлтанның өміріндегі ерекше бетбұрыс болғаны көп айтылды.

Қазақстандық прокурорлардың айтуынша, Айсұлтанның әкесі ықпалды болғаны сондай, ел президенті қызметіндегі қайын атасын орнынан кетіруді жоспарлаған.

Рахат Әлиевтің төңірегіндегі дау-дамай өршіген тұста билік оны Еуропаға елші етіп жіберді. Үш жылдан соң елге оралған ол сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев
Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев

Қазақстанда шиеленіс тіпті күшейген 2007 жылы Рахат Әлиев қайтадан шетелге жіберілді, сол жылы әйелі Дариға одан ажырасқан еді. Әлиев бүкіл қызметінен алынып, Қазақстандағы дүние-мүлкі тұтқындалды. Кейін сыртынан жемқорлық, арам ақшаны заңдастыру, адам азаптау, кісі ұрлау, өлтіру және билікті күшпен құлату сияқты ауыр қылмыстар жасады деген айып тағылды.

Қазақстан басшылығы Рахат Әлиевті тұтқындауға тырысқанымен, ол бірнеше жыл Еуропада тұрып, бұрынғы қайын атасы Нұрсұлтан Назарбаев пен оның маңайындағыларды қаралаумен болды. Сонымен бірге ол өзінің айтуынша, мемлекет басшысын әшкерелейтін кітап жазып, өзіне тағылған айыптарды қайын атасына да тақты.

Австрия құқық қорғау органдары Рахат Әлиевті 2014 жылы қамауға алды, бірақ 2015 жылғы ақпанға жоспарланған сот отырысының қарсаңында ол бір кісілік камерасында өлі күйінде табылды. Ресми қорытынды бойынша, Әлиев өзіне өзі қол жұмсаған, алайда кей зерттеулерге қарағанда оны әлдекімдер тұншықтырып өлтірген.

"ЕРКЕ БАЛА"

Айсұлтан Дариға мен Рахаттың үш баласының ортаншысы болатын. Әкесі қуғынға ұшыраған соң Айсұлтан 2009-2010 жылдары Ұлыбританиядағы Сандхерст Корольдік әскери академиясында білім алып, кейін Қазақстанға оралды, 2012 жылы Қорғаныс министрлігінің барлау бөлімінде жұмыс істеді. 2017 жылы Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті атанды.

Академик Мұхтар Әлиевпен қоштасу рәсімінде марқұмның немерелері әрі Қазақстан президентінің жиендері Айсұлтан Назарбаев (сол жақтан бірінші), Нұрәлі Әлиев (сол жақтан екінші) отыр. Алматы, 13 қаңтар 2015 жыл.
Академик Мұхтар Әлиевпен қоштасу рәсімінде марқұмның немерелері әрі Қазақстан президентінің жиендері Айсұлтан Назарбаев (сол жақтан бірінші), Нұрәлі Әлиев (сол жақтан екінші) отыр. Алматы, 13 қаңтар 2015 жыл.

Айсұлтан сол кезде-ақ есірткіге үйір бола бастаған. 2017 жылғы қыркүйекте Facebook-тегі постында ол әкесінің жұмбақ өлімі мен одан бір ай бұрын дүниеден озған атасы – Мұхтар Әлиевтің қазасынан соң есірткі шеккенін ашық жазды.

Басында ол есірткінің шырмауынан құтылуға көмектескен нағашы атасы – Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты. Кейін оның бұл дерттен айықпағаны, жеке басында проблемалар бары мәлім болды.

2018 жылдың желтоқсан айының ортасында Айсұлтанның Facebook парақшасында Ресейдің бас прокурорына, ішкі істер және сыртқы істер министрлеріне, Федералдық қауіпсіздік қызметіне алғыс айтқан пост жарияланды. Онда "Мен қайтадан бостандыққа шықтым" деп жазды пост авторы.

2019 жылы қаңтарда Facebook-тегі постында Айсұлтан өзін "паспорты жоқ адам" күйіне түсірген Қазақстанның көші-қон қызметін және Ішкі істер министрін айыптады. "Ресейдегі жекеменшік түрмеден шыққан соң үйге құжатсыз келдім, барлығы ұрланған және жойылған" деп жазды ол.

"Менің жәрдем сұрар адамым бар, мен президенттің немересімін. Мынау деген тозақ қой, біздің мемлекеттік мекемелерге не болып жатыр?" деп жазды ол.

2019 жылғы 3 маусымда Айсұлтан Лондондағы сегіз қабатты қонақүйдің балконынан секірмекші болды.

Екі күннен соң ол Лондонның орталығындағы бөтен біреудің пәтеріне балкон арқылы кіріп, сол жерде киімін жуып, үйдің шатырынан басқа көршінің балконына қарғып түскен.

Айсұлтан тұрғындардың шақыруымен жеткен полицейлерге қарсылық көрсетіп, біреуінің қолын оңдырмай тістеп алған. Полиция электр есеңгіреткіш қолданып, Назарбаевты сабасына түсірген.

Қазан айында Лондон соты Айсұлтанды бұзып кірген пәтеріне келтірген шығынды өтеуге және 140 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеп, есірткі дертінен мәжбүрлеп емдеу туралы шешім шығарды.

"AISULTAN JESUS RAKHAT"

2020 жылдың қаңтарында Лондондағы Priory Hospital Hayes Grove ауруханасында жатырмын деген Айсұлтан Назарбаев сұхбат беріп, біраз даулы мәлімет келтірді.

Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) үлкен қызы Дариғамен бірге мерекелік шарада отыр. Алматы, 1 мамыр 2016 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) үлкен қызы Дариғамен бірге мерекелік шарада отыр. Алматы, 1 мамыр 2016 жыл.

Айсұлтан Нұрсұлтан Назарбаев оның нағашы атасы емес, туған әкесі екенін, ал туған анасы өзінің өлгенін қалайтынын айтты. 2019 жылы Назарбаевты президенттіктен кетуге мәжбүрлеген де Дариғаның өзі деді ол. Сонымен бірге ол Қазақстан қауіпсіздік қызметі адамды жұмысқа алғанда "магияны" қолданады деді.

Aisultan Jesus Rakhat (Айсұлтан Иисус Рахат) деген қолданушының атымен жарияланып тұрған посттарда Қазақстан мен Ресейдегі мемлекеттік жемқорлық, оның Қазақстан халқына келтірген "миллиардтаған доллар" шығыны туралы айтылады.

Айсұлтанмын деген адам посттарында "Құдайдан түскен хабарды халыққа жеткізушімін" дейді және нағашы атасын қаскөйлердің әрекетінен сақтануға үндейді. 16 және 17 шілдеде жарияланған соңғы посттарында автор мыс өндіретін аса табысты "Қазақмыс" корпорациясының миллиардер басшысы Владимир Ким туралы сөз қозғайды. Ол "бар нәрсесін жоғалта бастайды, [Кимның] тозағы жерде басталады!" деп жазады Айсұлтан Назарбаевпын деген адам.

Айсұлтан бірнеше жыл бұрын өмір жолынан жаңылып, соңғы кездері қатты күйзеліске түскен сияқты.

Facebook-тегі ұзақ посттары мен сұхбаттарында ол Қазақстандағы ықпалды адамдарды, соның ішінде өз анасын көп сынайды. Әлгі адамдар бұлайша жұрт назарына ілігуді қаламасы анық.

Қазасының ресми себебі қандай болса да, Айсұлтанның өмірден баз кешуіне "көмектескендер" болды ма деп күмәнданатындар табылады. Ондай күдік келтіретіндердің арасында шетелде тұратын қуғындағы банкир, Назарбаев әулетінің қас жауы Мұхтар Әблязов та бар.

Енді біреулер әлеуметтік желіде "Айсұлтанның "мені өлтіреді" деп жүргені рас болды, оны өлтіріп кетті" деп жазып жатыр.

Айсұлтан қайшылыққа толы тұлға болды, тіпті соңғы жылдары Назарбаев әулетінің имиджіне нұқсан келтірді. Әкесі Рахат сияқты Айсұлтанның жұмбақ өліміне байланысты сауалдар да ұзақ жыл бойы Назарбаев отбасының қыр соңынан қалмасы анық.

Блог авторының пікірі Азаттық радиосы редакциясының көзқарасымен сай келмеуі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG