Accessibility links

СІМ: "Конвенцияда Қазақстан ұстанымы ескерілді"


Зүлфия Аманжолова, Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі. Астана, 17 тамыз 2018 жыл.
Зүлфия Аманжолова, Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі. Астана, 17 тамыз 2018 жыл.

Тамыздың 17-сінде Астанада билік өкілдері Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылған Ақтау саммитін қорытындылап,арнайы жиын өткізді.

Қазақстан, Ресей, Иран, Әзербайжан және Түркіменстан президенттері тамыздың 12-сінде Ақтауда Каспий саммитінде бас қосып, теңіздің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойған.

Орталық коммуникациялар қызметінде тамыздың 17-сі күні ұйымдастырылған жиынға Сыртқы істер министрлігі, Шекара қызметі және Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері қатысты. Олар «конвенцияда Қазақстанның 1997 жылғы БҰҰ-ға тапсырған Каспий бойынша ресми ұстанымы толық ескерілген» дейді.

СІМ-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Зүлфия Аманжолова журналистерге бұдан бұрын Кремль сайтында жарияланған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның дұрыс нұсқа екенін айтып, мәтінімен танысуға болатынын ескертті.

Каспий саммиттерінің тарихы

Каспий саммиттерінің тарихы

2002 жыл. Түркіменстан астанасы Ашхабадта бес мемлекет лидерлері Каспий мәселесін жоғары деңгейде шешуге келісті.

2007 жыл. Иран астанасы Тегеранда теңіздегі қауіпсіздік пен тұрақтылық декларциясына қол қойылды.

2010 жыл. Әзербайжан астанасы Бакуде бес ел теңіздегі қауіпсіздікті сақтау бойынша ынтымақтасуға келіскенімен, құқықтық мәртебе туралы конвенцияға қол қойылмады.

2014 жыл. Ресейдің Астрахань қаласында жағалау елдері теңізді мемлекеттік дербестігі мен балық аулауға қатысты екі зонаға бөлу туралы алдын ала келісім жасады.

2018 жыл. Қазақстанның Ақтау қаласында бес ел басшылары Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды.

Құжатта Каспийдің неліктен теңіз, не көл емес, «су қоймасы» ретінде аталғандығы туралы Аманжолова былай деді:

- Бұған байланысты дау 20 жыл бұрын тоқтаған. Біз Каспийге БҰҰ-ның 1982 жылғы теңіз құқығының ашық теңіздердегі шекара, оны бөлуге қатысты тұстарын ұсынғанбыз. Әзірбайжан тарапы Каспийді «көл» ретінде белгілеуді ұсынды. Ақырында Каспийдің табаны көлді белгілеу принциптері бойынша, ал беті аз-маз өзгерісі бар теңіз құқығына сай бөлінді.

Министрлік өкілінің айтуынша, Қазақстанның Каспийде энергетика ресурстарын өндіру-тасымалдау құқығына бұған дейін Ресей, Әзірбайжан, Түркменстанмен жасасқан су табанын бөлісу туралы келісім-шарттары кепіл болады.

- Әзірбайжан, Түркіменстан және Қазақстанның су табаны шекараларының қиылысындағы бір нүкте бойынша мәселе бар. Бірақ ол нүкте ғана. Пайдалы қазбаларды өндіру, инвестициялық қызығушылық, тәуекелдердің жоқтығы тұрғысынан келсек, біздің сектор ең тартымды. Өйткені оның барлық мәселелері шешілген, - деді Аманжолова.

Зүлфия Аманжолова Каспийдің оңтүстік жағалауындағы «Әзербайжан, Түркіменстан және Иранның су табанын өзара бөлісе алмаса, Қазақстанның уағдаластықтарына зияны тимей ме» деген Азаттық тілшісінің сұрағына «Барлық тараптар келіседі деген сенімдеміз» деп жауап қайырды.

Сонымен бірге билік өкілдері конвенциядағы «тараптарға өзіне тиесілі су табанымен құбыр және кабель өткізе алу мүмкіндігін» беретін баптың енгізілуіне көптің назар аудартты. Олардың сөзінше, құбыр тартыла қалған жағдайда Каспийдің экологиялық жүйесіне зияны болмауы тиіс.

Теңіз жағалауы елдері соңғы құжатпен санағанда 17 халықаралық келісім-шарт жасасқан. Саясаттанушы Андрей Чеботарев құжат бес елдің бұдан бұрын жасаған келісім-шарттарды «заңдастырғанын» айтады.

Андрей Чеботарев, саясаттанушы
Андрей Чеботарев, саясаттанушы

- Конвенция өзінше бір конституция сияқты. Бұдан бұрынғы уағдаластықтар қауіпсіздік, балық шаруашылығы, экология деген сияқты нақты мәселелерді қараған. Ал конвенция жалпы «ойын ережелерін» анықтайды. Бұл – 20 жыл уақыт алған негізгі құжат, - деді Чеботарев.

Саясаттанушы конвенция Әзірбайжан, Түркменстан және Иран арасындағы кен орындары мен Каспий табанын бөлісуге септеседі деп санайды.

Каспий теңізінің қайраңында 50 миллиард баррель барланған мұнай қоры мен 9 триллион кубометр газ қоры бар.

Каспий теңізін бөлу мәселесі 1992 жылдан бері талқыланып келген. СССР ыдырап, оның құрамындағы мемлекеттер тәуелсіздігін алған соң Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан мен Иранға екі мыңға жуық су асты жануары мекендейтін, 700-ден астам теңіз өсімдігі бар, мұнай мен газ кеніштеріне бай әлемдегі ең ірі тұйық су қоймасының құқықтық мәртебесін жаңадан анықтау қажет болған. Аймақтағы биоресурстарды пайдалану, қоршаған ортаны қорғау, мұнай-газ кеніштерін өндіру, кемелер жүрісін реттеу мен тауар тасу мәселелерін шешу үшін ең әуелі теңізбен шектесетін елдер мәміле жасаулары тиіс еді. Тамыздың 12-сінде Ақтауда бас қосқан бес ел басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтайтын конвенцияға қол қойған. Құжат теңізбен шектеспейтін елдерге Каспийде әскер орналастыруға тыйым салады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG