Accessibility links

Саммит Иранның көршілерімен арадағы мәселелерін шеше алмады


Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түркіменстан президенттері Каспий саммитінде. Ақтау, 12 тамыз 2018 жыл
Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түркіменстан президенттері Каспий саммитінде. Ақтау, 12 тамыз 2018 жыл

Каспий жағалауындағы елдер Қазақстанда өткен саммитте бұрыннан шешілмей келе жатқан шекара мәселелерінің біразын реттеп алды. Алайда Иран мен оған көрші елдер – Әзербайжан мен Түркіменстан арасындағы бірқатар мәселелер сол күйінше қалып қойды.

Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түркіменстан президенттері тамыздың 12-сі Ақтауда Каспий саммитінде бас қосып, теңізді өзара бөлісу туралы ортақ құжатқа қол қойды.

Бұрыннан келе жатқан біраз мәселе шешіліп, сәл ілгері жылжу байқалғанымен, Әзербайжан мен Түркіменстанның Иранмен арадағы шекарасын ешкімді ренжітпестей етіп бөлудің жайы сол күйі реттелмей қалды.

Иран президенті Хассан Роухани "Каспийдегі шекараны бөлісу бойынша тағы да келіссөздер қажет болады" деді. Әйткенмен Әзербайжан, Ресей және Қазақстан өз араларындағы шекара мәселесін Ақтау саммитінен біраз уақыт бұрын-ақ реттеп алған.

Роуханидің бұл пікірінен түсінгеніміз – таяу болашақта Әзербайжан мен Түркіменстан Иранмен арадағы әлі нақтыланбаған шекараға жақын жердегі мұнай-газ кеніштерін игере алмайды. Олар бұл үшін Иранның пікірін білуі немесе жобаға бұл елді де қосып отыруы керек болады.

ВИДЕО: Ақтаудағы Каспий саммиті

​Ал Түркіменстаннан Әзербайжанға, одан әрі Еуропаға жылына 30 миллиард текше метр газ жеткізіп тұрады деп бұрыннан жоспарланып келген Транскаспий құбырының құрылысына келсек, 12 тамызда қол қойылған конвенцияда “Тараптар Каспий теңізінің түбінде суасты кабельдері мен құбырларын жүргізе алады” деп жазылған.

Бұған қоса, бұл құжат көрші елдерге өз территориялық суларының аясында суасты құбырларын тарту бойынша екіжақты келісімдер жасасуға да мүмкіндік береді. Жоба бойынша, Транскаспий құбыры Иранның теңіздегі шекарасынан анағұрлым алыстан өтетіндіктен, Әзербайжан мен Түркіменстанның құбыр жүргізуіне құқықтық тұрғыда ешқандай кедергі жоқ.

Әйткенмен бұл жайт конвенцияға қол қоймай тұрып та бұрын айқын болған еді.

Құрылысқа ең басты кедергі келтіретін нәрсе конвенциядағы мына сөйлем болатын сияқты: “Жобалар тараптар қол қойған халықаралық келісімдерде көзделген экология стандарттары мен талаптарына сай келгенде ғана тараптар магистральды суасты құбырларын сала алады”

Ресей мен Иран экология мәселелерін алға тартып, жиырма жыл бойы Транскаспий құбырын салуға қарсылық білдіріп келеді. Конвенция мәтіні “стандарттар мен талаптар” туралы тағы да ұзақ пікірталасқа себеп болатын тәрізді.

Инфографика: Каспий саммитінде не шешілді?

Саммиттің ашылу салтанатында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов экология мәселесіне айрықша көңіл бөліп отырғандарын, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ең мықты сарапшылармен кеңесетіндерін айтып, бұл тақырыпқа ерекше көңіл бөлді.

Дегенмен олар Иранға бұл сөздерінің растығын әлі де дәлелдеуі керек сияқты және бұл процестің біршама күрделі болатын түрі бар.

Әзербайжанның Иранмен ара қатынасы жақсы, ал Түркіменстан мен Иран былтыр біраз шекісіп қалған. 2017 жылдың басында Ашхабад "ақысы төленбеді" деп Иранның солтүстігіне газ беруді тоқтатып, екі елдің арасы содан нашарлап кеткен.

Әзербайжан да, Түркіменстан да Транскаспий құбырының құрылысы Каспийдің табиғатына еш зиянын тигізбейтініне Иранның көзін жеткізуі керек. Бұл үшін Түркіменстанға Тегеранмен қарым-қатынас тактикасын біршама өзгертуге тура келеді.

Алайда Ашхабад “Иран 2007-2008 жылдың қысында тұтынған газ үшін 2 миллиард долар қарыз” деген ұстанымын өзгертетін сыңай танытпайды. Ал Иран болса, Түркіменстан сол жылғы аязды қыста газ бағасын келісілген шамадан 900 пайызға арттырып, заңсыз талап қойып отыр дейді.

Каспий конвенциясына қол қойылып, көптен бері жоспарланған Транскаспий құбыры жобасын жүзеге асыруға жол ашылғанымен, екіжақты қаржы дауы мен экологияға байланысты келісіпеушіліктер құбыр салуды кешеуілдетуі мүмкін.

(Бұл блогта айтылған пікірлер Азат Еуропа/ Азаттық радиосының көзқарасын білдірмейді.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG