Accessibility links

Орталық Азия елдері үшін қымбат «Набуккодан» гөрі Ресей бағыты артық


Еурокомиссия президенті Жосе Мануэл Баррозу (сол жақта) Түркия президенті Абдулла Гүл (оң жақта) мен Әзірбайжан президенті Илхам Алиевке (ортада)саммиттен кейін қол қойылған құжаттарды көрсетіп тұр. Прага, 8 мамыр, 2009 жыл.
Еурокомиссия президенті Жосе Мануэл Баррозу (сол жақта) Түркия президенті Абдулла Гүл (оң жақта) мен Әзірбайжан президенті Илхам Алиевке (ортада)саммиттен кейін қол қойылған құжаттарды көрсетіп тұр. Прага, 8 мамыр, 2009 жыл.

Прагадағы «Оңтүстік дәліз - жаңа Жібек жолы» саммитінде Қазақстан, Өзбекстан және Түркменстан ЕуроОдақ ұсынған тасымал дәліздері жүйесін құруға қолдау келісіміне қол қоймады. Қазақстандық сарапшылар Орталық Азия мемлекеттері үшін шығыны көп «Набукко» жобасынан гөрі қолданыстағы Ресей бағытындағы құбырлар маңызды деп есептейді.

Прага келісіміне Еуропалық одақпен қатар Әзірбайжан, Түркия, Грузия және Египет қол қойды. Саммит декларациясын әзірше қолдамаған Орталық Азияның үш мемлекеті ғана. Еурокомиссияның баспасөз хатшысы Денис Абботтың Азаттық радиосына хабарлауынша, аймақ мемлекеттерінің келісімге қол қоймағандығы олардың бұл келісімді тіпті қолдамайтындығын білдірмейді.

– Қазақстан, Түркменстан және Өзбекстан Прага декларациясына қарсы емес. Бірақ, олар әзірге оған қосылуға дайын еместіктерін айтты, – деді Еурокомиссия өкілі.

«АЛЫСТАН АРБАЛАҒАНША, ЖАҚЫННАН ДОРБАЛА»

Экономист Рахман Алшанов көгілдір отыны салыстырмалы түрде көп емес Қазақстан үшін қазіргі таңда «Набукко» жобасына қосылудың аса қажеттілігі жоқ деп есептейді. Оның пікірінше, бұл мәселеде газға қатысты республиканың ішкі сұранысын өтеу және көршілес елдермен жасалған келісімдерді орындау маңызды.

– Менің ойымша, бұл мәселеге экономикалық тұрғыдан қараған дұрыс. Түркменстан Иранмен көршілес жатқандықтан, бұл жобаға қатысуы мүмкін. Ал бізге тағы құбыр салып, газды Түркменстан арқылы өткізу керек болады. Оған қаншама қаражат қажет. Біздің Ресеймен қатынастарымыз мол. Сондықтан бұл ойынның қажеті жоқ сияқты. Алыстағылармен достасамыз дегенше, жақын көршімен тату тұрған дұрыс, – дейді Рахман Алшанов.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали қазіргі таңда Орталық Азия мемлекеттері жоқ жерден, яғни әлі салынбаған құбыр үшін, көрші мемлекеттермен, соның ішінде Ресеймен, жөнсіз араздасуы қажет емес деген пікірде. Бұдан бөлек, саясаттанушы «Набукко» әлі де болса толық пісіп жетілмеген жоба деп есептейді.

– Әсіресе, жобаның техникалық және қаржылық шешімдері дайын емес. Салынатын құбырды газбен қамтамасыз ету жағы сол мәселелер шешімін тапқаннан кейін барып қолға алынады, – деді Әзімбай Ғали.

ҚАРЖЫҒА МҰҚТАЖДЫҚ АЙМАҚТАҒЫ ЕЛДЕРДІ ЖОБАНЫ ҚОЛДАУҒА МӘЖБҮР ЕТЕДІ

Әзімбай Ғалидың пікірінше, жобаның негізгі газ толтырушысы әрі басты әріптесі – Түркменстан болмақ. Бұл мемлекет көгілдір отынның басым көпшілігін алдағы бірнеше жылға сатып жіберді. Бірақ, қажет болған жағдайда, яғни газ құбыры дайын тұрса, аймақ мемлекеттері көгілдір отынын саудалаудан қашпайды.

– Бұл жерде Орталық Азия мемлекеттерінің кінәсі жоқ. Бұл мемлекеттер басы артық газ табады. Оның үстіне газдың бағасы түсіп бара жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, дағдарыс заманында қаржының қажеттігілігін сезінген аймақ мемлекеттері бұл жобаны қолдайды, – деді Әзімбай Ғали.

Бұған қоса саясаттанушы Каспий теңізінің мәртебесі әлі де болса анық еместігін атап көрсетіп отыр.

«ӘЗІРГЕ МӘСЕЛЕНІҢ САЯСИ СИПАТЫ БАСЫМ»

Экономист Қанат Берентаев болса, Еуропалық одақтың «Набукко» жобасын ілгері дамыту бағытындағы әрекетінің экономикадан гөрі саяси астары басым екендігін айтады. Оның пікірінше, кәрі құрлық елдері Ресейді айналып өтетін құбыр жобасын Кремлге мінез көрсетудің бір құралы ретінде пайдаланатын сияқты.

– Еуропа елдері энергетика мәселесінде Ресейдің үстемдігін басып, бұл мәселеде оның алдындағы бірқатар тәуелділіктен арылғысы келеді. Сипаты жағынан саяси мәселе болып тұр. Ал біздің аймақ мемлекеттері үшін қазіргі қолданыстағы бағыт тиімдірек. Орталық Азия мемлекеттерінің Прага келісіміне қол қоймауын да осы тұрғыдан түсіндірген жөн, – деді Қанат Берентаев.

Орталық Азия мен ЕуроОдақ елдерінің арасын жалғастыруы тиіс 3,3 мың шақырымдық «Набукко» газ құбырының құны - €7,9 млрд.
XS
SM
MD
LG