Accessibility links

"Полициядан түңілдім". Өзін "алып қашқандарды" жауапқа тартқыза алмаған қыздың хикаясы


Қызды еркінен тыс "алып қашу". Көрнекі сурет.
Қызды еркінен тыс "алып қашу". Көрнекі сурет.

Алматы облысында тұратын 27 жастағы Аружанды (аты-жөні өтініші бойынша өзгертілді) былтыр шілдеде бейтаныс жігіттер алып қашпақ болады. Жол бойында жылап, төрт-бес жігітпен арпалысып тұрған қызды байқаған кездейсоқ куәгер полицияға қоңырау шалған соң әлгілер Аружанды қоя берген. Бойжеткен өзін күштеп алып қашпақ болған адамдарды жауапқа тартуды сұрап былтырдан бері қайта-қайта арызданып жүр. Бірақ полиция бұл оқиғадан "қылмыс құрамын" көрмей отыр. Азаттық Аружанның хикаясын сөзбе-сөз берді.

"ЖАНЫМЫЗДАН КӨЛІКТЕР ӨТІП ЖАТТЫ, БІРІ ДЕ ТОҚТАҒАН ЖОҚ"

Былтыр 5 шілдеде құрбымның туған күніне бармақшы болдым. Үйден сағат 18:00-де шығуым керек еді. Әскери жұмысымнан бөлек қосымша табыс табу үшін торт пісіретінмін. Сол күнге бір тапсырыс түскен. Әскери бөлімде өзіммен бірге жұмыс істейтін бір жігіт "ағамның туған күніне торт пісіріп берші" деп өтінген.

Құрбымның туған күніне асыққандықтан кремі сұйықтау болып қалды да, торт ойдағыдай шықпады. 18:00-ге таман әлгі жігіт хабарласып, "тортты алып кетейін" деді. Мен "дұрыс жасай алмадым, дүкеннен сатып ала салыңызшы" дедім. Ол қоймай, "оңай торт жасай салшы" деді. "Уақытым жоқ, туған күнге баруым керек" дедім. "Мен Талғар жақта жүрмін, жол-жөнекей сені ала кетейін, жеткізіп тастаймын" деді. Карантин кезі еді. Автобус жүрмейтін. Келістім.

Алтыда үйден шығып, ауылдың аялдамасында тұрдым. Алып кетті. Қалаға барар тұстағы айналма жолға жеткенде достарын көріп қалды. "Қазір, амандасып келейін" деді де, көліктен шығып, достарымен сөйлесіп тұрды. Ештеңеге мән бермей, телефон шұқылап отыра бердім. Бес-он минуттан соң көлікке үш жігіт отырды. "Ауылымның жігіттері" деп оларды таныстырып, "біз Құлжа тас жолымен кетейік, Думан жақта кептеліс" деді. Жігіттерді жол-жөнекей тастап, мені туған күнге жеткізіп тастайтынын айтты.

Бірақ Құлжа тас жолымен келе жатып, бір кезде оңға бұрылып кетті. Алматыға жету үшін негізі солға бұрылуы керек еді. Картаны қосып қойдым. "Айналып бара жатыр ма екен?" деп ойладым. Жоқ. Сосын оған "дұрыс келе жатқан жоқсың" дедім. "А, дұрыс келе жатқан жоқпыз ба?" деп қойды да, ары қарай жайбарақат жүре берді. Мен "қазір көлікті тоқтатпасаң, секіріп кетемін" дедім.

Жол шетіне тоқтады да, "біз сені ұрлап әкетіп бара жатырмыз" деді. Көлікті тез ашып, сыртқа шықтым, әлгі үш жігіт те атып шығып, мені қайтадан көлікке отырғызбақ болды. Сол кезде көлік үстіндегі жүк қойғыш темірдің арасына қолымды кіргізіп үлгердім. Шығара алмайтындай тастай ғып ұстап алғанмын. Олар ары-бері жұлқылап көрді, бірақ қолымды босата алмай қойды. Әлгілер жұлқылағаннан қолым ісіп, көгеріп кетті.

Сол кезде айқайлап, жылап, ары-бері өткен көліктерден көмек сұрадым. Сенбі ғой, қаладан қайтқан көлік көп. Жол жетінде тұрғанда біздің жанымыздан мыңдаған көлік өтіп жатты. Біреуі де тоқтаған жоқ. Сені біреу өлтіріп жатса да ешкім көмектеспейді екен. Кейбірі телефонға түсіріп алып, өз жөнімен кетіп жатты. Басыңа іс түссе ешкім көмектеспейтінін сол кезде түсіндім.

Бойжеткен қыз және оны "алып қашушылар". Көрнекі сурет.
Бойжеткен қыз және оны "алып қашушылар". Көрнекі сурет.

Жігіттердің түріне қарап, екеуін таныдым. Әріптесіммен асханаға тамақ ішуге барғанда осы екі досы келген. Сол кезде таныстырған еді. Бірақ олармен кейін сөйлескен де, араласқан да емеспін. Аты-жөнін де білмеймін. Мені сол достарының қолына тапсырған әріптесім жылап жатсам да, үндемей телефон шұқылап отырды. "Оңбаған екенсің! Бастыққа айтамын! Осының бәріне жауап бересің!" деп айқайладым.

Жұлқыласып тұрғанда тағы бір көлік келіп тоқтады. Оны да танымаймын. Бәріне "телефонымды беріңдер, мені жіберіңдерші" деп жалындым. "Қазір жіберсеңдер бәрін ұмытамын, адамдықпен жібере салыңдар. Соңына дейін апарсаңдар, мен де істі соңына дейін жеткіземін" дедім.

Олар алысырақ кетіп, өзара ақылдасып тұрды да, аздан соң қасыма келіп, "Болды, біз сені қоя береміз. Кете бер" деді. "Мына төрт жігіт кетпейінше осылай тапжылмай тұрамын. Сөмкемді, құжатымды, телефонымды қайтарыңдар" дедім. Оның бәрін тартып алған еді. Әріптесім қалды да, төртеуі жүріп кетті. Қолымды босатып, сөмке, телефонымды алып, ашуланып жаяу кеттім.

Бес минут өткен жоқ, жаңа ғана кетіп қалған көлік қайтадан қарсы кездесті. Оларды көре сала тұра қаштым. Үшеуі жүгіріп, мені қуып жетті де, қолымды қайырып, машинаға салып алды.

Қыз алып қашу тақырыбына иллюстрация ретінде түсірілген көрнекі сурет.
Қыз алып қашу тақырыбына иллюстрация ретінде түсірілген көрнекі сурет.

Шелек ауылына қарай кетіп барамыз. Сол сәтте көлік ішінде өзімді өлтіргім келді...

Шелектен асқанда бірінің телефоны шырылдады. Сөйлесіп болған соң көлікті тоқтатты. Сыртта шығып, өзара әлденені талқылап, ақылдасып жатты. Бірі мені қарауылдап көлік ішінде отырды.

Біраз уақыттан соң жаныма келді де, "бізге аудандық полициядан хабарласты, сені күштеп әкетіп бара жатқанымызды көріп қойыпты" деді. Сөйтсем әлгінде үшеуі мені көлікке күштеп отырғызып жатқанда қарсы бетте көлік айдап келе жатқан Рамазан есімді кісі менің жылап жатқанымды көріп, полицияға хабарлап, көліктің нөмірін айтыпты. Сақтандыру компаниясы дерегінен автокөліктің нөмірі арқылы жүргізушінің телефон нөмірін тауыпты. Жігіттердің бірі "біз қазір бөлімшеге барамыз, сен "өз еркіммен кетіп бара жатырмын" деп қағаз жазып бер" деді.

Шелек аудандық полиция бөлімшесіне бардық. Ондағы қызметкерлер "сендерді Талғар аудандық полиция басқармасы алып кетеді, оқиға сол жақта болған, солар жауап береді" деді. 23:00-ден асқанда Талғар полицейлері келіп, түнде бәрімізді бөлімшеге алып кетті.

Полицейлер менен "Арыз жазасың ба?" деп сұрады. "Иә" дедім де, арыз жаздым. Бес жігіт түсініктеме жазыпты. Олардың не жазғанын көрейінші деп, полицейден сұрап алып, оқыдым. Бәрі қалай болғанын жазып, мойындапты.

"КЕШІРДІМ ДЕП ЖАЗЫП БЕРЕ САЛ"

Екі күннен соң полиция басқармасына шақырды. Сонда түсінгенім, олардың бар жұмысы істі жабу болды. Тергеуші маған "істі жаба салайық, мен сені әлі мың рет шақырамын, кешірдім деп жазып бере сал" деді. Мені бес жігітпен кездестіруге, оқиға жайлы жауап алуға – ештеңеге шақырмады.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Сөйтіп жүргенде қыркүйекте істі ақыры жауып тастапты. Оны прокуратураға "тергеу жүрмей жатыр" деп арыз жазғанда бір-ақ білдім. Прокуратураға шағымданған соң мені Талғар аудандық полиция басқармасы шақырды. "Қайта беріңіз, өзіміз шақырамыз. Жақсы тергеуші демалыстан шығады, істі сол жүргізеді" деді. Бірақ тағы хабарсыз қалды.

Сосын мен Талғар аудандық полиция басқармасы бастығының қабылдауына кірдім. Ол кабинетіне тергеушіні шақырып алды. "Сізді жігіттер қайта әкеп тастап, қылмыстан бас тартқан, сондықтан іс жабылды" деді ол. "Менің арызым бойынша тергеу болмады. Өздеріңіз болжам жасап, жауып тастадыңыздар" дедім. "Неге істің жабылғаны туралы хат жібермейсіздер? Неге айтпайсыздар?" деп сұрадым. "Ертең сізге жібереді" деді.

Ертеңіне WhatsApp арқылы хат келді. Онда адам ұрлау бабымен іс қозғалғаны, бірақ "қылмыс болмағандықтан" – жігіттер "өз еркімен полицияға әкеліп тастағандықтан, іс қысқартылған" деп жазылыпты.

Прокуратура полицияға қарсы жазған шағымымнан соң қыркүйекте жабылған істі қарашада қайта қозғатты.

Талғар ауданы полициясының "қыз ұрлау" жайлы арызды тексеруі

Аружанның арызы бойынша Алматы облысы Талғар аудандық полиция басқармасы 25 шілдеде әуелі бас бостандығынан заңсыз айыру бабымен іс қозғаған. Кейін іс адам ұрлау бабына өзгерген. Тергеуші Е. Айбекұлы Қылмыстық кодекстің 26-бабына, яғни "қылмыстық құқық бұзушылықтан өз еркімен бас тартты" дегенге сілтеп, істі 2020 жылы қыркүйекте қысқартқан. Полиция басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі Ж. Смайлов Аружанға жазған жауабында "қылмыстың аяғына дейін жеткізілмегені ескеріліп", істің жабылғанын хабарлаған.

"Полицияның әрекетсіздігіне" шағымданған бойжеткенге прокуратура жауап жазған. Талғар ауданы прокуроры Б. Қыдырбаев "тергеуші істі дұрыс шешуі үшін оқиғаның жай-жапсарын жан-жақты, толық және бейтарап анықтамаған" деп жазады. Прокуратура полиция басқармасының істі жабу туралы шешімін жойып, тергеуді басынан қайта жүргізуге жазбаша нұсқау берген.

25 қарашада іс қайта қозғалған. Аға тергеуші Смайлов істі өндіріске алады. Тура бір айдан соң – 25 желтоқсанда ол да істі жауып тастаған. Аға тергеуші істің "қылмыстық құрамы жоқ" деп тапқан.

Бірақ екінші істі де жауып тастады. 15 наурызда WhatsApp арқылы полицияға істің қай сатыда екенін сұрап хат жаздым. "Арызыңыз бойынша қылмыстық іс қысқартылды" деп сол кезде бір-ақ хабарлады. Екінші рет те ештеңе ескерткен жоқ.

"ҚАЗІР ЖӘБІРЛЕНУШІ КІНӘЛІ ЗАМАН БОЛЫП ТҰР"

Талғар аудандық полиция басқармасының істі қалай жүргізгеніне қарап, әділдік жоғын түсіндім. Тергеушінің әңгімесін тыңдасам, ол әлгі бес жігітке алтыншы болып қосылып, маған жабылып жатыр. Менде іс бойынша барлық дәлел бар. Оның бәріне көз жұмып отыр. "Енді не істей аласың?" дегендей істі жауып тастады. "Сені өз еркімен әкеп бере салды" дейді. Кез келген нәрсені алып кетіп, пайдаланып, қайта әкеліп қойсаң, қылмыс болып саналмайды екен ғой сонда?..

Қазір жәбірленуші кінәлі заман болып тұр. Психологиялық жарақат алдың ба, басқа ма – оларға бәрібір. Қазір Талғар полициясына барғым да келмейді. Бүкіл қызметкер сол бес жігіттің сөзін сөйлейді. Әлгі бесеудің артында тұрған адам мықты ма, басқа себебі бар ма – білмеймін.

2018 жылы әкем дүниеден озған. Анам болған оқиғаны естігенде жүрегі ауырып, шошып қалды. "Арыз жазғаның үшін үйге келіп, сенен өш алып жүрмесін" деп әлі күнге дейін қорқады.

Терезе алдында тұнжырап тұрған қыз. Көрнекі сурет.
Терезе алдында тұнжырап тұрған қыз. Көрнекі сурет.

Мені алып қашып кетпек болған күні түнде, оның ертеңіне ұйықтай алмадым. Карантин болған соң автобус жүрмейтін. Таксиге отыруға қорқып жүрдім. Жұмысқа жету үшін амалсыздан отыруға тура келеді. "Маған ештеңе істемес пе екен?" деп секемденіп отырамын. Мұндай үрей әлі күнге дейін бар. Бойымдағы осы қорқынышты жеңе алмай-ақ қойдым. Бейтаныс адамның бәрі сезікті, күдікті көрінеді. Мені әлгі жігіттердің бірі аңдып жүргендей болады.

Жігіттердің туыстары "мыналар қыз алып қашып еді, ештеңе болмады, демек бізге де солай істеуге болады" деген әңгіме еститін шығар. Сосын мұндай жағдай жалғыз менің ғана емес, басқалардың да басынан өтеді. Олар келер жолы басқа қыздарға осылай етпес үшін жазалануы тиіс. Істеген ісінен сабақ алуы керек. Мен істі соңына дейін жеткіземін.

Азаттық Аружанның оқиғасына байланысты Алматы облысының полиция департаментіне сауал жолдады. 15 сәуірде полициядан жауап келді. (Ресми комментарийде бойжеткеннің есімі аталатын тұстар өзгертілді.)

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында азаматтың бойжеткенді ұлттық дәстүрге сай алып қашып, келін ретінде Алматы облысы Жаркент қаласына апармақ болғаны, алып қашуға төрт досының көмектескені анықталды. Сонымен қатар, бұл тұлғалардың Аружанды автокөлікке күштеп отырғызбай, алдап отырғызғаны белгілі болды. Жолда тұрмыс құру үшін ұрлап бара жатқанын білген соң, алып қашпақ болған азамат пен Аружанның арасында дау туған, бойжеткен жолда автокөлікті тоқтатып, түсіп қалған. Кейін аталған адамдар [Аружан] жолда бір нәрсеге ұшырап қалмауы үшін қайта келіп, бірге жүруді сұрағаны, Аружан өз еркімен қайтадан автокөлікке отырып, ары қарай жолын жалғастырғаны анықталды. Сол арада жігіт тұрмыс құруға қайта ұсыныс айтқан сәтте екі ортада тағы дау туып, аталған адамдар бойжеткенді Еңбекшіқазақ ауданы Шелек [ауылдық] полиция бөліміне жеткізген.

Бұл жағдайда Аружанға күш көрсетіп, оны еркінен тыс ұстау фактісінің жоқтығына, сонымен қатар оның өз еркімен автокөлікке отырып, сапарды әрі жалғастырғанына және Қылмыстық кодекстің 126-бабы (бас бостандығынан заңсыз айыру – ред.) бойынша қылмыс құрамының болмауына байланысты бұл іс 2020 жылғы 25 желтоқсанда қысқартылған. Аудан прокуратурасы қылмыстық істі тексеріп, шешіммен келіскен" деп жазған облыстық полиция департаменті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG