Кейінгі жылдары қылмыс саны азая бастағанымен, пандемия кезінде Қазақстанда тұрмыстағы әлімжеттік пен аса ауыр қылмыс түрі көбейген. Мамандар мұны халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен байланыстырып, "адамдар тұрақсыздықтан қорқады, үрей артқан сайын, агрессия да күшейеді" деп түсіндіреді.
Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнаулы есеп комитеті ұсынған дерекке сәйкес, былтыр Қазақстанда 162 783 қылмыстық құқық бұзу фактісі тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 33,4 пайызға аз. Аталған статистикаға жеңіл және орташа ауыр, меншік құқығына, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қарсы жасалған, көлік қозғалысын шектейтін, денсаулыққа ауыр залал келтіретін қылмыстар, бұзақылық, тонау, алаяқтық, ұрлық сияқты құқық бұзу іс-әрекеті кіреді.
Комитет дерегінше, аса ауыр қылмыстың үлесі 14,2 пайызға өскен (2019 жылы – 1812, 2020 жылы – 2069). Ал ауыр қылмыс саны 25 725-тен 41933-ке дейін артып, 63 пайызға көбейген. Ұрлық екі есе қысқарған.
"АДАМДАР КИІМДІ ЕМЕС, ТАМАҚТЫ ТАҢДАЙДЫ"
Нұр-Сұлтан тұрғыны Баян Қабашева (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) төрт жылдан бері "Астаналық" базарында киім сатумен айналысады. Қазір кәмелетке толмаған екі баласын асыраудың қамымен жүрген саудагер үсті жабық базардың ішінен сауда орнын жалға алуға шамасы жоқ болғандықтан көше бойындағы бутикте Қытайдан келген арзан киім-кешек сатуға көшкен.
Баянмен 30 градус аязда жол жиегінде тұрып сөйлестік. Саудагер таңнан қара кешке дейін суық бутигінен зат сатып алатын адам шақырып, осы жерде тұрады. Баян ресми статистикаға күмәнмен қарайтынын жасырмады.
– Саудаға шығарған тауардан шалбар да, көйлек те ұрланды. Бір апта бұрын әлдекім бюстгальтер ұрлап кетіпті. Киерге киім таппаған немесе ұрланған киімді үстіне баға қосып сататын саудагерге арзанға өткізіп, азық-түлік сатып алғысы келген біреу шығар. Кейінгі кезде адамдардың киімнен гөрі бірінші кезекте тамақты таңдайтынын байқадым. Карантиннен кейін халық кедейлене түсті. Ештеңе сатып алмайды. Керісінше, ұрлық көбейген сияқты, – деді Баян Қабашева.
Ол ұрлық бола қалса, "бюрократиялық әуре-сарсаңға" уақыт кетірмес үшін полиция шақырмай, шығынды өз қалтасынан өтейтінін айтады.
– Жазда, карантиннен кейін халық көп келе бастады, ал қаңтар-ақпан айларында бұрын да, пандемияға дейінгі кезде де сауда болмайтын. Әдетте жыл басы қиын болады. Наурызда жағдай жақсаратын шығар деп үміттенеміз. Не істерімізді білмей отырмыз. Халыққа өте қиын. Кейде адамның шынымен мұқтаж екенін көрсем, киімді тегін беріп жіберемін, – дейді ол.
ТҰРМЫСТАҒЫ ӘЛІМЖЕТТІК ЖӘНЕ ВИДЕОҚОҢЫРАУ
Ішкі істер министрлігі қылмыстық құқық бұзудың алдын-алу жұмыстары тұрақты негізде жүргізілетінін айтады.
ІІМ баспасөз қызметі Азаттықтың сауалына "Кәмелетке толмаған балаларға қарсы жасалған, тұрмыста жасалған қылмыстар, кісі өлтіру фактілері мен өзге де заң бұзу оқиғаларына талдау жүргізіліп, себебі анықталады" деп жауап берді.
ІІМ дерегінше, 2020 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы қылмыстар 4,7 пайызға ғана (2019 жылы – 1052, 2020 жылы –1071) өскен. Министрлік қылмыстың көбеюін пандемия кезіндегі шектеу шараларына байланысты халықтың көп уақытын үйде өткізуге мәжбүр болғанымен байланыстырады. Осы уақыт ішінде тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан 12 мыңнан астам адам зардап шеккен деген дерек айтылады.
Карантин кезінде полиция отбасындағы жағдайды "видеоқоңырау арқылы қашықтан" тексерген.
"Бұл әдіс ондай адамдарды үйіне бармай-ақ жедел түрде тексеріп, отбасындағы жағдайды сырттай бақылап, бағалауға мүмкіндік береді" деп түсіндіреді министрлік.
ІІМ дерегінше, елде тұрмыстағы әлімжеттіктен жапа шеккендерге көмек көрсететін 38 дағдарыс орталығы бар. Олардың 29-ы әйелдер мен балаларға уақытша баспана ұсынады.
Азаттық Нұр-Cұлтандағы мемлекеттік және жекеменшік осындай екі орталықта тұратын әйелдермен сөйлесуге тырысып көрді. Бірақ орталық басшылары әйелдердің көбі баспасөз құралдарына сұхбат бергісі келмейтінін, көпшілігі күйеуімен қайтадан татуласуды жоспарлап отырғанын айтты.
"ДЕСТРУКТИВТІ" ОТБАСЫНДАҒЫ АГРЕССИЯ
"Келешек" психология орталығының басшысы және Нұр-Сұлтан әкімдігінің жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демография саясаты жөніндегі комиссияның мүшесі Наталья Семененко көшедегі құқық бұзу фактілерінің азаюы жайлы пікірінде отбасындағы адамдарға уақыттың көбін бірге өткізуге тура келген кезде үйдегі кикілжің де көбейе түскенін айтады.
– Карантин кезінде әсіресе "деструктивті отбасыларға" қиын болды. Әу баста белгілі бір себепке байланысты шаңырақ көтерген мұндай отбасының ажырасуы да жиі кездеседі. Кейде жастар мәжбүр болған соң үйленеді. Мысалы, қыз жүкті болып қалса немесе ата-анасының айтуымен шаңырақ көтереді. Енді біреулер өзінің ересек екенін дәлелдеу, жалғыздықтан құтылу үшін отбасын құрады. Кейін ерлі-зайыпты бір-бірін жақсы танып үлгермегенін түсінеді. Осыдан кикілжің туып, ушығып, оның арты агрессивті іс-әрекетке ұласады, – дейді психолог.
16 қаңтарда полиция Нұр-Сұлтандағы тұрғын үйлердің бірінде отбасындағы ұрыс-керістен кейін күйеуі әйелін пышақтап өлтіріп, марқұмның әпкесін жаралап, соңында өзіне қол салғанын хабарлады.
– Бізге отбасы-тұрмыстық мәселелерді зерттеу керек. Қазақстан бойынша мұндай зерттеу жоқтың қасы. Мысалы, тұрмыста әлімжеттік көрген қазақстандық әйелдің психологиялық портреті жасалмаған. "Әйелдердің өзін ұрып-соққан күйеуімен қайта табысып, әңгіртаяққа төзіп жүре беруіне не себеп?" деген сұраққа нақты жауап жоқ. Шет мемлекеттердің тәжірибесін қарау керек, – дейді Наталья Семененко.
Тұрмыстағы әлімжеттіктің әлеуметтік аспектісіне келгенде психолог "тұрақтылық сезімінен айырылу" деген факторға тоқталды.
– Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық болмаса, адамдар үрейге бой алдырады. Қорқыныштан адреналин мен агрессия туады. Яғни, үрей артқан сайын, агрессия да күшейе түседі, – дейді психолог.
"Genesis психологтар қауымдастығы" қоғамдық бірлестігінің басшысы, психолог Раиса Байдалиеваның айтуынша, кейінгі кезде кәсіби маман кеңесіне жүгінетіндер көбейген.
– Біздің қоғамда үйде ұзақ уақыт бірге отыру мәдениеті қалыптаспаған. Көбі жұмыссыздық пен шарасыздықтан іше бастаған. Көп адам тар үйде тұрады. Ішімдік, тар жерде отыру және ыстық зорлық-зомбылыққа итермелейтіні дәлелденген. Адамдардың басым көпшілігінде бұрын анықталмаған және емделмеген жеке психологиялық кінәрат болатынын да ескеру қажет. Бұл жерде тұлғаның эмоционалды тұрақсыздығын және өзге де психологиялық ауытқуларды айтып отырмын, – дейді психолог.
Ресми дерек бойынша, 2019 жылы алкогольді ішімдік әсерімен жасалған 14167, ал 2020 жылы – 11758 қылмыс тіркелген.
Байдалиеваның пікірінше, табысынан айырылған адамдар желідегі әртүрлі құмар ойынына ақша тіге бастаған. Бұл несие қарызы мен суицид қаупін арттырады дейді маман.
– Ресми статистикаға қарсы ештеңе демеймін. Бірақ байқауымша, суицид саны бұрынғы деңгейде қалған. Мысалы, бізде автоцидтерді (автокөліктің көмегімен өлуге тырысу) есепке алмайды. Көбіне адам спирттік ішімдік ішіп не есірткі тұтынған кезде қатты жылдамдықпен жүреді. Бұл – нақты болмаса да, адамның суицидке бейім екенін көрсететін белгілердің бірі, – дейді психолог.
2019 жылы – 3791, 2020 жылы 3515 адам суицидке барған. Психолог Салтанат Мәусейітова қоғам карантин кезінде құндылықтарын қайта қарай бастағанын айтады. Маманның пікірінше, карантиннің негативті әсеріне қоса артықшылығы да аз емес. Адамдарда жақын-туысын бұрынғыдан жақсырақ тануға мүмкіндік пайда болды. Отбасына көбірек уақыт бөліп, бір-бірін бағалап, маңайындағы адамдарға түсініктікпен, мейіріммен қарауды үйренген.
– Бірінші карантин кезінде халық арасындағы агрессия мен стресс өте жоғары деңгейде болды. Адамдар бұрын белгісіз болып келген дүниемен танысып, ертеңгі күннен не күтерін білмеді. Сондықтан тұрмыстағы әлімжеттік көбейген. Ал екінші карантин кезінде жұрттың оның алдында жинақтаған тәжірибесі болды. Адамдар дүниенің қараң қалмағанын, өзара көмектесудің маңызын түсінді. Агрессия мен стресс азая бастады, – дейді Салтанат Мәусейітова.
БАЛАЛАРҒА ҚАРСЫ ЖАСАЛҒАН ЗОРЛЫҚ, ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚ ЖӘНЕ АДАМ САУДАСЫ
ІІМ дерегіне қарағанда, кейінгі бес жылда елде кәмелетке толмаған балаларға қарсы жасалатын сексуалды сипаттағы қылмыс саны 35 пайызға азайған. Бірақ бас прокуратураның құқықтық статистика және арнаулы есеп комитетінің мәліметінше, 2020 жылы кәмелетке толмаған балаларды зорлау фактісі 158-ден 226-ға (43 пайызға), "кәмелет жасына жетпеген балаға қарсы жасалған сексуалды сипаттағы зорлық әрекеті 144-тен 169-ға (17,4 пайызға) артқан.
ІІМ-нің талдау қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған балаларға қарсы жасалатын зорлық іс-әрекеттерге әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларда ата-ана тарапынан бақылаудың аздығы, моральдық қасиеттің төмендігі және ішімдікке салыну әсер еткен. Министрлік әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған сегіз мыңнан астам отбасымен жеке профилактикалық жұмыс жүргізілетінін айтты.
2020 жылы құқық бұзу фактілерінің жалпы саны азайғанымен, кейінгі бірнеше жылда желідегі алаяқтық жиі тіркеле бастаған. Мысалы, 2019 жылы осындай сегіз мың іс тіркелсе, 2020 жылы 14 мың қылмыстық іс қозғалған.
ІІМ жауабында "Киберқылмыскерлер бұрынғыдан да агрессивті болып барады, олар деректерді шифрлау әдісін, IP адрес пен аккаунттарды жасыруға арналған бағдарламаларды пайдаланады" делінген. Ведомство "киберқылмысқа қарсы күрес орталығына кәсіби біліктілігі жоғары IT-мамандарды жұмысқа алып, штат қызметін күшейтуді" жоспарлап отыр.
Адам саудасы да өсіп, 2019 жылы – 7, 2020 жылы 44 қылмыс тіркелген. Былтыр мұндай қылмыстың көбі Шымкентте жасалған. Кәмелетке толмаған балаларды сату фактісі 6-дан 20-ға дейін көбейген.
– Шымкенттегі көрсеткіш жоғары болып отыр. Осы бір қаланың "арқасында" адам саудасының, оның ішінде кәмелетке толмаған балаларды сату көрсеткіші "үлкен" болып көрінеді. Бұл статистика болмаса, қылмыс саны әлдеқайда аз болар еді, – дейді "Родник" әйелдер мен балаларды әлеуметтік-психологиялық оңалтудан өткізу және бейімдеу орталығы қоғамдық қорының басшысы Нина Балабаева.
Қор дерегінше, қоғамдық ұйым 2019 жылы – 127, 2020 жылы – 35, жыл басынан бері 19 адамға көмек көрсеткен.
– Иә, көрсеткіш артты. Бірақ бұл барлық өңірде адам саудасына байланысты жаңа фактілер анықталып, қылмыстарды зерттеу жөнінде жұмыс жүріп жатыр дегенді білдірмейді, – дейді Балабаева.
СТАТИСТИКА ЖӘНЕ ШЫНАЙЫ ЖАҒДАЙ
Санкт-Петербургтегі Еуропа университетінің тәжірибелік-құқықтық зерттеулер жөніндегі профессоры Дмитрий Скугаревский тіркелмеген қылмыстарды, оның ішінде "Ресей мен Қазақстан сияқты постсоветтік елдердегі ресми қылмыс статистикасы шындыққа қаншалықты жанасады?" деген мәселені зерттеумен айналысады.
Сарапшы "2020 жылы пандемия кезінде қылмыс саны шынымен азайды ма, әлде жасанды (полиция тіркемейді) немесе табиғи (адамдар полицияға қылмыс туралы хабарламайды) жолмен тіркелмейтін қылмыстар көбейді ме?" деген сұраққа жауап табу үшін әр айдағы қылмыс динамикасын қарау керек деп есептейді.
Дмитрий Скугаревский ресми деректер негізінде Азаттыққа құқық бұзу көрсеткішінің салыстырмалы графигін жасады. Ол 2020 жылы сәуірде тіркелген қылмыс саны алдыңғы жылғы наурыз айымен салыстырғанда бірден екі есеге азайғанын байқап, мұны "солай болары күтілген жағдай" деп атаған.
– Қылмыс деңгейі кейін дәл осылай қалпына келеді. Бұл – әлемге ортақ тренд, – дейді 2018-2020 жылдары Сан-Франциско полициясы тіркеген қылмыстардың осыған ұқсас графигін мысалға келтірген Скугаревский.
2020 жылы қараша және желтоқсан айларында құқық бұзу фактілерінің күрт қысқаруы сарапшыға "әдеттен тыс" көрінген.
– Бұл құқық қорғау органдарының есепті кезеңнің соңына қарай қылмыс тіркеуде құлықсыздық танытуымен байланысты болуы да мүмкін. Бірақ жан-жақты, толық дерек болмаса, бұл тұжырым спекуляция деңгейінен аса алмайды, – дейді сарапшы.
Дмитрий Скугаревский 2015 жылы институттағы әріптестерімен бірге "Қылмыстық статистика: құрылу механизмі, бұрмалану себебі және реформалау жолдары" деп аталатын есеп дайындаған. Аталған есепте басқа мемлекеттермен қатар Қазақстан тәжірибесі де талданған.
– Бұл есептегі графиктердің бірі постсоветтік елдерде қылмысты жасанды жолмен тіркемеу амалы қаншалықты жиі қолданылатынын анық көрсетеді. Қазақстанда 2010 жылдан кейін қылмысты тіркеу саясаты өзгеріп, қоғам қылмыс деңгейі туралы көбірек біле бастады. Бірақ әлі де тұрмыстағы немесе жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық сияқты бірқатар қылмыс түрін жасырып қалуда табиғи латенттік басым. Сондықтан мұндай құқық бұзу деректері бойынша қылмыс динамикасын түсіндіруге асықпас едім, – дейді Дмитрий Скугаревский.
"ХАЛЫҚ КЕДЕЙ БОЛСА, ҚЫЛМЫС ТА КӨБЕЙЕ БЕРЕДІ"
Адвокат Айман Омарова қылмыстық құқық бұзу оқиғаларының көбеюін әлеуметтік фактормен және қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің төмендігімен байланыстырады.
– Қылмыстың өсуіне бірінші кезекте, елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелер әсер етеді. Қоғамда күйзеліс бар және ол күн санап артып келеді. Бұл әлеуметтік деңгейдің төмендігі, жемқорлық пен халықтың жаппай табысынан айырылуымен байланысты. Күйзеліс ашу-ыза тудырады, кейін алкогольге үйір болады, солай жалғаса береді, – дейді адвокат.
Омарова алдағы уақытта билік халықтың өмірін жақсартуды қолға алмаса, ауыр және аса ауыр қылмыс саны өсуі мүмкін деп болжайды.
– Қылмыс саны, оның ішінде адамның жеке басы мен меншігіне қарсы жасалған құқық бұзу іс-әрекеті көбейе береді. Біз қазір тіркелген қылмыстар туралы статистиканы ғана көріп отырмыз. Кез келген қылмыстық істі өзгертіп, басқа санаттағы құқық бұзу оқиғасына жатқызуға болады. Бірақ әлі де тіркелмейтін қылмыстар көп. Билік халықтың шынайы әлеуметтік және өмір сүру жағдайын көтеруі керек. Халық кедей болса қылмыс та көбейе береді. ІІМ мен бас прокуратура қылмыс санының артуы немесе төмендеуі пандемияға байланысты деген ертегі айтпай-ақ, – дейді Айман Омарова.
AERC (қолданбалы экономикалық зерттеу орталығының) қолданбалы зерттеулер басшысы Диас Құмарбеков – елдің экономикалық жағдайы мен қылмыстың арасында байланыс барын дәлелдейтін зерттеу авторларының бірі.
– Табыс көлемінің өзгеруі аса ауыр қылмыстың көбеюіне қатты әсер етеді. Мұны адамның өз басын қатерге тігіп, қылмыс жасау немесе жасамау туралы түпкілікті шешім қабылдауына оның әлеуметтік жағдайы әсер ететінімен түсіндіруге болады. Мысалы, егер табысыңыз, баспанаңыз және болашақтан үмітті болсаңыз, оңай пайдаға бола қолыңыздағы бар дүниені тәуекелге тігуіңіз екіталай. Керісінше, ондай "шығыны көп" табыс табамын деп қолдағы бардан айырылғыңыз келмейді, – дейді Диас Құмарбеков.
Сарапшының пікірінше, дағдарыстың кері салдары ұзаққа созылса, халықтың банкке несие қарызы өсіп, жұмыссыздық көбеюі мүмкін. Бұл елдегі қылмыстың жағдайына да әсер етеді.
– Мысалы, тұрмыстағы зорлықтың негізгі факторларының бірі – отбасының табыстан айырылуы. Жұмыссыз қалған жағдайда ерлі-зайыптыға онсыз да шамалы ақшаны қалай жеткізем деп бас қатыруға тура келеді. Бұл проблеманы мемлекеттік төлемдер шеше алмайды, өйткені олар жұмыссыздық мерзімін ұзартады. Яғни, 42500 теңге беру зорлық деңгейін азайтуға жанама түрде әсер еткен шығар, бірақ бұл мәселені шешкен жоқ, – дейді Құмарбеков.
Сарапшының пікірінше, мемлекет қылмыстың көбеюіне тосқауыл қою үшін оның шығу себебінің алдын алуы керек.
– Қазақстанда жақсы мемлекеттік бағдарламалар бар. Билік 2020 жылы бұрын-соңды болмаған мемлекеттік қолдау шараларын іске асырды. Сондықтан мұндағы басты мақсат – әділдік пен қоғамдық игіліктерге қол жеткізу теңдігін қалыптастыру. Бай мен кедей арасындағы алшақтық (Джини индексі немесе "әділдік индексі") қылмыстың өсуіне әсер ететін негізгі фактор болып саналады, – дейді Диас Құмарбеков.
2021 жылдың алғашқы айында Қазақстанда 17300-ден астам қылмыстық құқық бұзу фактісі тіркелген.
ПІКІРЛЕР