Accessibility links

"Мен қылмыскер емеспін"


Мұнайшылар белсендісі Мақсат Досмағамбетов қызымен бірге үйінде отыр. Жаңаөзен қаласы, 30 қыркүйек 2017 жыл.
Мұнайшылар белсендісі Мақсат Досмағамбетов қызымен бірге үйінде отыр. Жаңаөзен қаласы, 30 қыркүйек 2017 жыл.

Алты жыл бұрын Жаңаөзенде болған ереуілден соң сотталған мұнайшылар белсендісі Мақсат Досмағамбетовтің түрме жазасы бүгін аяқталды. Ол бұл ереуілдің құны өзі үшін өмірімен өлшенгенін айтады.

Мақсат Досмағамбетов 2012 жылы Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуілін ұйымдастырушы деп танылып, алты жылға сотталған. Ол Ақтаудағы сот процесінде ең бірінші болып түрмедегі азаптау туралы ашық мәлімдеме жасап, оны тергеп-тексеруді талап еткен. Досмағамбетов қатерлі ісікке шалынуына түрмедегі азаптау себеп болғанын айтады. Азаттыққа берген арнайы сұхбатында ол денсаулығы, 2011 жылғы ереуіл және одан кейінгі жағдай, абақтыдағы бастан кешкендері жайлы айтып берді. Мақсат Досмағамбетов алты жыл өтсе де, Жаңаөзеннің ауыз су, экологиялық жағдай, медициналық көмектің нашарлығы тәрізді негізгі мәселелері шешусіз қалды деп ойлайды. Мұнай жұмысшысы Жаңаөзен оқиғасы қайта тексеріліп, оқ атқандар мен бұйрық бергендер жазалануы тиіс, зардап шеккендерге үкімет мәртебе беруі керек деп санайды.

АРМАН

Азаттық: - Мақсат, желтоқсанның 19-ында сотталу мерізіміңіз толық аяқталды. Қандай көңіл күйдесіз?

Қылмыс жасағаным жоқ, сондықтан өкінішім де жоқ.

Мақсат Досмағамбетов: - Жаза мерзімім біткенін күтіп жүрмін, әрине. Баратын жеріме емін-еркін бара аламын ғой әйтеуір. Қазір шектеу қойған соң қонаққа да бара алмайсың, үйден де шыға алмайсың. Сотталғанға дейін бір де бір рет полицияға түсіп көрмеппін. Кейбіреулер ұсақ бұзақылық жасап немесе алкогольдік ішімдікпен ұсталып жатады ғой. Мектепте оқып жүргенде де ешқашан тәртіпсіздік жасап, директор алдына барып көрмеппін. Мен өзімді «сотталған қылмыскер» санамаймын. Мен қылмыскер емеспін. Кімнің кім екені анықталар күн де келер, бұл күн де өтер.

Оқи отырыңыз: Жаңаөзен оқиғасы неден басталып, қалай бітті?

Азаттық: - Не жоспарыңыз бар?

Мақсат Досмағамбетов: - Басты жоспарым - емделу. Әйелімнің аяғы ауыр, төртінші баланы күтіп отырмыз. Менің асқынып бара жатқан ауруым бәрі қабаттасып жатыр. Бірақ өз өзіме «бәрі жақсы болады, жазылып кетемін» деп сендіріп, үмітімді үзбей келемін.

Азаттық: - Өткенге өкінесіз бе?

Мақсат Досмағамбетов: - Қылмыс жасағаным жоқ, сондықтан өкінішім де жоқ. Түрмеге түсіп, ауру болмасам да бәлкім басқа жағдай болып ауырып қалатын шығармын. Оны білмеймін, бәрі – Алланың еркінде.

Көре отырыңыз: Қамаудан шыққан жаңаөзендіктер

Қамаудан шыққан жаңаөзендіктер
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:17 0:00

ДЕРТ

Азаттық: - Қазір денсаулығыңыз қалай? Жалпы сізге қанша рет операция жасалды?

Оқи отырыңыз: Жаңаөзенде жараланған Қайрат Досмағамбетов 19 операция жасатты

Мақсат Досмағамбетов: - 2014-2015 жылдары алғашқы екі операция Қазақстанда Алматыда жасалды. Содан соң мұнайшылардың жеке жинаған қаражатының көмегімен 2015-2016 жылы Оңтүстік Кореяға үш мәрте барып, ол жақта 6 рет операция жасалды. Себебі елге келген соң ауа райының әсері ме, иммунитеттің әлсіреуі ме рецидив бола берді. Негізі Кореяда операция мен химиялық терапия алған соң жағдайым жақсарып, тамаққа тәбетім ашылып, өзімді жақсы сезініп жүрдім. Биылғы мамырда тағы баруым керек еді. Ол жақтағы дәрігерлер «жылына екі рет келесіз, кейін жақсара бастаған кезде жылына бір рет келуге болады» деген. Бірақ қазір қаражат жоқ. Жаңаөзендегі медициналық көмектен маған қайыр жоқ. Олар таңғышымды да дұрыс ауыстыра алмайды. Өзім үйден ауыстырамын. Ал Ақтауға бару қаржылық жағынан қымбат. Себебі кейде күніне екі не үш рет ауыстыру керек. Сонда да аптасына бір рет Ақтауға барып, операция орнын жудыртып аламын.

Оқи отырыңыз: Жаңаөзен оқиғасында зардап шеккендер әлі емделіп жүр

Түнімен ұйықтай алмаймын, күндіз сәл көзім шырымын алғандай боламын. Таңдай, жақ жоқ, бәрін кесіп тастағандықтан сөйлеу де қиын. Отбасыма да ауыр.

Кореяға барып жүргенде аз уақытта алынып тасталған сол көз орнына пластик қоятыны туралы айтқан. Бірақ әзір ол да мүмкін емес, жара жазылмай, асқынып тұр. Түнімен ұйықтай алмаймын, күндіз сәл көзім шырымын алғандай боламын. Таңдай, жақ жоқ, бәрін кесіп тастағандықтан сөйлеу де қиын. Отбасыма да ауыр. «Самұрық-Қазынаға» жәрдем сұрап жолдаған арызыма жауап алғаным жоқ. Әріптестерім көмектесуге тырысып жатыр. Оларға да өте қиын. Жұмыстастар арасында басқа да ауру адамдар көп қой, соларға да мұнайшылар өз қалталарынан ақша жинап көмектеседі.

Азаттық: - Дертіңіз асқынбай тұрып неге емдетпедіңіз? Түрмеде отырғанда ауруыңыз туралы дер кезінде ескерттіңіз бе?

Мақсат Досмағамбетов: - Бетімдегі дерт сотталып, Оралдағы лагерьге түскен соң, алты айдан кейін 2012 жылы біліне бастады. Басында тісім бе, басым ба солқылдайтын деп ойладым. Түрмедегі дәрігерлерге айтқанмен аспириннен басқа ештеме берген жоқ. Сол кезде рентгенге түсіріп, емдегенде басқаша болар ма еді. Әрине, талай рет арыздандым. Бірақ мені дәрігерлік тексеруге апармады. 2014 жылы колонияға шықтым. Ол жерде дәрігерлік тексеру жасағанымен диагноз қоя алмады. Сол 2014 жылы сәуірде Алматыға жіберіп, онкология екенін сонда анықтады. Бірақ ол кезде ауру әбден асқынып кеткен екен.

Мақсат Досмағамбетов

Мақсат Досмағамбетов 1982 жылы 1 қарашада Жаңаөзен қаласында дүниеге келген.

Отбасы, екі ұлы, бір қызы бар.

2001-2005 жылы Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің мұнай және газ факультетін тамамдаған.

2004 жылдан бері «Өзенмұнайгаз» компаниясында бұрғыларға жер асты жөндеу жұмыстарын жүргізу операторы болып еңбек етті.

2011 жылы Жаңаөзен қаласындағы орталық алаңдағы жеті айға созылған ереуілге қатысқаны үшін жұмыстан шығарылған.

2012 жылы «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы» деп танылып, 6 жылға сотталған. Қазақстан сотының барлық апелляциялық инстанциялары оның жазасын жеңілдетуден де, істі қайта қараудан да бас тартқан.

2012 жылғы Ақтаудағы сотта Мақсат Досмағамбетов ең алғаш рет түрмедегі азаптау туралы ашық мәлімдеме жасап, оның тергелуін талап етті. Оның арызынан соң қамаудағы 21 мұнайшы сотқа азаптау туралы шағым түсірді. Сот сараптамасы оның қабырғасының, бет жақ сүйегінің сынғанын анықтады.

2015 жылы ақпанның 5-інде Мақсат Досмағамбетов шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.

2017 жылы желтоқсанның 19-ында ол түрме жазасын толық өтеп шықты.

АЗАПТАУ

Азаттық: - Сот процесінде өзіңізді азаптау туралы айттыңыз. Сол оқиғаны еске түсіріп айтып бере аласыз ба?

Мақсат Досмағамбетов: - Мені 2011 жылғы желтоқсанның 20-сы күні ҰҚК қызметкері үйден алып кетті. Тергеу жасады да, Жаңаөзендегі ішкі істер басқармасынан алып кетуге полицияны шақырды. Ұрып-соғу сол ұсталған күннен кейін-ақ басталды (ІІМ тергеу кезінде ұрып-соғу мен азаптау тәсілдері қолданылды деген мәлімдемелерді жоққа шығарып келеді – ред.). Ішкі істер басқармасында Нұрлан есімді оперқызметкер тергеу жүргізді. Оны тергеу деуге де келмейді, жай формальды түрде. Бастысы бір бөлмеге кіргізіп саусағыма, тіземе ине тығып, пистолетпен, дубинамен ұрды, құлағымды степлермен тесті. Содан соң «твой груз у нас» деп А.Ө. (сұхбат кезінде Мақсат Досмағамбетов толық аты-жөнін атаған – ред.) дегенді шақырды. Ол қасында тағы бір қызметкермен келіп, кабинетте жақсылып бір сағат сабады. Қабырғаға тұрғызып қойып боксшы қабын ұрғығандай соққылап, автоматпен, дубинамен ұрды. А.Ө.: «Мен саған айттым, неге тұрасыңдар ереуілге, кет дедім сендерге!» деп сабаған сайын айқайлады. Мен оған: «Ұрсаң ұр, бірақ мен қылмыс жасаған жоқпын. Бунтты бастаған біз емес, сіздердің қызметкерлеріңіз» дедім, содан соң есімнен танып қалдым. Сол кезде Жаңаөзен ІІБ ғимаратының бірінші қабатындағы кабинеттердің бәрінде адамдарды ұрып-соқты. Кімді кім соғып жатыр білмейсің. Айқайлап, жылаған дауыстары естіліп жатыр. Қаша алғандары қашып кетті. Бастықтар үшінші қабатта отырды. Кейін желтоқсанның 26-сында Ақтауға, уақытша қамау изоляторына әкелді. Бір бөлмеде бес-алты адамнан отырдық. Изоляторға кіргізгенше қара суық гаражда ұстады. Ұрып-соғу сонда да жалғасты, итке де қаптырды. Таңғы 6-да ас берсе береді, бермесе түнгі бірге дейін қинау болды. Желтоқсанның 31-інде кері Жаңаөзенге алып келді. Біз заңсыздық, азаптау туралы айтқан сайын жанымызды одан бетер қинаған соң айта беруді қойдық. «Сені өлтірсек те бізге ештеме болмайды» деді құқық қорғау қызметкерлері маған. Ендігі мақсат аман-есен шығу керек болды.

Оқи отырыңыз: Жаңаөзенде "өкілетін асыра қолданған" полицейлер соты

Азаттық: - Ұрып-соғу туралы сол кезде арыздандыңыз ба?

Мақсат Досмағамбетов: - Түрмеге келген Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюро өкіліне (сұхбат кезінде Мақсат Досмағамбетов толық аты-жөнін атаған – ред.) азаптау туралы шағымым бар екенін, алып кетуді өтінген едім. Ол «түрме бастығын тапсырыңыз, жалпы сіздерде бәрі жақсы тәрізді» деп кетіп қалды. Ал түрме бастығы шағымымды көзімше жыртып тастады. Мені ұрып-соққандар – мені тергеген тергеуші, Қалдыбай, Нұржан, Мақсат дегендер болды. Әрине, қазір көбінің атын ұмытып қалдым, бірақ құжатта бар. Бұрынғы қалалық ІІБ бастығы (сұхбат кезінде Мақсат Досмағамбетов толық аты-жөнін атаған – ред.) келіп басымнан пистолетімен соғып кетті бірнеше мәрте. Мен мұның бәрін сот процесінде айттым. Менің оған дәлел құжаттарым да бар. Бәрі медициналық сараптамамен негізделген. Мұнай саласында 2004 жылдан бері жұмыс істеймін. Өмірімде бір де бір рет ауырып, ауруханада жатқан емеспін. Себепсіз жұмыстан қалған күнім жоқ. Бетімдегі аурудың себебі осы соққыдан деп санаймын. Адвокатым Гүлнар Жуаспаева азаптау туралы шағым жазды. Бірақ «іс дәлелін таппады» деп, сот тоқтатып тастады. Сонымен 13 адамға 6-7 жыл абақтыға қамалатын болып сот үкімі шықты. Оралдың түрмесінде болдық. 2012 жылы сол жақтан кассациялық сотқа арыздандық, нәтиже болмаған соң ақыры қойдық, бізді қазір ақтамайтынын білдік.

Оқи отырыңыз: Жаңаөзен соты туралы тұтас архив

АБАҚТЫДА

Азаттық: - Түрмеде отырғанда ол жақтағы сотталушылар сіздерді қалай қабылдады? Олардың Жаңаөзен оқиғасынан хабары болды ма ?

Мақсат Досмағамбетов: - Жаңаөзендегі жағдайды олар жақсы білетін болып шықты. Түрмеге түскенде бізді ол жердегілер өте жақсы қарсы алды. Ол жақта «режим» ғой. «Смотрящий», «блатнойлардың» өзі бізді қатты құрметтеді. Кейбір сол жердегі полиция қызметкерлері де бізге құрметпен қарады. Сотталушылар бізге «сендердікі дұрыс, мемлекет құрып барады, ақша жеу – барлық жерде» деді. Олар бізге «ақиқатты айтуға болмайтынына, оны ешкімнің тыңдамайтынына көзіміз жетті» дегенді айтты. Бірақ мен бұл оқиғаны осы күйінде қалдырғым келмейді. Шындық ашылуы тиіс. Мен БҰҰ-ға арызданамын. Мен ғана емес физикалық, моральдық зардап шеккендер көп қой. Тиісті тұлғалар жауап беруі керек.Жаңаөзенде зардап шеккендерге мәртебе берілуі керек. Ол үкіметте қаралып, арнайы нормативтік актімен бекітілуі керек.

СЕНІМ

Азаттық: - Мақсат, сіз 2011 жылғы ереуіл кезінде мұнайшылардың құқықтарын ашық қорғаған белсенді ретінде көзге түстіңіз. Оған не себеп болды?

Мақсат Досмағамбетов: - Бәрі 2010 жылы басталды. Мен жұмыс берушінің ішкі саясатымен келіспедім. Жұмысшыларды құл құсап жұмсайды, оларды үйінің шаруасына араластырып, мал бақтыруға, үй жинатуға алып кетеді. Этикет деген мүлде жоқ, дөрекі, боқтап сөйлейді. Жұмыс жағдайы қиын болды. Мұнайшылар қыста темір будкада отырады, киімдеріне мұз қатып жатады. 2011 жылғы ұзақ ереуілдің алдында 15 күн тұрдық. Бірақ еш нәрсе шешілген жоқ. Қарым-қатынас та, жұмысшыларды жеке шаруасына пайдалану да өзгермеді, тек жалақыны сәл көтерді. Мұнай болса алынып жатыр. Осының бәрін көре отырып, халыққа жаным ашыды, үндемеу мүмкін емес еді. Мен бірнеше мәрте «Өзенмұнайгаз» басшыларына талап қойып айттым. Нәтиже жоқ. Әлеуметтік мәселе көтерілген жиналыс ешқашан болмады. Болса тек қағаз жүзінде болды. Осы мәселенің бәрі қордаланып кеп, ереуілге апарып соқты.

Көре отырыңыз: Зардап шеккен жаңаөзендіктер статус сұрайды

Зардап шеккендер мәртебе сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:44 0:00

Азаттық: - 2011 жылғы Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» жұмысшылары ереуілі ең ұзаққа созылған ереуіл ретінде есте қалды. Мұнайшылар неге сенімді болды, неден үміттеніп тұрды?

Мақсат Досмағамбетов: - Әрине, адамдар психологиялық және моральдық жағынан өте қатты шаршады. Бірақ биліктен біздің мұңымызды еститін бір адамның болсын табылатынына сендік. Бірақ бізді атады, абақтыға жабады, қинайды деген ой үш ұйықтасақ та, түсімізге кірген жоқ. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы Жаңаөзенге келіп, өзінің мұнайшылар талабын естімегені туралы айтқан кезде мен тергеуде жатыр едім. Маған президент сөзі жазылған газетті тергеуші алып келіп, көрсетті. «Міне, президент келіп айналысып жатыр, ол бұрын естімеген» деді. Мен «Елінде не болып жатқанын білмесе, ол қандай президент? Ендеше ол өзі басқарып отырған мемлекетте не болып жатқанын білмейді» дегенім үшін тағы бір таяқ жеп алдым.

Мен «Елінде не болып жатқанын білмесе, ол қандай президент? Ендеше ол өзі басқарып отырған мемлекетте не болып жатқанын білмейді» дегенім үшін тағы бір таяқ жеп алдым.

Президент келді деген соң мен неше рет оған хат та жаздым. Бәрін көзімше жыртып тастады. Жеті ай бойына алаңнан тарқамаған мұнайшылардың ахуалы туралы Астана естімегеніне ереуілдегілердің бір де бірі сенген жоқ. Ереуілдің болып жатқаны туралы құқық қорғау органдарының бәрі білді. Естімеу туралы айту ұят болды. Бұл халықтың билікке керексіз екендігін көрсетті.

"ГҮЛДЕНГЕН" ЖАҢАӨЗЕН

Азаттық: - 2013 жылы Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Серікбай Тұрымов Қазақстан үкіметінің 2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша қалаға бөлінген 13 миллиард теңгенің толық игерілгенін мәлімдеді. Билік Жаңаөзен проблемасының шешілгені туралы айтты. Бұл мәлімдемелерге қатысты не ойлайсыз?

Көре отырыңыз: Жаңаөзен оқиғасына - бес жыл. Не өзгерді?

Мақсат Досмағамбетов: -Жаңаөзеннің жағдайы шешілген де жоқ, гүлденген де жоқ. Мұнда климат, экологиялық жағдай өте ауыр. «Қазақ газ өндіру» зауыты қалаға тиіп тұр. Санитарлық аймақ шегі сақталмаған. Қалада су тапшы. Ішіп отырғанымыз тасымалды су. Су тазарту қоймасы керек Жаңаөзенге. Бұл мәселені 2016 жылы қала әкіміне барып та айттық. Жазды күні тіпті қиын, уақытпен бір күн берсе, бір күн бермейді. Жаңаөзен -өндірістік қала. Тұрғындар ауыр жұмыстан соң келіп жуынайын десе су жоқ. Онкологиялық аурудың саны артып, жасарып барады. Жұмыссыздық қаншама, мүгедектер қаншама, жағдайы жоқ отбасылар қаншама. Ереуілден соң ашылған «Бұрғылау жұмыстары басқармасы» мекемесінің мұнайшылары өз қалталарынан тиын жинап, қаладағы кей отбасына көмектеседі. Олар қашанғы көмектеседі? Бәрінің отбасы бар.

Көре отырыңыз: Жаңаөзендіктер неге басқа өңірге көшуге құлықсыз?

Жаңаөзендіктер «көшпейміз» дейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:58 0:00

Жаңаөзенді «мұнайлы қала, бай қала» дейді. Бұл жерде 1960 жылдан бері мұнай өндіріліп келеді. 2011 жылғы менің есебім бойынша мұнайдың баррелін 60 АҚШ доллары деп есептегенде үш триллион доллар ақша шығады екен. Осының бәрін халыққа бермесе де, болмашы пайызын елдің игілігіне жұмсауға болар еді ғой. Сондықтан «Жаңаөзеннің жағдайы шешілді» дегенмен келіспеймін. Коррупция тоқтаған жоқ. Министрлер, президент келіп айына, жылына болсын халықпен жолығуы керек деп санаймын. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдамаған биіліктің «мәселені шештік» дегеніне сенбеймін. Мәселе – халықтың мұң-мұқтажын тыңдағанда ғана шешіледі. Түрмеде «Жаңаөзен тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсету үшін қорларға бөлінген ақшаны жеп қойды» деп сотталған бұрынғы әкімдер Орақ Сарбөпеевпен және Жарас Бабахановпен бірге болдық. Оларды тергеуге бара жатқанда жиі көріп тұрдық. Бір жолы бұрынғы қала әкімі Жалғас Бабахановпен тергеуге бір көлікпен келдік. Мен Бабахановтан «Жәке, бұл қалай болғаны? Осы жасағаның дұрыс па?» деп сұрадым. Ол «Мен білмеймін» деп жауап берді. Сол сияқты бәрі білмейді, бәрі естімейді.

Оқи отырыңыз: Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеев қалай сотталды?

САЯСАТ

Азаттық: - Сот процесінен соң кейбір халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар сізді «саяси тұтқын» деп атады. Сіз де абақтыға қамалуыңыздың астарында саясат бар деп ойлайсыз ба?

Мақсат Досмағамбетов: - Саясат барлығы рас. Бізді қамау арқылы, ату арқылы «митингке шықсаңыз, ереуілге тұрсаңыз сендерді қамаймыз, осылай жасаймыз» дегенді көрсетті басқаларға. Егер біздің талабымызды тыңдап, шешіп берсе, алаңда неміз бар?

Азаттық: - Әңгімеңізге рахмет!

XS
SM
MD
LG