2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін алты жылға сотталып, түрмеде ауыр дертке шалдыққаннан кейін шартты жазамен мерзімінен бұрын босатылған Мақсат пен оқиға кезінде полиция оғынан жараланған Қайрат Досмағамбетовтердің анасы Оңайгүл Досмағамбетова балаларының ем-домын жалғастыруға қажетті қаржы таба алмай жүр. Жаңаөзендегі "Өзенмұнайгаз" компаниясына көмек сұрап барған әйел сол жерде жолықтырған Азаттық тілшісіне екі ұлының қазіргі хал-жағдайы туралы айтып берді.
- 25 рет операция жасатқан Қайратымның денсаулығы нашарлап кетті. Иммунитеті әлсіреген, тістері үгітіліп түсіп жатыр. Соңғы операциядан соң қатты жүдеп, көп салмақ жоғалтты. Ал Мақсатым денсаулығынан бүтіндей айырылған. Баламды Оңтүстік Кореяға кезекті емге апаруға ақша таба алмай отырмыз, - деді Оңайгүл Досмағамбетова.
Қазір сыртым бүтін, ішім түтін. Осылар күлсе бірге күлемін. Бұлар ауырса қоса ауырамын. Балаларымның жағдайына өте қатты қиналамын
68 жастағы әйел өз денсаулығы да сыр беріп, қан қысымы көтеріле беретінін, қос ұлдың жағдайын уайымдаған жұбайы да төсек тартып жатып қалғанын айтады.
- Қайрат денсаулығы бар кезде Ақтауда жұмыс істеді, отбасымен сонда үй жалдап тұрды. 2011 жылы оқ тиіп құлағаннан бері қолыма алып, өзім қарап отырмын, - дейді ол.
Жаңаөзен оқиғасы екі баласына жазылмас жара салғанын айтқанда Оңайгүл апаның тамағына өксік тығылды.
- Бір балам онкологиялық ауруға шалдықты, екіншісінің жағдайы мынадай болды. Аяқ-қолы бүтін балаларым осындай боп қалады-ау деген ойыма да кірген емес. Қазір енді сыртым бүтін, ішім түтін. Осылар күлсе бірге күлемін. Бұлар ауырса қоса ауырамын. Балаларымның жағдайына өте қатты қиналамын, - дейді ол көзіне жас алып.
Оңайгүл Досмағамбетова екі ұлының қазіргі жағдайы туралы:
Отбасында 12 бала тәрбиелеп өсірген Оңайгүл Досмағамбетова үкімет берген "Батыр ана" белгісін кеудесінен тастамай үнемі тағып жүреді.
- Он екі баланы өсіру маған оңай болған жоқ. Өмірдің қиындығын көріп келемін. Екі жылдан соң жасыма жетпіске келеді. Үкімет "батыр ана" дейді, бірақ одан еш қызық көріп жатқаным жоқ, - дейді ол күрсініп.
Оңайгүл Досмағамбетованың сөзінше, 2012 жылдан бері балаларының операциясына "Өзенмұнайгаз" компаниясы мен осы кәсіпорынның Бұрғылау жұмыстары басқармасының мұнайшылары бірнеше рет өз күштерімен қаржы жинап көмектескен. Қарт ана қиналған сәтте берген жәрдемі үшін оларға алғысын да білдірді.
Жаңаөзенде 2011 жылы 16 желтоқсанда болған оқиғаны түсірген әуесқой видеосы:
"ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРГЕ СТАТУС БЕРІЛУІ КЕРЕК"
Азаттық тілшісі 35 жастағы Мақсат Досмағамбетовпен оның үйінде кездесті. Бетіндегі қатерлі ісікке 8 рет операция жасатқан жігіт ақшаның жоқтығынан биыл мамыр айында Оңтүстік Кореяға кезекті ем алуға бара алмағанын, дерттен әбден қалжырағанын айтады.
- Бетімдегі жарақат тағы асқынып тұр. Түнімен солқылдап қатты ауырады, ұйықтай алмаймын. Таңдайым да жоқ. Үстіңгі жақты да кесіп тастаған. Сөйлеу де, тамақ жеу де өте қиын, - деді ол.
Мақсат Досмағамбетовтің үш баласы бар. Келіншегінің аяғы ауыр. Ол денсаулығы туралы құжаттарды "Өзенмұнайгаз" компаниясының кәсіподағына тапсырғанын айтады. Ондағылар тиісті қаражатты әлеуметтік жобаларды қолдау үшін құрылған "Samruk-Kazyna Trust" қорынан күтіп отырғандарын айтып жауап берген.
Мақсат Жаңаөзен оқиғасында зардап шеккен өзі тәрізді адамдардың жыл сайын әркімге бір қол жайып, қолдау күтуден шаршағандарын айтады. Бұл адамдардың денсаулығын оңалту шараларына қаржы бөлетін арнайы қор құру қажет деп санайды алты жыл бұрынғы оқиғаның зардабын әлі тартып келе жатқан жігіт.
- Жаңаөзен оқиғасында зардап шеккендерге арнайы статус беретін кез келді. "Өзенмұнайгазда" жылда басшы ауысады. Жаңадан келгені ештеңе білмейді. Олар 2011 жылғы жағдайды ұмытылады дейтін болар. Жапа шекпегендер бәлкім ұмытатын шығар. Ал адамынан айырылып, денсаулығына нұқсан келгендер өмірден озбай ешқашан ұмытпайды, - дейді ол.
Оқи отырыңыз: Жаңаөзен оқиғасында зардап шеккендерге арнайы статус беруді сұрайды
Мақсат Досмағамбетов – 2011 жылы Жаңаөзенде "Өзенмұнайгаз" және "Қаражанбасмұнай" компаниялары мұнайшыларының әкімшілікке еңбекақы мен әлеуметтік төлемдерге қатысты талаптар қойып, жеті айға жалғасқан ереуіліне қатысқан белсенді. Билік ереуілді оқ атып таратқаннан кейін "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деген айып тағылған Мақсат Досмағамбетов сот үкімімен алты жылға бас бостандығынан айырылған. 2014 жылы шілдеде Ақтаудағы түрмеден Алматыға жеткізілген оған Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында операция жасап, бет сүйегінің жартысын, мұрын шеміршегін алып тастаған. Мұнайшылар белсендісі ауруының негізгі себебін Жаңаөзен прокуратурасы мен уақытша қамау абақтысындағы тергеу кезінде азапталғанынан көреді. Мақсат Досмағамбетов сот процесі кезінде тергеуде азаптауға ұшырағанын мәлімдегенімен, судья оның және басқа да сотталушылардың азаптау туралы шағымдарын қабылдамай қойған. 2015 жылы ақпанда билік шартты түрде мерзімінен бұрын түрмеден шығарғаннан кейін Мақсат Досмағамбетов ем алу үшін Оңтүстік Кореяға да барып келді. Бірақ ол денсаулығының оңалып кетпегенін айтады. Жаңаөзен оқиғасына қатысқаны үшін сотталған Мақсат Досмағамбетовтің жаза өтеу мерзімі биыл желтоқсанның 19-ы аяқталуы тиіс.
"САЛМАҒЫМ 45 КЕЛІ"
2011 жылы Жаңаөзен оқиғасында оқ тиіп, мүгедек болып қалған Қайрат Досмағамбетовтің жасы биыл 32-де. Ол былтыр Мәскеу қаласында кезекті операция жасатып қайтқан.
- Дәрігерлер "осы соңғысы" деген болатын. Бірақ ауылға келген соң қуық пен дененің арасын жалғап тіккен жіптің орны әлі бітпей тұр. Енді 26-шы операцияға баруым керек. Бірақ дәрігерлер ол үшін әуелі салмақ қосуың керек дейді. Жараланғаннан бері 15 келі жоғалттым. Қазір салмағым 45 келі, - деді ол Азаттық тілшісіне.
Қайрат Досмағамбетов денсаулығы туралы:
Қайрат анасы бірнеше мәрте арызданғаннан кейін "Өзенмұнайгаз" компаниясынан берілген жәрдемге тісін жөндете бастағанын айтты.
- Тісімді жөндеткен соң ғана дұрыс тамақ іше алатын болам. Сол кезде салмақ та қоса бастаймын ғой, - деп үміттенеді ол.
Биыл қыркүйекте сабаққа барарда қызымды киндіруге мүгедек ретінде алатын жәрдемақым жетпеді. Заттың бәрі удай қымбат,
Азаттық тілшісімен әңгімеде Қайрат Досмағамбетов көкейде жүрген ойын ақтарды.
- Операцияға барып келген соң жұмысқа шықсам ба деп ойлаймын. Бір қызым бар, қазір алтыншы сыныпта оқиды. Биыл қыркүйекте сабаққа барарда соны киндіруге мүгедек ретінде алатын жәрдемақым жетпеді. Заттың бәрі удай қымбат, - дейді ол.
Қайрат Досмағамбетов 2011 жылы Жаңаөзеннің орталық алаңында болған мұнайшылар ереуіліне қатыспаған. Желтоқсанның 16-ы күні алаң маңына кездейсоқ барған жігіттің жамбасына оқ тиіп, соның салдарынан өмір бойы мүгедек болып қалған. Содан бері өткен алты жылдың ішінде Қайрат Досмағамбетовке 25 рет операция жасалған. Әйелі мен 13 жасар қызы Ақтауда тұрады. Баспанасы да, жұмысы да жоқ әрі денсаулығынан айырылған Қайратты қазір анасы бағып отыр.
ЖӘРДЕМ ТУРАЛЫ ӨТІНІШКЕ ЖАУАП
"Өзенмұнайгаз" компаниясының бұқаралық ақпарат құралдарымен қарым- қатынас департаментінің бастығы Әділ Сүйебай кәсіпорын мұнай бағасы арзандап, жоспардың орындалмауына байланысты Жаңаөзен оқиғасында зардап шеккен бұрынғы мұнайшыларға әлеуметтік көмек көрсете алмай отырғанын айтты. Осы бөлімнің қызметкері Мұхамбетберді Сүйітовтің сөзінше, "компанияда 2015 жылдан бері ондай жәрдемге қаражат жоқ".
- "Өзенмұнайгаздың" қолынан келетіні – "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қорына хат жазу, - дейді ол.
Қазақстанның "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының қайырымдылық шараларын атқаратын бірегей операторы саналатын "Samruk-Kazyna Trust" қорының бас директоры Е.Даримовтан Азаттыққа келген ресми жауапта ағайынды Мақсат және Қайрат Досмағамбетовтердің анасы Оңайгүл Досмағамбетованың балаларын емдеу үшін жәрдем сұраған өтініші қорға тамыз айында түскені айтылған. Қор басшысының хабарлауынша, қыркүйектің 28-і күні арыз иесіне баласы Қайрат Досмағамбетовтің дерті туралы барлық тиісті құжаттарды Жаңаөзен қаласы тұрғындарын әлеуметтік қорғау және қолдау үшін құрылған "Жарылқау" қоғамдық қоры арқылы "Samruk-Kazyna Trust" қорына жіберу қажеттігі айтылған жауап хат жолданған.
"Жарылқау" қорынан Жаңаөзен оқиғасы салдарынан зардап шеккендер мен мұқтаж адамдар туралы жиынтық өтініш келіп түскеннен кейін "Samruk-Kazyna Trust" қорының қамқоршылар кеңесі оны қарайды. Соның қорытындысы бойынша оларды қаржыландыру, соның ішінде Қайрат Досмағамбетовке жәрдем беру туралы шешім қабылданады" деп жазған Даримов Азаттыққа.
"Ал онкологиялық ауруларға Қазақстанда мемлекет есебінен квота қарастырылғандықтан, Мақсат Досмағамбетовке "Samruk-Kazyna Trust" қорының тарапынан қайырымдылық жәрдемін көрсетуге мүмкіндік жоқ екендігі туралы Досмағамбетовтер отбасына жауап берілді" деп жазады қор басшысы.
Жаңаөзендегі "Жарылқау" қоғамдық қорының жетекшісі Амангелді Ізмағамбетов:
- Бізге бірнеше адамның құжаты келіп түсті. Арасында ағайынды Досмағамбетовтер де бар. Оларды "Samruk-Kazyna Trust" қорына жолдадық, жауап күтіп отырмыз, - деді Азаттыққа.
Оңайгүл Досмағамбетова ұлдарының ем-домына қажетті қаржы туралы:
Оңайгүл Досмағамбетова "Samruk-Kazyna Trust" қорынан ешқандай жауап алмағанын айтады. Анасы Мақсатқа ем мемлекеттік квота бойынша көрсетіледі деген жауапқа да қанағаттанбайды.
- Ұлымның бұл дерті - оны түрмеге қамаудың зардабы, сонда көрген азабының салдары. Сондықтан балаларымның еміне қаржыны үкімет бөлуі тиіс қой, неге мен қорға қол жайып баруым керек? - дейді ол.
2011 жылы 16 желтоқсанда болған оқиғадан кейінгі Жаңаөзен. Азаттық фотогалереясы:
2011 желтоқсанда Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуілін полиция оқ атып таратқаннан кейін Қазақстан бас прокуратурасы "Қазмұнайгаз" Барлау Өндіру" компаниясы Жаңаөзендегі тұрғындар мен мұнайшылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мақсатымен "Жанашыр" және "Жарылқау" қоғамдық қорлары арқылы бөлген 109 миллион теңгенің талан-таражға түскенін анықтаған. 2012 жылғы қаңтарда сол кездегі бас прокурор Асхат Дауылбаев: "Жаппай тәртіпсіздіктерге ұласқан мұнайшылардың ұзақ ереуіліне және әлеуметтік шиеленістің үдеуіне жергілікті атқарушы органдар мен мұнай кәсіпорындары лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттері ықпал етті" деп мәлімдеген. Кейін осы іс бойынша айыпталған Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеев 10 жылға, Жаңаөзеннің тағы бір экс-әкімі Жалғас Бабаханов екі жылға бас бостандығынан айырылған. Сондай-ақ коррупциялық қылмысы үшін Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Амангелді Айтқұлов 12 жылға түрмеге қамалған.
2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек мәселесіне қатысты талап қойып, орталық алаңда бірнеше ай бойы ереуіл өткізіп тұрған мұнайшыларға полиция оқ атқан болатын. Ресми дерек бойынша, оқиға салдарынан 17 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Оқиға кезінде мұнайшылардың ереуілі мен орталық алаңда өткен соңғы жиынына мүлде қатысы жоқ жергілікті тұрғындар да оққа ұшты.
Шерушілерге заңсыз оқ атқаны үшін полицияның бес офицері бес жылдан жеті жылға дейін сотталды.
Жаңаөзен оқиғасына байланысты қылмыстық кодекстің "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" айыбы тағылған 37 адамның 13-і үш пен жеті жыл аралығындағы түрлі мерзімдерге сотталды. 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталды.
Азаттықтың видеошолуы. Жаңаөзен оқиғасына 6 жыл: