Accessibility links

Ағайынды Досмағамбетовтер шетелде емделмек


«Жаңаөзен ісі» бойынша сотталып, үш жыл түрмеде отырған соң шартты жазамен босатылған 32 жастағы бұрынғы мұнайшы Мақсат Досмағамбетов операциядан кейін. Aлматы. 2 сәуір 2015 жыл.
«Жаңаөзен ісі» бойынша сотталып, үш жыл түрмеде отырған соң шартты жазамен босатылған 32 жастағы бұрынғы мұнайшы Мақсат Досмағамбетов операциядан кейін. Aлматы. 2 сәуір 2015 жыл.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде зардап шеккен Мақсат Досмағамбетов мамырдың 8-і күні Оңтүстік Кореяға емделуге баратын болды. Оның емі мен жол қаражатын жаңаөзендік мұнайшылар жинап берген.

Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен оқиғасы кезінде «азаптауға ұшырағанын» айтқан 32 жастағы Мақсат Досмағамбетовке Алматыдағы республикалық онкология ауруханасында сәуірдің 1-і күні кезекті операция жасалған болатын. Мақсаттың айтуынша, оның сол көзін толықтай алып тастаған. Ол енді жасанды көз алмасының дұрыс салынатынына сенімсіздік білдіріп, уайымдай бастаған еді.

– Айналамдағылар Оңтүстік Кореяға баруға кеңес берді, өзімнің де үмітім сол жақта. Мұнайшылардың көмегімен әйелім Динара екеуміз кетіп барамыз. Қолымда Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті рұқсат ретінде берген жолдама қағаз бар, – деді ол Азаттыққа.

«ХИМИОТЕРАПИЯ ЖАСАЛУЫ МҮМКІН»

Мақсат Досмағамбетовтың әлеуметтік жағдайы туралы мәселе көтеріп, үнемі қадағалап келе жатқан құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуовтің айтуынша, жаңаөзендікке Сеул қаласындағы G SAM Hospital клиникасында ем-дом жасалады. Мақсаттың емін қаржыландыруға және ұйымдастыруға «ӨзенМұнайГаз» компаниясы мен Қазақстандағы адам құқықтары бойынша бюро жәрдем еткен.

Азаматтық белсенді Ғалым Ағелеуов ауруханада көзіне операция жасалған жаңаөзендік бұрынғы мұнайшы Мақсат Досмағамбетовтың жанында отыр. Алматы, 2 сәуір 2015 жыл.
Азаматтық белсенді Ғалым Ағелеуов ауруханада көзіне операция жасалған жаңаөзендік бұрынғы мұнайшы Мақсат Досмағамбетовтың жанында отыр. Алматы, 2 сәуір 2015 жыл.

– 15 күнге кетіп барады. Алдын ала сөйлесіп, келісім жасалды, олар күтіп отыр. Бұл – онкологиялық аурулар саласындағы ең маманданған клиника. Алдымен зерттеу жасалып, сосын емдеу процедуралары басталады, химиотерапия жасалуы мүмкін, – деді ол Азатыққа.

Азаматтық белсенді Мақсаттың сапары барысында құзырлы орындар тарапынан оның шетелге шығуына ешқандай кедергі болмайтынына сенімді.

– Жаңаөзен қалалық әкімдігі, полиция басқармасы, бәрімен келісілген, – деді Ғалым Ағелеуов.

Мақсат Досмағамбетов 2011 жылы мұнайшылар ереуілі полицияның оқ атуына ұласқан Жаңаөзен оқиғасынан соң «әлеуметтік араздық қоздырды» деген айыппен сотталып, биылғы ақпан айында шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан. Бұрынғы мұнайшының шетелге сапары туралы Маңғыстау облыстық құқық қорғау орындары анық ақпарат беруге құлықсыз болды.

Маңғыстау облыстық қылмыстық атқару жүйесі инспекциясы бастығының орынбасары, әділет полковнигі Рүстем Қаратаевтың айтуынша, «Мақсат Досмағамбетов шартты түрде босағандықтан, шетелге қалалық ішкі істер басқармасы рұқсатымен шыға беруіне болады».Ал Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Аман Досжанов бұл рұқсат туралы жауап беруден бас тартты.

30 жастағы Қайрат Досмағамбетовке қуығындағы тасты алу үшін жасалған операциядан соң. Алматы, 3 сәуір 2015 жыл.
30 жастағы Қайрат Досмағамбетовке қуығындағы тасты алу үшін жасалған операциядан соң. Алматы, 3 сәуір 2015 жыл.

Мақсат Досмағамбетов елге сәуірдің 23-інде оралады деп жоспарланған. Ғалым Ағелеуовтің сөзінше, ем-дом ойдағыдай өтсе, алдағы уақытта Сеулдегі ем қайталануы мүмкін.

Бұған дейін Азаттыққа берген сұхбатында Мақсат бет сүйегі рагына шалдығу себебін 2011 жылғы желтоқсанда Жаңаөзен қаласындағы уақытша қамау изоляторында ұзақ жүргізілген жауаптау кезінде көрген зәбірінен көретінін мәлімдеген болатын. Жаңаөзен ісіне байланысты өткен сот процестерінде ол тергеу кезінде азаптауға ұшырағанын айтқанмен, сот оның шағымына назар аудармаған.

ҚАЙРАТ МӘСКЕУГЕ АТТАНБАҚ

Мақсат Досмағамбетовтың інісі Қайратқа да сәуірдің 2-сінде Алматыдағы республикалық урология клиникасында операция жасалып, қуығынан тас алынған еді.

Ағайындылардың анасы, 12 бала тәрбиелеп өсірген Оңайгүл Досмағамбетова Қайратты кезекті операцияға Мәскеудегі урология клиникаларының біріне апаруға дайындалып жатқанын айтты.

Мақсат және Қайрат Досмағамбетовтардың анасы Оңайгүл Досмағамбетова. Алматы, 3 сәуір 2015 жыл.
Мақсат және Қайрат Досмағамбетовтардың анасы Оңайгүл Досмағамбетова. Алматы, 3 сәуір 2015 жыл.

– Мамырдың 10-ы күні Мәскеуге ұшамыз. Бізбен бірге «ӨзенМұнайГаз» мекемесінің бір қызметкері бармақшы. Жол кіреміз бен операция қаржысына солар жәрдемдесіп жатыр, – деді ол Азаттыққа.

Қайрат Досмағамбетов 2011 жылғы желтоқсанның 16-сына дейін жалғасқан Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуіліне қатыспағанымен, полицияның демонстранттарды қару қолданып тарату кезінде кездейсоқ тиген оқтан жамбас сүйегі жарылған. Содан бері мүгедекке айналған ол анасының сүйемелдеуімен оннан астам ауыр операцияны бастан өткізді. Қайрат ауруханаға түскен төрт жылдан бері оның әйелі қызын алып бөлек Ақтауда өз ата-анасымен тұрады. Қайрат содан бері үнемі өз туыстарының қарамағында.

2011 жылғы желтоқсанның 16-сы күні Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен мен Шетпеде болған ереуіл мен толқу кезінде ресми дерек бойынша 17 адам қаза тауып, жүзден аса адам жараланған. Ереуіл кезінде мұнайшылар өздеріне тиесілі әлеуметтік жеңілдіктердің жасалуын биліктен талап еткен. Осы оқиғадан соң «әлеуметтік наразылық тудыру» айыбы бойынша қылмыстық іс қозғалып, 2012 жылы 37 адам жауапқа тартылып, 13 мұнайшы түрлі мерзімге сотталған еді. Олармен қоса бірнеше жергілікті билік өкілі мен полицей «қылмыстық өкілетін асыра пайдалану» бабы бойынша жазаға тартылған. Биылғы наурызда сотталған мұнайшылардың соңғылары шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.

XS
SM
MD
LG