Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы мұнайшылар белсендісі, шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан Роза Төлетаеваның үйі кешеден бері қонақтан үзілмей тұр екен. Оны көруге туған-туыс, дос-жаран, таныстары бірінен соң бірі келіп жатыр.
Шамамен үш жылын түрмеде өткізген Роза Төлетаеваның бостандыққа шыққанына өзі де, жақындары да әлі күнге дейін сене алмай отырғанын айтады. Азаттыққа сұхбат берген белсенді «түрмеден шығасың» дегенді естігенде абыржып қалған.
– Кеше бес минуттың ішінде «түрмеден шық» деген кезде абыржып қалдым. «Не істеймін, қайда барамын» деп үйге хабарласып жатырмын. «Енді үйге келесің» дейді. Түсінбей қалдым. Әлі де түсініп жүрген жоқпын. Себебі бостандықты күтіп, «Ойбай, әне шығарады, міне шығарады» деп күттік.Тауымыз шағылған кезде «не де болса да осылай кете берсін» деген де едім. Кез келген адам менің жағдайымды түсінетін шығар, – дейді Роза Төлетаева Азаттық тілшісіне.
Роза Төлетаеваның қызы Әлия Төлетаева мен ағасы Жамбыл Қажымов та қуанышты халдерін «бәрі өң мен түстің арасында өтіп жатқандай» деп сипаттайды.
Түрмеде отырған кезде Роза Төлетаеваның денсаулығына байланысты әртүрлі кереғар ақпараттар тараған еді. Сол жайында сұранымызда:
– Денсаулығым сондай керемет деп айта алмаймын. Денсаулығыма зиян келді. Ең бастысы – сөйлей аламын, жүре аламын, – деп жауап берді Роза Төлетаева.
Ол сөз арасында Жаңаөзен ісі бойынша сотталған азаматтардың барлығын танитынын, кейбір азаматтармен сотта немесе тергеу изоляторында танысып, достасып кеткенін айтты.
Роза Төлетаеваның айтуынша, өзін көктемде қоныстандыру колониясына ауыстырғаннан кейін ізінше Жаңаөзен ісі бойынша әлі қамауда отырған Нарын Жарылғасынов пен Қанат Жүсіпбаевты да қоныстандыру колониясына жіберген.
– Тек Мақсат Досмағамбетов қана ауруханада қалды. Ол қатты сырқат, – дейді Роза Төлетаева.
Қарашаның 19-ы күні Маңғыстау облыстық соты мұнайшылар белсендісі, Жаңаөзен ісі бойынша ең қатаң жаза алған Роза Төлетаеваның шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу туралы өтінішін қанағаттандырған еді. Роза Төлетаева сол күні кешке қарай босатылған.
Бұған дейін Ақтау қалалық соты оның мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішін орындамаған. Кейбір құқық қорғаушылардың пікірінше, Төлетаеваның кеше кенеттен босатылуына БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінде жақында Қазақстанға қатысты айтылған сын да әсер еткен болуы мүмкін.
2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласында қарулы полиция осы елді мекендегі орталық алаңда еңбек мәселесіне қатысты талап қойып, бірнеше ай бойы ереуіл өткізіп тұрған мұнайшыларға оқ атты. Ресми дерек бойынша, 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған еді.
Осы оқиғаға байланысты 37 адам «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру», «ұрлау» және «тонау» баптары бойынша айыпталған. 2012 жылғы маусымда олардың 13-і үш пен жеті жыл аралығындағы түрлі мерзімдерге түрме жазасына кесілген. Қалған 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған. Сотталғандардың барлығы өздеріне тағылған айыптарды мойындамаған.
2012 жылы маусымдағы сот үкімі бойынша Роза Төлетаева жеті жылға бас еркіндігінен айырылған. Ол түрмеде отырғанында азаптауға ұшырады деген шағымдар болған. 2013 жылдың тамызында апелляциялық сот оның жаза мерзімін жеті жылдан бес жылға азайтқан. Төлетаеваның жаза мерзімі 2017 жылдың 2 қаңтарында аяқталуы тиіс болған.
Жаңаөзен оқиғасынан кейін түрме жазасына кесілген 13 адамның 10-ы қазір бостандықта. Олар – Нұрлан Асқарұлы, Марат Әминов, Қайрат Әділов, Жарас Бесмағанбетов, Бауыржан Непес, Мұрат Қосбармақов, Талғат Сақтағанов, Таңатар Қалиев, Шабдал Өткелов және Роза Төлетаева.
«Жаңаөзен ісі» бойынша сотталғандардың үшеуі – Нарын Жарылғасынов, Мақсат Досмағамбетов, және Қанат Жүсіпбаев әлі қамауда отыр.
Мақаланы жазуға Мақпал Мұқанқызы қатысты.