Accessibility links

Бес адам қаза тапты. "АрселорМиттал Теміртау" шахтасындағы апат хроникасы


Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада 2022 жылғы 3 қараша апат салдарынан бес адам мерт болды.
Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада 2022 жылғы 3 қараша апат салдарынан бес адам мерт болды.

3 қарашада Қарағанды облысы Шахтинск қаласында Ленин атындағы шахтада апат болып, бес адам қаза тапты. Шахта ашылғалы онда жетпістен астам адам мерт болған.

ҚАЗА ТАПҚАНДАР МЕН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР

Қарағанды облысы Абай қаласында "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының шахтасында метан жарылып, алты адам қаза тапқанына бір жылға жетпей жатып тағы бір қайғылы оқиға болды.

3 қараша түнде компанияның Шахтинск қаласында орналасқан Ленин атындағы шахтасында метан газы тарап, жарылысқа себеп болды. Апаттан бес адам қаза тауып, төрт кісі ауруханаға түсті: олар газдан уланған, басы мен денесі жарақаттанған. Зардап шеккендердің жарақаты ауыр болғандықтан дәрігерлер әзірге еш болжам айтқан жоқ.

Қаза тапқандар арасында бұрғылау қондырғысы машинистері, шахтада 21 және 13 жыл жұмыс істеген 42 жастағы Андрей Санжаров пен 38 жастағы Денис Инкин; 29 жастағы Арман Кашкей мен сегіз жыл еңбек тәжірибесі бар 31 жастағы Дмитрий Бойченко, бұған қоса машинист көмекшісі, шахтаға жұмысқа кіргеніне екі ай болған 24 жастағы Марғұлан Ынтыбеков бар.

Кейбірінің артында баласы мен асырауында болған туыстары қалды.

"Апат кенеттен болғандықтан, шахтерлер өзін-өзі құтқару құралдарын (жер астында апат болған кезде қолданылатын, оттегімен жабдықталған құрал – ред.) қосып үлгермеген" деп хабарлады құтқару қызметінің Қарағанды филиалы директорының орынбасары Жұмат Өкенов.

Зардап шеккен шахтерлер – 28 жастағы Серік Бектұрғанов, 59 жастағы Иван Мишагин, 34 жастағы Григорий Дубровский мен 40 жастағы Владимир Ханиев қазір Қарағандыдағы көпсалалы ауруханада жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің екеуі Шахтинск қаласынан Қарағандыға ауыстырылғанын айтты. Оларға операция жасайды.

Жер бетінен 800 метр тереңде құтқару жұмыстары жүргізілді. Ресми ақпарат бойынша, апат болған жер опырылмаған, үйінділер де жоқ. Жарылыс болғанда жер астындағы жұмыс орнында 106 адам болған.

Әуелде метан газы тараған деп хабарлады. Бұл ақпарат баспасөз құралдарына тарап, дәрігерлер зардап шеккендердің жарақаты туралы хабарлағаннан кейін бірнеше сағат өткенде "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы жарылыс болғанын мәлімдеді. 3 қараша кешке Қарағандыда өткен брифингте төтенше жағдайлар министрі бұл ақпаратты растады.

Полиция қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады.

Ақорданың баспасөз қызметі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаза болған шахтерлердің отбасына көңіл айтқанын мәлімдеді. Оның телеграммасында үкімет пен Қарағанды облысы әкіміне "апат себебін анықтап, қаза тапқандардың отбасына көмек көрсету үшін жедел шаралар қабылдауды тапсырғаны" айтылған.

"ТЕХНОГЕНДІ АПАТ"

Бейсенбінің кешінде Қарағандыда баспасөз құралдарына арналған брифинг өтті. Спикерлер арасында төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек болды. Журналистер "АМТ" компаниясы өкілдері неге келмегенін сұрап еді, олардың қаза тапқандардың отбасыларын аралап жүргені, мұның "ауыр миссия" екені айтылды.

Шахтинскідегі Ленин атындағы шахтада болған апаттан кейін брифинг өткізіп отырған шенеуніктер. Ортада — төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, оң жақта — облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. Қарағанды, 3 қараша 2022 жыл.
Шахтинскідегі Ленин атындағы шахтада болған апаттан кейін брифинг өткізіп отырған шенеуніктер. Ортада — төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, оң жақта — облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. Қарағанды, 3 қараша 2022 жыл.

Брифингте сот-медицина сараптамасы өткізілгені, мемлекеттік комиссия құрылғаны және тұтану ошақтары түгелдей жойылғаны айтылды. Шахтаны желдетіп жатыр. Комиссия мүшелері апат болған жерді тексеруге кіріседі. Ленин атындағы шахта мемлекеттік комиссия тексерісінен кейін іске қосылады деп айтылды. Әзірге компанияның сегіз шахтасы жұмысшыларға қосымша нұсқау беру үшін жұмысын уақытша тоқтатқан.

Төтенше жағдайлар министрі метан тарс ете түсіп, артынша тұтанған дейді.

– Бұрғылау машинасы тұрған жердегі ошақта тұтанған, екі адамның денесі қатты күйіп қалған, бұл жарылыс эпицентрі сол жерде болғанын көрсетеді. Өрт болған. Техногенді апат болды, – деп хабарлады брифингте төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген министр апат кезінде шахтерлердің көмір алып жатпағанын айтты. Ильиннің сөзінше, ол жердегі бригада дайындық жұмыстарымен айналысқан.

– Ол 800 метр тереңде жер астында болған. Онда көмір қабатын дайындау жұмыстары жүргізілген. Одан кейінгі жұмыстың қауіпсіздігі үшін қабаттан метан газы шығарылғанша екі айға дейін газсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан бұл учаскеде ешқандай аршу жұмыстары немесе көмір алуға байланысты жұмыстар жүргізілмеген. Не себеп болғанын болашақта анықтаймыз, – деп жауап берді Ильин Азаттық сұрағына.

Брифингте хабарланғандай, жазда шахта тексерілген, бірақ метан шығаруға байланысты ешқандай ескерту болмаған. Апат болған орыннан алыс орналасқан учаскедегі лавада метан мөлшерінің көбейгені осыдан бір апта бұрын тіркелген.

Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада 2022 жылғы 3 қарашада болған апаттан бес шахтер қаза тапты.
Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада 2022 жылғы 3 қарашада болған апаттан бес шахтер қаза тапты.

Компания қаза тапқан шахтерлердің отбасына марқұмның он еңбекақысы мөлшерінде ақша төлейтінін, несиелерін өтеп беретінін, балаларын оқытуға қаржы бөлетінін айтып отыр. Биыл ұжымдық келісімде зардап шеккендердің отбасына тұрғын үй алу мәселесі енгізілген. Бұл туралы брифингте Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.

Бұл шахта туралы депутаттың премьер-министрге сауалында айтылған еді. Оны Қазақстанның Халық партиясы фракциясы "Қорғау" көміршілер кәсіподағымен және кеншілермен кездескеннен кейін жолдаған. Кеншілер Ленин атындағы шахта жұмысының болашағына байланысты проблемалар барын айтқан.

"Шұғыл шешуді қажет ететін мәселелердің бірі – Ленин атындағы шахтаның жұмысына қатысты. Дайындық жұмыстарын жылдам өткізбесе, 5-6 жылдан соң көмір алу тоқтауы мүмкін. 1400 адамның жұмыссыз қалу қаупі бар. Жергілікті деңгейде мәселе шешілмей отыр. Республикалық деңгейде де шешілмейді: үкімет Қарағанды көмір бассейніндегі шахталардың дамуын және болашағын бақылаудан қалған" деп жазған депутат сауалында.

АПАТ ҚАРСАҢЫНДА

Жарылыстан бірнеше күн бұрын АМТ компаниясының шахтерлерімен ел президенті әрі президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды штабының мүшелері кездескен. Олар көрші шахтаға барған. Бұл кездесу туралы журналистер іс біткен соң білді. Кейін Тоқаев штабының мүшелері "[президенттің] еңбек адамын қолдауға және өндірістегі қауіпсіздікті күшейтуге басымдық беріп отырғанын" айтқаны, шахтерлерді алаңдатқан мәселелерді, оның ішінде зейнет жасын төмендету мәселесін талқылағаны хабарланды.

Бұдан соң "Қорғау" кеншілер кәсіподағы "шахтерлер алдағы сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс беруге дайын" деп ақпарат таратқан. Бұл постты әлеуметтік желі қолданушылары сынға алған еді. Олар ұйым шахтерлердің бәрінің атынан сөйлемеу керек деген.

27 қазанда Шахтинск қаласында қала әкімі көміршілер кәсіподағымен және шахталардың кәсіподақ комитеті өкілдерімен кездескен. Онда шахтерлердің 2021 жылғы 7 қарашада "Абай" шахтасында болған апаттан соң қойған талаптары талқыланғаны айтылды. АМТ 12 талапты түгел дерлік орындаған деп хабарлады.

Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахта қазір "АреслорМиттал Теміртау" акционерлік қоғамының көмір департаментіне қарайды.
Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахта қазір "АреслорМиттал Теміртау" акционерлік қоғамының көмір департаментіне қарайды.

Арада екі күн өткенде "АрселорМиттал Теміртау" көмір департаменті қызметкерлерінің мәселелерін қарастыру жөніндегі комиссия отырысы болған. Онда қызметкерлер, құрал-жабдықтар жетіспейтіні, шахтадағы дайындық жұмыстары кешігіп жүргізілетіні алаңдататыны айтылған. Шахталардың кейбірінде адамдарды көмір қазатын орынға жеткізетін механикалық құрал-жабдық жоғын да айтқан.

16 қазанда Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының бас директоры Бидж Наирге "Жаңа Қазақстан қоғамын құруға үлес қосқаны үшін және қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқаны үшін" құрмет грамотасын берген.

3 қарашадағы брифингте Қасымбек "Бидж Нир не үшін марапат алды?" деген сұраққа "Оны мен марапаттаған жоқпын. Кім марапаттады? Қала әкімі ме? Бәлкім, қаланы дамытуға қосқан үлесі үшін шығар, білмеймін" деп жауап берді.

Шахтинск қаласында 36 мыңнан астам адам тұрады. Олардың көбі Қарағанды көмір бассейнінің ең ірі шахтасы саналатын Ленин атындағы шахтада жұмыс істейді. 1970 жылдардың аяғынан бері осы шахтада кемінде жеті рет адам өліміне әкелген апат болған.

2006 жылы метан жарылысынан 41 шахтер қаза тапқан. Бұл шахта тарихындағы ең ірі апат саналады. Онда комиссия апаттың шығуына 22 адамның қатысы бар деген қорытынды жасаған еді. Олардың арасында "Миттал Стил Теміртау" (қазіргі "АрселорМиттал Теміртау" – ред.) компаниясының бұрынғы басшылығы да болды. Бірақ ақыр соңында айып шахтадағы сегіз инженер-техникалық қызметкерлерге тағылған. Олардың арасында механиктер, инженер, энергетик, ауысым басшысы бар.

Бұған дейін Саран мен Абай шахталарында да апат болған. Биыл жазда АМТ металлургия комбинатында да бір аптада бес адам қаза тапқан.

"Абай" шахтасындағы қайғылы оқиғадан кейін былтыр төтенше жағдайлар министрі Ильин АМТ нысандарында қауіпсіздік талаптары "жүйелі түрде" бұзылады деп мәлімдеген.

Қазір болған апаттан соң қоғамда компанияны мемлекет иелігіне қайтарып, топ-менеджерлерді жауапқа тарту керек деген талап қайта айтыла бастады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG