Accessibility links

"АрселорМиттал Теміртауда" апат жиіледі. Жұмысшы қазасына кім кінәлі?


"АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты ғимараттардың бірі.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты ғимараттардың бірі.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясында төрт жұмысшы қаза тапқаннан кейін 10 айдан соң кәсіпорын басшылары сотқа тартылып жатыр. Металлургия комбинатында апат жиілеп, жұмысшы қазасы көп тіркелгенімен, істің бәрі бірдей сотқа жете бермейді. Айыпталушылардың туыстары апатқа шын кінәлілер жауапкершіліктен жалтарып кетеді деп күйінеді.

Теміртаудағы тар сот залында 30 шақты адам отыр. Бәрі де алаңдаулы екендігі жүзінен байқалады. Мұнда "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты металлургия комбинатындағы төрт жұмысшының қазасы бойынша іс қаралып жатыр. Былтыр жазда болған апат Қарағанды облысын дүр сілкіндірген.

2022 жылғы 10 маусымда пештің кірпіштерін бұзып жатқан кезде бағана құлап, бес адам үйінді астында қалған. Кәсіпорында бір айға жуық жұмыс істеген 34 жастағы Бауыржан Қыдырханов, 41 жастағы Жәнібек Әбдірасылов, өндірісте 23 жыл еңбек еткен 52 жастағы Александр Мельник пен 17 жыл жұмыс істеген 59 жастағы Сергей Дусаев мерт болды. Ауыр жарақат алып, тірі қалған Николай Уржумовтың комбинатта істеп жүргеніне үш жыл болған. Бес жұмысшы да металлургиялық пеш жөндейтін цехта істеген.

Апатқа қатысты зерттеу жүргізген мемлекеттік комиссия "АрселорМиттал Теміртау" мен оның еншілес "ҚұрылысМет" кәсіпорны құрылыс-жөндеу жұмыстары кезінде қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген" деген қорытынды шығарды. Бұл оқиғаға 100 пайыз жұмыс беруші кінәлі деп танылды.

Комиссия жауапқа тартылуға тиіс 14 адамның тізімін берген. Олардың қатарында жетекшілер, инженерлер, учаске, цех және басқарма басшылары, директорлар бар. Бірақ 10 айдан кейін басталған сотта алты адамның ғана ісі қаралып жатыр.

СОТТАЛУШЫЛАРДЫҢ ЕКЕУІ "АРСЕЛОР МИТТАЛ ТЕМІРТАУДАН", ТӨРТЕУІ ЕНШІЛЕС ҰЙЫМНАН

Бес айыпталушыға "тау-құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзып, абайсызда екі не одан көп адамның өліміне себепкер болды" деген айып тағылды. Айыпталушылар қатарында металлургия комбинатындағы цех басшысының міндетін атқарушы Сергей Кашкаров, осы цехтағы учаске басшысының міндетін атқарушы Игорь Смирнов, "ҚұрылысМет" қосалқы бөлшектер басқармасының инженері Олег Лосев, басқармадағы цех басшысының міндетін атқарушы Дастан Зияшев, "ҚұрылысМет" учаскесінің жетекшісі Александр Эрштейн отыр.

Алтыншы айыпталушы, "ҚұрылысМет" бас директоры Андрей Черномаз "қызметіне салғырт қарады" деп айыпталған.

Кашкаровтан басқалары қамауда отыр. Изоляторда отырған азаматтардың адвокаттары бұлтартпау шарасын өзгертіп, кепілмен босатуды не үйқамаққа ауыстыруды сұрады. Судья Мағауия Балапанов адвокаттар өтінішін қанағаттандырудан бас тартып, айыпталушыларға тағылған айып бойынша "бостандығынан айырудан" басқа жаза түрі қарастырылмағанын, сондықтан олар тергеуге кедергі келтіріп не қашып кетуі мүмкін екенін айтты.

Теміртау қалалық сотының ғимараты. 13 сәуір, 2023 жыл
Теміртау қалалық сотының ғимараты. 13 сәуір, 2023 жыл

Прокурор апатқа осы адамдар кінәлі дегенді дәлелдеуге тырысып жатыр. Айыпталушылар мен олардың туыстары болған оқиғаға басқа адам жауапты дейді.

– Шындық ашылып, қазір қамауда отырғандар емес, кісі қазасына шын кінәлілер жауапқа тартылғанын қалаймыз. Жағдайды талдап, оқиға неден және қалай басталғанын анықтау керек. Ол жерде бірнеше бригада жұмыс істеді. Оларға кім бұйрық берген? Қазбалап, тапсырма берген адамды табу керек. Пеш бұзылған кезде күйеуім еңбек демалысында еді. Оның еш жазығы жоқ, сондықтан соңына дейін күресеміз, – деді Александр Эрштейннің әйелі Юлия Эрштейн.

КУӘГЕРДІҢ ЖАУАБЫ ЖӘНЕ АЙЫПТАЛУШЫНЫҢ СӨЗІ

13 сәуірде өткен сотта ауысымдағы аға жетекші болып істеген куәгерлердің бірі жауап берді.

Прокурор Галина Кердекаева куәгерден "Басшылар жібермесе, жұмысшылар өздігінен пешті бұзуға бара ма?" деп сұрады. Куәгер "Жоқ, өз басым бармас едім" деді.

Ол көп сұраққа "жауап беруге қиналып тұрмын", "есімде жоқ" деген жауап қайырды. Айыпталушылар мен олардың жақтастары шулай жөнелді. Кейін олар куәгердің сөзінде қайшылық бар деп мәлімдеді. Куәгер қобалжып тұрғанын айтты.

– Сіз сұрақтардан әдейі жалтарып отырған сияқтысыз, – деді адвокаттардың бірі.

Айыпталушыларды сот залынан әкетіп бара жатқанда, Андрей Черномаз журналистерге "Іс қолдан құрастырылған. Бізді процестік келісімге қол қойсын деп, отбасымызға геноцид жасап жатыр. Бұл соттың ешкімге керегі жоқ" деп айтып үлгерді.

Судья Мағауия Балапанов пен прокурор Галина Кердекаева "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы жұмысшыларының қазасы туралы іс бойынша сот отырысында. Судья процесс барысын фото мен видеоға түсіруге тыйым салды.
Судья Мағауия Балапанов пен прокурор Галина Кердекаева "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы жұмысшыларының қазасы туралы іс бойынша сот отырысында. Судья процесс барысын фото мен видеоға түсіруге тыйым салды.

Марқұмдардың туыстары абдырап қалды. Олар жақындарының қазасына кім жауапты екенін білмейді.

– Жұмысқа салғырт қараудың салдарынан бұған көп адамның қатысы бар сияқты. Шындықтың түбіне жету керек. Кінәлілер жауап берсін. Жақынымыздан айырылдық. Әлі ес жия алмай отырмыз. Дәрі ішпесем, ұйықтай алмаймын. Тағы бір әйел кеше ауруханаға жатып қалды, – деді Сергей Дусаевтың жесірі.

КОМИССИЯ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Комбинатта болған апат себебін зерттеген мемлекеттік комиссияның дерегінше, бригада мүшелерін арнайы рұқсат қағаз бен техникалық құжаттарсыз жұмысқа жіберген. Комиссия мүшелері осыған дейін "Бригаданың қолында еш ақпарат болмаған, олар жұмысын шамалап істей берген, салдарынан пештің бағаналары құлап, жұмысшыларды басып қалған. Жұмыс беруші қызметкерлерді бұл цехқа жібермеуі керек еді, ғимараттың жағдайы дұрыс болмаған" деді.

Былтыр жазда тергеуге ілінген азаматтарды қорғаушылар баспасөз мәслихатын өткізген. Олар тергеу асығыс жүріп жатқанына назар аудармақ болды.

Айыпталушылардың екеуі мемлекеттік комиссия қорытындысына қарсы шағым жазып, еңбек инспекциясы басқармасының шенеуніктерін сотқа берген. Олар комбинаттағы қайғылы жағдай туралы арнайы зерттеу актісін жарамсыз деп тануды, комиссия қорытындысынан бірнеше тармақты алып тастауды сұрады. Сот бұл өтінішті қанағаттандырған жоқ.

АПАТ НЕГЕ АЗАЙМАЙДЫ?

Былтыр маусымда болған оқыс оқиға – "АрселорМиттал Теміртау" компаниясында көп тіркелетін апаттардың бірі ғана. Аталған компания Қарағанды облысындағы металлургия комбинаты мен көмір өндіретін шахталарға иелік етеді.

Кеншілер қазасынан кейін бірнеше айдан соң 2022 жылғы қарашада Ленин атындағы шахтада жарылыс болып, салдарынан бес адам қаза тапты. Төртеуі жараланып, метаннан уланды. Полиция қылмыстық іс қозғады. Бірақ бұл іс сотқа жеткен-жетпегені белгісіз.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы жұмысшыларының қазасына қатысты қозғалған істердің көбі сотқа жетпей, тергеу кезінде тоқтап қалады. 2021 жылы Абай шахтасында апат болып, көмір мен газға тұншыққан алты кенші қаза тапты, тағы екі жұмысшы ауыр жарақат алды. 2022 жылы күзде қылмыстық іс тоқтады. Полиция басында сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин "күдіктілер" барын айтқан. Соңында істі "газ динамикасының бұрын-соңды болмаған феномені" деп жаба салды. Кеншілердің қазасы үшін ешкім жауапқа тартылған жоқ.

Жұмысшылар қазасына себеп болған апаттан кейін әлеуметтік желіде сын көбейіп, қолданушылар "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының басшыларын жауапқа тартуды талап етті.

"АрселорМиттал Теміртауда" істеп жүріп қаза тапқан кеншілердің жесірлері құрған "Кеншілер отбасы" қоғамдық ұйымы "Қызметкерлердің қазасы үшін жұмыс беруші қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек, бірақ іс жүзінде бәрін жылы жауып қоя салады" дейді.

2022 жылғы 7 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз қызметі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясында апат жиілеп, жүйелі сипат ала бастады, қатаң шара қолдануға тура келеді" деген мәлімдеме жариялады. Тоқаев кешенді тексеру жүргізу керегін айтты. Артынша мәжіліс депутаттары компанияға қарасты кәсіпорындарға техникалық аудит жүргізуге үндеді. Бұрын билік "АрселорМиттал Теміртау" жұмысшыларының қазасына қатысты пікір білдіріп, компанияны сынаған емес.

Компания басшылық ауысқанын хабарлап, мұны маңызды жаңалық етіп жеткізді. Бұл кезде комбинат пен шахтада қаза тапқан жұмысшылардың ісі бойынша тергеу жүріп жатқан. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының бас директоры қызметіне Биджу Наирдың орнына Владимир Яблонский келді. Ол бас директор қызметін атқарушы болып тағайындалды. Қазір де сол қызметінде қалып отыр.

Оның бірінші орынбасары Шахаб Хусейн биыл наурызда "Қазақстандағы шетелдік инвесторлар кеңесіне" қосылды. Оны кеңеске қосуға инвесторлар кеңесінің мүшесі, әлемдегі ең бай адамдардың бірі Лакшми Миттал ықпал еткен. Металлургия комбинаты, шахталар, Қарағанды, Ақмола, Қостанай облыстарындағы темір кенін шығаратын кәсіпорындар мен Ақтаудағы құбыр зауытын қамтитын "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы Митталға қарайды. Ол бұл активтерге 90-жылдардың аяғында Қазақстандағы жекешелендіру кезінде қол жеткізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG