ПИЛОТТЫҚ РЕЖИМ
Теміртау емханасындағы таңертеңгі мезгіл. Дәлізде әдеттегідей дәрігер қабылдауын күткен науқастар кезекте тұр. Азаттық тілшісі емхананың тіркеу орнында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қалай тіркелгенін анықтауға тырысты.
"Сақтандыруыңыз жоқ екен" деді мекеме қызметкері осы емханада бірнеше жылдан бері тіркеуде тұрған Азаттық тілшісіне. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне "2017 жылдан бастап жарна төлеп келе жатырмын. Бұл қалай болғаны?" деп сұраған Азаттық тілшісіне медбике артық ештеңе білмейтінін айтып, халыққа қызмет көрсету орталығына баруға кеңес берді.
Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері тілшіге не қажет екенін бірден түсінбеді. Кейіннен медициналық қызмет тұтынушысы ретінде МӘМС жүйесінің қатысушысы екенін растайтын анықтама алғызу керегін айтты. Бұл жаңа қызмет болғандықтан, ол Азаттық тілшісіне мұндай анықтама алуға келген алғашқы азамат екенін ескертіп, қағазды алып кетуге кейін келуді сұрады. Жуналистің қолына анықтама екі күннен кейін тиді. Онда "жұмыс істейтін адам" деп емес, "тіркеуге алынған жұмыссыз азамат" деп жазылыпты. Азаттық тілшісі мән-жайды анықтауға емханаға жүгінді.
Емхана қызметкерлері әзірге деректер базасында ақаулар кездесетінін, азаматтар туралы мәліметтерде қате ақпарат кетуі мүмкін екенін мойындады. Емхана өкілдері сақтандыруы жоқ науқастарды қаңтардың 1-іне дейін бұрынғыдай қабылдай беретіндерін айтты. Бұған дейін медициналық сақтандыру жүйесі бүкіл ел аумағында сол күннен бастап енгізіледі деп хабарланған. Әзірге жүйе пилоттық режимде бір өңірде сынақтан өтіп жатыр. Сынақ жүйенің қандай кем-кетігі барын анықтауға көмектеспек.
- Кез келген адамда медициналық сақтандыру болуы керек – бұл оның азаматтық борышы. Сақтандыруы жоқ адамға тек жедел көмек қана көрсетіледі. Медициналық сақтандыруы бар азаматтарға бұрын халықтың белгілі бір санатына ғана көрсетіліп келген медициналық қызмет толық көлемде ұсынылады. Мәселен, бұрын компьютерлік, магнитті-резонанстық томография қызметін тек мүгедек, зейнеткер және әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған санатқа кіретін балалар мен жүкті әйелдер ғана пайдалана алатын. Қаңтардың 1-інен бастап медициналық сақтандыруы бар, бірақ жоғарыда аталған санатқа кірмейтін азаматтар да бұл қызметтерді еркін пайдаланатын болады. Диагностиканың гормондар, онкомаркерлер деп аталатын қымбат түрлеріне қатысты да осы ереже қолданылады, - деді Қарағанды қалалық медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы директорының медициналық көмек сапасы бойынша орынбасары Валентина Прасолова.
Денсаулық сақтау басқармасы Азаттық тілшісіне 2-23 қыркүйек аралығында МӘМС бойынша 62 азамат кеңес алғанын хабарлады. Тұрғындар "жарнаны қайда аудару керек?", "емханаларда қан тапсыру және өзге де сараптама түрлерін жасату тегін бола ма?", "жұмыссыздар медициналық қызметке қол жеткізе ала ма?" деген сұрақтарға жауап алғысы келеді.
Қазір Қарағанды облысында МӘМС бағдарламасына қатысушы 335 мың азамат бар. Өңірде бір миллион 380 мың адам тұрады. Соңғы жылы Қарағанды облысында 24 мың жұмыс беруші өз қызметкерлері үшін міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне жарна аударған. Әлі де емханаға тіркелмеген, МӘМС жүйесіне кірмеген мыңдаған тұрғын бар. Тіркелмеген азаматтарды анықтау полиция, әділет органдары мен аудандық және қалалық әкімдіктерге тапсырылған. Билік МӘМС жүйесіне ақша аудармаған жұмыс берушілермен кездесу өткізуді жоспарлап отыр.
САҚТАНДЫРУ НЕ БЕРЕДІ?
2020 жылдың қаңтарынан бастап мемлекеттік емханаларда тексеруден өту, стационарлық ем қабылдау сияқты медициналық қызмет түрлерін МӘМС жүйесіне жарна аударған қазақстандықтар ғана пайдалана алады. Бұл ереже төтенше жағдайда ауруханаға түскендер мен айналасындағыларға қауіпті әлеуметтік маңызы бар дертке шалдыққан науқастарға қатысты қолданылмайды. Денсаулық сақтау министрлігі "әлеуметтік маңызы бар" аурулар тізіміне туберкулез, ВИЧ, қант диабеті, қатерлі ісік, созылмалы гепатит, ДЦП, миокрад инфаркті, психикалық ауруларды және тағы басқаларын қосқан. Қауіпті аурулар қатарында ондаған инфекциялық ауру бар.
Мемлекет "жеңілдігі бар санатқа" кіретін азаматтардың сақтандыруын төлеуге міндеттеледі. Бұл санатқа балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жұмыссыз жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баласымен еңбек демалысында отырғандар, "батыр ана" атағын алған көпбалалы аналар, күндізгі бөлімде оқитын студенттер, екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, атаулы әлеуметтік көмек алатын жұмыссыздар, жұмыссыз оралмандар мен тұтқындар жатады.
Қалған азаматтар мемлекеттік емханаларда медициналық қызметке қол жеткізу үшін медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуі керек. Жұмыс істейтін азаматтарға 2017 жылдың шілдесінен бастап жұмыс беруші (2018-2019 жылдары жалақысының бір жарым пайызын, 2020 жылы - екі пайызын, 2022 жылы үш пайызын) аударады.
Заңға сәйкес, жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім негізінде жұмыс істейтін адамдар, шаруа қожалығының иелері мен жұмысшылары 2020 жылдың қаңтарынан бастап жарна төлеуі керек. Сақтандыру жарнасының көлемі туралы ақпарат Медициналық сақтандыру қорының сайтында жарияланған.
МӘМС жүйесін енгізерде өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға қатысты көп сұрақ туған. Қазақстан билігі бұл санатқа үйде репетиторлықпен немесе өз шаруашылығының өнімдерін сатумен, жеке көлік тасымалымен айналысатын адамдарды жатқызады. Соңында тұрақты табысы жоқ адам өзін жұмыссыз ретінде тіркегісі келмесе және жеңілдік алатындар санатына кірмесе, жарнаны өзі төлеуі керек деген шешім қабылданды. Мұндай адамдар үшін мемлекет жеке табыс салығы, зейнетақы қоры, медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры мен әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қоры жарналарын біріктіретін бірыңғай жинақтаушы төлем енгізді. Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ай сайын бір айлық есептік көрсеткіш (биыл бір АЕК 2525 теңге) көлемінде, басқа елдімекендерде одан екі есе аз ақша төлеуі керек. Бұл ақшаның 40 пайызы медициналық сақтандыру қорына түседі. Билік бұл төлем өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға артылған жауапкершілік емес, "аз ақшаға шексіз медициналық қызметке қол жеткізу мүмкіндігі" ретінде енгізіліп отырғанын айтқан. Науқасқа таңдау құқығы беріледі: ол тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін пайдаланады немесе өз қаржысына жекеменшік емханада емделеді, болмаса белгіленген жарна төлеп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кіре алады.
МӘМС жүйесі туралы ұсыныс айтылғанда, ел үкіметі "бұл жүйе өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды көлеңкеден шығаруға көмектеседі" деген. 2016 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, сол кездегі премьер-министрдің орынбасары болған Дариға Назарбаева елде екі миллионға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам бюджетке бір тиын ақша төлемей, тегін медициналық көмек алып, мемлекеттен әлеуметтік қолдау күтуін "әділетсіз" деп атаған. Биыл наурызда әкесі отставкаға кеткеннен кейін парламент сенатының спикері (мемлекеттік қызмет иерархиясындағы президенттен кейінгі орындағы лауазым) болған Дариға Назарбаева "Адамда ұят болуы керек, сараң болмай, бөлісіп, салық төлеп, тыныш ұйықтау керек" деген.
САҚТАНДЫРУДЫ ЕКІНШІ РЕТ ЕНГІЗУ. САРАПШЫЛАР ПІКІРІ
Қазақстанда медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге алғашқы талпыныс сәтсіз аяқталған. Жарна жиналған міндетті медициналық сақтандыру қорының жетекшісі Талапкер Иманбаев елден қашып, 2001 жылы сырттай тоғыз жылға түрме жазасына кесілген. Иманбаев 2014 жылы ақпарат құралдарына шетелде отырып берген сұхбатында өзіне тағылған "қор қаржысын жымқырды" деген айыпты мойындамайтынын айтқан.
Көп жыл денсаулық сақтау саласында еңбек еткен, "Аман-саулық" үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Бақыт Түменованың пікірінше, өткеннің сәтсіз тәжірибесінен жарна төлеушілер сақтандырудың жаңа жүйесіне сенбеуі мүмкін.
- Сақтандыруды алғаш 1990 жылдары енгізгенде жемқорлық дауы болды. Ол ақша қайда кеткенін білмеймін. Осы себепті адамдар МӘМС-ті жаңа жемқорлық қақпаны көреді. Мен – дәрігермін, сондықтан жеткілікті қаржы бөлінбейтін медициналық қызмет көрсету жүйесі үшін алаңдаймын. Дәрігерлер тапшылығына қарамай, медициналық сақтандыру жүйесіне кіреміз. Дәрігерлер қауымдастығы да кемшіліктерді айтып, шешімдер ұсынғанын қалаймыз. Халықпен жұмыс істеу керек, - деді Бақыт Түменова.
Түменова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілсе, оң өзгерістер болады деп үміттенеді. Жарнадан түскен ақша емханалар мен ауруханаларды жабдықтау мәселесін шешіп, жарна төлеуге міндеттелген қазақстандықтардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы артады деп үміттенеді.
Алматыда тұратын экономист Жарас Ахметов мемлекет МӘМС-ті енгізу арқылы денсаулық сақтау саласының шығындарын қарапайым азаматтардың мойнына артып отыр деп есептейді.
- МӘМС-ті енгізу медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігі деген екі мәселені қалай шешетінін білмеймін. Бұл бюджет шығындарын қысқартып, оны халықтың мойнына артатынын көріп отырмын. Аталған жүйе мәселені шешуді қажет жерден бастамады деп ойлаймын. Қорға түскен ақша тиімді жұмсала ма, бақылау қалай жүреді? Біз үнемі БЖЗҚ (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры – жұмыс істейтін қазақстандықтардың зейнетақы жарнасы осы қорға түседі) қатысты сын айтамыз, енді бұған "қордағы қаржы тиімсіз жұмсалып отыр" деген күдікпен МӘМС қорын қосып сынаймыз ба? Есеп комитетінің сайтына қарап, бюджет қаржысы дұрыс пайдаланылмайтынын көруге болады. Мүмкін осы мәселені шешумен айналысу керек шығар? Осыдан кейін де қаржы жетпей тұрғаны анықталса, қаржыландырудың бір бөлігін халықтың мойнына жүктеуге болады. Бірақ мұндай жағдайда халық медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігі артқанына көз жеткізу керек. Сонда ғана төлейміз. Қазір біз мұны көріп отырған жоқпыз, сондықтан күдік басым, - дейді экономист Жарас Ахметов.
Ресми дерек бойынша, 2019 жылдың басынан бері медициналық сақтандыру қоры медициналық ұйымдарға "халыққа көрсеткен қызметі үшін" 630 миллиард теңге (1,6 миллиард доллар) аударған.
ПІКІРЛЕР