Accessibility links

Қонақбаев пен Рахимов AIBA-ны басқару үшін жекпе-жекке шықты


Гафур Рахимов.
Гафур Рахимов.

Олимпиада боксының болашағы Орталық Азиядағы бокс басшыларының арасындағы “жекпе-жектің нәтижесіне” тәуелді болып тұр.

Қазақстандық Серік Қонақбаев пен өзбекстандық Гафур Рахимов Халықаралық бокс қауымдастығының (AIBA) президенттігіне таласып жатыр. Рахимов - қарашада өтетін AIBA президенттігінің сайлауына жалғыз кандидат. АIBA Қонақбаев белгіленген уақытқа дейін құжаттарын тапсырып үлгермегені үшін кандидатурасын тіркемеді. Қонақбаев сотқа шағымданды. Ал Халықаралық олимпиада комитеті "егер Рахимов президент болып сайланса, боксты олимпиада бағдарламасынан алып тастауы мүмкін". Қонақбаев, Рахимов, ХОК үштігінің тартысы бокстың болашағын айқындамақ.

КӨК БҰРЫШТА - РАХИМОВ

Рингтің бір бұрышында – қаңтардан бері AIBA президентінің міндетін уақытша атқарып келе жатқан өзбекстандық Гафур Рахимов.

AIBA-ның Сайлау комитеті қазанда Рахимовты қарашаның 3-інде болатын президенттік сайлауға түсетін жалғыз кандидат деп жариялады. Мәскеуде өтетін сайлауда 203 елдің ұлттық бокс федерациясы AIBA-ның келесі президентін таңдауы тиіс.

Бірақ сайлау алдында даулы әңгіме көп. АҚШ Қаржы министрлігі Рахимовты халықаралық героин саудасындағы басты адам, “Өзбекстанның ірі қылмыскерлерінің бірі” әрі атышулы халықаралық қылмыстық топпен қатысы болуы мүмкін деп,“қара тізімге” енгізген. Рахимов бұл айыптарды жоққа шығарады.

Гафур Рахимов Анкарадағы спорт конгресінде отыр (Сол жағында). Түркия, қараша айы 1998 жыл
Гафур Рахимов Анкарадағы спорт конгресінде отыр (Сол жағында). Түркия, қараша айы 1998 жыл

Ал Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) AIBA-мен арадағы барлық қызметтік және қаржылық байланыстарды тоқтатып, “егер Рахимов басшылыққа сайланса, 2020 жылы Токиодағы ойындарда боксты олимпиадалық спорт түрі қатарынан алып тастаймыз” деп қорқытты. Олимпиада комитетіндегілердің айтуынша, Рахимовқа тағылған айып “тек AIBA-ның беделіне ғана емес, боксқа үлкен нұқсан келтіріп отыр”.

Рахимов қазір Буэнес-Айресте өтіп жатқан жасөспірімдер олимпиадасына бармады. ХОК Гафуровке олимпиада аккредитациясын бермеді.

ҚЫЗЫЛ БҰРЫШТА - ҚОНАҚБАЕВ

Ал қарсы бұрышта 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері, қазіргі AIBA-ның вице-президенті, Азия бокс конфедерациясының басшысы Серік Қонақбаев тұр.

Қазанның 1-інде AIBA-ның Сайлау комитеті жариялаған кандидаттар тізімінде Қонақбаевтың есімі жоқ. Комитеттің мәлімдеуінше, Қонақбаев кемінде 20 елдің ұлттық бокс федерациясынан қолдау алғаны туралы құжатты Швейцарияның Лозанна қаласындағы AIBA-ның штаб-пәтеріне межелі күн – 23 қыркүйекке дейін жібермеген.

Бірақ Қонақбаев рингке орамал лақтыруға асықпайды. Ол Спорттық арбитраж сотына (CAS) шұғыл түрде аппеляциялық шағым берді.

Серік Қонақбаев Мәскеудегі марапаттау рәсімінде (Сол жағында). 30 қаңтар 1982 жыл
Серік Қонақбаев Мәскеудегі марапаттау рәсімінде (Сол жағында). 30 қаңтар 1982 жыл

Оның пікірінше, Швейцария заңдарына сай құқықтық құжаттарды тапсырудың соңғы күні жексенбіге келсе, межелі уақыт жұмыс күні – дүйсенбіге шегерілуі тиіс.

Қазанның 9-ы арбитраж сотының судьялары Қонақбаевты кандидаттар тізіміне қосу-қоспау мәселесін "бірнеше күннің ішінде анықтаймыз" деген.

Егер CAS Қонақбаев тізімге енбейді деп ұйғарса, онда AIBA-ның Мәскеудегі жиынында Рахимов президент болып сайланады.

БИЛІККЕ БАРАР ЖОЛ

67 жастағы Рахимовқа қатысты қылмыстық айыптауларды есепке алмасақ, 58 жастағы Қонақбаевпен екеуінің өмір жолдары өте ұқсас. Олар әуесқой бокс әлеміндегі басшылық қызметке бір соқпақпен барған.

Екеуі де 1950 жылдары Совет одағында дүниеге келген. Рахимов Ташкенттің, ал Қонақбаев Қазақстанның оңтүстігіндегі Жамбыл (қазіргі - Тараз) қаласының тумасы.

Екеуі де совет заманындағы жас боксшыларға арналған бағдарламаларға қатысып, кейін бапкерге айналған.

Әуесқой боксшы ретінде Қонақбаевтың жұлдызы жарық болды. Ол 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында және 1982 жылғы Әлем чемпионатында күміс медаль, 1979 және 1981 жылдары Еуропа әуесқой бокс чемпионатында алтын медаль алып, ұлт мақтанышына айналды.

1991 жылы Совет одағы ыдыраған соң Рахимов та, Қонақбаев та мемлекеттік сектормен тығыз байланысы бар ауыл шаруашылық компанияларына қожалық етіп, ауқатты адамдар қатарына қосылды.

Күміс иегері Серік Қонақбаев және алтын медалінің иегері Патрицио Олива 22-ші Жазғы Мәскеу олимпиадасында. 2 тамыз 1980 жыл
Күміс иегері Серік Қонақбаев және алтын медалінің иегері Патрицио Олива 22-ші Жазғы Мәскеу олимпиадасында. 2 тамыз 1980 жыл

Рахимов компаниялары ауыл шаруашылық өнімдерін, соның ішінде Өзбекстандағы ең табысты мақта өнімдерін экспорттап, импорттауға қатысты. Халықаралық ұйымдар Өзбекстанды "мақта өндірісіне адамдарды күштеп тартты" деп жиі айыптайды.

1981 жылы Жамбылдағы Гидромелиорация және құрылыс институтында инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдаған Қонақбаев Қазақстанның оңтүстігіндегі Жамбыл облысында агробизнес нысандарына қожалық етеді.

Бизнесте жолы болған Рахимов пен Қонақбаев спортқа демеушілік жасап, өз елдеріндегі боксты дамытуға үлес қосты. Сонымен бірге, екеуі де өз елдерінің Совет одағы тарағаннан кейінгі алғашқы басшылары – Өзбекстан президенті Ислам Каримовпен және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жақсы қарым-қатынаста болды.

Қонақбаев 1990 жылдары Назарбаевтың “Отан” (кейін “Нұр Отан” болып өзгерді) партиясына кіріп, 1999 және 2004 жылдары парламенттің төменгі палатасы – мәжіліске депутат болып сайланды.

1999 жылы Қонақбаев Түркістандағы Қожа-Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-түрік университетінен заңгер мамандығын алды. Ал 2006 жылы экономика ғылымының кандидаты атанды.

Боксшы Серік Қонақбаев. Мұрағаттан алынған.
Боксшы Серік Қонақбаев. Мұрағаттан алынған.

Рахимов Азия бокс конфедерациясының президенті, AIBA-ның вице-президенті қызметтерін атқарды. Кейін дәл осы лауазымдарға Қонақбаев келді. Рахимов қазір де Азия бокс конфедерациясының “құрметті президенті” болып саналады. Екеуі де өз елдерінің ең ықпалды олигархтарымен жақсы байланыс орнатқан.

Рахимовты Өзбекстанда туған ресейлік миллиардер Әлішер Усмановпен байланыстырады. Ал Усманов Ресей президенті Владимир Путинге жақын олигарх ретінде АҚШ Қаржы министрлігінің “Кремль тізімі” деп аталып кеткен қара тізіміне енген.

Ал Қонақбаев – қазақ олигархы, Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің президенті, Қазақстан бокс федерациясының төрағасы және президент Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа жақын адамдардың бірі.

ЖОЛАЙРЫҚ

Қонақбаев Қазақстан президентінен іргесін ажыратқан жоқ. Ал Рахимов Өзбекстанның марқұм болған бұрынғы президенті Каримовпен жүз шайысып, 2010 жылы елдегі бизнесінің көбінен айырылып, Өзбекстаннан кетіп қалған.

Рахимовтың айтуынша, оған тағылған қылмыстық айыптар Өзбекстандағы саяси қарсыластарының “жалған” мәліметтеріне негізделген.

Қазанның 6-сы AFP агенттігіне сұхбат берген ол “ешқандай қылмыстық ұйымға және [өзі туралы] айтылған басқа нәрселерге” мүлде қатысы жоқ екенін мәлімдеген.

Шілдеде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің үкіметі Рахимовтың өтінішін мақұлдап, оны “іздеу салынғандар” қара тізімінен алып тастады. Осыдан кейін ол 2010 жылдан бері алғаш рет Өзбекстанға келуге мүмкіндік алды.

Бұл жағдай оның АҚШ-тағы адвокаттарына да қанат бітірді. Қазір олар осы негізде Рахимовты санкцияға іліккендер тізімінен алып тастауға күш салып жатыр. Гафур Рахимов 2019 жылдың наурызына дейін “бұл қателіктердің түзелеріне сенеді”

Бокс маңайындағы дау Рио олимпиадасында басталған. Рио олимпиадасында 91 килограмм салмақтағы финалда қазақстандық Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенко арасындағы жекпе-жектен кейін үлкен дау шыққан. Кездесуде Тищенко жеңіске жеткен. Бірақ мамандар мен жанкүйерлер төрешілер шешімін сынаған. Кейін осы кездесуде төрелік жасаған төрешілердің басым бөлігі олимпиададан шеттетілген еді.

​Ал 2017 жылдың соңында "ұйым қаржысын ысырап қылды" деген айыппен AIBA президенті Ву Чинг Куо қызметінен қуылды. Вудың орнына Рахимов президент міндетін атқарушы болып келген.

(Мақала ағылшын тілінен аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG