Accessibility links

Үш адам қаза болған Кепебұлақ ауылының халқы байланыс нашарлығынан жедел көмек шақыра алмағанын айтады


Досым Өміртаев пен кәмелетке толмаған екі баласы өртенген үйінен шыға алмай, қаза болды. Алматы облысы Кепебұлақ ауылы, 25 ақпан, 2023 жыл. Фото авторы: Еламан Қасенов
Досым Өміртаев пен кәмелетке толмаған екі баласы өртенген үйінен шыға алмай, қаза болды. Алматы облысы Кепебұлақ ауылы, 25 ақпан, 2023 жыл. Фото авторы: Еламан Қасенов

24 ақпанда Алматы облысындағы Кепебұлақ ауылында үй өртеніп, 39 жастағы ер адам екі баласымен бірге қаза болды. Ауыл халқы "жан-жаққа дер кезінде хабарласа алсақ, отқа оранған үйдегі үшеуді аман алып шығар ма едік" деп налиды. Тұрғындардың сөзінше, ауылда ұялы байланыс нашар, интернет жоқтың қасы. Жергілікті билік байланыс нашар екенін мойындайды, бірақ "үш адамның өлімін одан көру қисынсыз" деп отыр.

ӨРТ БОЛҒАН КҮН

"Мен барған кезде кіреберістегі есік жабық екен. От шатырға жетіпті. Бір уақта көршілерден екі-үш адам келді. "Үй ішінде кішкентай бала бар" дегенді естідім де, терезені шағып кірмекші болдым. Бір-екі сағат бұрын ғана баласын балабақшадан көтеріп келе жатқанын өзім де көргем. Терезені шақтық, ішке кірмекші болғанымда, жалын сыртқа лақтырды. Аяғым тайды деп ойлап, екінші рет қайта секірдім, қайта лақтырды. Артымдағы екі адам ұстап қалды. Үшінші рет ұмтылғанымда, қызыл жалын терезеден сыртқа шықты. Осы кезде ішке кіре алмайтынымызды түсіндім".

Бұл – өртенген үйінің ішінде екі баласымен бірге жанып кеткен Досым Өміртаевтың көршісі Амангелді Кебекбаевтың айтқаны. Ол – сыныптасы әрі көршісі Досымның үйі өртеніп жатқанын алғаш естіп, көмекке барғандардың бірі. Айтуынша, өрт шыққанын көршілері 24 ақпанда сағат 17.30 шамасында байқаған. Амангелді мен тағы бірнеше адам жалындап жатқан үйге кіре алмаған соң, өртті сумен өшіруге талпынған.

– Өз үйінің құдығы қатып қалған екен. Жан-жақтан шланг жинап, көршінің құдығынан су тартып жатқанымызда, газ атылып, үйдің шатыры ортасына түсті. Шамамен 40-50 минуттың ішінде үй түгел жанып кетті, – дейді Амангелді.

Марқұм Досым Өміртаевтың өртенген үйі. Алматы облысы Кепебұлақ ауылы, 25 ақпан 2023 жыл. Фото авторы: Еламан Қасенов
Марқұм Досым Өміртаевтың өртенген үйі. Алматы облысы Кепебұлақ ауылы, 25 ақпан 2023 жыл. Фото авторы: Еламан Қасенов

Өртенген үш бөлмелі үйде Кепебұлақ ауылының 39 жастағы тұрғыны Досым Өміртаев пен оның екі ұлы – Аманжол мен Нұрасыл болған. Аманжолдың жасы бесте, Нұрасылдікі үште. Сол күні Досымның әйелі жұмыс бабымен аудан орталығы – Шонжыға кеткен. Көршісінің айтуынша, екі баласымен үйінде қалған Досым ұйықтап кетіп, өрт шыққанын сезбей қалған болуы мүмкін.

– Өзі ұйықтап қалған сияқты. Төсектің орнынан таптық. Екі бала терезенің тұсында қалыпты. Сол жерде балға да жатыр. Терезені шағып шықпақшы болды ма екен? Бойы жетпеді ме? Түсініксіз жағдай. Шыға алмаған соң, екі бала бірін-бірі құшақтап қана қалғанға ұқсайды, – дейді өртенген үшеудің мүрдесін алғаш көрген Амангелді.

БАЙЛАНЫСТАН ТЫС АУЫЛ

Өрт неден шыққаны әлі белгісіз. Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт сөндіру мекемесіне 24 ақпан күнгі сағат 18.28-де хабар түскен.

Кепебұлақ ауылы Алматы облысындағы Ұйғыр ауданының орталығы – Шонжыдан 77 шақырым жерде. Ауылда 80 түтін бар. Шағын елді мекен Кетпен ауылдық округіне қарайды.

Ауыл тұрғындары үй өртеніп жатқанын көрген кезде өрт сөндірушілерге бірден хабар беруге тырысқанын айтады. Бірақ ауылда байланыс болмағандықтан, өртті өздері сөндіруге бекінген.

– Қанша тырысқанымызбен, өртті сөндіре алмадық. Ауыл ішінде тұрып, өрт сөндірушілерге, жедел жәрдемге телефон шалдық. Бірақ хабарласа алмадық. Сосын байланыс ұстайтын жерге, ауылдан бір шақырым жердегі кіреберіс қақпаға барып, Кетпен ауылдық округінің әкімі Берік Шаймұхаевқа хабарластым. Оны да ала алмадым. Әкімнің келініне жағдайды айттым. Бұл кезде сағат 18.10 шамасы болған, – дейді Кепебұлақ тұрғыны Қуаныш Әлімсейіт.

Ұялы телефонын байланыс желісіне қоса алмай отырған адам.
Ұялы телефонын байланыс желісіне қоса алмай отырған адам.

20 күн бұрын болған қайғылы оқиға ауыл жұртының қабырғасын қайыстырды әрі ұзақ жылдан бері қордаланып келе жатқан ұялы байланыс пен интернет мәселесін қайта қозғады. Тұрғындардың сөзінше, ауыл адамдары көбіне Beeline және Tele2 ұялы байланыс операторларының қызметін пайдаланады, бірақ екі оператор да ауыл ішінде нашар ұстайды.

– Ауылда болған кез келген жиналыстағы негізі мәселе – байланыс. Осыған дейін ауыл әкімі Берік Шаймұхаев та, аудан әкімі Шухрат Нурахунов та байланыс мәселесі шешіледі деп сан мәрте уәде берген. Қазір оларға сенуден қалдық, – дейді Кепебұлақ тұрғыны Сағынбек Мұсаев.

Тағы бір тұрғын Аян Бағдәулетовтің айтуынша, ауылда мобильді интернет жоқтың қасы. Кепебұлақтықтарға интернет жоқтығы 2020 жылы карантин кезінде қатты батқан.

– Карантин салдарынан ауылға келіп, қашықтан оқуға мәжбүр болған студенттер интернет іздеп, тау-тасты кезіп кететін. Кейде ауыл сыртында қараңғыда қалып қойған студенттер мен оқушыларды ит талап тастаған жағдайлар да болды. Адам ауырса, ауданға хабарласа алмай дал болған кез де көп. Әкімдер осының бәрін көріп отыр. Бірақ бірдеңе істейтін түрі жоқ, – дейді ауыл тұрғыны Аян Бағдәулетов.

"БАЙЛАНЫСТЫҢ ҚАТЫСЫ ЖОҚ, БОЛАР ІС БОЛЫП ҚОЙҒАН ЕДІ"

Азаттық сөйлескен Кепебұлақ тұрғындарының бәрі "байланыс болса, адамдарды өрттен аман алып қалуға болар еді" дегенді айтты. Бірақ жергілікті билік бұл уәжге келіскісі келмейді.

– Иә, интернет жоқ, байланыс нашар. Бірақ өртеніп қаза болған адамдардың өліміне байланыс жоғын кінәлау дұрыс емес. Өрт – тілсіз жау. Көршілерінің өзі кеш көріп қалған болып тұр ғой. Біз ести сала бардық, – дейді Кетпен ауылдық округінің әкімі Берік Шаймұхаев.

Оның сөзінше, байланыс мәселесі біраздан бері айтылып келе жатқаны рас, бірақ ауыл әкімдігі бұл мәселені шешуге қауқарсыз.

Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев та қайғылы оқиғаға байланыстың, интернеттің қатысы жоқ деп есептейді.

– 500 адам тұратын ауыл. Өрт болып, түтіні сыртқа шыққан кезде ғана білген. Интернет мәселесін көтеріп жатқаны дұрыс, бірақ қайғылы жағдайға оның қатысы жоқ. Өрт сөндірушілерді ертерек шақырған күннің өзінде болар іс болып қойған еді. Өйткені адамдар кеш көріп қалды, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Смартфонмен интернетке қосылу үшін үйдің төбесіне шығып тұрған адамдар. Чеботарев ауылы, Батыс Қазақстан облысы. 27 тамыз, 2021 жыл.
Смартфонмен интернетке қосылу үшін үйдің төбесіне шығып тұрған адамдар. Чеботарев ауылы, Батыс Қазақстан облысы. 27 тамыз, 2021 жыл.

Тұрғындардың сөзінше, Кепебұлақпен көрші отырған Кетпен, Кіші Диқан ауылдарында ұялы байланыс жақсы ұстайды, интернет бар. Мұны аудан әкімдігі де растайды. Тұрғындар Кепебұлаққа да байланыс операторларының бірі мұнара қойып берсе, мәселе шешілер еді дейді.

Аудан әкімдігі "мұнара орнатқаннан пайда жоқ" деген ұстанымда. Әкімнің орынбасарының айтуынша, үш жыл бұрын әкімдіктің қолқалауы бойынша Beeline байланыс операторы мұнара орнатпақшы болған. Бірақ компания өкілдері одан жағдай өзгермейтінін айтқан. Ал Кепебұлақ тұрғыны әкімдіктің уәжіне иланбайды.

– Пайда болмауы мүмкін емес. Біздің ауылдан шығысқа қарай үш шақырым жерде Beeline мен Tele2 операторларының мұнарасы тұр. Батысқа қарай екі шақырым жүрсеңіз, тағы бір ауыл бар. Ол жақта activ пен Beeline мұнарасы тұр. Біз қалай дөңге шығып сөйлесеміз? Дөңге шыққан кезде сол екі ауылдың байланысы келеді ғой. Мұнара орнатса, 100 пайыз ұстап кетпесе де, жағдай жақсарар еді, – дейді Кепебұлақ тұрғыны Амангелді Кебекбаев.

БАЙЛАНЫСҚА КІМ ЖАУАПТЫ?

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Ержан Мейрамовтың айтуынша, ауылдарға ұялы байланыс пен интернет тартуға бюджеттен тікелей қаржы бөлінбейді. Ал ұялы байланыс операторлары адам саны аз ауылдарға өз қаржысынан мұнара орнатуға құлықсыз. Сондықтан министрлік операторларға радиожиілікті пайдаланғаны үшін салық жағынан жеңілдік жасап, адам саны 500-ден аспайтын ауылдарды да байланыспен қамтуға міндеттейді.

– Кепебұлақ ауылында "Кар-Тел" ЖШС (Beeline – ред.) ұялы байланыс қызметін ұйымдастыруы керек еді, ал "Кселл" АҚ (activ – ред.) және "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС (Tele2 – ред.) операторлары бірлескен келісім шеңберінде (инфрақұрылымды бірлесіп пайдалану) қызмет көрсетуге тиіс. Алайда "Кар-Тел" компаниясы басқа екі ұялы байланыс операторы үшін бірлескен келісім шеңберінде ұялы байланыс инфрақұрылымын ұйымдастырған жоқ. Негізі "Кар-Тел" компаниясының бізге берген лицензиялық міндеттемесі бойынша, ол ауылда 2G, яғни дыбыстық байланыс болуы керек еді. Бірақ ауыл тұрғындарының айтуынша, ол да жоқ. Біз тұрғындардың шағымынан кейін тексеру бастадық. Егер байланыс сапасы "Кар-Тел" компаниясының бізге берген лицензиялық міндеттемесіндегідей болмай шықса, компанияға 4 миллион теңге айыппұл салынады, – дейді Мейрамов.

Оның сөзінше, тексеру нәтижесі екі аптадан аса уақытта белгілі болмақ.

Азаттық осы мәселеге байланысты "Кар-Тел" компаниясына 2 наурыз күні сауал жолдаған. Мақала дайын болғанға дейін компаниядан жауап келген жоқ.

ӨТПЕЙ ҚАЛҒАН ТЕНДЕРЛЕР

Ұйғыр ауданы әкімдігі білім бөлімінің мәліметінше, Кепебұлақ ауылындағы Нүсіпбек Исахметов атындағы орта мектепте 96 оқушы оқиды. Білім бөлімі былтыр Кепебұлақтың мектебіне көрші ауылдан интернет тарту үшін екі рет тендер өткізген. Бірақ құны 14,3 миллион теңге болатын екі конкурс та сатып алу процесі аяқталмай жатып тоқтап қалған. Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке қарағанда, екі конкурста да тапсырыс беруші, яғни Ұйғыр ауданы әкімдігінің білім бөлімі тендер өткізу ойынан айнып қалған. Неге?

– Бастапқысында конкурсқа қатысуға ешқандай мердігер өтініш білдірген жоқ. Сондықтан тендер өтпей қалды. Кейінгі конкурсты жыл аяғында жарияладық. Қар жауып кетті. Мердігер компанияда көрші ауылдан жер қазып, сым тартуға мүмкіндік болмай қалатын еді. Сондықтан конкурсты тоқтатып тастадық. Биыл қайта өткіземіз, – деді аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев.

Азаттық былтыр қазан, қараша айларында әкімдік жариялаған конкурсқа қатысқан Taltelekom компаниясына хабарласып көрді. Өзін Жәнібекпін деп таныстырған компания қызметкерінің айтуынша, әкімдік конкурсты аяғына жеткізбей тоқтатып, "бюджетте ақша жоқ" деген уәж айтқан.

Аудан әкімдігі биыл да Кепебұлақ мектебіне көрші ауылдан интернет тартуды жоспарлап отыр. Әкім орынбасарының сөзінше, мектепке интернет тартылған соң, ауылдағы үйлерге де мектептегіден жылдамдығы жақсы желі тартуға болады. Бұл – әкімдіктің жоспары. Жергілікті халық оған онша сеніп отырған жоқ. Кепебұлақ тұрғындарының кейбірі мұны "сайлау алдындағы кезекті уәденің бірі" деп күмәнданады.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстандағы 1155 ауылда ұялы байланыс жоқ. Оның тоғызы – тұрғындар саны 250-ден асатын ауыл. Қалғанында 250-ден аз адам тұрады. Телефонға арналған интернеті жоқ 1432 ауыл бар. Оның 116-сы тұрғын саны 250-ден асатын ауылдар қатарында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG