Accessibility links

"Қорласа да, берілмейміз". Күш құрылымдарын сотқа берген белсенділер неге сотта жиі жеңіледі?


Нұр-Сұлтандағы кеттлинг. 28 ақпан 2021 жыл.
Нұр-Сұлтандағы кеттлинг. 28 ақпан 2021 жыл.

Қазақстанда екі оппозициялық белсенді күш құрылымдарын бейбіт наразылық кезінде кеттлингке алған әрекеті үшін жауапқа тартпақ болды. Дархан Шәріпов парламент сайлауы күні полицияның кеттлинг әдісін қолданып, наразыларды бірнеше сағат бойы қоршауда ұстауын құқық бұзушылық деп танымаған Алматы прокуратурасы мен жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне қарсы шағым беріп, сотта жеңіліп қалды. Осыған дейін сот белсенді Айзат Әбілсейіттің шағымы бойынша да осыған ұқсас шешім шығарған. Азаттық Қазақстанда күш құрылымдарының тарапынан құқығы бұзылған азаматтар неге әділдікке қол жеткізе алмайтынын анықтауға тырысып көрді.

"КЕРІСІНШЕ, ӨЗІМДІ АЙЫПТАМАҚ БОЛДЫ"

10 қаңтар – парламент сайлау күні Алматыда аяз болып, ауа температурасы -6-8 градусқа жетті. Сол күні Айзат Әбілсейіт "Oyan, Qazaqstan" қозғалысындағы замандастарымен бірге көшенің ортасында полицияның қоршауында қалды. Жастар арнайы жасақтың құрсауында жеті сағат тұрған. Бұдан бөлек, арнайы жасақ қаланың тағы бір бұрышында – Республика алаңына жақын маңда "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамай мен оның жақтастарын да құрсауға алып, тоғыз сағат ұстаған. Екі топтағы белсенділер аязды күні сонша сағат бойы ас-сусыз, дәретханаға бару мүмкіндігінсіз далада тұруға мәжбүр болды.

18 қаңтарда Әбілсейіт полицейлер қызметін асыра пайдаланып, адамдарды заңсыз құрсауға алғанын айтып, Алматы қаласы бойынша жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне арыз берген. 15 ақпанда Әбілсейітке прокуратурадан “кеттлинг қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болатын әрекет емес„ деген мазмұндағы хат келген. Белсенді сол кезде полицияның әрекетіне қарсы жазған арызы тіркелмегенін білген. Ол адвокатымен бірге Қылмыстық-процессуалды кодекстің 106-бабы ("Прокурордың, органдарының әрекеттеріне/әрекетсіздігіне және шешімдеріне жасалған шағымдарды сотта қарау тәртібі") бойынша сотқа шағым берген. Сот белсендінің шағымын қанағаттандырмаған.

Айзат Әбілсейт арнайы жасақтың құрсауында отыр. 10 қаңтар 2021 жыл.
Айзат Әбілсейт арнайы жасақтың құрсауында отыр. 10 қаңтар 2021 жыл.

– Елімізде жүргінші жолдың ортасында бір топ жасты негізсіз тоқтатып,себебін түсіндірместен жеті-сегіз сағат суықта ұстап, тіпті, дәретханаға баруға мүмкіндік бермеу оп-оңай. Ол жерде полиция департаментінің, “Нұр Отан” партиясы мен әкімдіктің жоғары шенді қызметкерлері болды. Бұл олардың біздің қоршауда тұрғанымызды көргенін дәлелдейді. Демек олар да азаптауға қатысқан болып тұр, – дейді Айзат.

Қазақстанда биліктің рұқсатынсыз өткен наразылық акциялары кезінде және оған дейін азаматтарды ұстау қалыпты жағдайға айналған. Полиция митингіні болдырмау және тарату үшін күш қолданып, қарусыз адамдарды, кейде көшеден өтіп бара жатқан жұртты да ұстап, автозакқа салады. Митинг өтеді деп жоспарланған күні белсенділерді үйінен шыққан тұста не жеке шаруасымен кетіп бара жатқан жерінен де ұстап әкетеді.

Айзат Әбілсейіт арнайы жасақ құрсауында тұр.
Айзат Әбілсейіт арнайы жасақ құрсауында тұр.

"Oyan, Qazaqstan" қозғалысының тағы бір белсендісі Фариза Оспан былтыр жазда Шымкентте бір адамдық пикетке шыққанымен, наразылық акциясын өткізіп үлгермегенін, өйткені өзіне ешқандай форма кимеген төрт ер адам тап беріп, көшедегі адамдардың көзінше көлікке салып әкеткенін еске алды. Белсендінің айтуынша, оқиғаға куә болған адамдар оның көмекке шақырғанын елемей, жағдайды сырттай бақылап тұра берген. Фаризаны полиция басқармасына жеткізіп, телефонын тартып алған, кабинетті ішінен жауып алған. Белсендінің адвокат шақыру туралы өтінішіне "Адвокаттар тек фильмдерде ғана болады" деп күліп жауап берген.

Кейінірек Фариза Оспан Шымкент полициясын "наразылық акциясын өткізбек болғаным үшін ұрлап әкетіп, заңсыз бас бостандығымнан айырып, қорлады" деп айыптады. Ол құқық қорғаушы Ерлан Қалиевпен бірге "Билігін асыра пайдалану" бабы бойынша іс қозғап, тергеу процесін бастауға қол жеткізді. Бірақ сот арызды тіркеп, қылмыстық іс қозғамауды заңсыз деп тапқанымен, прокуратураға қарсы жеке қаулы шығарудан бас тартқан. Кейінірек "қылмыс құрамы жоқ" деген себеппен қылмыстық іс те тоқтаған.

Фариза бұл жағдайға қынжылғанын жасырмайды:

– Арыз жазып, енді күресе бастаған кезде "Осы жолы әділдікке қол жеткіземін" деп ойлайсың. Бойыңда бір сенім мен күш пайда болады. Күш құрылымдарының бассыздығына бірінші рет куә болып отырған жоқпын, бірақ пикет бойынша арыз бергенде бір үміт болды. Апелляцияға беріп, "күш құрылымдарының әрекетінде заңға қайшы ештеңе жоқ" деген жауап алғанда қатты қапаландым. Арыз да, аппеляция да қанағаттандырылған жоқ. Іс әріқарай қаралмайтын болды. Бірнәрсе айту қиын. Көп күшім, уақытым мен жүйкем кетті. Жәбірленуші тарап болғаныма қарамастан, керісінше, мені айыптағылары келгендей сезімде болдым, – дейді Фариза.

Фариза Оспан.
Фариза Оспан.

Белсенді зорлық көрген әйелдердің неге арыз жазбайтынын енді түсінгенін айтады.

– Үнемі басыңнан өткен жағдайды қайталап айта беру, орган қызметкерлерінің немқұрайлы көзқарасын көру оңай емес. Осыдан кейін күш-жігерді қайдан аласың? Жүйені толықтай өзгерту керек. Бұл адамдардың бәрін орнынан алып тастап немесе қайта оқыту қажет. Бәріне адамгершілікпен қарау керегін түсіндіру өте маңызды, өйткені эмпатия жетіспейді, – дейді Фариза.

"АДАМДЫ ӘЛСІЗ ӘРІ ҚОРҒАНСЫЗ ЕТІП КӨРСЕТУГЕ ТЫРЫСАДЫ"

Заңгер, адам құқықтары саласындағы халықаралық құқық бойынша тәуелсіз кеңесші Татьяна Чернобиль атқарушы билік өкілдері мен сот билігіндегі қызметкерлердің бір-біріне адалдық танытып, қолдау көрсетуі жиі кездесетінін айтады.

– Мемлекет билік өкілдерінің әрекетін сынап не оларды жазалауға жол бере алмайтын сияқты көрінеді. Неге екені белгісіз, беделін жоғалтудан қорқады. Бұл әділдік іздеген адамдарға кері әсер етеді. Сондықтан әр оқиға өз алдына бөлек болғанымен, бұл істер бойынша шығарылған сот шешімдері бір-бірінің көшірмесіне ұқсайды. Қандай да бір түсініктеме берілмейді. Бұл азаматық қоғам мен қарапайым қазақстандықтардың билікке деген сенімсіздігін күшейтеді Неге белсенділердің ісі бойынша шығарылған сот шешімдері бірдей болады? Бұл жерде [судьялардың] білімі жетпейді деп ойламаймын, жетеді. Биліктің атына кір келтірмеу үшін осындай біркелкі әдісті пайдаланады. Өйткені билікке күмән көлеңкесі түспеуі керек, – дейді заңгер.

Айзат Әбілсейіт пен Фариза Оспанға арыз жазуға көмектескен Татьяна Чернобиль орган өкілдері көзге анық көрініп тұрған дүниені жоққа шығарып, азаматтардың құқығын шектейтін әрекетке барғанын ақтау үшін дәйек бола алмайтын заңдарды қолданатынын айтады.

– Кеттлинг ісі бойынша өткен сотта прокурор мен полицейлер заңсыз әрекетке барғанын жоққа шығарды. Жеті-сегіз сағат қоршауда тұрған азаматтарға "Сендерді ешкім ұстаған жоқ" деді. Яғни, қараны ақ деп көрсетті. Ал сот солардың жағында болды. Осындай сәттерде азаматтардың көбі өзін ешқандай құқығы жоқ, шарасыз адам сезінеді. Мүмкін олар осы арқылы адамға биліктің жанында қаншалықты әлсіз әрі қорғансыз екенін көрсеткісі келетін шығар, – дейді Чернобиль.

Қазақстанда құжаттар бір құрылымнан екіншісіне өтіп жүргенде, шағым айналып-айналып, жәбірленуші қарсы арыз берген органға қайта түседі. Мысалы, полицияның үстінен шағым жазылса, бұл қағаз ІІМ құрылымына жататын полицияның жеке қауіпсіздік басқармасына жетеді. Чернобиль көбіне іске тергеуге дейінгі тексеру тежеу болатынын айтады.

Нұр-Сұлтандағы кеттлинг. 28 ақпан 2021 жыл.
Нұр-Сұлтандағы кеттлинг. 28 ақпан 2021 жыл.

– БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті Қазақстанға азаптау фактісі бойынша арыз түскен жағдайда тергеуге дейін тексеру жүргізуге және шағымды айыпталып отырған органның қарауына жіберуге болмайтынын ескерткен. Бізде жаңа Қылмыстық-процессуалды кодекс қабылданған кезде тергеуге дейінгі тексеруді алып тастады, бірақ 181-баптың 5-бөліміне “арызда көрсетілген деректер жеткіліксіз болған жағдайда, оны тексеру жүргізу үшін құзырлы органға [жеке қауіпсіздік басқармасы] жіберуге болады” деп жазып, өздеріне заңды айналып өтуге мүмкіндік қалдырған. Неге екені белгісіз, барлық кезде полицияға қарсы жазылған арыздарда дерек жеткіліксіз болып шығады. Бұл – [тергеуге дейінгі] жабық тексеру. Бұл тексеруге жәбірленушілер қатыспайды. Істі тіркесе, арыз беруші жәбірленуші деп танылар еді, бірақ мұндай тексеру жүрген кезде fрыз жазған адамның ешқандай мәртебесі болмайды, – дейді Чернобиль.

Заңгер күш құрылымдарына қарсы берілген арыздар бойынша зерттеуді тәуелсіз орган жүргізіп, сотқа дейінгі тергеу мен қылмыстық қудалау кезінде Қазақстан заңдарын ғана емес, адам құқықтары саласындағы халықаралық келісім нормаларын да басшылыққа алу керегін ескертеді.

"МӘСЕЛЕНІҢ БАР МӘНІКҮРЕСТЕ"

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис "Қазақстандағы сот жүйесі әлі де тәуелсіз емес" деп есептейді.

– Сот жүйесі биліктен қағаз жүзінде бөлініп, тәуелсіз көрінгенімен, іс жүзінде мемлекеттік құрылымдар жүйесінің жалғасы саналатын тәуелді органға жатады. Совет одағы тарағаннан кейін шынайы билік бөлінісі болып, күштер тепе-теңдігі қалыптасқан жоқ. Сондықтан сот жүйесі мен жекелеген судьялар адам құқықтары жөніндегі халықаралық міндеттемелер мен Конституция аясындағы заң нормаларына ғана жүгінбей, бұл істің саяси тұрғыдан қаншалықты дұрыс саналатынына да қарайды. Сондықтан мұндай сот процестерінде бірдеңе дәлелдеу мүмкін емес, – дейді Жовтис.

Құқық қорғаушы саяси астары бар істерде мемлекетке қарсы келген азаматтың жеңіске жетуі қиын екенін айтады.

– Бұл сотқа да, құқық қорғау органдарына да, прокуратураға да қатысты. Кейінгі жылдары [саяси астары бар] іс бойынша сотта қарапайым азаматтың мемлекетті жеңіп шыққаны есімде жоқ. Керісінше, полиция азаматқа қарсы арыз бергенде сот әлдеқайда қатаң шешімдер шығарады, – дейді Жовтис.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов сотта Қылмыстық кодекстің 405-бабы (“Тыйым салынған ұйымның қызметін ұйымдастыру және қатысу”) бойынша айыпталған азаматтарды қорғаумен айналысады. Ол қорғауындағы азаматтардың заңсыз тұтқындалған кездеріне тоқталды.

– Адамды 405-бап бойынша тұтқынға алу үшін ерекше жағдайлар болуы керек. Айыпталушы шетел азаматы, бұрын аса ауыр бап бойынша сотталған немесе мерзімінен бұрын босап шыққан адам болса, тұтқынға алуға болады. Бізде ұстайды да, [уақытша тергеу изоляторына] жауып тастайды. Тағы бір мысал, 405-бапта "заңды күшіне енген сот шешімі бойынша тыйым салынған ұйым деп танылған ұйымның қызметіне араласу" деп көрсетілген. Ал олар қайтеді? "Көше партиясы" [қозғалысы] бойынша сот шешімі күшіне енбесе де, бәрін жауапқа тарта береді. Бұл "құқық нормасын дұрыс қолданбау" деп аталады. Біз заңды мұқият оқып, түсіндіруді талап етеміз, бірақ олар өзінше шешім қабылдайды. Осыдан түсініспеушілік туындайды, – дейді Нұрпейісов.

Арнайы жасақ "Демпартия" құруды көздейтін бастамашыл топ белсенділерін құрсауға алған сәт. 28 ақпан 2021 жыл.
Арнайы жасақ "Демпартия" құруды көздейтін бастамашыл топ белсенділерін құрсауға алған сәт. 28 ақпан 2021 жыл.

Адвокат Қазақстан 2005 жылы ратификациялаған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің талаптарын орындамай отыр деп есептейді. Нұрпейісов жұмыс барысында осы уақытқа дейін экстремистік баптар бойынша айыпталған адамның ақталғанын көрмегенін айтады.

– Жұмыс тәжірибемде бейбіт жиындар мен шерулер бойынша істер көп кездесті, бірақ бейбіт жиындар туралы заңды бұзу фактісі бойынша азаматтарды қорғау кезінде құқық бұзушылық құрамы анықталған жоқ деген себеппен тоқтаған істер болған жоқ, – дейді адвокат.

Белсенділер Айзат Әбілсейіт пен Фариза Оспан өздерінің құқығын бұзған полиция өкілдерін жауапқа тарту үшін соңына дейін күресуге бел буған. Дархан Шәріповтың адвокаты Жанар Балғабаева да тергеу сотының қаулысына қарсы шағым беруге бекініп отыр.

– Басында "Әуре болып қайтемін?" деп ойлайсың, кейін "Күресу керек" деген ойға келесің. Өйткені жеңіске жетпесең де, басқа бір адам соңына дейін барғаныңды көруі мүмкін. Адам құқықтары жөніндегі комитетке де жетеміз. Мүмкін басқа адам әділдікке қол жеткізер. Бастысы, соңына дейін баруға дайын екенімізді көрсету керек. Үнемі қарсы шығып, қорлап, қысым көрсетіп жатса да, берілмейміз. Мен әділдікке қол жеткізе алмасам, бұл басқа адамның қолынан келуі мүмкін. Үнемі арыз жазып, апелляцияға берген сайын күш құрылымдарының өкілдерін біраз әбігерге саламыз. Олар бізге тыныштық бермегеніндей, біз оларға тыныштық бермеуіміз керек. Мәселенің бар мәні күресте шығар, – дейді Оспан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG