Accessibility links

"Репрессияшыл режим" мен "тәртіпсіздік". Қазақстандық БАҚ Беларусьтегі жағдайды қалай сипаттады?


Беларусьтегі президент сайлауының ресми қорытындысымен келіспей, наразылық акциясына шыққан адамдар. Көрнекі сурет.
Беларусьтегі президент сайлауының ресми қорытындысымен келіспей, наразылық акциясына шыққан адамдар. Көрнекі сурет.

Қазақстан билігіне тікелей тәуелді ақпарат құралдары Беларусьтегі президент сайлауынан кейінгі наразылық жайлы ақпаратты сирек беретіні байқалады. Ал қазақстандық БАҚ басшылары мен өкілдері мүше медиа альянс Беларусьтегі наразылық кезінде журналистерге күш қолдануға алаңдайды. Сарапшылар "қазақстандық БАҚ үшін елдегі наразылықтардан гөрі сырттағы жағдайларды жазып, оған реакция білдірген оңай" дейді.

ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ҚАМАЛҒАНЫНА АЛАҢДАУ

Беларусь Орталық сайлау комиссиясы елді 26 жыл бойы басқарып отырған Александр Лукашенко 9 тамыздағы сайлауда 80 пайыз дауыспен жеңіске жеткенін хабарлаған соң елде наразылық күшейді. Жұрт сайлаудың ресми қорытындысына сенбейді және Лукашенконың биліктен кетуін талап етеді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Лукашенконы жеңісімен құттықтағанын жариялаған ресми БАҚ сайлаудан кейінгі қарсылық акциялары жайлы шетелдік ақпарат құралдарының мәліметтеріне сүйеніп, жалпы шолумен шектелгені байқалады.

Беларусьтегі сайлаудан кейінгі түнгі наразылық қалай өтті?

"Қазақстан" ұлттық телеарнасының сайтынан "Беларусьтегі президент сайлауында Лукашенко алда келеді" дейтін бір ғана ақпаратты кездестіруге болады. "Хабар" арнасында да Беларусьтегі сайлау жайлы ақпарат сирек. "Хабар-24" арнасы сайтында Еуропа одағының Беларусьтегі президент сайлауының ресми қорытындысын мойындамайтыны туралы ақпарат жариялаған.

Биліктің бас газеті саналатын "Егемен Қазақстан" "сайлаудан кейінгі жаппай наразылық дауыс санауға кедергі келтірді" деген Беларусь билігінің ұстанымын бере отырып, "Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бұған дейінгі мемлекеттік экзитпол қорытындысына сай. Өйткені экзитпол бойынша қазіргі мемлекет басшысы Лукашенко 79,7 пайыз дауыс жинайтыны болжанған-ды" деп жазады. Алайда сайлаудың ресми қорытындысына келіспейтіндер де бар екенін атап өткен.

Беларусьтегі митингіде ұсталғандар арнайы жасақтан таяқ жегенін айтады

"Бәрін ұрды". Беларусьтегі митингіде ұсталғандар арнайы жасақтан таяқ жегенін айтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:12 0:00

"Егемен Қазақстанның" Беларусьтегі қарсылық акциялары жайлы шолуларында "жаппай тәртіпсіздік", "рұқсат етілмеген жаппай шара" тіркестері қолданылатыны аңғарылады. Қарсылық кезінде интернет пен мобильді байланыс бұғатталғанын, тіпті мемлекеттік БАҚ сайттары ашылмағанына" да назар аударған, алайда не себептен және кім бұғаттағаны жайлы таратып жазбаған.

"Қазақстан Медиа альянсының" (құрамына БАҚ, PR басшылары, белгілі журналистер мен блогерлер, медиабизнес, жарнама өкілдері кіретін ұйым) Беларустегі жағдайға байланысты "Егемен Қазақстанға" шыққан мәлімдемесі де көңіл аударарлық. Медиа альянс сайлаудан кейін "Беларусьте 68 журналист қамауға алынғанына" алаңдап, Беларусьтің Қазақстандағы елшілігіне хат жолдаған.

"Біз журналистерге қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісін қолайсыз деп санаймыз. Журналистер өз істерімен айналысып жатыр. Олар бүкіл әлемде болып жатқан оқиғалар туралы айтады, оларды алаңдатпау керек. Билік оларды заңсыз деп санаса да, оларды өткізетін наразылықтар мен митингілердің қатысушылары ретінде қарастыруға болмайды" дейді мәлімдеме авторлары.

Азаттық тілшісі хатқа қол қойған альянс мүшелеріне хабарласып үндеу жайлы толығырақ сұрамақ болған еді, бірақ олар телефонды көтермеді.

"ҰЗАҚ ЖЫЛ ПРЕЗИДЕНТ БОЛЫП ОТЫРҒАН ЛУКАШЕНКО"

Қазақстанды ширек ғасыр билеп, қазір де биліктегі ықпалын сақтап отырған Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясының "Айқын" газеті Беларусьтегі қарсылық акциялары жайлы бірнеше ақпарат пен шолу жариялаған.

"Кет!" 200 мыңнан аса адам Лукашенконың отставкасын талап етті

Минскіде қаза тапқан шеруші Александр Тарайковскиймен қалай қоштасты?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:52 0:00

"Беларусь: шынайы жеңіс кімде?" деп аталатын мақалада "билікте 26 жыл отырған адамның шаршайтыны анық, оның анық белгісі – халыққа немқұрайлы, мәселелерге селқос қарауы еді", "кеңес заманындағы стильмен ел басқарып келе жатқан Александр Лукашенко уақытша билік ету қағидасын бұзып, ұзақ жыл президент болып отыр", "Лукашенко үкіметі билікті біраз уақытқа сақтап қалса да, одан сайын репрессияшыл режимге айналып, өзін тығырыққа тірей береді. Өкінішке қарай, авторитарлық режимдердің жалғыз заңдылығы – сол" дейтін сарапшылар пікірлерін берген.

Беларусьтегі жағдай

Құрметті оқырман! Беларусьтегі билікке қарсы наразылық жайлы барлық ақпаратты Азаттықтың арнайы парақшасынан оқи отырыңыз.

"Айқындағы" бұл пікірлер бұған дейін Қазақстанның тәуелсіз және оппозициялық бағыттағы басылымдарында Нұрсұлтан Назарбаевқа қарата айтылып келген еді

"Айқынның" "Беларусь бостандық үшін күресуде" дейтін шағын мақаласы Лукашенко билігіне қарсылық акциясын ашық қолдағандай көрінеді.

"Тергеу изоляторларында мыңдаған адам жатыр. Босап шыққан азаматтар құзырлы құрылымдардың күш көрсетіп, аяусыз сабағанын Батыс БАҚ-тарына жеткізіп жатыр. Соңғы тәуліктің өзінде 700-ден астам адам ұсталған. Тіпті 9 тамызда ереуілге шыққан 25 жастағы ер азамат тұтқынға алынған соң қайтыс болған. Ел азаматтары полицияның тек ереуілші топты ғана емес, көшеде өтіп бара жатқан азаматтарды да ұстап әкеткенін заңсыздық деп отыр" деп жазады басылым.

"Нұр Отан" партиясының тағы бір органы "Литер" газетінің сайты "Telegram каналы жүргізген сауалнамада респонденттердің 2 пайызы ғана Лукашенкоға дауыс бергені" жайлы "РИА Новости" ақпарат агентігіне сілтей отырып, жаңалық берген.

"ШЕТЕЛДЕГІ ЖАҒДАЙДЫ ЖАЗУҒА БИЛІК ҚАРСЫ БОЛА ҚОЙМАЙДЫ"

Қазақстандық сарапшылар Беларусьтегі наразылықты Қазақстандағы ресми БАҚ-тың кейде бейтарап, кейде билікті, кейде қарсыласушыларды қолдай беруін БАҚ-тың билікке тәуелдігімен байланыстырады. Олардың сөзінше, ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қатаң қадағалайтын БАҚ-тар саяси жүйесі Қазақстанға ұқсас елде болып жатқан жағдайларды өз қалауынша бере алмайды.

"Әділ сөз" қоғамдық ұйымы сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженова қазақстандық ресми БАҚ-тың Беларусьтегі қарсылық акциясы жайлы ақпараттарына таңырқағанын айтады.

– Әсіресе "Егемен Қазақстан" газетіне жарияланған Медиа альянстың үндеуі көзіме түсті. Беларусьтегі журналистерге жасалып жатқан қысымға алаңдапты. Бұл не? Жығылып жатып, сүрінгенге күлу ме? Өйткені осыған ұқсас қарсылық акциялары мен митингілер Қазақстанда да болды. Митингіден хабар таратқан журналистер жұмысына кедергі жасалды. Оларға қол көтеруге, қамауға дейін барды. Сондай кезде алаңдап ресми БАҚ-тың қандай да бір үндеу жариялағанын байқамаған едім, – дейді ол.

Әженованың сөзінше, Қазақстандағы қарсылық акциялары жайлы шынайы ақпарат таратпаған, не үнсіз қалған ресми БАҚ-қа шетелдегі қарсылық акциясын жазған оңай.

– Оған [Қазақстан] билігі аса қарсы бола қоймайды, өйткені интернет арқылы бәрін өзі де көріп отырған халықты біржақты ақпаратпен алдарқату қиын және абыройсыз жұмыс. 2019 жылы маусымдағы президент сайлауынан кейін 4 мыңға жуық адам қамауға алынды. Одан бұрын да, одан кейін де рұқсат етілмеген жиынға қатыспақ болды деген желеумен қаншама белсенді әкімшілік жазаға тартылды. Ресми БАҚ оны жазбайды, оларға алыстағы Беларусьті жазу қауіпсіз, – дейді сарапшы.

"Nege.kz" сайтының бас редакторы, журналист Ерік Рахымның айтуынша, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Лукашенконы жеңісімен құттықтап қойғанымен, қазіргі қарсылық акцияларынан кейін жағдайдың қалай өзгерері белгісіз. Сондықтан ресми БАҚ қарсылық акциясын айыптаудан да тартынады.

– Қарсылық акциясы күшейіп, Лукашенко биліктен тайдырылса, Қазақстан билігі ыңғайсыз жағдайда қалады. Сол себепті [БАҚ] әзірге екіжақты қатар ұстауға тырысады, – дейді ол.

Қазақстан депутаттары Беларусьтегі наразылық жайлы не дейді?

Беларусьтегі наразылыққа Қазақстан депутаттары не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:16 0:00

Қазақстандағы ресми БАҚ-тың елдегі қоғамдық саяси мәселелерді елеусіз қалдыратын сәті де, өзінше жеке саяси баға беретін кезі де болады. Мәселен, 2011 жылы Жаңаөзендегі мұнайшылар наразылығында БАҚ митингіге шыққандарды "құтырған итке" теңеп, наразылықты "нағыз бұзақылық, азаматтық жауапсыздық" деп сипаттаған.

2016 жылы сәуірде Атырауда басталған шетелдіктерге жерді жалға беруге қарсы митингіден кейін "Қазақстанның бірінші арнасы" ("Первый канал Казахстана") "жер мәселесі бойынша митингілерге қатысқан адамдарға ақша төленгені" жайлы ақпарат таратып, жұртшылықтың сынына қалған еді.

Бұдан бөлек, Қазақстанның ресми ақпарат құралдары шетелде, әсіресе постсоветтік елдердегі билік транзиті кезіндегі қарсылықтарға байланысты түрлі болжам жасап, Қазақстан билігінің ұстанымына ұқсас материалдар жариялап, түрліше құбылған.

Әсіресе Украинадағы 2004 жылғы және 2013 жылғы төңкеріс пен қарсылық оқиғаларын әртүрлі сипаттағаны байқалған. 2013 жылы төңкерісті ресми БАҚ "Украина оппозициясының пікірінше, өздері жеңіске жетсе ғана демократия, басқалардың жеңісі – демократияны жаншу" деп сипаттап, әлеуметтік желі тұтынушыларының сынына ұшыраған.

Ал 2013 жылдың күзінде басталып, 2014 жылы президент Виктор Януковичті билікте тайдыруға ұласқан Майдан оқиғасы кезінде "демократияны жамылған, арандатушы Батыс" жайлы риторикасын күрт азайтып, оқиғаны бейтарап тұрғыда көрсетуге тырысқан еді. Сарапшылар бұл "бейтарап" ұстанымды Қазақстан билігінің Ресейге іштарта отыра, Украинадағы Майдан оқиғасын қолдап отырған Батыс ұстанымына қайшы болғысы келмейді деп те түсіндірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG