"ХАЛЫҚТЫҢ БІР БӨЛІГІ БІР АДАМНАН ШАРШАҒАН ШЫҒАР..."
Сұхбаттың басында Нұрсұлтан Назарбаев биыл 19 наурызда президенттік өкілетін доғарғанына өкінбейтінін айтты. Ол 30 жыл басқарған өз еңбегін жоғары бағалағап, "Қазақстан бұрын-соңды қазіргідей жетістікке жетпеді" деді.
- Отыз жылда мені алты рет сайлаған халыққа рақмет. Халықтың бір бөлігі бір адамнан шаршаған да шығар, ондай да болады. Уақыт бір орнында тұрмайды, өзгеріс, жаңа адам, жаңа кадрлар керек. Жас ерекшелігі де бар, елдің бірінші басшысы үнемі ширақ жүруі керек. Біз билік транзитін бейбіт түрде, Конституция бойынша өткізіп жатырмыз, - деді ол.
Назарбаев "Хабар" арнасы тілшісінің "Қазақстанда қос билік бар" деген болжамдарға қалай қарайсыз?" деген сұрағына жауап берді. Оның сөзінше, мұндай "өсекті" өзі де көріп-біліп отыр.
- Мұндай өсекті Қазақстанда тұрақтылық болғанын қалмайтындар айтады. Біздің қашқындар, Отанын сатқандар халықтың тыныштығын бұзғысы келеді. Қос билік бар деуге ешқандай негіз жоқ. Өйткені Қазақстан – президенттік басқару нысанындағы унитарлы мемлекет. Тоқаев жалпы халықтық сайлауда сайланды, - деді ол.
Назарбаев өзінің қазіргі өкілеттігі жайында да айта кетті. Бұрынғы президенттің өзінше, Қауіпсіздік кеңесі Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатымен айналысады. Кадр мәселесі Қауіпсіздік кеңесімен келісіледі.
- Бірақ бұл – алқалы орган, мен тек төрағасымын. Әрине, президент Тоқаев менімен ақылдасады, ондайда өз тәжірибемнен кеңес беремін. Кеңесті мен бергенмен, шешім қабылдаушы – кеңес алған адамның өзі ғой, - деді ол.
Назарбаев Қазақстанға салынатын Қытай зауыттары жайлы сөз еткенде де "Қазақстанға бейбіт өмір тілемейтіндер" бар екенін еске салды. Бұрынғы президенттің сөзінше, Қытайдан көп жұмыс күші келеді деп дабырлатудың керегі жоқ. Өйткені Қытай басшылары жұмыс аяқталған сәтте жұмысшыларын алып кетуге уәде берген. Ал "Қытай қаупін айтып, елді шулатып жүргендер – шетелде жүрген қылмыскерлер".
- Шынымды айтсам оларды аяймын, отансыз адамдар. Шетелде қаңғып жүр, ешкімге керек емес. Өз еліне жаманшылық тілейтін арамзаға қалай сенуге болады, айтыңдаршы? Ондайлардың сөзін тыңдамау керек, - деді ол.
Назарбаев сұхбат кезінде "елді шулатып, шетелде қашып жүргендердің" атын атамады.
НАЗАРБАЕВТЫҢ "ҰЛЫ ТАБЫСТАРЫ"
Назарбаев "Қазақстан өзі басқарған отыз жылда ұлы табыстарға жетті" деп санайды. Бұрынғы президенттің сөзінше, 1991 жылдан бері Қазақстан экономикасы 20 есе өскен. 1500-ден астам мектеп, 2000-нан аса аурухана, 1000-ға жуық балабақша салынған. Мемлекеттің халыққа қамқорлығының арқасында Қазақстан халқының өмір ұзақтығы 67 жастан 73 жасқа жеткен.
- Мұндай қашан болды бізде? Ешқашан болған жоқ. 1991 жылы мен тәуелсіздікті жариялаған кезде парламент депутаттарының 44 пайызы ғана қазақ болатын. Қазақстанда халқының да құрамы солай еді. Қазір қазақтар 70 пайызға жақындап қалды. Елорданы көшіру оңай болған жоқ. Кейде мына қалама қарап отырып, “қалай салдық” деп қайран қаламын, - дейді ол.
Назарбаевтың сөзінше, Қазақстан 2030 стратегиялық даму бағдарламасы мерзімінен бұрын орындап, 2050 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асыруға кіріскен. Әсіресе, Қазақстан жол салудан зор жетістікке жеткен.
- Қазақстанда ешуақытта мұндай жол салынған жоқ. 14500 шақырым жол жөнелді не қайта салынды. Олар – жай жол емес, Батыстағыдай бетон, автобан. Бес-алты сағат жүретін жерге қазір бір-екі сағатта баратын болдық. 2500 шақырым теміржол, Каспий теңізіне екі порт салынды. Айта берсек, істелген шаруа көп, - дейді бұрынғы президент.
"Менің буыным қазаққа қолынан келгенше барлық жақсылығын жасады" деген Назарбаев тәуелсіздік алғалы көптеген университет ашылғанын, астанада ЭКСПО-2017 мен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының жиыны өткенін, жыл сайын халықаралық форумдар өтіп жатқанын мақтанышпен айтты. Сонымен қатар, Қазақстанның мемлекеттік шекарасын толық белгілеп, Біріккен Ұлттар Ұйымына "кіргізгенін" "ұлы табыс" деп санайтынын білдірді.
Қазақстанның бұрынғы президенті сұхбат барысында "бақыт" туралы да айта кетті. Назарбаевтың айтуынша, кейбір зерттеулерге қарағанда әлемнің бай елдерінің бірі Сингапурға қарағанда одан әлдеқайда тұрмысы төмен Коста-Рика халқы өзін бақыттырақ сезінеді екен.
- Сондықтан мәселе ақшада емес. Егер елде тұрақтылық болса, қан төгілмесе, істейтін жұмыс болса - бақыт деген сол, - деп тұжырды Назарбаев.
1989 жылы Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы, 1990 жылы Қазақ ССР-інің президенті, 1991 жылы Қазақстан президенті болып сайланып, Қазақстанда отыз жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл, 2019 жылдың 19 наурызында өкілеттігін өз еркімен доғарған еді. Өзінің орнына Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынған. Назарбаевтан билікті қабылдап алған Тоқаев 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауында жеңіске жетіп, президент қызметіне кіріскен.
Нұрсұлтан Назарбаев та, Қасым-Жомарт Тоқаев та "келесі президент туралы" екеуара әңгіме үш жылдай жүргенін баспасөзге берген сұхбаттарында айтқан. Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрғанда "Қазақстанның тұңғыш президенті" туралы конституциялық заң, елдің бірінші президенті Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойы төрағасы болатыны туралы заң қабылданған.
Назарбаев басқаратын Қауіпсіздік кеңесінің құрамына басқа билік тармақтарының жоғары лауазымды тұлғаларымен бірге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та кіреді. Қазақстандағы билік транзитін бақылып отырған сарапшылар мен оппозициялық күштер "Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы әрі парламентте көпшілік орынды алатын "Нұр Отан" партиясының төрағасы ретінде жоғары биліктегі бұрынғы ықпалын сақтап қалды" деп санайды. Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі "Қазақстанда қос билік жоқ" екенін, мемлекет басшысы – Қасым-Жомарт Тоқаев екенін бұрын да айтқан.
ПІКІРЛЕР