Accessibility links

Ырысбек Дәбей: Жаңаөзен оқиғасы - жабық тақырып емес, әлі талай шығарма жазылар


Ырысбек Дәбей, Жаңаөзен оқиғасы жайлы "Қоңыз" романының авторы.
Ырысбек Дәбей, Жаңаөзен оқиғасы жайлы "Қоңыз" романының авторы.

2011 жылы желтоқсанның 16-сы күнгі Жаңаөзен оқиғасынан сегіз жыл өткенде қазақ әдебиетінде алғаш рет осы оқиғаны баяндаған көркем шығарма, шығарма болғанда да көлемді еңбек – роман жарық көрді. Авторы – жазушы, ақын Ырысбек Дәбей. 17 адам қаза тауып, жүздеген азамат жараланған сол оқиға жөнінде бұған дейін дәл осындай ауқымды шығарма кітап болып шықпаған. 2012 жылы жазылған тағы бір роман бар. Бірақ авторы Серік Елікбайдың айтуынша, "баспалар басып шығаруға құлықсыз, сондықтан қолжазба күйінде әлі жатыр". Анығы – Ырысбек Дәбейдің "Қоңызы" Жаңаөзен оқиғасын сипаттап, баспа көрген алғашқы роман. Азаттық тілшісі роман авторымен сұхбат құрды.

"Арса-арса қу сүйек тақ етіп Мұраттың алдына келіп түсті де, бір-екі ыршып барып тоқтады. Беті былшиған жас жігіт аш итке сүйек лақтырғандай мазағына мәз болып, ыржалақтай күлді. Өзіне жамырай қараған қалың көптен еш қымсынбай, сүйек салып әкелген целлофанын жұмарлай ұстаған күйі ол гүж ете қалды.

– Киіз үйдегілер беріп жіберді сендерге!

Алаңда тұрған нөпір жұрт толқып кетті. Әр жер-әр жерден ашынған айқай көтерілді.

– Балшыққа батқыр тексіз ит!

– Құдайын ұмытқан қорқаулар!

– Бүлік керек бұларға!...

"Қоңыз" романынан үзінді.

Бұл үзінді – романның бастапқы бірнеше сөйлемі. Шығарма осыдан сегіз жыл бұрын болған оқиға ортасына топ етіп түсіреді. Оқырман қаумалаған көптің ортасында тұрғандай, әлдебіреу әне-міне оқыс қимыл жасап, еріксіз қақтығысқа араласып кетердей күй кешеді. Желтоқсанның қақаған суығынан шілденің аптап ыстығына оңай өткізеді. Думандатып, ет жеп отырған топтың ортасынан бір демде нәр татпай, апталап аштық жариялап жатқан жұмысшылардың жанына ертіп апарды. Бас кейіпкерлердің өмірі, махаббаты, қуанышы, іштегі шері мен арман-мұраты сипатталады. Автор ереуілге дейінгі халық тұрмысын жазғанда дерек пен дәйекке сүйенеді. Ереуілге түрткі болған, халықты ашындырған, көңіліне қаяу салған оқиғаларды бір-біріне байланыстырып, желі құрады. Бірде қыс, бірде жазды көріп, ыстық пен суықты қатар сезіп сол күнге, 16 желтоқсанға, жақындайды.

Одан кейінгі оқиғаның бәрі аян. Сеңдей теңселген халық. Алысқан-жұлысқан жұрт. Әділдік талап еткен дауыс. Қорқытқан, үркіткен айғай. Ақырында – атылған мылтық. Оқ тиіп жараланған отағасы, зарлаған ана, жоқтаған әйел...

Автор алғысөзде "Жазықсыз жапа шеккендердің жан жарасы қара қотырлана қойған жоқ. Неге осы обал мен сауаптың талқысы өнер тілінде өрнектелмейді? Неге біздің жазушылар ол тақырыпқа бармайды? Мені көптен бері толғандыратын сұрақ осы еді" депті.

Осы ретте жазушы өзін толғандырған сұрақтарына жауап тапты ма, роман қалай жазылды, баспадан қалай шықты, кейіпкерлері кім және сегіз жыл бұрынғы оқиғаны көркем тілмен баяндаудың машақаты қандай болды деген сауалдарымызды қойып, автормен тілдестік.

"Азаттық жолында" подкасты. Жазушы: "Жаңаөзен - жабық тақырып емес"
please wait

No media source currently available

0:00 0:28:39 0:00
Жүктеп алу


- Роман қалай және қанша уақытта жазылды?

- Бұл романды бір жарым жылда жаздым. Деректі әдебиет емес. Оқырманға көркем шығарма үлгісінде жол тартты.

- Жазар алдындағы дайындық қалай болды?

- Рухани жақтан пісіп-жетіліп, азаматтық тұрғыда ойланып-толғанып келген тақырыбым болды.

"Қоңыз" романының мұқабасы. (Сурет автор Ырысбек Дәбейден алынды)
"Қоңыз" романының мұқабасы. (Сурет автор Ырысбек Дәбейден алынды)

- Осы романды жазғанда көздегеніңіз не?

- Бүкіл ұлы шығарма негізінен трагедияға құрылады. Осы біздің заманға, біздің өмірге қатысты шығармалар неге жоқ, неге жазылмайды деген тақырып мақсатым болды.

- Романды оқып шықтым. Өзіңіз терістеп отырсаңыз да, деректі роман деп айтуға келетін сынды. Бір қарағанда тарихи шығарма іспетті. Оқиғадан алыстап кетпей тұрып осы күнгі көзқараспен жазып қалуға тырыстыңыз ба?

- Бұл трагедия ұмытылып, уақыты өтіп кеткен дүние емес. Әрине, ол туралы дерек көп. Жаңаөзен трагедиясы жөнінде видео, жазба архив те мол. Деректі әдебиет ретінде жазуға болады. Ол енді кейінгі жазушылардың борышында болатын шығар. Бірақ мен осы деректерді барынша көркем әдебиет үлгісінде бергім келді.

Жаңаөзен оқиғасы

2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында еңбек мәселесіне қатысты талап қойып, орталық алаңда бірнеше ай бойы ереуіл өткізіп тұрған мұнайшыларға полиция оқ атқан болатын. Жаңаөзендіктерге Шетпе станциясы тұрғындары да қолдау білдіріп, поезд жолын жауып, оқ атуды тоқтатуды талап еткен еді. Ресми дерек бойынша, ереуілді күшпен тарату кезінде 17 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Мұнайшылар жиынына мүлдем қатысы жоқ бірнеше жергілікті тұрғын да полиция қолынан оққа ұшқан. Ереуілшілерге заңсыз оқ атқаны үшін полицияның бес офицеріне бес жылдан жеті жылға дейін түрме жазасы кесілген. Ал ереуілге қатысты "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" айыбы тағылған 37 адамның 13-і үш пен жеті жыл аралығындағы түрлі мерзімдерге сотталған. 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған.


- Шығармада Мұрат және Саламат деген екі кейіпкер бар. Оқиға да осы екі кейіпкердің айналасында өрбиді. Шынайы өмірде прототип деп алатын болсақ, әсіресе Мұраттың тағдыры жұртқа белгілі. Ол - Жаңаөзен оқиғасына қатысқаны үшін сотталған, кейін дерттен көз жұмған мұнайшының прототипі. Сұрайын дегенім, Мұраттың осы оқиғадан тыс өміріне, оның адам ретіндегі таным-түсінігіне қаншалықты терең бойлай алдыңыз?

- Әрине, Мұраттың өмірі көп адамға таныс немесе бейтаныс болуы мүмкін. Мен өзім сөйлескен, әңгімелескен адамым. Көркем шығармада қосуға, алуға болатын еркіндік бар. Сондай еркіндіктерге де бардым. Бірақ нақтылық та көп.

- Романның атауы – "Қоңыз". Бұл атауды қазақтың бір қиыншылық, таршылық заманда жиі пайдаланатын "қоңыз теріп кету" ұғымына негіздедіңіз бе?

- Әуелде Саламат деген кейіпкерімнің балалық шағына байланысты бір оқиғаларды естіп, соның айналасында ғана шағын сюжет берем деп ойлағам. Кейін газеттен Қазақстанда кейбір адамдардың қоңыз сатып, (романда бір шипагер қоңызды 70 түрлі дертке ем деп сатады – авт.) алаяқтық істегені жөнінде ақпаратты көрдім. Халық мұндайға неге барады? Қағанағы қарық, сағанағы сарық болып отырса тау-тас кезіп несі бар? Кейін дәрігерлер оның алаяқтық екенін дәлелдеп, қоғамда бір шу болған көзім шалып қалды. Осы оқиға қоңыз туралы сюжетімді кеңейтіп жіберді.

- Жаңаөзен оқиғасын айтқанда әлі күнге халықтың көкейінен кетпейтін "оқ атуға кім бұйрық берді?" деген сауал бар. Осы сауалға жазушылық қиялыңызбен жауап іздедіңіз бе?

- Жаңаөзен туралы жазылған жалғыз шығарма деп ойламаймын. Бұдан кейін де нақты дерекпен, нақты аргументпен деректі дүниелер жазылар, жауап та сол кезде айтылады.

- Роман алғысөзінде өзіңіз де "жазушылар осы тақырыпқа неге бармады" дейсіз. Қалай ойлайсыз, әріптестеріңіз осы оқиғаны неге жазбады?

- Шынында, біздің жазушылар арасында өзі өмір сүріп жатқан ортаны, қоғамды жазу жағы кенже қалып кетті. Қаншама оқиға болып жатыр. Шетелдің атақты жазушыларына қарап отырсаңыз, мысалы Орхан Памук (түрік жазушысы), Мо Ян (Қытай жазушысы) сияқты қаламгерлердің бәрі өз қоғамының шындығын жазып, кішкентай бір кейіпкерлер арқылы сол қоғамның психологиялық, әлеуметтік портретін көрсетіп жатады. Бізде сол жағы әлсіз екен. Мүйізі қарағайдай жазушылар тарихи дүниелерге көп назар аударады. Әрине, тарихты жазбау керек деген ұғым тумауы тиіс. Бірақ сәл уақыт бөліп, өзі өмір сүріп отырған қоғамның көңіл-күйіне, тынысына қарауға болады ғой.

- Сіздің романыңыз Жаңаөзен оқиғасы туралы жазылған алғашқы шығарма ма?

- Серік Елікбай деген азаматтың сол оқиға болған кезде жазған шығармасын Abai.kz сайтынан көргем. Кейін жоқ боп кетті. (бұл туралы кіріспе сөзде айтылды – авт.) Өлеңдер жазылды. Бірақ деректі фильмдер көп. Бұл бір айтылмайтын, жазылмайтын жабық тақырып емес.

Жақында Ырысбек Дәбей інім келді. Қолында "Қоңыз" романының қолжазбасы. Алматыда біраз баспаларға барған. Баспалар бастарын ала қашқан. Себеп – кітап Жаңаөзен қырғыны жөнінде... Cанаулы күнде авторға күтпеген арзан бағада дайындап бердім.
Махмұт Қосмамбетов, "Үш қиян" баспасының директоры (Facebook парақшасынан).


- Шығармаңызды жаңаөзендіктер, әсіресе, сол наразылыққа қатысқан, аштық жариялаған адамдар қалай қабылдапты?

- Митингіге қатысқан, аштыққа жариялаған адамдар әзірше "оқыдық" деп пікір білдірген жоқ. Бірақ сол өңірден, басқа аймақтардан пікір айтқан адамдар әлеуметтік желіде көп.

- Романды кітап қылып басып шығару мәселесі қалай болды?

- Осыдан бір жарым айдан бұрын шығуы керек еді. Екі баспамен сөйлестім. Әуелде ақшасын төлеп те қойдым. Бірақ кейін бірі "баса алмаймыз, оппозициялық роман екен" деді. Екіншісі "біздің баспаның аты-жөні жазылмаса" деген ұсыныс айтты. Бәрі заңды болуы керек деп оған келіспедім.

- Бұл баспалардың өз уәжі ме, әлде сырттан қысым жасалған ба?

- Жоқ, өздерінің уәжі деп ойлаймын. Сырттан ешкім қысым жасап жатыр деп ойламаймын. Олай болса "Үш қиян" баспасынан да шықпас еді. Тендер алып отырған мекемелер ғой. Зияны тие ме деп ойлаған болуы керек. Кітаптар қазір ашық сатылып жатыр. Бұл жерде ешқандай кедергі жоқ.

- Егер романыңыз тез сатылып кетіп жатса, қайта басып шығару ойыңызда бар ма?

- Иә, өтіп жатса қайта басып шығарамыз ғой.

Сұхбатты Youtube арнамыздан да көре аласыз

(Автордың пікірі Азаттық радиосының ұстанымын білдірмейді)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG