"БИЛІК ХАЛЫҚҚА КҮШПЕН ТАҢДЫ"
61 жастағы алматылық журналист Ермұрат Бапи бір жыл бұрын, наурыздың 20-cында өзі басқаратын оппозициялық "Дат" газетінің Назарбаев отставкасы жайлы айтылатын кезекті санын әзірлеп жүрген еді.
Бұл уақытта Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында жаңа президент ретінде халыққа ант беріп, Назарбаевты мақтай сөйлеп жатты. Ол "Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлы есімін мәңгі есімізде сақтауға бар күшімізді салуымыз керек" деп, астана мен орталық көшелерге экс-президенттің атын беруді, оған ескерткіш қоюды ұсынды. Бұл бастамаға депутаттар орнынан тұра қол соғып, қолдау көрсетті.
Астана енді Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен алатынын естіген "Дат" редакциясы баспаға кеткелі жатқан газеттегі Қазақстан астанасы аталатын тұстарды өзгертпей жібереді. Содан бері бір жыл өтсе де, оппозициялық басылым қаланы "Нұр-Cұлтан" деп атаған емес.
– Жаңа атауын пайдаланбаймыз. Бұл – қоғамдық қарсылықтың белгісі. Жұрт қаланы "Нұр-Сұлтан" деп өзгерткенін еш қолдаған жоқ. Бұл – бір адамның ықтиярынан туған, [биліктің] халыққа күшпен таңған атауы. Сондықтан да біз оны ешқашан "Нұр-Сұлтан" демейміз, - дейді Бапи.
"Дат" газеті қала атауының бас әрпін ғана өзгертіп, "астана" деп көрсетіп келеді. Газет журналистері үшін қала тұрғындары - "нұр-сұлтандықтар" емес, "астаналықтар". Бапи мұны "газеттің ішкі тәртібі, редакциялық саясаты" дейді.
Қаланың жаңа атауына қатысты мұндай саясат ұстанатын басылым "Дат" қана емес. Vlast.kz сайтының бас директоры, журналист Вячаслав Абрамов астана атауы өзгерген соң редакция өз ішінде шешім қабылдағанын айтады.
– Осындай тоқтамға келгенімізді еш жерге жазбадық, ешбір мәлімдеме жасамадық. Себебі мұндай шешімді әр редакция өзі қабылдайды. Біз Қазақстан астанасының жаңа атауын қолданбайтын болдық. Себебі қала атауын өзгерту процедурасы Конституцияға сай өтпеді. Мұндай шешімді азаматтармен, сол қаланың тұрғындарымен ақылдаспай, бір күнде қабылдай салуға болмайды. Біз наразылығымызды осылай көрсетіп жатырмыз, – дейді журналист.
Орыс тілінде хабар тарататын сайт "Нұр-Сұлтанға" келгенде "столица Казахстана" (Қазақстан астанасы - ред.) деп жазады. Бірақ сайтта қаланың жаңа атауы ұшырасып қалады.
– Спикеріміз не мемлекеттік органның өкілі сұхбат кезінде жаңа атауды қолданса, оны өзгертпейміз. Яғни, төл сөзде кездессе, тиіспейміз. Бірақ жаңалық пен мақалаларда қолданбаймыз. Бұқаралық ақпарат құралдары бұл өзгеріске үйреніп қалды. Көбі [Нұр-Cұлтан деп жазбасақ биліктегілер] қоңырау шалар деп ойлайды. Бірақ қорқатын несі бар? Мұны да көп қорқыныштың біріне айналдырып қайтеміз? – дейді Абрамов.
"БЕТКЕ ТҮКІРУ"
Ал Qazaqtimes сайтының бас редакторы Қойшыбек Мүбәрак мемлекеттік органдардан ресми ақпарат алғанда астана атауын бір жыл бойы өзгертіп шығарып келгенін айтады. Журналист "мұндай қарсылық көрсетуді қала атының өзгеру тәртібіне наразы болған азаматтық қоғам көрінісі" санайды.
The Village Kazakhstan сайтының бас директоры, журналист Айсана Әшім да өздерінің әлі күнге дейін қала атын "Астана" деп бас әріппен жазып жүргенін айтады. Оның сөзінше, бұл - редакцияның "ақымақтық пен диктатураға жариялаған бойкоты".
– Біз, қазақстандықтар, астанамыз осылай аталсын деп таңдаған жоқпыз. Бұл - бетімізге түкіру. Стильдік жағынан алғанда бұл сөздің ("Нұр-Сұлтанды" айтады - ред.) мәні жоқ. Қалаға, оның үстіне астанамызға әлдебір маңызы бар сөз емес. Барлық материалымызда "Астана" не "астана" деп жазып жүрміз. Оқырмандар "Нұр-Сұлтан" деп іздеп қалса деп, кейбір маңызды жаңалықтарға "Астанада (Нұр-Cұлтанда)" деп қоса жазып қоямыз, – дейді журналист.
Айсана Әшім "бұл атауға қатты үйреніп кетудің қажеті жоқ" дейді. Оның пайымдауынша, астана атауы "түбінде қайта өзгереді".
"ЖУРНАЛИСТ ӨЗ ПІКІРІН ОҚЫРМАНҒА ТАҢУЫНА БОЛМАЙДЫ"
"Жас Алаш" газетінің бас редакторы болған, қазір Malim сайтының журналисі Руслан Ербота "қала атауының қалай өзгергенін бәріміз білеміз. Жұрт жаңа атауды қолдап отыр дегенге сенбеймін" дейді. Бірақ ол басылымдар қарсылығының екінші жағы барын айтады.
– Қала атауын өзгерту туралы ресми шешім шығып отыр, ресми түрде бекітілді. Ақпарат таратып отырған журналистің өз пікірін оқырманға таңуына болмайды, – дейді журналист.
Ал Қазақстан туралы хабар тарататын халықаралық сайттың көбі астана атауы ресми түрде өзгерген соң-ақ "Нұр-Сұлтан" деп жаза бастағаны байқалады. Орталық Азия туралы жазатын Eurasianet.org сайтының тілшісі Крис Риклтон мұны былай түсіндіреді:
– Әрине, бұл – сөз бостандығы. Оның үстіне "астана" деген астана ғой. Бірақ шетелдік басылымдар олай етпейді. Мен жұмыс істейтін сайт ресми атауды қолданады. Себебі Қазақстан мемлекет ретінде қала атауын өзгертті. Шетелдік басылым өзі жұмыс істейтін елдердің бәріне бірдей қарауы керек. Қандай да бір елге бөлек позиция ұстануына болмайды.
"КҮШПЕН ТҰРҒАН" НАЗАРБАЕВ ПЕН "КӨНДІККЕН" ХАЛЫҚ
Нұр-Сұлтан қаласы – ұзақ жыл билікте отырып, президенттіктен кетсе де, "Нұр Отан" партиясының және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде ықпалын сақтап қалған Назарбаевтың аты берілген жалғыз нысан емес. Ел астанасындағы әуежай, университет пен кітапхана, бірнеше қаладағы интеллектуалды мектептер экс-президенттің құрметіне аталған. Қазақстан бойынша оған бірнеше ескерткіш қойылып, музейлер ашылды, әр облыста оның атында көше бар. Өмір жолын баяндайтын фильмдер түсірілді. Назарбаевты мадақтайтын әндер жазылып, кітаптар басылды. Оған Қазақстанда өзін заң жүзінде қудалаудан қорғайтын, дүние-мүлкіне қол сұғылмауына кепілдік беретін "ұлт көшбасшысы – елбасы" мәртебесі берілген.
Батыс бақылаушылары Назарбаев жеңіске жетті деп жарияланған президент сайлауларының ешбірін "әділ өтті" деп мойындаған емес. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін "азаматтардың құқығы мен бостандығын шектейді" деп ұзақ жылдан бері сынап келеді. Тәуелсіз рейтингілерге қарағанда, Қазақстанда баспасөз еркіндігінің жағдайы да мәз емес. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының Баспасөз еркіндігі индексінде Қазақстан былтыр бір саты төмендеп, 158-орынға тұрақтады.
Тоқаевтың қала атауын өзгерту туралы ұсынысы Конституция бойынша республикалық референдумда қаралуы керек еді. Бірақ жаңа президент ұсынысты референдумға шығармай, парламент қарауына жіберу туралы шешім қабылдады. Мұны Конституциялық кеңес құптады. Тоқаев наурыздың 23-і күні қала атын өзгерту туралы қаулыға қол қойғанға дейін де, одан кейін де "президент өкілетін алған адамның Конституцияны өзгерту құқығы барына" күмәнданғандар болды. Бірақ Қазақстан әділет министрі Марат Бекетаев та, мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин де мұны "заңға сай" деп сендірді.
Биліктің бұл сөзі жұрт наразылығын баса алмады. Қала атауы өзгерген бірер күн ішінде "Нұр-Cұлтан - менің астанам емес" деген сөз Қазақстанның әр қаласында митинг мен пикетке шыққандардың ұранына айналды. Ірі қалаларда жүздеген адам наразылыққа шығып, ондаған адамды полиция күшпен ұстады. Астана атауының өзгеруіне қарсы белсенділер ашқан онлайн-петицияға ондаған мың адам қол қойды.
Жұрт наразылығы күшейген тұста Қазақстанның бірнеше қаласында "Нұр-Cұлтан" атауын қолдаған концерттер өтті. Мемлекеттік БАҚ қала атының өзгеруін "жаңа талпынысқа, үлкен сенімге, ақталар үмітке балаған дұрыс" деген, мұны "тарихи шешімге" балаған депутаттар мен түрлі сарапшының сөзін жариялап жатты.
Биліктің шешімдеріне қарсы шығып, Конституцияны өзгертуді, саяси реформа жасауды талап етіп жүрген Respublika мен "Тоқаев реформасына сенбейміз" деп мәлімдеме жасап, бірігетінін айтқан Oyan, Qazaqstan белсенділері де әлеуметтік желідегі жазбаларында әлі күнге дейін "Нұр-Cұлтан" деп жазбайды.
– Назарбаевтың қазір күшпен ғана тұрғаны анық. Ұстап тұрған ешқандай да халықтың сенімі мен қолдауы емес.Бэлла Орынбетова
Журналист, Respublika қозғалысының белсендісі Бэлла Орынбетованың сөзінше, сол күндері астана атауына ғана емес, облыс орталықтарындағы негізгі көше атауларының да өзгеруіне наразылар көп болған. "Батырдың құрметіне аталып келген көшеге Назарбаевтың атын беру кейбір өңір тұрғындарына бетінен шапалақпен салып жібергендей әсер етті" дейді ол.
– Назарбаевтың қазір күшпен ғана тұрғаны анық. Ұстап тұрған ешқандай да халықтың сенімі мен қолдауы емес, – дейді Орынбетова.
Нұр-Сұлтанда тұратын белсенді жергілікті тұрғындардың жаңа атауды көп қолданбайтынын айтады. "Бірақ мемлекеттік арналарды көретін, ауыл-аймақта тұратындар қаланың жаңа атына үйреніп кеткен сияқты" дейді.
Ал биліктен реформа талап етіп жүрген журналист, Oyan, Qazaqstan қозғалысының белсендісі Әсем Жәпішева "Нұр-Сұлтан атауының ел арасына сіңісіп кеткеніне қынжылатынын" айтады.
– 1976 жылы Вьетнамдағы ең ірі қаланың біріне елдің бірінші президенті, диктатор Хо Ши Миннің аты берілді. Вьетнамда халықтың көбі ондаған жыл өтсе де қаланы әлі күнге дейін "Хошимин" деп емес, ескі атауымен – "Сайгун" деп жүр. Бұқаралық ақпарат құралдары да "Сайгун" деп жазады. Сол жағдаймен салыстырсақ, қазақстандықтардың бәрі болмаса да, біразы "Нұр-Сұлтан" атауына үйреніп кетті. Бізде өзгергеніне бір жыл ғана өтті. Осы уақыт ішінде халық көндігіп қалды. Сол маған ауыр тиді, – дейді Жәпішева.
"ТАРИХ БӘРІН ОРНЫНА ҚОЯДЫ"
Саясаттанушы Досым Сәтпаев кейбір БАҚ өкілдерінің астананы әлі күнге дейін ескі атауымен жазуды "наразы көңіл-күйдің көрінісі" деп санайды.
– Астанаға көзі тірі адамның атын беру, жұмсартып айтқанда, әбестік болды. Басқа елдерде астанаға марқұм болған басшының аты берілетін көріп едік. Сондықтан әлі күнге дейін қазақстандықтардың көбі бұл өзгеріске разы емес. Көп адам "Нұр-Cұлтан" атауы келешекте қайта өзгереді деп санайды, – дейді саясаттанушы.
Сәтпаев жеке басқа табыну туралы айтқанда Түркіменстанның бірінші президенті болып, елді 1990 жылдан 2006 жылы қайтыс болғанға дейін басқарған Сапармұрат Ниязовты мысалға келтіреді. Ниязов билік құрып тұрғанда ел астанасы Ашғабадта өзіне 12 метрлік алтынмен апталған ескерткіш қойғанын, Ниязов қазасынан соң билікке келген Гурбангулы Бердімұхамедовтің оны 2011 жылы орталықтан оқшау жерге көшіргенін айтады.
– Қазақстанда да [совет диктаторы Иосиф] Сталин қазасынан соң болған жағдай қайталануы мүмкін. Жеке басқа табынуды айыптады. Ескерткіштері алынып, көше аттары, тіпті Сталинград қаласының аты да өзгерді. Бұл өзін құдыретті санаған басшылардың уақыт өте келе тұғырдан таятынын көрсетеді. Кімнің ескерткішке лайық, кімнің лайық емесін, қалаға кімнің атын беруге болады, кімдікін беруге болмайтынын уақыт көрсетеді. Тарих бәрін орнына қояды, – дейді саясаттанушы.
ПІКІРЛЕР