Accessibility links

"Теріс амал, ерік-жігердің жоқтығы". ЕҚЫҰ/ДИАҚ миссиясы басшысы сайлау жайлы


Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

Коронавирус пандемиясына байланысты шектеу енгізілгендіктен Қазақстандағы сайлауға әдеттегіден аз делегация жіберген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) 10 қаңтарда өткен мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын тағы да сынға алды. Ұйым өкілдері Қазақстан азаматтарында "таңдау болмады" деп баға берді. Делегация басшысы Ярослав Домански Азаттыққа берген сұхбатында миссия мүшелері сайлау күні куә болған жайттар туралы айтып берді.

БАҚЫЛАУШЫЛАРДЫ САЙЛАУ УЧАСКЕЛЕРІНЕ КІРГІЗБЕУ

Азаттық: Қазақстанда 10 қаңтарда өткен мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау процесінен қандай әсер алдыңыз?

Ярослав Домански: Біздің миссия бұл жолы сайлау барысын әдеттегідей жүйелі әрі жан-жақты бақылай алған жоқ. Бірақ Қазақстанның 17 өңірінің 13-іне барып, 90-нан астам сайлау учаскесін аралап шықтық.

ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының Қазақстандағы сайлауды бақылау миссиясының басшысы Ярослав Домански. Нұр-Сұлтан, 11 қаңтар 2021 жыл.
ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының Қазақстандағы сайлауды бақылау миссиясының басшысы Ярослав Домански. Нұр-Сұлтан, 11 қаңтар 2021 жыл.

Дауыс беру процесі Covid-19 пандемиясына байланысты сақтық шараларын қамтамасыз ету арқылы тиімді ұйымдастырылғанымен, сайлау күні саяси науқанның көп аспектісіне ашықтық жетіспеді. Негізгі проблемалар сайлау учаскелері жабылғаннан кейін дауыс санап, қорытынды шығару кезінде туындаған. Бақылаушыларымыз бұл процеске теріс баға берді. Көп жерде процедуралық сақтық шарасы сақталмаған. Бұл жарияланған сайлау нәтижесіне қатысты күмән туғызады.

Сайлау күні тыныш өтті. Бірнеше қалада полиция қызметкерлерінің көп болуына байланысты алдын-ала жарияланған демонстрациялар өтпей қалды. Бұл бейбіт жиындар болатын, сондықтан оған қатысушыларға ондай қатаң әдіс қолданылмауы керек еді.

Азаттық: Кейбір жергілікті бақылаушылар бұл Қазақстан тарихындағы ең қиын әрі әділетсіз сайлау болды деп есептейді. Сайлау кезінде Covid-19 пандемиясына байланысты сақтық шараларын қосқанда, өте көп шектеу болды. Журналистер мен бақылаушыларды сайлау учаскесінен қуып жіберген оқиғалар тіркелді. Бұл жағдайға қандай баға бересіз?

Ярослав Домански: Тәуелсіз азаматтық бақылаушылардан осындай хабарлар түсті, біз растадық. Біз мұны биліктің сайлауды тиімді бақылауға кедергі келтіру үшін әдейі ұйымдастырған әрекеті деп бағаладық. Бәрі үкіметтік емес ұйымдарға қарсы қараша айында жүргізілген салық органдары тексерісінен басталды. Кейін ОСК (Орталық сайлау комиссиясы – ред.) қаулысы шықты. Бұл қаулы сайлау комиссиясына азаматтық бақылаушыларға қарсылық жасауға кең құзырет берді. Уақытынан кешіктіріп, Covid-19 вирусына міндетті тест тапсыру туралы талап енгізді.

"Таза санаудан қорқады". Учаскеден қуылған бақылаушылар хикаясы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:32 0:00

Біз бірқатар үкіметтік емес ұйымдармен, оның ішінде бұрыннан сайлауға бақылау жүргізіп келе жатқан азаматтық қоғам өкілдерімен байланыста болдық. Бұл жерде МИСК (Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі – ред.) және "Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры туралы айтып отырмын. Олар бізге басында сайлауға жалпы саны екі мыңға жуық бақылаушы жіберуді жоспарлағанын айтты. Бірақ әлгінде айтылған іс-әрекеттердің нәтижесінде сайлауға екі ұйымнан бар-жоғы 300 адам (МИСК – 137, "Еркіндік қанаты" – 141) ғана бақылаушы болған. Олардың 55-ін ПТР тестіні "құзыреті жоқ зертханада тапсырған" деген сылтаумен және өзге де себептермен сайлау учаскесіне кіргізбеген.

Осындай әдейі ұйымдастырылған шаралар тәуелсіз бақылаушыларға сайлауға тиімді бақылау жүргізуге мүмкіндік бермеді. Билік бұл шараларды сайлауға бір күн қалғанда енгізгенін атап айтқым келеді. ДИАҚБ азаматтық бақылаушыларды сайлау процесіне қатысуға шақырады. Сондықтан біз [сайлауды] тиімді бақылауға жол бермеу мақсатымен жасалған іс-әрекеттер халықаралық стандарттарға қайшы келеді деп есептейміз.

Азаттық: Бақылаушыларды ПТР тест сияқты себептермен сайлау учаскесіне кіргізбеу заңды ма?

Ярослав Домански: Өкінішке қарай, біз бұл кедергілердің бірінші кезекте, тәуелсіз топтарға сайлау процесін тиімді бақылауға мүмкіндік бермеу мақсатын көздейтінін анықтадық.

Бақылаушы: Сайлау күні бізге көп қысым жасалды, арандатушылар да болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:56 0:00

Заң – өз алдына бір бөлек, әрине, біз биліктің ұлттық заңнаманы қаншалықты сақтап отырғанына баға бере аламыз. Бірақ жақсы бір тәжірибе бар. Сайлауға 37 күн қалғанда заң өзгеріп, ОСК-ның үкіметтік емес ұйымды жарғысын өзгертуге міндеттейтін ережесінің тым кеш жариялануын… арам пиғыл, теріс амал, ерік-жігердің жоқтығы деп түсінеміз.

Билік бізге бұл шаралар жағдайды анықтау немесе реттеу мақсатында жасалғанын айтты. Аталған талаптарды ерте жариялап, мүдделі үкіметтік емес ұйымдармен бұл тақырып бойынша [алдын-ала] кеңесуге болар еді деп санаймыз. Одан бөлек, салық тексерістері кесірінен бірқатар үкіметтік емес ұйым қаржыдан қағылды. Салыққа байланысты тергеуге алынған үкіметтік емес ұйымға қаржы беруге кез келген донор келісе бермейді.

КҮШ ҚҰРЫЛЫМДАРЫНЫҢ НЕГІЗСІЗ ӘРЕКЕТІ

Азаттық: Сайлау күні өзіңіз айтқан ашықтық жоқтығынан басқа тағы қандай негізгі демократиялық стандарттар сақталмады?

Ярослав Домански: Құқықтық базадан бастайын. Біздің көзқарасымыз бойынша, сайлаудың құқықтық базасы әлі де демократиялық сайлау өткізу жөніндегі халықаралық талаптардың көбіне, соның ішінде Қазақстанның ЕҚЫҰ мүшесі ретінде мойнына алған міндеттемелеріне сай емес. Олардың қатарында негізгі бостандықтар, сайлау әкімшілігінің әділдігі, сайлау, әсіресе, сайлану құқығы сияқты мәселелер бар. Бұл жерде саяси партия тіркеу процесін меңзеп отырмын.

Біз сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарына, сөз бостандығы мен пікір білдіру еркіндігін қылмысқа айналдыратын диффамация, экстремизм, араздық қоздыру туралы баптарды оңды-солды қолдануды да айтып отырмыз. Бұл азаматтарды ұстап, бостандығын шектеуге (оның ішінде әлеуметтік желіде) себеп болып отыр. Біз [бостандығын шектеуді] лайықты жаза деп есептемейміз.

Азаттық: Сайлау күні журналистер наразылық акциясына шыққан азаматтарды билік өкілдерінің қалай ұстағанына куә болды. Алматыда полиция белсенділер тобын жеті-сегіз сағат бойы қоршауда ұстап тұрды. Оларға қарсы "кеттлинг" деп аталатын әдіс қолданылды. Кейіннен үсік шалған наразыларды жедел жәрдем алып кетті. Бұл туралы не айта аласыз?

Полиция қоршаудағы белсенділерге бір кесе шәй ішуге, дәретханаға баруға мұрша бермеген
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:14 0:00

Ярослав Домански: Бұл туралы білеміз. Біздің ұзақ мерзімді бақылаушылар тобы сол жерде болды. Әрине, олардың сайлауға бақылау жүргізуден қолы босамады, бірақ соның арасында полиция қоршауындағы адамдардың да жағдайын назардан тыс қалдырмауға тырысты.

Біз күш құрылымдарының негізсіз әрекетіне алаңдайтынымызды білдірдік. Бұл бейбіт демонстрациялар болатын. Біз бейбіт демонстранттарға осылайша қатаң күш қолдануға, өзіңіз айтқандай, сегіз сағаттан астам уақыт бойы қоршауда ұстауға еш себеп көріп отырған жоқпыз. Олардың неге бұлай жасағанын түсінбейміз.

Тағы бес қалада: Ақтөбе, Қызылорда, Нұр-Сұлтан, Өскемен және Шымкентте полиция мен қауіпсіздік қызметінің күшейтілген режимде жұмыс істеуінен саяси қозғалыстар алдын-ала жарияланған бейбіт митингісін өткізе алмағанын атап өткім келеді. Біз мұны азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын тікелей бұзатын, еш негізсіз әрі тым қатаң шаралар деп есептейміз.

"ЕРКІН ПІКІР БІЛДІРУ ЖӘНЕ АҚПАРАТ АЛУ ҚҰҚЫҒЫН БҰЗҒАН"

Азаттық: Сайлау күні интернет жұмысы баяулап, кей журналистердің SIM-картасы істемегенін, ал тәуелсіз ақпарат құралдары сайтына DDoS-шабуыл жасалғанын білеміз. Бұл туралы не ойлайсыз?

Ярослав Домански: БАҚ – біздің сараптамамыз бен бағалауымыздың маңызды бөлігі. Арамызда медиа-сарапшы және дәстүрлі ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіге мониторинг жүргізіп отыратын топ бар. Қорытынды есебімізде бұл аспектіге толық сараптама жүргізіп, оның ішінде жағдайдың сандық сараптамасын жасаймыз.

Интернет жұмысы баяулағанын, бұл әсіресе, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында байқалғанын, сондай-ақ кей ақпарат құралының сайты сайлау күні ашылмағанын білеміз. Бірақ бізді жоғарыда айтылған, халықаралық құқықта ғана емес, Конституцияда да кепілдік берілген еркін ой-пікір білдіру және ақпарат алу құқығы сияқты дүниелер көбірек алаңдатады.

Қылмыстық кодекс пен өзге де заң актілеріндегі қорлау, көрінеу жалған ақпарат тарату, бірінші президент пен мемлекеттік қызметкерлердің ар-ожданын қорғау сияқты баптар еркін пікір білдіру құқығына нұқсан келтіреді. Бұл ақпарат құралдарының ішкі цензурасына әкеліп соғып, саяси кеңістікте кез келген демократиялық қоғамның негізгі элементі саналатын шынайы пікірталастың жолын кеседі.

"МИССИЯ ҰСЫНҒАН КЕҢЕСТЕРДІҢ КӨБІ ОРЫНДАЛМАҒАН"

Азаттық: Сайлау процесін жақсарту үшін тағы не істеу керек? Алдын-ала беретін кеңестеріңіз бар ма?

Ярослав Домански: Осындай кеңестер қамтылатын қорытынды есебіміз бойынша жұмыс істеуді жалғастырамыз. [ДИАҚБ] миссиясы бұл есепті Қазақстанға өз жұмысының қорытындысы ретінде ұсынады. Әрі қарай бұл кеңестерді қабылдайтынын не одан бас тартатынын, орындаса, қандай деңгейде жүзеге асыратынын биліктің өзі шешеді.

Өкінішке қарай, 2016 және 2019 жылдары сайлауды бақылау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиялары ұсынған кеңестердің көбі орындалған жоқ… [немесе] жартылай ғана орындалды. Сәтті жүзеге асқан кеңестің үлгісі ретінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау процесіне қатысуы артқанын атап өтуге болады. Биліктің бұл кеңеске байсалды қарап, бірқатар маңызды өзгеріс енгізгенін мойындау керек.

Қазақстан президенті [Қасым-Жомарт] Тоқаев жариялаған реформалардың жүзеге асып жатқан бірінші пакеті мен әлі қолға алынбаған екінші пакетіне назар аударсақ, миссия кеңестері жаңа реформаларға сай келіп, жүзеге асырылады деп үміттенеміз. Бұл елдегі болашақ сайлау процесін жақсартуға үлес қосар еді.

ДИАҚБ мемлекеттік органдарға миссия кеңестерін орындау процесін жақсартуға жәрдемдесуге дайын. Біз заңнамалық қорытынды сияқты бірқатар құралдарымызды ұсына аламыз. Сондай-ақ сарапшыларымыздың көмегімен ДИАҚБ пен Орталық сайлау комиссиясының арасында көлемді диалог бастауға болады. Бірақ бұл диалогқа шынайы әрі байсалды түрде кірісу үшін Нұр-Сұлтанның, Қазақстанның ерік-жігері керек.

Азаттық: Ерік-жігер дегенде саяси ерік туралы айтып отырсыз ба?

Ярослав Домански: Шын мәнінде бұл бірінші кезекте биліктің саяси еркін қажет етеді. Олар кеңесімізге құлақ асып, орындауға ықылас білдірсе, бізбен бірге диалогқа қатысу процесін басқаруы [керек]. Қаласа, бұл процесті біздің қатысуымызсыз да жүргізсе болады. Бірақ ДИАҚБ көмек көрсетуге әрқашан дайын. Осыған дейін ұсынылған және жақында жарияланатын кеңестер орындалса, болашақта өтетін сайлау процестері әлдеқайда сапалы әрі халықаралық стандарттар мен Қазақстан мойнына алған міндеттемелерге сай өтеді деп ойлаймыз. Бірақ таңдау мүмкіндігі қашанда биліктің еркінде қалады.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Әйгерім ТӨЛЕУХАНОВА

    Азаттықтың Прага кеңсесінің тілшісі. Esquire Kazakhstan, EurasiaNet, The Conway Bulletin, Foreign Policy, The Independent  сынды қазақстандық және шетелдік басылымдарға жазған. Associated Press және Agence France-Presse агенттіктеріне видео түсірген. KIMEP университетін халықаралық журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Лондон экономика мектебінде "медианы басқару" мамандығы бойынша магистратура оқыған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG