Accessibility links

Қытай консулдығына барғандар Шыңжаңдағы туыстарын босатып, Қазақстанға қайтаруды талап етті


"Баламды көріп өлсем арманым жоқ". Қытай консулдығы алдындағы наразылық
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:56 0:00

Алматыда бірнеше қазақ Қытай консулдығына келіп, Шыңжаңда қалған туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап етіп наразылық акицясын өткізді. Олар "Қытай билігі туыстарымызды негізсіз айыптап, кейбірін түрмеге қамап, Қазақстанға жібермей отыр" дейді. Қытай консулдығынан наразыларға ешкім шықпады.

ҚЫТАЙ КОНСУЛДЫҒЫ АЛДЫНДАҒЫ АКЦИЯ

9 ақпан күні Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдына жиналған 8 адам Шыңжаңда қалған туыстарына іздеу салып, наразылық акциясын өткізді.

Олар жақын-туыстары (күйеуі, ұлы немесе бауыры) Қытайда түрлі "негізсіз" айыптармен ұзақ жылға сотталғанын, Қытай билігі екеуінің құжаттарын тартып алғандықтан Қазақстанға өте алмай отырғанын айтты.

Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, пикет өткізіп тұрған адамдар. 9 ақпан 2021 жыл.
Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, пикет өткізіп тұрған адамдар. 9 ақпан 2021 жыл.

– Баласынан айырылған әке. Жұбайынан ажыратылған әйелдер. Әйелінен айырылған ер адамдар. Қазақстан билігі Қытаймен доспыз дейді. Ендеше сол досымен бірігіп, неге осы мәселені шешпейді? Неге отбасыларды біріктірмейді? Қытай геноцид саясатын тоқтатсын! – деп айқайлады олар.

Қазақстан билігі Қытаймен доспыз дейді. Ендеше сол досымен бірігіп, неге осы мәселені шешпейді?

14 құрсақ көтерген Сарқытхан Қыдырбайқызы Қытай билігі ұлының төлқұжатын "еш себепсіз" тартып алғанын айтып шағынды. Соның кесірінен Шыңжаңда қалған ұлын бір көруге зар болып қалғанын айтады.

– Ұлымды көрмегелі 4 жылдың жүзі болды. Төлқұжатты қолына беріп, жіберсе деп отырмын. Баламды көріп өлсем арманым жоқ, – дейді Сарқытхан Қызырбайқызы.

Қытай консулдығы алдына мүгедек арбасымен келген 74 жастағы Сарқытхан Қызырбайқызы Қытайда қалған ұлының суретін ұстап отыр. Алматы, 9 ақпан 2021 жыл.
Қытай консулдығы алдына мүгедек арбасымен келген 74 жастағы Сарқытхан Қызырбайқызы Қытайда қалған ұлының суретін ұстап отыр. Алматы, 9 ақпан 2021 жыл.

Көзі нашар көретін кейуана Алматыда келінінің қолында тұратынын, кейде жалғыз қалып, көмекке зәру болып қалатынын да жеткізді.

Жиналғандар арасында кеше, 8 ақпанда Қытайда қалған туыстарын іздеп, осы консулдық алдында наразылық шарасын өткізгендер де болды. Солардың бірі Нұрзат Ермекбай бауыры Бірлесбек Ермекбайдың Қытайда "еш жазықсыз 12 жылға сотталып кеткенін" айтып налыды.

– Жазықсыз кетіп отыр ғой. Егер қылмысы болса, ішкі Қытайға барар ма еді? Міне, мына суретте Пекинде жүр. Ол төңкеріс жасады ма? Біреуді өлтірді ме? Жоқ. Қарапайым күн көріп жүрген, өздері сайлаған молда болды. Сол мұсылмандығы үшін соттады оны, – дейді Нұрзат Ермекбай.

Әдеттегідей бұл жолы да жергілікті әкімдік өкілі келіп, наразылық білдіріп тұрған адамдарға бұл шараның "заңсыз" екенін ескертті. Бірақ жиналғандар оның сөзін елеген жоқ.

"Сіз бұл адамдардың мәселесінен хабардарсыз ба?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына әкімдік өкілі жауап бермеді.

Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, пикет өткізіп тұрған адамдар. 9 ақпан 2021 жыл.
Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, пикет өткізіп тұрған адамдар. 9 ақпан 2021 жыл.

Басында консулдық күзетшілері наразылық акциясын тек сырттай бақылап тұрған. Сәлден соң іштен консулдық қызметкері шығып, күзетшілерге қолын сермеп, бірдеңе айтқандай болды. Сол-ақ екен, күзетшілер наразылық акциясына қатысушылар мен осы шараны түсіріп тұрған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін консулдық маңынан итеріп, тықсыра бастады.

Оқиғаны полиция қызметкерлері сырттай бақылап тұрды.

"БҰЛЫҢҒЫР АЙЫП" ТАҒЫЛҒАНДАР

Кейінгі кезде Шыңжаңдағы туыстарын іздеген азаматтар Қытай консулдығы алдында жиі пикет өткізіп жүр.

Қытайда туып-өскен, Қазақстанға біржола қоныс аударған жүздеген қазақ Шыңжаңда қалған туған-туысын Қытай билігі қудалап, тұтқындағанын я үйқамақта ұстап отырғанын, кейбірінің құжатын тартып алып, Қытайдан шығармай отырғанын айтады.

Бұдан бір күн бұрын, 8 ақпанда да Қытайдың Алматыдағы консулдығына барған үш әйел - Фарида Қабылбек, Гүлнұр Қосдәулетқызы мен Нұрзат Ермекбай Қытай билігінен Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап еткен.

"Жақындары Қытайда қамалған" үш әйелдің акциясы:

"Жақындары Қытайда қамалған" үш әйел консулдыққа келді. Күзетшілер оларға кедергі келтірді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:50 0:00

Қытайдан атамекеніне көшіп келген Байболат Күнболатұлы есімді қазақ өткен аптада Қытай консулдығы алдында акция өткізіп, Шыңжаңда қамалған туған інісі Баймұрат Наурызбекұлының өлі-тірісін біле алмай отырғанын айтып, туысы туралы ақпарат беруді талап еткен. Ол бұған дейін де Қытайдың Қазақстандағы дипломатиялық өкілдіктері алдында бірнеше рет пикет өткізген.

Байболат інісін Қытай билігі 2018 жылғы наурызда Шыңжаңның Құлжа ауданындағы Қарағаш ауылында ұстап, "саяси тәрбиелеу лагеріне" жібергенін айтады. "Кейін інімді белгісіз себептермен 10 жылға соттаған" дейді ол. Қытайда түрмеге қамалған туысына көмектесуді сұрап жүгінген Қазақстан сыртқы істер министрлігі оған "бұл - Қытайдың ішкі шаруасы" деп жауап берген. Қытай дипломаттарынан ешқандай жауап ала алмаған.

"Жиналысқа кешігіп барам". Мәжіліс Қытай қазақтарының жағдайын көтере ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:21 0:00

Былтыр Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшілігі алдында да осындай наразылық акциялары өткен. Көбіне наразылар елшілік пен консулдықтан жауап ала алмай қайтады.

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған.

2018 жылы жазда БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр" деп мәлімдеген. Қытай билігі басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық" деп сипаттаған.

Бұған дейін лагерьлерде отырып шыққан қазақтар Қазақстанға оралған соң Шыңжаңдағы қудалау жайлы деректерімен бөліскен. Олардың айтқандары әлемдік БАҚ беттерінде де жарияланды. Халықаралық қауымдастық Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын жиі сынайды.

Шыңжаңдағы "саяси лагерьлермен" қатар Қытайда "бұлыңғыр айыптар" бойынша сотталды делінген этникалық қазақтар жайлы ақпарат та жиіледі. Былтыр қыркүйек айында Қытайда "Қазақстанмен байланысты", "Қытай тұтастығына қауіп төндірді" деген айыппен үш этникалық қазақтың өмір бойына сотталғаны белгілі болған.

Шыңжаңда туыстары қамалған қазақтар көмек сұрап жүгінетін ресми Нұр-Сұлтан кейінгі жылдары Қазақстанның ірі инвесторларының біріне айналған Қытайға сын айтудан тартынады. 2019 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев германиялық DW телеарнасына берген сұхбатында "Халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қалай болғанда да ұлты қазақтарға қатысты осы тақырыптың айналасында әдейі шу шығарып жатқан сияқты" деп, мұны "Қытайға қарсы ғаламдық геосаяси ойынның бір бөлігіне" балаған. Әйткенмен былтыр күзде Қазақстан билігі Шыңжаңнан қашып келген, Қытай билігінен қысым көргенін мәлімдеген төрт қазақтың өтінішін қанағаттандырып, оларға бір жыл мерзімге босқын мәртебесін берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG