Accessibility links

Мессенджер қолданушыларды тексерудің құралына айналды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Ресей үкіметі мессенджер қолданушыларын телефон нөмірі арқылы тексеру жөнінде қаулыны бекітті. Бұл құжат күшіне енсе, азаматтар анонимді түрде сөйлесу мүмкіндігінен айрылады. Тіркелмеген адам мессенджерді қолдана алмайды. Жарты жылдан соң күшіне енетін құжатқа қатысты сұрақтар өте көп.

Жарты жылдан соң күшіне енетін қаулыға сәйкес, мессенджер шығарушы компаниялар байланыс операторларының көмегімен қолданушылардың жеке мәліметтерін тіркеуі тиіс. Нөмірін тіркемеген қолданушы мессенджерді пайдалану құқығынан айрылады. Ал тіркелгендердің қандай мессенджер қолданатыны анықталады.

Ал корпоративті сим-карталар қолданатын абоненттердің жағдайы қалай болмақ? Немесе ата-анасының атына тіркелген сим-карталардың иесі ше? Телефон нөмірін қажет етпейтін мессенджерлер де бар. Қаулыда бұл мәселелердің қалай шешілуі тиіс екені жазылмаған. Бәлкім, жарты жыл уақыттың ішінде шешіліп қалар.

Бұл қаулы биыл қаңтардың 1-інен бастап күшіне енген заңға қосымша құжат ретінде қабылданған. "Ақпарат, ақпараттық технологиялар және ақпаратты қорғау туралы" заңға енген өзгерістерге сәйкес, мессенджер қолданушылары анықталуы тиіс. Жаңа қаулы осы заңды сәл нақтылай түсіп, байланыс операторларымен қарым-қатынас жасау тетіктерін толықтырады.

Аталған екі құжатты салыстыра отырып қарасақ, жаңа ереженің тек арнайы тіркелген мессенджерлерге ғана қатысты екенін байқаймыз. Демек, Facebook, WhatsApp, Instagram және Skype-тың ресми түрде бұл қаулыға қатысы жоқ. Ал "ВКонтакте" немесе бұғатталған Telegram-ды пайдаланушыларын идентификация жасауға міндеттеуі мүмкін.

Facebook басшысы Марк Цукерберг
Facebook басшысы Марк Цукерберг

Журналист Александр Плющев Deutsche Welle-дегі жазбасында қаулының "ВКонтакте" желісіне бағытталғанын айтады. Әзірге "ВКонтакте" - Ресейде пост пен репост бойынша үстінен ең көп қылмыстық іс қозғалған бірден-бір әлеуметтік желі болып тұр.

Бұған қоса, бұл әлеуметтік желі жазбаша түрде сұрамай жатып қолданушылардың деректерін құқық қорғау органдарына берумен "танымал". Алайда біреудің немесе шетелдік нөмірді қолдану жағдайы процесті күрделендіріп жіберуі ықтимал. Жаңа қаулы бұл мәселені де айқындап, шешуі тиіс. Әйтпесе қолданушылар мессенджерді қолдана алмай қалады.

"ЖҮЙЕ ЖҰМЫСЫН ТҮСІНБЕЙТІН АДАМДАР ЖАЗҒАН"

Интернетті қорғау қоғамының атқарушы директоры Михаил Климарев қаулы жайлы пікір айту қиын, себебі оның кімге арналғаны белгісіз дейді.

- Бұл маңызды құжат, оны біраз зерттеп көруге тырыстым. Бірақ байланыс және IT саласындағы құжаттардың сапасы барған сайын нашарлап бара жатқанын айтайын. Бірінші тармақта "шұғыл хабар алмасу қызметін ұсынушы" деген ұғым бар, қисынға салсақ бұл жерде мессенджерді айтып тұрған сияқты. Бірақ "мессенджер" ұғымының өзі де тым бұлыңғыр жазылған. Ақпарат туралы заңда оның "ақпарат таратуды ұйымдастыратын" нәрсе екенін айтады. Оған арнайы тізімге кіргендер жатады, бірақ ол жақта да адам түсінбейтін нәрселер көп. Yandex, Mail.Ru Group, "ВКонтакте" - бәрі сонда жүр. Онда сонымен бірге психиатрия ауруханалары мен бейтаныс адамдардың аттары жүр. Бірақ шұғыл хабар алмасу қызметін ұсынушылар туралы айтылмаған. Оның үстіне, қаулыда айтылғандардың барлығы қалай жүзеге асатыны және оның ақысын кім төлейтіні айқын жазылмаған, - дейді Михаил Климарев.

Михаил Климаревтің пікірінше, бұл қаулы "Яровая пакетінің" (Операторларды қолданушылар деректерін сақтауға міндеттейтін заңнама - ред.) кебін киеді – яғни, бар болғанмен күші жоқ. Шетелдік мессенджерлердің де оған келісуі екіталай, ал келіскендері автоматты түрде қолданушыларынан айрылады. Бұған қоса, қоса қаулыны орындау үшін қаржы жұмсау керек болады. Ол ақшаның босқа шығындалмайтынына ешкім кепіл бола алмайды.

- Өз тәжірибемнен айтайын. "Яровая"-ға дейін СОРМ-3 деген жүйені енгізді. Бір аймақтық оператор СОРМ-3-ті толықтай жүзеге асырам деді. Бәрін алдын-ала істейміз де, басқалар бәсекеге шыдамай кетеді ойлаған. Бірақ бәрі керісінше болды. Олар жүйені сатып алу үшін және оны енгізу үшін 50 миллион рубль жұмсады, ал басқа ешкім ештеңе жасаған жоқ. Кейін "Яровая пакеті" шықты, оған тағы ақша қажет болды. Бұның бәрін қалай жүзеге асыруға болатынын түсінбеймін. Бір жағынан Wi-Fi желіні идентификация жасауда да дәл сондай жағдай болды. Роскомнадзор қозғалмайынша, ешкім ештеңе жасамады. Мұнда да сол сияқты болатын шығар: қаулы күшіне енгендей болады, бірақ оны тек кейбіреуі ғана орындайды, - дейді Михаил Климарев.

(Азаттықтың Орыс қызметінің мақаласы ықшамдалып басылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG