Accessibility links

"Бұл – Қазақстан ғылымын құрту". Білім министрлігінің кезекті реформасына ғалымдар көзқарасы


Қазақстанда диссертация жазбай-ақ PhD доктор атануға болатын өзгеріс енгізілмек. Көрнекі сурет.
Қазақстанда диссертация жазбай-ақ PhD доктор атануға болатын өзгеріс енгізілмек. Көрнекі сурет.

Қазақстанның білім министрлігі "шетелдің озық үлгісіне" сүйеніп, ғылымдағы кезекті реформасын ұсынды. Бұдан былай PhD доктор атану үшін диссертация жазбауға да болады. Оның үстіне шетелдік базада мақаласы жоқ ғалымдар барлық жұмыстан шеттетіліп жатыр, ғылымда олардың орнын басатын жастар аз. Сарапшылар бұл реформалардың кемшілігі көп дейді.

ДИССЕРТАЦИЯНЫ ЖАЗБАЙ ДОКТОР БОЛУ

Биыл 5 сәуірде Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында Қазақстан ғылымын дамыту мақсатында жаңа реформаларды қолға алатынын айтты. Министр постында "шетелдік оқу орындарының тәжірибесін" көп еске салады.

Докторанттарды таң қалдырған бір жаңалық – бұдан былай ізденуші ғылыми диссертация жазбай-ақ философия докторы (PhD) дәрежесін ала алады. Министрдің айтуынша, "мұндай мүмкіндік әлемнің көп жоғары оқу орнында бар".

Диссертация жазбай философия докторы атану үшін "беделді басылымдарда, WоS-тің Q1-Q2 [тізіліміндегі] журналдарда бірінші автор немесе корреспонденция алатын автор ретінде докторанттың есімі көрсетілген бір шолу және екі ғылыми мақала шығаруы керек".

WоS (Web of Science) – дүниежүзіндегі танымал ғылыми басылымдарды біріктіретін ірі платформа. Q1-Q2 – осы платформадағы ғылыми ықпалы ең жоғары журналдар тізілімі. Журналдың ғылыми ықпалы ондағы мақалаларға жасалған сілтеме санына қарай анықталады.

WоS және Scopus ғылыми журналдар базасы Қазақстан ғалымдарына 2011 жылдан бері етене таныс. Сол жылы білім және ғылым министрлігі болашақ ғылым докторларына мақаласын аталған платформалардың базасына енген ғылыми журналдарға жариялау туралы талап қойған. Бұған қоса, жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттарында ғалым, оқытушы болу үшін де осы базаларда жиі мақала шығарып отыру талап етіледі.

Министрдің сөзінше, бұл – диссертация жазып, қорғау тәсілі мүлде жойылды деген сөз емес. Докторант кемі 120 бет ғылыми диссертация жазып, докторлығын бұрынғы жолмен қорғай берсе болады.

"АЛАЯҚ ЖУРНАЛДАР" ҺӘМ "ДЕЛДАЛДАР"

Шетелдік ғылыми журналдардың базаларында мақала шығару міндеттелгелі Қазақстан ғалымдарының "алаяқ" басылымдарға мың-мыңдап ақша шығындап жатқаны жиі айтыла бастады. Ғылыми ықпалы жоқ болса да, аталған базаларға кіріп алған журналдар онсыз да табысы төмен ғалымдардың қалтасын қағып жатқаны көп айтылды. Кей ғалымдардың айтуынша, министрліктің бұл жаңалығы ахуалды тіпті ушықтыра түседі.

Кейбіреулер Қазақстан ғалымдарының "алаяқ журналдарда" жаппай мақала шығаруын "эпидемияға" теңеген. 2015-2020 жылдар аралығында ТМД елдерінің ғалымдары мұндай жалған журналдарда 25 мың мақала жариялаған. Кей жылдары "Қоғамдық ғылымдар" саласы бойынша Қазақстан ғалымдары шығарған журналдардың 80 пайыздан астамы "алаяқ журналдардың" үлесіне тиген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғимараты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғимараты.

2018 жылы kapital.kz басылымына берген сұхбатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Болат Кеңесов Қазақстан "алаяқ журналдарға" мақала жариялағандар саны бойынша әлемде бірінші орында тұр" деген.

Ғалымдардың сөзінше, министрліктің жаңалығы жалған ғылыми журналдарға жүгіретіндерді тіпті көбейтуі ықтимал.

Сүлеймен Демирел университетінің докторанты Ғазиза Сапарбекқызының айтуынша, талап күшейгелі халықаралық базалардағы журналдарға мақала шығаруды кәсіпке айналдырған пысықай делдал бұрынғыдан да көбейе түскен әрі мұнда ғылыми жұмыстың сапасы емес, төлеген ақшасы басты рөл ойнайды.

– "Ақшасын төлесең Q1-Q2 тізіліміндегі журналдарға мақала шығарып береміз, өзіміз жазып, ағылшын тіліне аударамыз" дейтін агенттіктер әлеуметтік желіде көп. Докторант мақаласын өз білімімен шығарса, оны жетістік деуге болады. Ондайлар өте сирек, – дейді ол.

Докторанттың сөзіне қарағанда, WоS пен Scopus базаларының тізіміндегі журналдарға мақала шығару жөнінде талап қойылғалы бірнеше жыл болса да, қазақстандық зерттеушілер әлі күнге онда мақала жариялаудан қиналады.

– Ғалымдар көбіне ағылшын тілін білмейді. Сондықтан ғылыми журнал таңдаудан да қателеседі. Қайткенде халықаралық базадағы журналға мақала шығару керек деген талап болған соң, 700-800 мың теңгеге (1600-1800 АҚШ доллары – ред.) дейін ақша төлеп, әйтеуір біреуіне бере салады. Ол мақала журналға шыға ма, жоқ па, белгісіз. Тіпті шыққан күнде де бірер жылдан кейін ол журнал халықаралық базадан түсіп қалуы мүмкін, – дейді ол.

Ғазизаның бір мақаласы Scopus базасында тұрған Венесуэланың журналына шыққан. Ал Австрия журналына жіберген екінші мақаласы көп жатып қалған, оны шығаратыны, я шығармайтыны жөнінде жауап та келмеген.

"БЕРКЛИ, ОКСФОРД, КЕМБРИДЖ ТӘЖІРИБЕСІ..."

Білім министрлігінің Қазақстандағы "ғылым сапасын көтеруге бағытталған" реформасы мұнымен шектелмейді. Ендігіде әрдайым "оң шешім шығара беретін" диссертациялық кеңестер таратылады. Аймағамбетовтың айтуынша, соңғы кездері ғылыми диссертацияны бағалап, оның авторына философия докторы дәрежесін беру-бермеу мәселесін шешетін диссертациялық кеңестің "жауапкершілігі азайып кеткен".

"Қорғап жатқан диссертация тақырыбы бойынша құрамында маман болмаса да, үш жылға бекітілген диссертациялық кеңес көбіне оң қорытынды шығарып келген" дейді министр.

Аймағамбетовтың айтуынша, Қазақстанның ұлттық жоғары оқу орындарында 2019 жылы 266 диссертация қорғалса, соның тек екеуіне ғана "теріс" баға берілген. Сондықтан, диссертациялық кеңес түзу тәртібі өзгерді.

Оның үстіне енді диссертацияны қорғау тікелей эфирде, интернетке трансляция жасау арқылы өтеді. Министр онлайн қорғауды дәстүрге айналдырамыз деп, Беркли, Оксфорд, Кембридж, Гарвард, сияқты белгілі оқу орындарының тәжірибесін мысалға келтірді.

Азаттық сөйлескен ғалымдардың көбі диссертациялық кеңестің талаптары ауырлағаны сондай, оның құрамына кіретін адам табудың өзі қиын дейді.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің оқытушысы, философия докторы Шахислам Лайысхановтың айтуынша, мұнан былай диссертациялық кеңеске мүше болу үшін ғалымның халықаралық базадағы журналда мақаласы болуы және оның еңбектеріне көп сілтеме жасалуы тиіс. Сілтеме неғұрлым көп болған сайын зерттеушінің Хирш индексі (h-индекс – ғалым жұмысының өнімділігін, оған жасаған сілтемелерді есептейтін математикалық әдіс) өсе түседі.

– Диссертациялық кеңестің кемінде 8 мүшесі болады. Қазір мұндай кеңестерге университет профессорлары, доценттер, яғни жаңа жүйені түсінбейтін егде кісілер кіреді. Хирш индексі түгілі көбінің халықаралық базадағы журналда бір мақаласы да жоқ. Сондықтан жаңа талап бойынша, олар диссертация кеңесінен шығарылады. Кеңестің басым бөлігін жастар құрайын деп тұр, – дейді ол.

Хирш индексі, халықаралық базада мақаласы жоқ ғалымдар докторант түгіл магистрантқа да жетекші бола алмайды. Оның үстіне, ғылыми жобаларға грант бөлу, оқытушылық жұмысқа алу, лауазымдарға тағайындау кезінде ғалымның алдынан Scopus, "Хирш индексі" деген "кедергілер" шыға береді. Соның кесірінен жаңа жүйеге бейімделмеген ғалымдарға көп қиындық туып жатыр.

"SCOPUS-ТА МАҚАЛАСЫ ЖОҚ ҒАЛЫМ БОЛЫП ҚАЛА БЕРЕЙІН"

Мәселен, педагогика ғылымдарының кандидаты Шолпан Кәрібаева қазірге дейін екі докторантқа, көп магистрантқа ғылыми жетекшілік еткен әрі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет диссертациялық кеңесінің мүшесі болған. WoS пен Scopus базаларында мақаласы шықпағандықтан, мұнан былай ғылыми жетекші де, диссертациялық кеңес мүшесі де бола алмайды.

– Былтырдан бастап [халықаралық базада мақаласы жоқтарға] докторлық диссертация ғана емес, магистрлік еңбекке де жетекшілік етуге рұқсат етілмейді. Scopus-та мақалаң шықпаса ғалым емессің, шықса ғалымсың. Өйтіп-бүйтіп жолын тауып шығарып жүрген кейбір жастар ғалым деп ойлайсыз ба? Жастардың өскеніне қарсы емеспін, бірақ бәрі ақылға сыйымды болғаны дұрыс емес пе? – дейді ол.

– Өзім үшін ғалыммын. Scopus-та мақаласы жоқ жоқ ғалым болып қала берейін. Докторанттарға кеңесімді бере беремін, – дейді ол.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Данагүл Қазақбаева 2001 жылдан 2016 жылға дейінгі аралықта шыққан 7-сыныпқа арналған физика оқулығының, қазіргі жаңартылған бағдарлама бойынша шыққан 9-10 сыныптарға арналған физика оқулығы авторларының бірі.

Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеттің физика кафедрасында жұмыс істейтін ол сонда диссертациялық кеңес төрағасының орынбасары қызметін де атқарады.

Данагүл Қазақбаева 2015 жылы Scopus тізімінде тұрған журналға төрт автор 600 мың теңге (шамамен 1400 АҚШ доллары) төлеп мақала жариялаған. Бірақ ол журнал көп ұзамай әлгі тізімнен түсіп қалған, қазір ол кісінің бұл базада мақаласы жоқ.

– Біздің ғылым неге шетелдің журналына қарап қалуы керек? Зерттеулеріміздің нәтижесі өз еліміз үшін жұмыс істеуі керек емес пе? Менде ешқандай Хирш индексі жоқ. 2012 жылдан бері жыл сайын бірнеше магистрантқа ғылыми жетекші болып келдім. Енді рұқсат етілмейді, – дейді ол.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, 28 ғылыми монографияның авторы Дандай Ысқақұлы да сол жоғарыдағы критерийлер бойынша ғылыми жетекші, диссертациялық кеңес мүшесі болу мүмкіндігінен айырылған.

– Шетелде мақала шығаруды міндетті етіп қойған бұл ережеге қарсымын. Бұл – Қазақстан ғылымын құрту, – дейді Дандай Ысқақұлы.

"БІЗДЕ САПАДАН БҰРЫН САН КЕРЕК"

Басқа ғалымдардың айтуынша, мәселе тек ағылшын тілін білуде ғана емес. "Сапалы мақаланы ақшасыз шығаруға болады, бірақ оның жолы ауыр әрі ұзақ, басшылық мұны күтпейді" дейді олар.

Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғылым және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімінің басшысы, философия докторы (PhD) Мөлдір Әбдірейімованың айтуынша, WоS базасындағы ықпалды журналдарға шығатын мақаланың салмағы ауыр, оны жазу да, шығару да оңай емес.

– Ықпалды журналдарға диссертацияның эксперимент бөлімі жарияланады, ол – диссертацияның негізгі бөлімі. Мұндай журналдарға мақала бірнеше ғылыми рецензиядан өтіп қана жарияланады, – дейді ол.

Зерттеушілер айтатын ең басты мәселе – докторанттарға, оқытушылар мен ғалымдарға ғылыммен айналысуға жағдай жасалып, уақыт берілмеуінде.

"Рейтингі жоғары журналдағы мақала – өте ұзақ, жан-жақты, табанды жұмыстың нәтижесі. Ал Қазақстанның ғылыми зерттеу институттарында, оқу орындарында докторантқа мұндай жағдай жасалмайды" дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің аты-жөнін атамауды өтінген докторанты.

Оның айтуынша, рейтингі жоғары журнал мақаласына диссертация жазғаннан да көп уақыт кетуі мүмкін.

– Ол үшін архивте айлап, жылдап отыру керек, болмаса далалық зерттеу (fieldwork) жүргізіп, эксперимент жасау қажет, немесе аса ауқымды деректерді арнайы компьютерлік бағдарламаға салып, өңдеп, талдау керек. Мұның көбіне жағдай жасалмаған, аудиториядағы сабақтан, қоғамдық жұмыстан қол босамайды. Бізде сападан бұрын сан керек, оқу орындарына көрсеткіш, рейтинг қажет, ал ғалымның халін ойлап жатқан адам жоқ, – дейді докторант.

Қазақстанда жоғары оқу орнындағы білімнің үшінші сатысы PhD-докторантурада оқу мерзімі – үш жыл. Осы аралықта докторантқа айына 100 мың теңгедей (230 доллардай) стипендия төленеді және оның шетелдік тағылымдамаға баруына қаражат бөлінеді.

"МИНИСТРЛІК РЕПРЕССИЯШЫЛ ӘДІСТІ ТОҚТАТУЫ ТИІС"

Абердин университетінің PhD докторанты Гүлшат Түсіптің айтуынша, ғылым саласында халықаралық стандарттарға ұмтылған министрлік екі нәрсені ұмыт қалдырды:

– Біріншісі – бұл реформаны жүзеге асырудың инфрақұрылымын қалыптастырмады, яғни, оқытушының сабақ жүктемесін азайтып, ғылымға уақыт қарастырмады және оны жаңа халықаралық стандарттарға сай ғылыми жұмыстың талаптарымен таныстырмады, ал бұрынғы советтік ғылыми стиль әлеуметтік-гуманитарлық салада жарамсыз болып қалды. Екіншіден, қазақ тілінде эсседен бастап, ғылыми жұмыс жазуға байланысты халықаралық стандарттарға сай материал аз. Олар енді-енді ғана қалыптасып келе жатыр. Сонымен қатар, халықаралық ғылыми базаларды кейбір ұлттық университеттер мен бірді-екілі жекеменшік университеттен басқалары аша алмайды. Өйткені ол қомақты қаржыны талап етеді, ал біздің университеттер ондай ақшаны аяйды. Университеттерге лицензия беру кезінде барлық университетке қойылатын негізгі талаптар қатарына осындай базалар қолжетімді болуын да кіргізу қажет.

Гүлшат Түсіптің айтуынша, министрлік оқытушылардың жалақасын көтеріп, жүктемесін азайтып, халықаралық ғылыми базаларға қолжетімдікті міндеттеуге келгенде "солқылдақ". Осы инфрақұрылымды қалыптастырмай жатып, мұғалімдерден ықпалы жоғары журналдарда мақала жариялау талап ету орынсыз дейді ғалым. Оның айтуынша, білім ордалары "мақалаң тез арада шықпаса, жалақыңа әсер етеді" деген "репрессияшыл" әдіс қолданудың орнына оқытушылардың жұмысын азайтып, халықаралық академиялық стандартпен мақала жазуды үйрететін курстарды көбірек ұйымдастыруы керек.

– Оқытушының ғылыммен айналысатын уақыты болмаса, ғылыми базаларға қолы жетпесе, әрі ондағы материалдарды сатып алу өзінің мойнында болса, әрине, "алаяқ журналдардың" қармағына іліну, жоғарыдан келген талап бойынша асығыс мақала жариялау мәселесі әлі де бола бермек, – дейді Гүлшат Түсіп.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG