2022 жылғы 8 маусымда, араға 25 жыл салып, Қазақстанның шығысындағы Семей қаласына облыс орталығы мәртебесі қайта берілді. Қазір Семей өмір сүру сапасы бойынша рейтингте 25 қаланың ішінде 23-орында тұр. Қалаға берілген жаңа мәртебе оның "депрессивті өңірлер" қатарынан шығуына көмектесе ала ма?
40 жыл құрылыс саласында еңбек еткен Николай Исаев Семейдің қазіргі жағдайы мүшкіл деп есептейді. Ол елдегі көп нысанның құрылысын салып, Семей әкімдігі ғимаратын тұрғызған. Қазақстанның құрметті құрылысшысы атағы да бар.
– Көп нәрсе жасалып жатыр дейді, бірақ бұл жақсы қала сипатына сай келмейді. Бастысы – қаладағы шаруалар кім болса, соның қолына беріледі, ол жұмыстың қалай атқарылып жатқанын ешкім қадағаламайды. Мысалы, ағаштарды кесіп, оңды-солды құрылыс салып жатыр. Бұл ешқандай заңға сай емес: қазір сәулет өнері ескерткішінің жанындағы қорғауға алынған аймаққа тұрғын үй салып жатыр. Қаланың ластығы өз алдына бөлек әңгіме, қанша уақыттан бері тазалық мәселесін шеше алмай келеді, – дейді Николай Исаев.
Бұл пікірге құқық қорғаушы Илья Бароховский да қосылады. Ол 300 мыңнан астам адам тұратын Семейді ең нашар қалалар қатарына жатқызады. Бароховский қаланы осындай күйге жемқорлық пен бақылаудың жоқтығы жеткізді деп есептейді.
– Қаланың сәулетіне, инфрақұрылымына көп ақша бөлінген жоқ, оған қоса, жемқорлық тамыр жайды. Ақша аз болғанымен қоймай, жымқырылған қаржы көлемі бойынша басқа қалалардың арасында көш бастап тұрмыз. Бізде бақылау жүйесі жоқ. Орталықтың өзінде асфальт төселген аула аз. Алаңға жақын маңдағы аулалар совет дәуірінен бері жөндеу көрмеген, асфальт төселмеген. Бөлінген ақшаның өзі дұрыс игерілмейді, қазір аяқталған жұмысты артынша қайта жүргізу керек, – дейді Илья Бароховский.
Құқық қорғаушы Ертіс өзені жағалауындағы субұрқақтың реконструкциясын мысалға келтірді. Жөндеу жұмысынан кейін субұрқақтың суы жайылып, тақтайшалары түсіп қалған. Семейде құрылысы жаңа аяқталса да, жөндеуге мұқтаж нысан көп кездеседі: кеше ғана пайдалануға берілген ғимараттардың бір шеті сынып, құлап жатуы қалыпты құбылысқа айналған.
– Қаланың орталық бөлігін көрсетудің өзі ұят, ал басқа аудандардың ахуалы тіпті нашар. Шет жақта тұратын адамдардың жағдайы ауылдан да қиын. Олар "Ауылымда спорт алаңы мен су құбыры бар. Ал қаланың іргесіндегі Восходта су жоқ" деп шағынады, – дейді Бароховский.
"Отбасы орталығы" қоғамдық қорының жетекшісі Жанна Жибраева Семей бұрын жұмысшылар қаласы болғанын еске алды.
– "Большевичка", трикотаж фабрикасы, мауыты-шұға, ет комбинаты сияқты ірі кәсіпорындар болғаны есімде. Таңертең қала ерте оянып, бәрі жұмысқа бара жататын. Қалада тіршілік бары сезілетін. Халық жақсы жұмыс істеп, жоғары жалақы алса деймін. Ондай қатынастан айырылып қалған сияқтымыз, – дейді Жанна Жибраева.
– Тамақ өнеркәсібі қандай еді! Ет комбинаты, сүт зауыты. Қазақстанда табыстың 25 пайызы жеңіл өнеркәсіптен түсетін, ал оның орталығы Семейде болатын. Қойдан қырқылған жүннен тоқыма жемпір тігіліп шыққанға дейін бүкіл жұмыс тұйық тізбек бойынша атқарылатын. Қазір тауарды Қырғызстаннан сатып аламыз, өзімізде ештеңе жоқ,– дейді Николай Исаев.
Илья Бароховский бұл зауыттар қалаға келтірілген залалдың "өтемақысы" ретінде салынғанын айтады.
– Семей – Қазақстандағы ақылмен жоспарлау концепциясы енгізілген алғашқы қалалардың бірі. Яғни, 19 ғасырдың аяғында Семей елдегі ең дамыған қала еді. 1930-1940 жылдары Семей халқы Шымкент пен Алматы тұрғындарынан көп болған. Бірақ ол кезең ұзаққа созылған жоқ. Алматы мен Шымкент қарқынды өсе бастады, ал Семей жабық қалаға айналды. Полигонға байланысты Семейге келетіндердің қарасы азайды. Жергілікті халық ядролық сынақтарға наразылық білдірмесін деп, қалаға басымдық беру үшін жеңіл өнеркәсіп кластерін дамытты.
МОНОПОЛИСТ ПЕН ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ "БАЙЛАНЫСЫ"
Николай Исаев қалада оған шынымен жаны ашитын "қожайын" жоқ деп есептейді. Ол облыстың жаңа әкімі туралы әзірге ештеңе айта алмайды, бірақ облыс мәслихатының жаңадан бекітілген құрамына кіретін депутаттардың көбіне сенбейді.
– Семейдің атынан Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатында болған депуттар бар еді. Енді олар осында келді, праймериз нәтижесіне қарасақ, олардың қатарына партия мүшелерінің өзі сенбейтін адамдар өткенін көруге болады. Олар тізімнің соңғы жағында: 57, 59, 63-орындарда тұр. Ол кезде [Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал] Ахметов басшы еді, ол өз адамдарын қалдырды, бірақ енді бізде басқа облыс құрылды. Бұрынғы тізімге оралып, алдыңғы орындарда тұрған семейліктерді таңдау керек еді. Сайлау қайта өтуі керек деп есептеймін, өйткені бәрі өзгеріп кетті. Жаңа Конституцияға дауыс бердік, енді сол бойынша сайлау өткізейік. Ондай ештеңе көріп тұрған жоқпыз. Депутаттар өкілді билікке жатады, жоғарыда аталған мәселелердің бәрін солар шешеді. Ал біз тұрақсыз іргетас құйып жатырмыз, – дейді қоғам белсендісі.
Жақында әлеуметтік желіде дауысы Шығыс Қазақстан облысының (қазірге дейін Семей қаласы осы облысқа қарап келген) әкімі Даниал Ахметовтың дауысына ұқсайтын, бірақ ол екені әзірге расталмаған адамның сөзі жазылған аудио тарады. Ол адам депутаттарға хатшы қызметіне кімді тағайындауға болатынын айтып, "өзім қатыспаймын, бірақ қастарыңда боламын" дейді. Бірақ Семей халқы әлгі адамның алысқа ұзамай, қасында қалғанын қалай ма?
– Жаңа облыс орталығын құруға бөлінетін қаржы тиімсіз жұмсалуы мүмкін деген қауіп бар. Мұның алдын-алу үшін шенеуніктер корпусын тазартуымыз керек. Инфрақұрылымның нашар болуы қаланы көркейту, құрылыс және жол жөндеу жұмыстарының үнемі бірдей компанияларға берілетіндіктен. Қызмет көрсетумен үнемі бір компания ғана айналысып, өзгермесе, бұл ірі монополист пен шенеуніктер арасында бейресми байланыс барын көрсетеді. Айталық, олар жай ғана дос болған күннің өзінде, шенеуніктер бұл компания атқарған кез келген жұмысты еш қарсылықсыз қабылдап алады. Сол себепті үнемі тендерде жеңіске жететін компаниялар сапасыз жұмыс істей бастады. Қалада белгілі бір ұйымдардың пайдасы үшін заң бұзуға жиі жол беріледі. Мұны елеусіз қалдыруға болмайды, – дейді Илья Бароховский.
Николай Исаев пен Илья Бароховскийдің ойы бір жерден шығып, екеуі де Семейді "өгей ұл" деп атады. Бұл – қала тұрғындарының бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа деген өкпе-ренішінен туған атау. Жергілікті халық Семейден оппозиция өкілдері көп шыққандықтан, Назарбаев осы өңірді облыс мәртебесінен айырған деп есептейді.
"Бұрынғы президент облысымызды жойып, 1992 жылғы үкімет қаулысын жүзеге асыруды тоқтатып қойды. Оған сәйкес, Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтар өтемақы алып, зейнетке ерте шығуы керек еді. Осыдан кейін көше тұрмақ, оның пұшпағын да оның атымен атай алмаймыз" дейді қаладағы аты жоқ көшелердің біріне Назарбаевтың есімін беру туралы ұсынысқа пікірін айтқан семейлік белсенді Кенжебек Сұлтанбеков.
"ҚАЛАНЫ БАСҚАРҒАНДАР ТАЛАН-ТАРАЖҒА САЛДЫ"
"Отбасы орталығы" қоғамдық қорының басшысы Жанна Жибраева Семейдің жағдайы бұрыннан нашар болғанын айтады.
– Жекешелендіру басталған кезде біз оған дайын болмадық. Ауылдағыларды күштеп кооператив құруға мәжбүрледі. Қолынан келгендер мүлікті алып қалды. Осылай қаламызды құлдыратып алдық, инфрақұрылым қараусыз қалды. Семей дұрыс дамыған жоқ, базарлар қаласына айналдық.
Илья Бароховский қалада жұмыс орындары қысқарып, жергілікті халықтың, оның ішінде бюджеттің қалай игеріліп жатқанын бақылап отыратын қоғам белсенділерінің Алматы мен Астанаға (2019 жылы атауы Нұр-Сұлтан болып өзгертілген - ред.) көшуі де Семейдің дамуына кері әсер еткенін айтады.
– Олар кәсіби карьерасын дамытуға басқа қалаларға кетті. Семейде қала өміріне бей-жай қарамай, биліктен есеп сұрайтын белсенділер аз қалды. Сөйтіп, ақша жымқырсаң да не бақылаушы органдар, не қоғам белсенділері қыңқ демейтін жағдайға жеттік. Қаладағы ірі ақпарат құралдары мемлекеттік тапсырысқа жұмыс істеуге көшті.
Николай Исаев "гүлденген қаланың депрессивті өңірге айналуына жергілікті биліктің дұрыс саясат жүргізбеуі себеп" дейді.
– Қаланы басқарғандар кәсіпорындарды талан-таражға салып, ондағы құрал-жабдықты Қытайға темірге өткізіп жіберді. Ғимараттарды қиратып, коттедждер салу үшін кәсіпорындарды кірпішіне дейін бұзып алды.
Бірақ Николай Исаев пен Жанна Жибраева әлі де қаланы аяққа тұрғызатын мүмкіндік көп екенін, кеме қатынасын жаңғыртып, кен және кенге жатпайтын металдар қорын игерсе, облыс экономикасына серпін беруге болатынын айтады.
Семейдің 300 мыңнан астам тұрғыны жеке облыс құруды 25 жылдан бері сұрап келген. Елдегі ірі қалалардың біріне жылдар бойы облыс орталығы мәртебесі берілмей, билік мұны "шығыны 50 миллиард теңге болатын қаланың табысы 13 миллиард теңгеден аспайды" деп түсіндірген. Бұл – жергілікті биліктің 2014 жылы берген жауабы. Ұлттық экономика министрлігі 2022 жылы жаңадан құрылған Абай облысының табысы 70 млрд теңге болатынын айтқан. Қоғам белсенділері ендігі кезекте қаланы дамыту бұл ақшаны кім және қалай игеретініне байланысты деп есептейді.
ПІКІРЛЕР